Қазақ киіз үйі 7-8 ғасырларда кеңінен қолданылған. Осынау ұлы даланы қоныс еткен ата-бабаларымыз осыдан үш мың жыл бұрын да киіз мәдениетін жарыққа шығарғанын күллі әлем көзіндегі ғылыми деректер дәлелдейді.

Қазақ халқының арғы ата-бабалары саналатын Сақ, Ғұн, Қаңлы, Үйсін, Аландар заманында-ақ киіз үй мәдениетін толық қалыптастырғаны шындық.

Мен бұл жерде киіз үй тарихын айтқалы отырғам жоқ. Жақыннан бері оқушылардан маған киіз үйдің жабдық атаулары туралы өте көп сүрақтар келіп түсті. Жеке-жеке жауап та бердім. Бірақ сұрақтар көбейе берді. Ақыры фэйсбук желісінде ортақ жауап беруді жөн көрдім.

Қазақ киіз үйінің сыртқы жабдықтарына қарай:

  1. Үзікті киіз үй,
  2. Көтерме турдықты киіз үй,
  3. Бітеу турдықты киіз үй,
  4. Бүтін турдықты киіз үй, болып бөлінеді.

Киіз үйдің сыртқы жабдықтары:

  1. Турлық
  2. Үзік
  3. Түндік
  4. Таңғыш
  5. Бас арқан
  6. Белдеу қүр
  7. Шалма арқан
  8. Шалғыш бау
  9. Желбау
  10. Басқұр
  11. Турдық бау
  12. Үзік бау

Міне киіз үйдің сыртқы жабдықтар осылар.

Киіз үйдің қаңқасын – «Сүйегі» дейді. Киіз үй сүйегіне – шаңырақ, кереге, уық, сықырлаулық (есік) жатады. Бұлар киіз үй қаңқасын ұстап тұрады.

Қазақ киіз үй сүйек пішініне қарай:

  1. Алтын орда,
  2. Ақ орда,
  3. Ақ отау,
  4. Қараша үй,
  5. Қара лашық,
  6. Қара қос,
  7. Абылайша,
  8. Жолым үй,
  9. Қара шаңырақ,
  10. Бозым үй,
  11. Итарқа,
  12. Күрке,
  13. Жарты лашық,
  14. Жадағай үй,
  15. Шошайма үй,
  16. Жаппа үй,
  17. Домалақ үй,
  18. Тошала үй,
  19. Қапсырма қос,
  20. Күмбез қос.

Бұл киіз үйдің сыртқы жабдықтарына, пішініне қарай бөлінген атаулары.

Қазақ киіз үйінің уық санына қарай аталуы:

  1. Қырық басты үй,
  2. Алпыс басты үй,
  3. Сексен басты үй,
  4. Тоқсан басты үй,
  5. Жүз басты үй,
  6. Жүз жиырма басты үй.

Қазақ киіз үйдің шаңырғына қадаған уық санына қарай «Басты үй» деп атаған.

Кереге туралы түсінік

Қазақ киіз үйдің қалған керегесінің санына қарай:

  1. Екі қанатты үй,
  2. Төрт қанатты үй,
  3. Алты қанаты үй,
  4. Сегіз қанатты үй,
  5. Он қанаты үй,
  6. Он екі қанатты үй, деп бөледі.

Керегені – «Үй қанаты» деп атайды. Одан сырт «Қазақ үлгі» және «Қалмақ үлгі» деп екі түрлі үлгіге айырады. Бұл үлгілер 7-8 ғасырлардан бері қалпын құртпай сақталып келеді.

Керегенің басына сай-сай сызықтар салады. Ол сызықтарды «қарша» десе, кереге желісіне көк өткізеді. Оны «домбы» дейді. Қаршадан тескен тесікке қайс бау балайды. Оны «таспа бау» деп атайды. Киіз үйдің негізгі қаңқасын, сүйегін ұстап тұратын түғыры «кереге» деп аталады.

Қазақ керегенің әр тал ағашын – желі, «кереге желісі» дейді. Кереге желісінің ұзын түрін «ерсі немесе ерсісі» десе, қысқа түрін «балашық» дейді. Бір керегеде он төрт ерсі, тоғыз балашық, тоғыз сағанақ болады. Сағанақ деп – кереге көгінің шетіне шығып тұратын шолақ таяқша бөлігін атайды. Киіз үйдің кереге қанаттары және босағасы осы сағанақтары қюласып, таңғышпен байланады. Оның екі жағын «мойын алқым» дейді. Керегенің көктеліп біткен бір бөлегін «қанат» дейді. Қанат саны үйдің үлкен-кішілігіне қарай саны артып отырады. Қанат қосылған сайын үй кеңейіп үлкейе береді. Қазақ киіз үйінің қанат саны екі, төрт, алты, сегіз, он, он екі, он төрт, он алты, ары қарай отыз қанатқа дейін ұлғая береді.

Кереге желісінің ерсісі екі метрден екі жарым метірге дейін болады, балашығы бір метр сексен сантиметр, ең кіші қысқа түрі отыз сантиметрге дейін қысқарады. Ал керегенің уық байлайтын жерін «кереге басы» немесе «кереге шегі» дейді.

Қазақ киіз үйін жасау шеберлері керегенің жасалу әдісіне қарай «желкөз кереге» және «торкөз кереге» деп екіге бөледі.

Желкөз кереге – он бір, он үш, он бес, он жеті, жиырма үш, одан да көп көкті болып келе береді. Көгінің көбеюіне қарай –  жетпіс бас, сексен бас, тоқсан бас, тоқсан бес бас, жүз бас, жүз бес бас деп бас саны да артып отырады. Бұл жердегі көк, бас деп отырғаны уық сан мен шаңырақтың уықты сұғатын тесігі.

Қазақ қара өлеңінде «Кереге тоқсан басты, сексен уық» деген өлеңінде түсіндіріп кеткен.

Қазақ шеберлері желкөз керегені жасағанда көзін үлкен етіп жасайды да, ортасынан бір желіні көктемей қалтырып кетіп отырады. Осылай еткенде кереге оңай жазылып, оңай жиналатын болады. Ал торкөз керегнің көзі тар болады, не жүдырық сиятындай етіп жасайды. Торкөз кереге берік мықты болады. Боранға, қатты соққан желге құлап қалмайды, бірақ жазылып, жиналуы қиындау болады. Керегедегі басының жасалуына қарай парық болады. Қазақ шеберлері қалыптастырған торкөзді кереге жиырма басты болса, желкөзді кереге он жеті басты болып келеді. Бұл өлшем негізінен ұзақ уақыт тәжірибеден өтіп тұрақталған өлшем болып қалды.

Қазақ тілінде:

  1. Керегең кең болсын!
  2. Керегең берік болсын!
  3. Керегең сөгілмесін!
  4. Керегең шайқалмасын!
  5. Керегең құтты болсын!
  6. Керегеңе жамандық жуымасын!

- деген баталы сөздерде жолықса, қарғыс тілінде де мынадай ашты сөздерді жолықтырамыз:

  1. Керегесін ит қомдасын!
  2. Керегесіне ит сарысын!
  3. Керегеге таңылып қалсын!
  4. Керегесі шайқалсын, т.б. қарғыс сөздер бар.

Уықтың ерекшілігі

Уық – кереге мен шаңырақтың арасын қосып ұстап тұратын, бір басы түзу, екінші басы иілген жіңішке сырық. Киіз үйдің негізгі жабдықтарының бірі «уық» деп аталады.

Қазақтың киіз үй жасайтын шеберлерін «үйші» деп атайды. Үйшілер уықты негізінен самбы талдардан жасаған. Уықтың кереге басына байланатын жағын имектеу әрі жалпақ етіп жасайды. Иілген жалпақ жағын «уық иіні» немесе «уық қарыншасы» десе, түзу жағын «қары» немесе «қарымы» дейді. Ал уықтың шаңырақ көзіне сұғатын ұшталған ұшын «қаламы» деп атайды. Уықтың кереге басына байланатын жағын тесіп, оған бау өткізеді. Ол бауды – «уықбау» деп атайды. Уықбаудың ұзындығы екі де үш метр болады. Қазақ киіз үйінің уық саны кереге бас санына тең келеді. Уық саны, уықтың ұзын- қысқалығы киіз үй көлемінің үлкен-кішілігіне байланысты болады. Киіз үйдің уық санын есептеу әдісі де бар. Әдетте киіз үй маңдайшасына алты уық байланады. Қалған уық санын кереге басына байланысты есептейді. Мұнда желкөз кереге мен торкөз керегенің уық санын анық парықтап алсаң ешқашан уық санынан жаңылмайсың. Уықтың қаламы – төрт қырлы болып жасалады. Сода шаңырақты шайқалтпай ұстап тұруына септігін тигізеді.

Уық жасау үшін уық ағашты салып жібітетін от күлін «қоз» немесе «қозан» дейді. Уықтың қарынша, не алақанына сызық салатын құралды «қырнауыш» деп атайды. Уықтың иінін жасайтын қазықтарды «тез» не «тезге салу» дейді. Уық алақанына салған сызықты «ырау» немесе «ыраулы» дейді. Уықтарды бояитын топырақ нілін «жоса» деп атайды. Бұрынғы замандағы байлар уықтарын күміс не сүйектермен өрнек салдырып та жасататын болған.

Қазақ тілінде:

  1. Уық берік болсын!
  2. Уық сынбасын!
  3. Уығың алтын болсын!
  4. Уығың ұзын болсын!
  5. Бір уық болып қадал!

- деген сөздер ақ баталы алғыс сөздерінен кездеседі. Ал қарғыстанда уық туралы сөздер табылады:

  1. Уығың сыңғыр, уығың сынсын!
  2. Борт-борт сынып уығың, Борбайыңа қадалсын!
  3. Уығың көзіңе қадалсын!
  4. Уығың сынып жолда қал! - деген қарғыс сөздер де бар.

Шаңырақ туралы түсінік

Шаңырақ – киіз үйдің төбесі. Уықтардың жоғары қараған жағын біріктіріп ұстап тұратын, күлдіреуіштері бар, мықты ағаштан жасалған шеңберді «шаңырақ» деп атайды.

Шаңырақ киіз үй сүйектерінің ең негізгілерінің бірі болып саналады. Үй жасау шеберлері шаңырақты талдан, қайың сынды мықты ағаштардан жасайды. Оның үлкен шеңберінде доға етіп иіп жасаған сегіз күлдіреуіші болады. Шаңырақ шеңберінің айналасында уық өткізуге арналған тесік болады. Оны «шаңырақ көзі» дейді. Шаңырақ шеңбері екі метрден бастап, алты метрге дейін үлкейе береді. Шаңырақтың дөңгелек шеңберін «тұғын» деп атайды. Айналасындағы төрт қырлы тесіктерді «қаламдық» не «қаламдықтар» дейді. Шаңырақтың шеңберінің үстіне доға етіп иіп жасаған сегіз ағашты «күлдіреуіш» деп атайды. Шаңырақтың күлдіреуішінің төр жағындағы бос қалған орынды «жарықтық» дейді. Жарық түсетін жер болғандықтан. Шаңырақ шеңберіндегі көздер есеппен жасалады. Төрт қанат үйдің шаңырағының көздері елу де алпыс болса, алты не сегіз қанаты үйлердің көздері жүз не жүз жиырма болады. Әр көзге бірден уық шаншылады. Қазақ байларының мұндай үлкен шаңырақтарын мықты азаматтар атқа мініп үлкен бақанмен көтеріп тұрып тігетін болған. Шаңырақ көздерін жасайтын темір аспапты «көзеу» деп атайды. Шаңырақтың екі жағына термелеп, өрмелеп әдемі етіп тоқылған қор бау тағады. Ол бауды «желбау» дейді. Үй тіккенде сол желбаудан ұстап, шаңырақты бақанмен көтеріп тұрып уық шаншиды. Шаңырақтың күлдіреуішін қозғалатпай ұстап тұратын арнайы жасалған көлделең ағаш болады. Ол ағашты «бақалық» немесе «қарғаша» деп атайды. Ондай ағаш әр шаңырақта төрттен болады.

Қазақ шаңырағы «табақ шаңырақ» және «шабақ шаңырақ» болып екіге бөлінеді.

Ортасын тегіс ағаштан оюлап, түрлі нақышпен өрнектеп әсемдеп жасаған шаңырақты – Табақ шаңырақ десе, ортасы табақсыз, күлдіреуішпен жасалған шаңырақты – Шабақ шаңырақ деп атайды.

Қазақ халқының салт дәстүрінде шаңырақ киелі саналады, киелі бағаналады. Сондықтан шаңырақ ағаштарын таза жосамен бояп, кей жерлерін алтынмен аптап, күміспен күптеп кереметей етіп жасайды.

Қазақ атадан қалған үйді «Қара шаңырақ» деп атайды. Ата-ана тұрған үй «үлкен үй» немесе «қара шаңырақ» деп таниды. Қазақ салтында қара шаңыраққа кенже ұл ие болады. Басқа балалар қара шаңырақтан енші алып отау болып бөлініп шығады.

Қазақ тіліндегі қара шаңырақ сөзі кейінгі кезде кең мағынада қолданыла бастады. «Мадениет орталығының қара шаңырағы», «Ғылым ордасының қара шаңырағы», «Жазушылар одағының қара шаңырағы» т.б.

Ал қазақтың алғыстары мен қарғыс сөздерінде тіптен көп орын иелейді.

  1. Шаңырақ биік болсын, Ірге кең болсын!
  2. Шаңыраққа бақ қонсын!
  3. Шаңырақ шайқалмасын!
  4. Шаңырағың кең болсын!
  5. Шаңырағыңнан шаттық кетпесін!

- деген тіркестер бата-тілек сөздерде кездессе, қарғыс сөздерден де табылады;

  1. Шаңырағың құрысын!
  2. Шаңырағың шайқалсын!
  3. Шаңырағың өртенсін!

Міне осындай қарғыс сөздер айтылады. Бал тамған сөзден у да тамады деген осы болар...

Сықырлауық туралы түсінік

Киіз үйге арналған дәстүрлі есікті «сықырлауық» деп атайды. Сықырлауық, екі босағадан, маңдайшадан, табалдырықтан, екі жаққа қарай жарылып ашылатын екі жарты жарма есіктен құралып, бір есік болып шығады. Қазақ киіз үй тарихында бір жағына қарай ашылатын есіктер сирек кездеседі. Жоқ десек те болады. Себебі есікті қазақ халқы бақыт қақпасы деп жақсы ырымға бағалайды. Кіріп-шыққан адамдарға жақсылық тілеп тұрады деп санайды. Сондықтан қазақ есікті үй жасаушыларға жасатпайды. Қазақ шеберлері арасында арнаулы есік жасаушы шеберлер болады. Оны «есікші» деп атайды. Соларға ақысын беріп, арнайы тапсырыспен жасатады. Қазақтың есік жасайтын шеберлері – есіктің маңдайша, екі босаға, табалдырық, екі жарма есік бөшектерін шегесіз қиуластырып құрастырады. Шеге істетпейді.

Киіз сықырлауығы – киіз керегесінің биіктігіне лайықтап өлшеммен жасалады. Көп ретте есік биіктігі 170-175см, ені 120-122см көлемінде болады. Екі босаға мен табалдырық және маңдайшасының ендері 7-8 см шамасында болады. Маңдайшасының жоғары жағынан уық байлайтын 6 тесік болады. Оны «уық қодырғы» деп атайды. Маңдайшаның астыңғы жағының, табалдырықтың үстіңгі жағының екі бастарынан қос босағаның бас-аяқтары сұғынып тұратын түзу бұрышты «босаға ұясы» дейді. Ашпалы екі есіктің топсасы ретінде босаға жағынан жоғары және төменгі шеттерінен маңдайша мен табалдырыққа арнайы жасалған дөңгелек ұяларға кіріп тұратын сықырлауық аталатын дөңестер шығарады. Бұл дөңестер маңдайша мен табалдырық кіріп тұрғандықтан есікті ашып-жапқанда сықырлаған дыбыс шығарып тұрады. Осыған бағып киіз үйдің есігін – сықырлауық деп атаған екен.

Қазақ сықырлауықтың ашылып-жабылатын екі жарты есігін әдемі бояулармен бояп, қазақша ою-өрнек салып сәндеп жасайды. Сүйек, мүйіз, күміс, алуан түрлі асыл тастармен безедіріп жасайды. Маңдайша, босаға, табалдырықтың екі жанында солай безендіреді, әшекейлейді.

Қазақ киіз үйінің есігі екі қабат болып келеді.

Бірі – сыртқы есік. Ши мен киізден, қымбат маталардан әшекейлеп жасайды. Енді бірі – ағаштан жасаған жоғарыда айтылған ағаш есік немесе сықырлауық.

Қазақ дәстүрінде есіктің маңдайшасын тартпа, босағасын керме, табалдырығын таптама деген ырымдар бар. Өйткені есік киелі. Одан өмір де кіреді, өлім де шығады. Есік – бақыт қақпасы деп сенген.

  1. Ақ босағаны ақ ниетпен атта!
  2. Босағаға сүйеніп тұрма!
  3. Алтыннан болсын босағаң!
  4. Босағаға жатпа!
  5. Қайтып келер есігіңді қатты серіппе!
  6. Жат босағаны айналма!
  7. Есік көргенді алма, бесік көргенді ал!
  8. Заманақыр боларда табалдырық тау, көршің үлкен жау, іргең толы дау болар!
  9. Күйеу есік көргелі келді!
  10. Келін оң аяқпен босаға аттады!

Міне, осы сөз тіркестірінің тігісінде терең дәстүрлік ұғымдар марқадай жамырап жатыр.

-Жалғасы бар-

Болат БОПАЙҰЛЫ

6alash ұсынады