Жаурыны жер иіскемеген атақты балуан, батыр, Қытайдағы қазақтың ұлт-азаттық көтерілісінің белсенді қатысушыларының бірі Дәлелхан Мұқаметханұлы (1930-1998) туралы арғы беттегі ағайынның арасында аңызға бергісіз әртүрлі әңгімелер айтылады. Мысалы, Дәлелхан балуан көтерген Көк тастың өзі неге тұрады. Ертістің бойындағы «Жүрек суы» деп аталатын жерде жатқан бұл тастың салмағы 800 келі шамасынан артық деседі. Үзеңгілес досы Елісхан Марданұлы деген атамыз тас бетіне: «Балуан Дәлелхан. 1952 жыл. Жазған Елісхан Марданұлы» деп өз қолымен ойып жазған екен.


Бүгін «Қарақас Қаптағай батыр» деген кітаптан дала көкжалы Оспан батырдың сүйегін Алтайға алып қайтуға байланысты мынадай деректі көзім шалып қалды: Шердиман - Оспан батырдың үлкен ұлы. 1951 жылы атылған Оспан батырдың сүйегін қайтарып бергеннен кейін үкіметпен келісімге келген. Сүйекті алуға үлкен қара атанды жетектеп, мықты аттар мініп, Шердиман Дәлелханды ертіп, тағы бірнеше жігіт бар, күздің соңында Үрімжіге барады. Атылған жердегі терең шұңқырдан киімшең жатқан батырдың сүйегін қазып алса, жарықтықтың денесі бұзылмаған екен.


Дәлелхан Ошыңның сүйегін көтеріп шығарып, түйенің үстіндегі науаша жасалған кесек киізге жатқызып, жақсылап орап алады. Сонда түйе орнынан үш ұмтылып әрең тұрған екен. Дәлелхан «Мен өмірімде талай ауыр дүниелерді - аю, түйе, нән қарағай, жүк тастарды да көтергенде шімірікпеген едім. Ошыңның сүйегіндей ауырлықты өмірімде көрмеппін, алып шыққанша қара тер басып сенделіп кеттім. Асылдың сүйегі соншама ауыр болады екен» деп таңдай қағыпты.

Ерлан МАЗАН

6alash ұсынады