Жуықта Астана қаласындағы Ұлттық музей­де «Эрмитаж күндері» атты мәдени шара өтті. Бұл соңғы жылдары үзілмей жалғасып келе жатқан екі ел арасында рухани байланыстың жемісі болса керек. Өйткені, сонау Петербордағы бай қазынаны бауырына басқан Эрмитажға барып, ондағы құнына қос айғырдың үйірін берсең де қолың жетпейтін жәдігерлерді тамашалап, тамсану кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейді.

Жоғарыдағы шара аясында астаналықтар алыстан ат терлетіп, «қораға» өзі келген Эрмитаж экспонаттарын «виртуальды сүңгу» арқылы тамашалай алды. Осы көптің ішінде біз де болдық. Бас-аяғы ат шаптырым көрме залдарын виртуалды түрде көктей шолып келе жатып, біздің заманымыздан бұрынғы І-ІІ ғасыр мұралары жинақталған орыннан «Ғұн сырмағы» («Гуннская ковер») дейтін жәдігерді көзіміз шалды.

Бұл жәдігер қайдан жүр? Сөйтсек бұл сырмақтың тарихы тереңде екен. Яғни, қазіргі Моңғолия жерінде ел астанасынан атты кісіге бір күндік жол «Ноян уул» (Ноин-Ула) атты тау бар екен. Ол ертедегі біздің ата-бабамыз ғұндардың ұйық мекені дейді.

1912 жылы ұлты бурят ресейлік А.Баллод деген қаңғыбас осы Ноян таудың қолат-қойнауын тіміскелеп, алтын іздеп шарқ ұрып жүріп, ғұн қорымдарындағы жәдігерлерді байқап қалған. Дереу оны Петербордағы Орыс география қоғамына хабарлаған. Олар да елең етіп, атқа қонғанымен бірінші дүниежүзілік соғыс басталып кетіп, іс аяқсыз қалған.

Арада бір мүшел уақыт өткенде, яғни 1924-1925 жылдары орыс ғалымы П.К.Козлов басқарған топ Ноян тауына экспедициялық барлау жасап, таудың аңғарында 200-ге тарта көне қорым барын анықтап, «бұлар ғүн дәуіріне тән» деген ғылыми тұжырым жасапты.

Осындағы алтыншы қорымды қазғанда біз сөз етіп отырған сырмақ сопаң етіп шыға келген. Жер астында 2000 жыл жатса да бүлінбей сақталған бұл бұйымды археолог-ғалымдар бір ауыздан «әлем археологиясының ХХ ғасырдағы керемет жаңалығы» деп бағалады. Мұндай құнды дүниені сақтап, қорғауға Эрмитажды лайық деп тапқан орыстар жергілікті әкімшіліктің батасын алып, жәдігерді Петерборға аттандырған. Содан бері бабалар мұрасы осында тұр.

Кілем-сырмақтың сипатына келер болсақ: ұзындығы – 2,6 м, ені – 1,95 м, қалыңдығы – 5 см. Толық иленіп, суы қанған аппақ киізден жасалған. Сырмақтың дәл ортасында қошқар мүйіз иір оюлы 24 доғал-дөңгелек бейненің сырма-сұлбасы орналасқан. Сырманың сырты өрнекті жіңішке белбеу-бедермен қоршалған. Жәдігердің шеттерін айналдыра арпалысып жатқан 9 қос жануардың бейнесі салынған. Оның 5-еуі бұқа басты барысқа ұқсаса, 4-еуі қашып, құтылуға асыққан бұғы-бұлан бейнелі мүсіндер. Бұлардан басқа 9 түрлі өсімдік жапырақтары кестеленген.

Сырмақтың өңір жиегін матасы қалың төртбұрыш оюлы қытай торғынымен көмкерген. «Құнды мұраның өн бойындағы: қодас, бұғы, қанатты барыс қатарлы жануарлардың бейне-мүсіні аса шеберлікпен салынғанына қарап, біз ертедегі ғұндар заманында бейнелеу өнер үлгісінің айырықша дамығанын байқаймыз» – деп жазады ресейлік ғалым Сергей Теплоухов.

Ал, біздің аңғарғанымыз: осыдан екі мың жыл бұрын кілем-сырмаққа бейнесі салынған қанатты барыс пен дәл бүгінгі ел дамуының 2030 жылға дейінгі кезеңіне арналған «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасына символ болған «Қанатты барыстың» арасында көп айырманың жоқ екендігі.

 Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ