Жангельдиннің жұмбақ әлемі

Жангельдиннің жұмбақ әлемі

Асылы, тарихта есімі белгілі ұлы адамдармен бірге қызметтес, аралас-құралас жүріп-тұру, олардың аталы сөзін естіп, іс-әрекеттеріне куә болу қандай ғанибет десеңізші. Кезінде Мәскеу университетінің заң факультетін бітіріп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы Награда бөлімінің меңгерушісі және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мен Үкіметінің “Ведомсти” журналының бас редакторы қызметтерін атқарған Ізгілік Нұрмағамбетұлы ДАБАЕВҚА сондай айтулы тұлғалармен қызметте де, өмірде де жақын араласу бақыты бұйырыпты. Солардың бірі – кәнігі революционер, Қазақ өлкесінің тұңғыш Төтенше комиссары, былтыр туғанына 125 жыл толған Әліби Тоғжанұлы ЖАНГЕЛДИН. Ізгілік Нұрмағамбетұлы ол кісінің төрт жыл қарамағында жұмыс жасаған кездерінде көпшілік біле бермейтін біраз жәйттарға куә болған. Бүгінде тоқсанды алқымдап отырған ағамызбен ҚР Президенті мұрағаты шығарған “Төтенше комиссар” кітабының тұсаукесер рәсімінде танысып, сонда ол аты аңызға айналған аға ұрпақ өкілінің адамгершілігі, мінез-құлқы, жан жомарттығы жайында қызықты әңгімелердің шетін шығарып қалған-ды. Журналистік ізденіспен ол кісіге қайта жолығып, сол әңгімелерді қаузай түскен едік…

— Ізгілік аға! Бүгінгі ұрпақ Әліби Жангелдинді жіті біле бермеуі мүмкін. Сондықтан әңгіменің бісмілләсін Қазақ­станның тарих жылнамасында ортасын ойып алар орны бар осы тұлғамен оқыр­ман­ды жақынырақ таныстырудан бастасақ…
– Ойыңыз дұрыс. Бірақ Әлекеңнің өмірбаяны жайында өзінен артық ешкім айта алмас. Сол себептен аса құнды, көп­тің қолына түсе бермейтін, өзі қолын қойып, мөрленген өмірбаянын оқырман­ға ұсынғанымыз жөн болар.
“1884 жылы Қостанай облысының Қайдауыл болысында дүниеге келгенмін. Әке-шешем қазақ кедейлері. Орта жүздің қыпшақ руынанмын. Қазақтың батыры болған Тәңірберген Жангелдиннің фами­лиясын алдым. Бала кезімнен білімге құштар болғанмен, қаражаттың жоқты­ғынан 10 жасқа келгенше оқымадым. Он жасымда әке-шешемнен қашып Торғай қала­сына келіп, оқуға түстім. Бірақ, әкем білім алуыма қарсы болып, ұрып-соғып, ауылға әкетті. Екі жылдан кейін қайта­дан қашып Қостанайдағы 2 жылдық орыс-қазақ мектебіне түстім. Мұнда да әкем іздеп келіп, ауылға қайтарғысы кел­генмен, мектеп басшылары ол кісіні көн­діріп, оқуға қалдыртты. Бұл кезде 12 жаста едім. Сөйтіп, оқуымды жалғастырдым.

1902 жылы Орынбордағы училищені бітірген соң, Қазан қаласындағы мұға­лім­дер семинариясына жіберді. 1905 жылы студенттер қозғалысына белсенді­лік­пен қатынастым. Семинария басшы­лары мені “дұрыс жолға бағыттау мақ­сатымен” Москва діни академиясының тарих факультетіне түсіргенмен, төң­керіске қатысқанымды біліп қалып, 2 курста оқудан шығарып жіберді. 1908 жылы 24 жасымда шет елге эмигрант болып кеттім. Бұл жерде өзімнің дүние жүзін аралау жөніндегі мақсатымды іске асы­ру үшін жаяу Польша, Австрия-Венг­рия, Сербия, Болгария, Түркия, Си­рия, Палестина, Африка, Египет, Абис­синияға келдім. Күнкөріс қаржысын фотоаппарат­пен суретке түсіріп, оны сатып таптым. Суреттеріме қомақты ақ­ша алдым. Кейін Арабия түбегі, Месо­потамия, Иран, Үнді­стан, Цейлон, Ма­лай аралдары, Сиам король­дігі, Анжама, Оңтүстік Қытайда бо­лып, Формоза аралы арқылы 1912 жылы Жапонияға келдім. Сөйтіп, бес жылда 12 мың шақырым жаяу жүріп өттім. Жапо­нияда аз ғана уақыт аялдадым. Өйткені, Рома­новтар әулетінің патшалық құрғанына 300 жыл толуына орай жаппай рақым­шылық-амнистияға жатып, Сібір арқылы Ресейге оралдым. Шет елден келген соң өз елім – Торғай облысына тарт­тым. Бұл жерде де ұзақ тұра алмадым. Торғай губерна­торының бұйрығымен елден ке­ту­ге мәжбүр болдым. 1913 жылы Қы­рым­ға барып, ол жерде метеорология саласында жұмыс істедім. Бұған қоса Қырым патшаларының арасында төңке­ріс жасау жөнінде үгіт-насихат жұмыс­тарын жүргіздім. Комму­нис­­т­ік партия­ның қата­рында ресми түрде 1915 жылдан бері тұрамын.
1916 жылы большевиктер (коммунис­тік) партиясының тапсырмасы бойынша Қырымнан қазақ даласына жасырын түрде келдім. Бұл кезде қазақтарды тылдағы жұ­мысқа жаппай алып жатқан кез. Пат­шалық Ресейдің бұл саясатына халық қарсылық білдіріп, көтеріліс жасады. Ол Ақпан төң­керісіне дейін созылды. Менің елге келгенім Торғай губернаторына жет­кізілсе керек: “Тірі болса – өзін, өлсе – өлі­гін тез Орын­борға жеткізіңдер”– деп бұйрық береді. Мұны естіген соң қашуға тура келді…
… Қазан төңкерісі кезінде Қырым­нан Петроградқа қайта шақырды. Халық Комиссарлар Кеңесі мені Торғай облысы­ның әскери (соғыс) комиссары етіп тағайындады. Халық Комиссарлары Кеңесінің маған берген мандатына В.И. Ленин, И.В.Сталин қол қойған. Жаңа қызметпен Орынборға келгенде, төңке­ріс­ке қарсы көтеріліс жасап, Орынбор­дағы кеңес өкіметін құлатып, өзін би­леу­шімін деп жариялаған Петр Дутовпен шайқас­тым. Ол жерде Кобозев жолдас екеуміз кеңес өкіметін қорғауға кірістік. Бірнеше отрядтар құрып, Орынборға шабуыл жасадық. Орынборды азат еткен соң, облыстық съезд шақырдым, сонан кейін облыстық атқару комитетін құрдық. Кеңес өкіметі жандана түсті.
Бұл жерде жүргенде мені жаңа қызметке – Қазақ даласының төтенше комиссары етіп тағайындады. Бекіту жөніндегі қаулыға, мандатқа В.И.Ленин мен И.В.Сталин қол қойған. Енді Астра­ханьға қарай жүрдік. Аса маңызды ерекше тапсырманы орындау керек болды. Астраханьда төңкеріске қарсылық жасағандарды жоюға кірістік. “Каспий” флотилиясымен бірлесе отырып, дұш­пан­дармен шайқасуға тура келді. Сегіз сағаттан кейін кеңестерге қарсы көтері­ліс жасағандар жеңіліп, Астраханьды азат еттік. Бұдан кейін бізге 2 пароход беріліп, соған мініп, май­данға – Каспий теңізіндегі Александров­ский фортына беттедік. Қамалға келсек, бұл жерді мень­шевиктер билеп алған екен, оларды құлатып, Кеңес өкіметін қайта орнат­тық. Одан кейін Адай үстіртіне аттан­дық. Қолымызда патрондар, снарядтар (1,5 млн. аса) болды. Бұдан кейін Бозашы түбегіне келдік. Бұл жерде 300 түйе, 600 атпен экспедиция ұйымдастырдық. Адайлардың сусыз шөл даласымен жүріп, дұшпан шебінен өтіп, межелі жерімізге жеттік. Екі айдың ішінде үш мың ша­қырым жүріп, Ақтөбе-Түркістан май­данына қару-жарақ, оқ-дәрі жеткіздік.
…1920 жылы Кеңес өкіметін орна­туға қарсылық көрсеткендерді жеңіп, социалистік құрылысқа, кеңес өкіметін құруға, экономиканы көтеруге кірістім. Қазақстанда Орталық Атқару комитеті құрылды. Мен сол Атқару комитетінің президиум мүшесі, өлкелік коммунистік партияның бюро мүшесі болдым. Сол жылдары тағы да маған Бакудегі Шығыс халықтары кеңесінің құрамында қызмет етуді тапсырды. Шығыс халықтары кеңесінің жұмысшы Президиумының мүшесі етіп бекітті. Бакуде 6 ай болдым. Одан кейін Орынбор қаласына келдім. Сол кезден бастап Қазақстан үкіметінің үздіксіз мүшесі болып келемін. Ә.Жангелдин. 7 январь, 1947 жыл”.
–Ізгілік аға, қалай ойлайсыз, Жангел­дин шетелге саяхат жасауға өзі ықтия­рымен кетті ме, әлде Ресей мемлекетінің тапсырмасы болды ма?
– Ол жағын бізге айтпайтын, сондықтан білмеймін. Бірақ, Әлекең 1953 жылы тамыздың 14-інде қайтыс болғанда, қасында едім. Мәйітті үйіне апармай, қоштасуға бірден Опера және балет театрына әкелді. Таңғалатыным, қайтыс болған күннен бастап пәтеріндегі өзі жататын бөлмені 10 күн бойы күні-түні екі чекист күзетіп тұрды. Ол жерге Қазақстан басшыларын да, тіпті, әйелін де, балаларын да кіргізбеді. Ал мен сияқ­тыларды мүлдем жолатқан жоқ. Оның бөлмесінде не бар, не жоғын ешкім біл­ме­ді. Кейін осы жайында баласы Шың­ғыстан сұрағанымда: “Аға, ол жағы есім­де қалмапты”, – дейді. Әкесі қайтқанда Шыңғыс 6 сыныпта оқитын. Әлекең шетелді Николай Степнов деген атпен фото, кино аппаратын арқалап аралаған ғой. Ол кезде мұндай аппарат қазақ тұр­мақ, орыста жоқ. Шетелден келген соң оны большевиктер партиясы шақырып, революциялық жұмыстарға тартып, тап­сырма береді. Және оған құрмет көрсе­теді. Соған қарағанда ол шетелге өз беті­мен емес, большевиктердің тапсыр­ма­сы­мен кеткен болуы керек деп ойлаймын.
– 1917 жылдан 1920 жылға дейін қай үкімет болсын, оған қазақ даласынан бір-ақ адам емін-еркін кіріп жүрген. Ол ­– Әліби Жангелдин. Сонда бұл кісі Ресей өкіметі мен оның басшыларының сеніміне қалай кірген?
–1918 жылы Әлекеңді Свердлов пен Сталин қол қойған жеделхатпен Петер­бургке шақырады. Барған соң үкімет мәжілісіне кіретінін айтады. Мәжілісті В.И.Ленин басқарып отырады. Мәселе Қазақстанға келгенде жиынға қатысушы жұрттың алдында Ленин Жангелдиннің бетіне қарап: “Жангелдин жолдас, осы сізбен бір жерде кездестік қой, ә”,– дейді. Әлекең болса: “Дұрыс айтасыз, Вла­димир Ильич, Швейцарияда кездес­тік”, – дейді. Онысы бүкіл елдің алдын­да оны бұрыннан білетін ескі достығын айғақтағаны ғой. Мәжілісте “қазақ ұлтын басқаратын комиссарды бекітеміз” дегенде, 7-8 адам ұсынылады. Дені өзге ұлт өкілдері. Ленин тыңдап отыра­ды да: “Жоқ, олардың бәрі лайықты емес, жолдас Жангелдинге сенемін”, деп кесіп айтады. Әлекең осы әңгімені: “Сары орыстар, украиндар тұр­ғанда Ленин мені бекітті”, деп мақта­ныш­пен еске алатын. Өйткені, оған қатты сенген ғой.
–Бүгінде ел ішінде Жангелдин жайын­да неше түрлі жайлы да жайсыз әңгімелер айтылуда. Жангелдин қазақ халқына қандай жақсылық жасаған адам?
– Бастыларын ғана айтайын, өйтке­ні, оны біреу білсе, біреу біле қоймас. Жангелдин Торғайға жол түсіп барса, Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы И.Голощекин де сонда жүреді. Әлекең халықпен кездескенде қоймада астық бола тұра, Голощекиннің бергізбегенін айтады. И.Голощекиннің: “Бар астықты есептеп, нормамен бере­міз”, деген сөзіне қарамай, көпшілік жұрт­тың көзінше: “Совет өкіметін құр­ған сен емес, мен. Халықты қырайын деп пе едің!” — деп таяқпен салып қала­ды. Сөйтіп, қамбаны аштырған ғой. Жангелдиннің бұл қылығын кек тұтқан хатшы түрмеге жаптырмақшы болып, Ежов екеуі ол жөнінде материал жи­най­ды. Мұндай жаманат хабарды естісімен ол кісі Мәскеудегі Сталин кабинетінен бір-ақ шығады. Сталин болса келген қаралау құжаттарының шекесіне: “Товарища Жангелдина не трогать” деп бір-ақ ауыз сөз жазады. Содан кейін тыныштал­ғанмен, қызметін, көлігін тартып алып, жалақысын қысқар­тады. Әлекең Мәскеуге жол түскенде сол кездегі Үкімет басшысы В.М.Молотовқа кіріп, бар жағдайды түсіндіреді. “Әліби, саған жұмыс не керек, бәрін істеп болдың ғой?” дейді ол. “Онда қалай күнелте­мін?” десе: “Сен зейнет демалысына шық. Бірақ, зейнетақың Қазақстанның бірінші басшысының айлығынан екі есе көп бола­ды”, дейді. “Ал жүріп-тұрға­ны­ма көлік ше?” “Сен мінген пойызға көлік салып жі­беремін. Түскенде сонымен үйіңе бара­сың”, дейді. Әлекең: “Саяжайды да алып қойды ғой”, десе: “Ол дұрыс, өйткені сая­жай сенікі емес, мемлекеттікі. Оның орны­на екі гектар жері бар 10 бөлмелі екі қабат­ты үй салдырып беремін” дейді В.М.Мо­лотов. Солай жасайды да. Кейін Әлекеңнің зайыбы София Асфендиярқызы сол саяжайды жерімен қоса “Заря востока” колхозына сыйға тартып жібереді. Баласы Шыңғыс: “Сол жерді шешем бермегенде, бүгінде жерді сатып байып отыратын едік”, деп күліп қояды.
Әлекеңнің зайыбы София апай сұлу, өте ақылды, сыпайы, әділетті адам болатын. Қолынан талай шай іштік, араласып тұрдық. Ол кісі алғашқы Оқу-ағарту комиссар­ларының бірі, кезінде Алаш мүшесі болған Асфендияр Кенжиннің қызы еді. Зады, бастықтардың әйелдерінің көпшілігі кіжі­рейіп, кісіге қыр көрсетіп тұратын болса, апайдың ондайы жоқ-тын. Қарапайым өмір сүр­ді, жақсы киінетін, қазақша сөйлесетін. Бірақ, жұрт­тың бәрімен тілдесе бер­мейтін. Бұрын­ғы “Столичный” дүкені­нің жанында екі отбасына арналып ағаш­тан салынған үйде тұрды. Бір жағын­да Жангелдин, екіншісінде Ауыл шаруашылығы министрі Ивандаев қоныс­танған болатын. Үйіне пеш жағатын, үлкен бөлмесінде қара рояль тұратын. Ол қазір баласы Шыңғыстың үйінде. Бөлмесінде ескі диван бар еді. Оған тек бас­тықтар – К.Е.Ворошилов, С.М.Бу­ден­ный, А.Қа­зақбаев, сосын композитор Бақытжан Байқадамовтың шешесі келсе отыратын. Ол кісіні қатты сыйлайтын. Мен сияқтыларға диваннан орын жоқ. Үйіне папкамды құшақтап барамын. Әле­кең бір қағазға оқымай қол қоймай­тын. Көзілдірік кимейтін. Берген тапсырмасын өмірде ұмытпайтын.
– Тәртіпке қалай еді? Өйткені әскери адам болған ғой…
–Өте қатал еді. Әр тапсырма берген сайын әр бастыққа: “Сіз менің әскери адам екенімді ұмытпаңыз, тапсырмамды дәлме-дәл уақытында орындаңыз”, – деп ескертіп отыратын. Министрлерге хат дайындағанда “өтінем” деп емес, “осы тапсырманы орын­дауды бұйыра­мын” деп жаз дейтін. Солай жазатынбыз. Егер бір минөт кешіксең, оны да ұмытпайды. Бірде: “7 қараша күні сағат жетіде үйге кел”, – деді. Келдім. Ол кісі үйінде де костюм киіп отыратын. Тіпті, саяжайда да жеңіл-желпі киінбейтін. Әлекеңді Аман­гелді ескерткішінің жа­нын­дағы ағаштан жасалған мінберге ертіп баруым керек екен. Ол жерге Үкі­мет адам­дары да кел­мек. Парад болды, әуелі атты әскер, артил­лерия, жаяу әскер, сонан соң халық өтеді. Ол кісіге орындық әкелуім керек болды. Сонда Ж.Шаяхметов тұрды да: “Қарағым, інім, сен ол кісіге орындық әкелме. Одан да Әлекеңе екі сұлу келіншек тапсаң, екі жағынан қолтығынан сүйеп тұрса, дұрыс болар еді”,– деп күлді. Әлекең болса саспастан: “Шырағым, Жұмашжан, он­дай келіншек болса, өзің де бөтен көрмес­сің”,– деп жымиды. Парад біткен соң, маған жүр деді. Ол кісінің әдеті “жүр” деп айтпайды, қолымен нұсқап, ым береді. Үйіне келіп кіргізіп едім, кете бер, – деді.
Үш айдан кейін Алматы облысының Шелек ауданына темекі совхозына баратын болдық. Совхоз директоры Социалистік Еңбек Ері Петр Томаров­ский келіп: “Жұмысшылар сізді көргісі келеді, марапатты өзіңіз тапсыр­саңыз”, – деп жалынып болмаған соң, баруға келісім берді. “Жиынды сағат үште бастаймын, маған сағат екіде кел. Ана жолы бір минөт кешіккенсің”, – дегені. Иманым ұшып кетті. Көрдіңіз бе, ретін тауып бір минөт кешіккенімді есіме салып тұр.
Екі айдан кейін мемлекеттік Қауіп­сіздік комитетінің төрағасы И.А.Фитин: “Біздің чекистер сіздің қолыңыздан марапат алғысы келеді. Соған келісім бересіз бе?” деді. Ол кісі келісімін берді. Содан маған: “Пре­зидиум хатшылығына, Фитинге телефон шал. Марапаттау рәсімін сағат үште бастаймын. Сағат 3-ке 15 минөт қалғанда Дзержинский жағынан күтіп алсын”, – деп тапсырма берді. Орден, медальдарды қобдишаға салып, “Победа” көлігіне отырып едім, маған “ЗИМ-ге” отыр” деді. Сөйтті де жүргізушіге: “Митя, сен есік алдына 3-ке 15 минөт қалғанда тоқта. Не 14 не 16 минут болмасын”,– деді. Көрдіңіз бе, тумысынан әскери адам ғой, сол тәртіпті өле-өлгенше сақтап өтті.
– Бір сөзіңізде, Жангелдинге Қазақ­стан басшыларының көзқарасы дұрыс бола қойған жоқ дедіңіз. Бірақ өмірінің соңғы жылдарында жоғары лауазымды қызмет атқарғаны қалай?..
– Рас айтасың, Әлекеңді “халық жауы” деп соңынан түскен соң, дұрыс қызмет бермеді. Оған Молотов пен Сталин екеуі: “Сол жұмысты істей бер, кейін көрерміз”, – деген. Бірде Әлекең Сталиннің кабинетінде отырғанда үстіне Қазақстанның бірінші хатшысы Н.Сквор­цов кіреді. “Жолдас Скворцов Жангел­динге неге қадірлі жұмыс бермейсің. Қазақта бұдан артық сыйлы адам жоқ қой”, – депті. Ол болса бірден: “Біздегі лауазымды орынның барлығы бос емес. Жоғарғы Кеңестің төрағасын, екі орын­басарын да сайлап қойдық”, – дейді. “Онда мен Жангелдинге жаңа штат ашып, лауазымды бір орын беремін, жалақысын, басқасының бәрін КСРО-ның бюджетінен төлеймін. Және ол 8 сағат емес, 4 сағат жұмыс істесін деп арнайы қаулы шығарамын. Өйткені, Жангелдин сияқты адам аз, денсаулығы сыр беріп қалыпты, оны сақтап қалуы­мыз керек”, дейді. Сөйтіп, Әлекеңнің ден­саулығын бақылап тұратын екі дәрі­гер бекітіп береді. Осылайша, Әлекең, өле-өлгенше тек 4 сағат жұмыс істеп кетті.
1951 жылы мені Мәскеуге өзімен бірге ертіп барды. Кремльдің алдынан КПСС Орталық Комитетінің екінші хатшысы Г.М.Маленковтың өзі күтіп алды. Сосын маған: “Бала, сен осы жерде отыра тұр”, – деді қазақшалап. Сөйтті де екеуі Сталинге кіріп кетіп, жарты сағаттан соң шықты. Орнымнан түрегеліп едім, Әлекең маған тағы да қолын сілтеді. Соңымнан жүр дегені. Содан КСРО Министрлер Кеңе­сінің төрағасы В.М.Молотовқа кірдік. Мен есік жақта отырдым Вячеслав Михайло­вич кекеш адам екен. Құшақта­сып амандасқан соң келген шаруасын сұрады. “Карловые Варыға” барып демалғым келеді”,– деді. “Қазір онда күрделі жөндеу жүріп жатыр. Өздеріңнің санаторийлеріңе бармайсың ба?” деп еді: “Жоқ, оның бір корпусында әлі жөндеу жоқ. Мен ол жерде 1913 жылы Ленинмен бірге демалғанмын. Сен оны білесің бе?” деді. Анау: “Білемін, онда бара бер”,– деді. “Тағы не шаруаң бар” деп еді: “Жолға қаражат керек” деді. В.И.Моло­тов дереу біреуге телефон соқты да: “Менде Әліби Жангелдин отыр, пакет әкеліңіз”, деді. Көп кешікпей бір әдемі жігіт пакет әкелді, сыртында “40 мың сом” деген жазуы бар. Әлекең пакетті маған ұстатты, папкама салып, жататын жеріне апарып бердім.
1953 жылы көктем шыға Мәскеуге ол кісімен тағы бірге баруға жол түсті. Қаладан 30 шақырым жерде кілең бірінші хатшылар демалатын “Барвиха” деген Кремль шипажайы бар. Ол жерге, тіпті министрлерге рұқсат етпейді, өйткені олардың категориясы бөлек. Осында келердің алдында Жоғарғы Кеңестің төрағасы Д.Керімбаев пен Денсаулық сақтау министрі И.Қарақұлов: “Мәскеуге хат жаздық, барсаңыз жолдама дайын”, – деген еді. Мәскеуге поезбен келсек, жолдама тұрмақ дәнеңе жоқ. Сол кездегі Мәскеудегі тұрақты өкіл Ө.Атам­баевты шақырып еді: “Сізге жолдама беру мәсе­лесін Орталық Комитет қарап жатыр”, – деді. Ертеңіне келсек: “Денсаулық сақтау министрі шешеді”, – дейді. Бұдан ештеңе шық­пай­тынын білген Әлекең дереу КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы К.Е.Воро­шиловқа телефон шалды. “Қашан келді­ңіз?” деген болуы керек: “Кеше келдім”, – деп шаруасын айтып жатты. “Неге демалмай жатырсың?” десе керек: “Жолдама жоқ”, – деді. “Саған жолда­ма­ның керегі не, қазір көлігіммен көмекшім генерал Щербаков барып, орналастырады”, – деді. Көп ұзамай генерал да келді. Әлекеңді “Бар­виха” шипажайының директоры акаде­мик К.Е.Виноградов күтіп алды. “Жолдас Жангелдин, сіз мені танымай тұрсыз ба? Осыдан екі жыл бұрын осында демал­дыңыз ғой. Мен академик Виногра­довпын”, деді. Әлекең: “Неге ша­шыңыз ағарып кет­кен?” деп еді, ол кісі: “Бір жыл түрмеде отырдым, Берияның “дәрігерлер ісі” ғой. “Сталинді дәрігерлер улайын деп жатыр”, деп күмән­данған бірнеше әріптесімді әуреге салды, содан бір жылда шашым ағарып кетті”,– деді академик.
Шипажай 60 гектардай жерді алып жатыр, қарағайлар самсап тұр. Қор­шауының биіктігі 3 метр, ішінде жеке үй де, үлкен корпус та бар екен. Жангел­динге жеке үй берді. Қасында балық аулайтын тоғаны бар екен. Сұрастырып білсем, бір жолдаманың бағасы сол замандағы 11 мың сом екен, бірақ Әлекеңе бәрі тегін еді.
– Жангелдинді Алашорда үкі­метіне қарсы шыққан, өзі мұ­сылман емес, деп қауесет таратушылар да жоқ емес. Оған не айтасыз?
– Әлекең өмірінде бір адамға жаман­дық жасамаған пенде. Тіпті, дұшпанына да әділ болған. “Маған төтенше комис­сарлық қызметті бергенде “төтенше” құқық та берілді” деген еді. “Төтенше” деген сөз – милиция, прокура­тура, соттың яғни, бүкіл жазалау мекемеле­рінің билігі Жангелдиннің бір өзінің қолында болған. “Мен заң, тәр­тіп бұзған адамды өзім жазалауға құқықты болдым. Тіпті, атуға дейін. Сөйте тұра, бір адам­ның шекесінен шерткен емеспін. Адамды жазалай салуға, атып жіберуге, түрмеге тыға салуға көп ақылдың керегі жоқ, ол оңай нәрсе. Көпшілігі заңды бұзайын деп бұзбайды, біреу білмей, біреу адасып бұзады. Ал біреу біреудің азғыруымен теріс жолға түседі. Ондайда тұқымын құртпай, жанын қинамай, ақыл айтып жөнге салып жіберуге тырысу керек. Дұрысы сол. Егер жөнге келмейтін адам болса, оны он жерден түрмеге жапсаң да ештеңе шықпайды. Осыны ұмытпа”, – дейтін.
Алашорданы құлатқан Жангелдин емес. Оны құртқан Кеңес өкіметі. Атақты Әлихан Бөкейхановты Әліби Жангелдин Ленинге екі рет кіріп: “Патша өкіметіне қызмет істеген адам бізге де қызмет істей алады. Бұл өте білімді, пайдалы кісі. Қазақ халқы оны қадірлейді, оны сақтап қалу керек”, – деп аман қалдырған. Әлекең сондай-ақ Ахмет Байтұрсыновты да Ленинге кіріп: “Байтұрсынов грамматика жазған, математиканы төрт амал деп қазақ тіліне аударған үлкен ғалым, жазушы, бізге керек”, – деп оны сақтап қалған. Әліби Тоғжанұлы католик те, христиан да емес, ол мұсылман. Мек­кеде екі рет болған. Сіз білесіз, Сауд Ара­биясына мұсылман емес адам жіберіл­мейді. Жангелдин шылым шекпеген, арақ-шарап ішпеген, қазақтың әдет-ғұр­пын сақтаған, отырған жерінде ас қайы­рып, бата беретін. Мұны мен көзіммен көрген адаммын.
– Ізгілік аға, сіз Жоғарғы Кеңестің Награда бөлімін басқардыңыз. Жалпы, адамның еңбегін бағалау қиын да қызықты, жауапты жұмыс қой. Осы ретте Жангелдинге қатысты айтар ерекше жағдайлар болды ма?
– Әрине. Ондай жағдайлар көп. Есте қалғанын айтып көрейін. 1951 жылы ағайынды Ришад, Мүсілім Абдуллиндер­ге халық әртісі атағын беруде Президиум мүшелері: “.Үлкеніне берейік те, кішісін қоя тұрайық”,– деп екіге жарылды. Сон­да Әлекең тұрды да: “Шырақтарым-ау, бұлар өздері егіз көрінеді. Аралары 10-12 минөт. Құдай айырмаған адамдар­ды сен­дер бөлектегендерің қалай болады? Екеуіне бірдей беріңдер”, – деді. Сонда Ж.Шаях­метов тұрды да: “Ақсақал дұрыс айтады. Екеуіне бірдей беру керек”,– деп қостады. Жалпы, біздің бөлімге марапат алуға адам­дар көп келетін. Сонда олардың дені ма­ра­пат алуға емес, соны сылтау­ратып Жан­гел­динді көріп кетуге тырыса­тын. 1951 жылы қазан мейра­мы қарсаңын­да маған бір мінезі шәлкес Бекежан (Бек) Сүлей­менов деген тарихшы жігіт келді де, аты-жөні жоқ: “Марапатты кім жасай­ды?” деді. “Жоға­ры Кеңестің төрағасы” дедім. “Олай бол­са алмаймын, тек қана Жан­гел­­дин­нің қолы­нан аламын”, – деп тұрып алды. Мен ол кісінің он күнге іссапарға кеткенін айтып әрең құтылдым. Сол күні біршама уақыт­тан кейін әдеміше келген аққұба жігіт келіп өзінің ғылым докторы Ермұқан Бек­ма­ханов екенін, егер рұқсат болса марапатты Жангелдиннің қолынан алғысы келетінін сыпайы жеткізді. Ол кісіге ықыласым түсіп: “Олай болса, телефо­ны­ңыз­ды біздің қызметкер Муза Сафиулли­наға тастап кетіңіз”, – дедім. Жангелдин келген соң про­фессордың өз қолынан марапат алғысы келетінін айтып едім, Әлекең келісті. Ол кісіге, ұмытып отыр­мын, сол жолы КСРО-ның ордені ме, медалі ме тапсырылды. Сол мүмкін­дікті пайдаланған Е.Бекмаханов: “Әліби аға мені партиядан шығарды, жұмыстан қуды, енді соттайын деп жатыр. Кенесары жайында кітап жазып едім, содан пәлеге қалдым”, деді. Әлекең дереу Ж.Шаях­метовке телефон соқты. “Жұмашжан, менде Бекмаханов деген жігіт отыр. Ол жігіт 1916 жылы туылып­ты. Ол жылдары туғандар өкіметті құр­ған­мен бірдей болмай ма? Сонда өкіметті құрған бала жау бола ма? Егер ақын-жазушы, ғалым­дардың кітабы ұнамай­тын­дарды шетінен жаба берсек, бізде ақын да, ғалым да қал­мас. Бұл болмайды. Одан да: “Ана кіта­бың­ды түзетіңіз, болмаса қайтадан жазы­ңыз, әйтпесе шығармаймыз деу керек шығар”, – деді. Ар жағынан Шаяхметов келіспеген болуы керек, Әлекең телефон­ның тұтқасын қойды да сұрланып отырып қалды. Қолынан ештеңе келмей қалғанда сондай күйге түсуші еді жарықтық. Ар­тынша бір айдан кейін Ермұқан Бек­махановты да, Бек Сүлей­меновті де 25 жылға соттап жіберді.
1954 жылы қыста Қазақстан Компар­тиясы Орталық Комитетінің бірінші хат­шысы болып П.К.Поно­маренко келді. Ара­да біраз уақыт өткенде интеллиген­ция өкіл­дерімен кездесіп, қағазға қарамай төрт сағат бойы сөйледі. Сонда: “Дүние жүзін­де жаңа мемлекет пайда болса, оның ғалым­дары өткен заман­дағы ақындарын, батыр­ларын мұрағаттан іздейді. Ол заңды нәрсе. Сіздердің Бекмаханов деген ға­лым­дары­ңыз Кенесары дейтін батырды тауыпты. Кенесары жаман батыр ма, жақсы батыр ма – мәселе онда емес. “Басқа ба­тыр­ды тап”, дегенде Бекмаханов басқа­сын да табар еді ғой. Осылай ақыл айтудың орнына Шаяхметовтеріңіз оны 25 жылға соттап жіберген. Одан да сол Бекма­ханов­тың 25 жы­лын ЦК-ның бес хатшысына бес жылдан бөліп бергенде дұрыс болатын еді”,– дегені. Сол кезде Әліби Жангел­диннің 1951 жылы Жұмекеңе сөзін өткізе алмай сұп-сұр боп отырып қалғаны көз алдымда көлбеңдеп тұрып алды. Пан­телеймон Кондратьевичтің осы сөзінен кейін Е.Бекмаханов Сібірден босанып келді. Кейіннен көмектесіп үй алып бердік. Мен бұл жерде Ж.Шаяхме­товті кінәлайын деп отырғаным жоқ. Оған: “Феодалдық ағымға бізді қайта тартып бара жатыр”, деп теріс мәлімет берген Орталық Коми­теттің қызметкерлері де қатысты болуы мүмкін. Әйтеуір, сон­дай бір сұрқия заман өтті ғой.
Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ

"Алаш айнасынан" алынды
6 алаш ұсынады