Солтікен Көкішұлы 22 жасында көтерген балуантас, 292 кг

Сом білекті, ақын жүректі арыс алыбы

(Солтікен Көкішұлы хақында толғаныс) 

«Жамылмадым балуандықтың құр атын,

Ержігітпін айтқанымда тұратын.

Мөлдіреген тау бұлағы секілді,

Өлең жазсам орындалар мұратым!», деп балуан саусақтарынан бал сезім сорғалатып, баяғы Қажымұқан, Балуан Шолақтарды еске сала беретін осынау сом тұлғамен ортамыз да, ойымыз да, көңіл де толып, көрген сайын марқайып қалатынымыз шындық. Қаратаудан, қара өлеңнен қуат алған Солтікен Көкішұлы арыста ел намысын жібермей алысқанын алып ұрды. Даңқ төріне көтеріліп, ел құрметіне бөленді. Шабыты шарықтап шумақ-шумақ өлең де төкті. Сонда ол:

«Несі жігіт өз атын танытпаған,

Нағыз жүйрік болады талықпаған.

Әкем қойған атынан өзгеше бір,

«Балуан» деген шен берді халық маған.

Адам өзін жөн шығар парықтаған,

Бас иемін қашан да халық саған.

Осыншалық құрметтеп көтеретін,

Қанша жүлде беріп ем халық саған?», деп баяғы қарапайым қалпынан жазбай алпыстың асуына да жетті. Сом білегі, ақын жүрегі оны қос өнердің егіз шыңына бірдей алып ұшты.

Жаңа Қытай құрылғаннан кейін мемлекеттік, халықаралық жарыстарға қатынасқан «Күрес майоры» Серік Қожабайұлы, Ақыметқали Сағиұлы, Көкенай Қалелұлы қатарлы арыстардың ізін баса келіп, арыс майданына түскен Солтікен Көкішұлы, 130 килодан жоғары ең ауыр салмақ бойынша күресті.

«Балуанға жарасымды үйіл пішін,

Арыста көрсетпедім ездің ісін.

Көтеріп дөңгелентіп тастағанда,

Сөгілді көк еттерім елім үшін», деп өзі жазғанындай, ол алып та, шалып та жықты. Халықаралық, мемлекеттік және райондық жарыстарда жалпы 9 рет «Аға жүлдегер», 6 рет «Жүлдегер»,  «Мемлекеттік спорт шебері», мемлекеттік «Күрес патшасы» деген ерекше лауазымдарға ерен еңбегімен қол жеткізеді.

«Жұлып алып Алтайым жауын аттан,

Өр жігерін лаулатып жалындатқан.

Асау толқын ашумен көбік шашып,

Тентек қыран ортасын жарып аққан», деп балуан қаламымен жырлаған көрікті Қыран өзені жағасында, Алтай қаласының Қызылтас ауылында 1952 жылы өмір есігін ашқан Солтікен Көкішұлы ұрпақ тәрбиелеп жаттықтырушы бола жүріп, сом саусақтарымен болат қалам ұстап, поэзияның тұлпарына қамшы басты. Жазған өлеңдері Қытайдағы қазақтілді газет-журналдарда үзбей жарияланумен бірге, Қазақстанның әртүрлі басылымдарынан да арт-артынан жарық көріп келеді. Қазақстанның «Ағайын» журналында жарияланған Т.Марқаның «Арыс саңлағы» атты очеркі балуанды Қазақстан халқына тағы бір қырынан танытты. 2002 жылы Қазақстан Республикасы мемлекеттік баспасынан Солтікен Көкішұлының 300-ден астам өлең, толғаулары басылған «Ақ семсер» атты тұңғыш жыр кітабы жарық көріп, қалың оқырман қауымның шынайы алқауына ие болды.

Қытайда «Көк сүңгі»,  «Жасыл жебе»  «Айбалта» жыр кітаптары оқырмандармен бет көрісті. «Қара шоқпар»,  «Бес қару» сияқты екі кітаптық өлеңдер жинағын баспа орындарына ұсынды. Солтікен Көкішұлы жөнінде жазған әртүрлі жанрдағы шығармалар топтамасы да дайындалып, «Сәйгүлік» деген атпен қомақты кітап болып баспадан шығу алдында тұр.

Солтікен Көкішұлы өлеңдері халықтық тілмен жаттық жазылған, әрі қарапайым, әрі тәрбиелік қуаты күшті, туған жерін, өскен елін, ана отанын қызу сүйетін, өмір белестерінен тәрбиелік тәмсілдер қорытқан, табиғат пен қоғамды өз таспасымен өз талғамы бойынша біріктіріп өріп шыққан сөз маржандары. Ол қазір Шыңжаң жазушылар қоғамы, Алтай аймақтық, Алтай қалалық жазушылар қоғамының мүшесі.

Алпыстың асуындағы аға балуанның, бала кезіндегі күшін танытқан ерліктері, қазандай тастарды көтеріп бәстен ұтқан түспелігі, жаттықтырушы болғандағы ұстаздық еңбектері, күрес қағидалары туралы жазған зерттеу мақалалары, той-томалақтардағы домбыра шертуі мен әншілік өнері, айтыс ақындарымен жекпе-жекте және қағаз бетінде қайтарған қолма-қол суырып салмалығы, елді күлдіріп жырғататын шешендік әзіл-қалжыңдары өз алдарына бір-бір тақырып.

Сіздей болсын қазақтың қай бір ұлы?

Көкіш қарттың бұрлықпас «тайбурылы».

«Ақсемсер» мен «Көксүңгі»,  «Қара шоқпар»

«Ай балтаның» шығады айбынды үні.

Нысанаға дәл тисе, «Жасыл жебең»,

«Әйел жаны» әлемнің ай-жұлды.

«Бес қаруын» асынған сақтарымдай,

Сен аман бол, қазақтың «Сәйгүлігі» ! !

Қуаныш ІЛИЯСҰЛЫ, 2015 жылы 20 қаңтар.

6alash ұсынады