Көрнекті ақын, алымды аудармашы, әдебиеттанушы зерттермен, ағартушы Дутан Сәкеев 1940 жылы 9 сәуірде Алтай аймағының Буыршын ауданында қарапайым малшы отбасында өмір есігін ашқан. 1958 жылға дейін туған ауылында және Алтай аймақтық орта мектепте оқыған, 1958 жылдан 1961 жылға дейін Шыңжаң педагогика колледжінің тіл факультетінде білім алады. 1961 жылы оқу бітірген Дутан Сәкеев Құлжа қаласындағы Іле педагогика институтынан қоғамдық қызметке жолдама алып, ағарту саласында жұмыс істейді. Содан бастап табан аудармай қырық жыл Іле педагогика институтында қазақ тілі және әдебиет оқытушысы, кафедра меңгерушісі, әдебиет факультетінің орынбасар деканы, қазақ мәдениетінің зерттеу орнының басшысы қатарлы міндеттерді атқарып, 2000 жылы қарашада зейнетке шыққан.

Тұсаукесер тұңғыш туындысы «Қойшының өлеңі» атты жырымен 1952 жылы әдебиет табалдырығын аттаған ақын содан былайғы жерде көркем әдебиеттің поэзия бағында мәуелі жеміс беретін бәйтерекке айналу жолында құлшына еңбектенді. Шығармашылық сапарында 600-ден астам өлең, толғау, балладаларын және 10-ға тарта дастан-поэмасы мен  «Талиға Талғат» атты өлең романын әр дәрежелі басылымдар арқылы оқырманға ұсынды. «Жыр қайығы» (1982 жылы, Шыңжаң халық баспасы)  «Күміс күйме» (1989 жылы, Ұлттар баспасы),  «Биік ұшқан балапан» (1988 жылы, Шыңжаң халық баспасы),  «Аюдың әлдиі» (1996 жылы, Шыңжаң жастар-өрендер баспасы) қатарлы төрт жыр жинағы мен «Талиға Талғат» (1985 жылы, Шыңжаң жастар-өрендер баспасы) атты өлең романын жеке кітап етіп бастырған ақынның «Романыс»,  «Қарамай жолы»,  «Қанас жыры»,  «Сұлу Сайрам» қатарлы көптеген өлең толғаулары, келісімді үн ырғағы және мәйекті мазмұнымен оқырмандар жүрегінен орын алды. Поэзия үлгісіндегі сын, сықақ, сатира, фельетон жанрларына да тынбай атсалысқан ақын «Бәбісек бикеш»,  «Ашкөз жеңгей»,  «Тозақ ұшқындары»,  «Ерменді ауылы» қатарлы шығармалар арқылы әлеуметтік ортадағы оғаш іс, өрескел мінез-құлықтарға батыра сын айтты.  Дутан Сәкеев Қытай қазақ балалар әдебиетінің таңдаулы өкілдерінің бірі, бұл тұрғыдан алғанда ол «Биік ұшқан балапан»,  «Аюдың әлдиі» сынды екі бірдей арнаулы жинақ, «Ырғай»,  «Инеліктер»,  «Барабан»,  «Тәкен және оның тауықтары» секілді тартымды өлеңдерімен Дастан, поэмалар берген айтулы ақын.

Дукең әдебиеттану ғылымында зерделі зерттермен ретінде мойындалып, «Поэзия райы және үкілі ырғайдың шырайы»,  «Әдебиет сынына әділдік керек, азаматтық керек»,  «Еліміз әдебиет, көркемөнерінің бағытын байымдағанда»,  «Әдебиет туралы ұғым және ақын-жазушы болудың шарттары» қатарлы 20-дан астам сын-зерттеу, ғылыми мақалалар жазды.

Дутан Сәкеевтің көркем аудармадағы еңбегі өз алдына бір төбе. Ол Қытай қазіргі заман әдебиетінің көш басшысы, Гоморо, Шекспирдің көптеген өлеңдерін аударып жариялаумен қатар, көбінесе телетеатр, телефильм аудармасына араласып «Батысқа сапар»,  «Кереге, шарбақ, әйел және ит»,  «Шығыр әйел және құдық»,  «Хайуанаттар хандығындағы ұрлық делосы»,  «Өлермен» қатарлы телефильмдерді майын тамыза аударды әрі кейбіреуіне өзі дыбыс беріп, режиссерлық та етті.

Дутан Сәкеевтің еселі еңбектері оған көптеген атақ-даңқ әперді. «Батысқа сапар» телефильмі 1990 жылы Бейжіңдегі алты министрлік, комитет бірлесіп өткізген бүкіл мемлекеттік аз санды ұлттар аударма фильмдерінің ең жоғарғы сыйлығы «Тұлпар» сыйлығын алса, «Шығыр әйел және құдық» атты аударма телефильмі 1992 жылы тағы да мемлекет бойынша аз санды ұлттар үздік аударма фильм сыйлығын алды. «Көктем көріністері»,  «Ертіс жыры» қатарлы өлең толғаулары Шыңжаң жазушылар қоғамы жағынан марапатталса, «Барабан» атты дастаны 1983 жылы Шыңжаң ұйғыр автономиялы райондық тұңғыш реткі үздік балалар әдебиет шығармаларын бағалауда екінші дәрежелі жүлде алды. Бұдан бөлек бірнеше ғылыми мақаласы автономиялы райондық философия қоғамдық ғылым үздік ғылыми жетістіктерінің ең жоғарғы сыйлығын алды. Ақынның көптеген өлеңдері қытай, ұйғыр тілдеріне аударылды. Өлең-толғаулары Қазақстан және Моңғолия басылымдарында жарық көрді.

1982 жылы Іле қазақ автономиялы облыстық халық үкіметі жағынан «Өнегелі ұстаз» болып бағаланса, 1991 жылы облыстық әдебиет көркемөнершілер бірлестігі «Әдебиет, көркемөнерімізді гүлдендіруге қосқан ерекше үлесіңіз үшін» атты даңқ орденін ұсынды.

1999 жылы мемлекеттік зыңшянжы оқу-ағарту қор қоғамының ерекше стефендиясының иегері болған. Есімі мен еңбектері мемлекеттік ірі сөздіктерден орын алған Дутан Сәкеев көзі тірісінде Қытай жазушылар қоғамы, Шыңжаң жазушылар қоғамы, Шыңжаң фольклоршылар қоғамы, Іле облыстық аудармашылар қоғамының мүшесі, Іле қазақ автономиялы облыстық әдебиет, көркемөнершілер бірлестігінің жорасы болатын.

Дутан Сәкеев 2013 жылы 21 мамыр Құлжа қаласында 73 жасында бақи дүниеге аттанды.

6alaash ұсынады