Қазақ топырағынан шығып, бүкіл әлемді мойындатқан және күллі адамзатқа ортақ қағидаттарды қалыптастырған халқымыздың мақтаныштары – әл-Фараби және Абайдың өнер мен ғылым туралы айтқандарынан бастап, адам болмысы мен өмірлік ұстанымдары жайлы ойларынан көптеген үндес­тікті көруге болады.

Екеуі де – тек бір ұлт, бір халықтың дүние­таным шеңберінде қалып қоймай, әлемдік деңгейге көтеріле алған алыптар. Бүгінгі таңда дүние жүзі халықтары IQ көрсеткіші (интеллект көрсеткіші) қай халықта жоғары, ол ұлттың өмір сүру деңгейіне қаншалықты ықпал етуі ықтимал деген мәселелер төңірегінде пікірталас тудырып жатқанда, біздің әл-Фараби және Абай сынды ғұламаларымыз бұл талап деңгейіне сан ғасыр бұрын жауап беріп қойған сияқты. Сондықтан да олардың мұраларын бір ғана ұлт деңгейінде қарастыру тарлық етеді, ал неғұрлым әлемдік аренаға көтеру – ол заман талабы. Дегенмен ең бірінші кезекте «өзіңді-өзің сыйлауың» абзал. Ол үдде тұрғысынан танылу – алыптарымызды өзіміздің жан-жақты танып білуіміз.

Күрделі де бұралаң жол

Жалпы, біз бүгінде ұлы деп ұлықтап, ұлт мақтанышы деп дәріптеп отырған әл-Фараби мен Абай біз таныған көкжиекке бірден көтеріле салған жоқ. Оларды тануда, танытуда көптеген ғалымдар, ұлт жанашырлары аянбай тер төкті. Мысалы, Ақжан әл-Машани – еуропалықтар Шығыс Аристотелi деп атаған, дүниежүзілік білім мен мәдениеттің екiншi ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидiң Отырардан шыққанын және қыпшақ тумасы екендiгiн алғаш дәлелдеп, араға он бiр ғасыр салып қазақ топырағында есімінің әйгіленуіне атсалысып, баба мұраларын жан-жақты зерттеп, фарабитанудың негізін қалап берген ғалым. Алайда Ақжан Жақсыбекұлы Машанидің рөлі барлық жерде айтыла бермейді. Оның да өзіндік себептері жоқ емес.
Ақжан Жақсыбекұлы – 1933 жылы Семейдің геология барлау техникумында ашылған қазақтың тұңғыш техникалық жоғары оқу орны – Қазақ кен-металлургия (қазіргі ҚазҰТУ) институтын тәмамдап, жер ғылымының жаңа саласы геомеханиканың негізін салушы жəне осы салада отызға тарта ғалымдар тəрбиелеген оның Қазақстандағы мектебін қалыптастырушы. Ақжан сынды ғалымның өзі де құнарлы топырақтан өніп шыққан дән сияқты. Себебі ол – І.Есенберлиннің «Көшпенділер» үштағанының «Қаһар» атты бөлімінде Масан деп бір ғана əрпі өзгертіліп аты аталатын Машан бидің баласы Жақсыбектің ұрпағы. Дəулеті шағын, сауатты əрі салауатты Жақсыбек жиырмасыншы жылдары старшын, болыстық қызметте ел билігіне де араласқан деген деректер бар. Машан би өз заманында Жамантай төренің кеңесші биі, аузымен орақ орған шешен болған екен, ал І.Есенберлин оны атақты Ағыбай батырдың досы ретінде көрсетеді. Қалай болғанда да, «асылдың сынығы», «тұлпардың тұяғы» деуімізге дәлеліміз жетерлік, елім деп еңіреген ерлердің ұрпағы. Оның арғы атасы Қазақ елінің ел болып сақталып қалуы жолындағы ерлермен үзеңгілес болған, қаһармандықты елге үлгі еткен би болса, әкесі де халқымыздың тағдырына алаңдап, билікке араласқан адам. Бір әулеттен тараған үш кезеңде өмір кешкен үш ұрпақ еліне заманына сай қызмет еткен. Әл-Машани қазақ топырағында жаңа ғылым – геомеханиканың негізін ғана салып қоймай, ғылыми-көпшілік жəне фантастикалық туындылар жаза отырып, қазақ əдебиетінде сол жанрдың негізін салушы қаламгер ретінде де танылады. Сонымен қатар 300-ден астам ғылыми, əдеби еңбектер жазған. Соның ішінде машанитанушы ғалым әрі оның шәкірттері Ш.Абдраман, т. б. пікірі бойынша фарабитану еңбектерінің дені əлі баспа жүзін көрмеген.
Жалпы, әл-Машанидің Фараби әлемінің есігін ашуының өзі тылсым сырларға толы. Ол туралы халық арасында баспа бетін көрген және көрмеген түрлі аңыздар кездеседі. Соның бірі «Ұлы тұлғалар – ғылыми-ғұмырнамалық серия­сы» бойынша Ш.Абдраман құрастыруымен жазылған «Фараби – ғибратты ғалым» атты еңбекте «Жаңа жыл түніндегі түс» деген тақырыппен беріліп отыр. Онда 1965 жылғы жаңа жыл қарсаңында Ақжан Жақсыбекұлының көрген түсі баян­дала келіп, ғалымның Қазақстанның ғылыми әлеміне Фарабиді таныстыра алмай жүрген қиналысы беріледі. Оқиға желісін қысқаша өретін болсақ, таңғы күн шапағымен шырайланып келе жатқан Досым атты жігітке ақсақалы кеудесін жапқан қария кездеседі. Қария одан Мекке-Мадинаны сұрайды. Бірақ атеизм үстемдік етіп тұрған қызыл империя кезінде бұл сөзді жас жігіттің түсіне алмай дал болуы заңды еді. Ал ақсақал оны оқымыстылар, зиялылар отыратын орын деп түсіндірген соң, Ғылым академиясы екенін ұққан жігіт сонда ертіп барады. Жол-жөнекей ақсақал «Солардың ішінде тарих мамандары кім, тіл мамандары кім, пəлсафа мамандары кімдер? Солармен мүмкін болса мені жолықтырсаң» деп өтініш білдірген екен. Жас жігіт бірінші кезекте академик Әлкей Марғұланға, Ісмет Кеңесбаевқа ертіп барған көрінеді. Бірақ араларын сан ғасыр бөліп тұрғандықтан, археология, тіл білімі туралы сұраққа әл-Фараби бабамыз өз көңіліне қонымды жауап ала алмаған екен, яғни қазақ тарихын зерттеп жүрген Ә.Марғұланға Шам шаһары, Мысыр шаһары туралы сұрау қаншалықты мағынасыз болса, «қазақ тілі мен орыс тілін білемін» деген І.Кеңесбаевқа «ертедегі грек тілін, латын, қытай тілдерін білесіз бе?» деп сұрау да орынсыз еді. Әңгімелері жараспаған соң жас жігіт ақсақалды «Пəлсафадан ғұламаларың кім, енді соған апар!» деп өтінген соң Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне Нұрымбек Жəнділдин деген адамға апарған көрінеді. Қабылдау бөлмесіне келіп, хатшыға қабылдай алар ма екен деп, жағдайын айтыпты. Сонда хатшы көмекші арқылы: «институтқа бала түсірмек болып немесе пəтер сұрағалы келсе, қабылдамаймын» деп бір-ақ кесіп айтады.
Мұндай үзілді-кесілді талап­қа әл-Фараби: «Оқуға түсір деп сұрайтын менің балам жоқ, пəтердің маған тағы керегі жоқ, өйткені мен ерте замандарда дүние салғанмын, келіп тұрған мен емес, менің сүлдем, рухым» депті. Содан оны қабылдаған екен. Бірінші болып сөз бастаған әл-Фараби: «Сізді үлкен ғұлама, пəлсафа ілімінің уəкілі деген соң келіп отырмын, қандай философиямен шұғылданасың?» деп сұрайды. «Сізге пəлсафаның қайсысы керек?» деп сұрауға сұрау қойған хатшы өзінің маркстік-лениндік философия уəкілі екенін айтады. Бұған таңғалған әл-Фараби: «Маркстік дедің бе, лениндік дедің бе? Ол дегендерің не? Біз білетін пəлсафада ондай дегендер жоқ болатын», «бұл қашан, қайдан шыққан ілімдер?» деп сұрайды. Əңгіме желісін мүлдем ұнатпаған хатшы: «Марксті, Ленинді білмейтін өзіңіз қандай адамсыз?» деп жекіреді. Енді əңгіме бітті, шығып тұрыңыз дегенді білдіріп, орнынан тұруға ыңғайлана бастайды.
– Сіз ренжімеңіз, мен шынында да білмейді екенмін, ол ілімнің негізін салған кімдер, олар қашан өмір сүрген? – деп сұрайды. Хатшы оған: Бірі – XІX ғасырдың орта кезі, екіншісі – XX ғасырдың бірінші ширегінде, – дейді.
– Иә, солай деңіз, ал мен болсам Х ғасырда өмір сүрдім, менен соң олар өмірге келетінін қайдан білейін, – дей келіп, ал енді «Птолемей, Пифагор, Аристотель, Платон философиясынан нақты не білесіз?» дейді. Бұл сұрауға хатшы: «Біз олардан тікелей болмаса да хабардармыз, оларға К.Маркс пен Ленин кезінде баға берген, біз сол тұрғыдан оларды білеміз» деген екен. Бұл жерде де әңгімелері келіспеген соң ақсақал кетіп қалады. Жол-жөнекей өзін Фарабимін деп таныстырады жас жігітке. Сол түсінде Ақжан Жақсыбекұлы әл-Фарабимен жолыққанын көрдім деген балаң жігіт Досымның прототипі Досмұхамед Кішібеков болып шығады. Сол Д.Кішібеков фарабитанушы ғалымның жаңа жыл түніндегі көрген түсі туралы мақала жазып қалдырған.
А.Жақсыбекұлы да сол түсінен кейін жазған мақаласын бірнеше жерге апарып, бастыра алмапты. Апарған редакцияның барлығына мақала ұнағанмен, қасаң саясатқа бағынған заманда әркім өз басының амандығын күйттеп, батыл қадам жасай алмағанға ұқсайды. Бұл жерде назар аудара кететін тағы бір жайт бар. «Түс көру», «түсінде аян беру» деген сияқты тылсым күштерге сену көбінесе қазақ халқына тән болып келетініне де көптеген мысалдар бар. Оны о дүниелік болған ата-бабаға деген құрметпен байланыстыру керек шығар. Халқымызға тән ерекше қасиет­тің өзі – жеті атасына дейін біліп, есімдерін ардақтап отыру, сондықтан да болса керек, ұлы істерді бастауда, ірі жорықтарға аттанарда түс көріп, ата-бабаларымен тілдесетін фактілердің кездесетіні. Ақжан əл-Машани Жақсыбекұлының кіндік Азияда фарабитанудың негізін қалауы алдында осындай түс көруінің өзі заңды да болар. Дегенмен осындай жауапты да игілікті істі бастау оңай болмаған. Себебі ол əл-Фарабиді он бір ғасырды араға салып Отырарда кіндік қаны тамған қыпшақ перзенті екендігін дəлелдеумен шектелмей, екінші ұстаз қағидаларын бүгінгі ғылым жетістігімен сабақтастырып, ұлттық дүниетаныммен ұштастыра отырып, оның ұстанған ғылыми-ислами ұғымын тұңғыш рет қазақ ғылымына енгізді. Қызыл империя кезінде мұндай батыл қадамға бару – І.Есенберлиннің «Көшпенділерді» жазу арқылы хандар ерлігін дәріптеу, Ж.Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасы арқылы «интернационализм» үстемдігі кезінде дараланып жар салу ерлігімен барабар.
Бұл ойымызды дәлелдеу үшін осы жерде тағы да профессор, машанитанушы Шамшиден Абдраман пікірін келтіруге болады. Оның баян­дауынша, «әл-Машанидің әл-Фараби туралы қолжазбасы орыс тілінде жазылған, бірінші беттің (машинкамен басылған) төменгі жағында 1973 ж. деп автор қолымен (сиямен) жазыпты. Бұл əл-Фараби бабамызды ешкімге ортақтастырмай, қазақ тумасы екендігін əлемге танытқан, 1975 жылғы қыркүйектің 8-13 аралығында Мəскеуде басталып, Алматыда аяқталған ұлы бабаның 1100 жылдық мерейтойы қарсаңыңда жазылғандығын білдірумен қатар, монографияның тілін де анықтаған көрінеді. Себебі сол ЮНЕСКО тарапынан өткізілген халықаралық конференцияға қатысушыларға орыс тілі ортақ болған. Бірақ кітап шықпай қалған. Дəл осындай ұлы оқиғаға тікелей арналған зерттеуді шығартпай тастатқан шешімнің маңыздылығы – сол ұлы мерейтойды өткізу мəнінен де асып түссе керек! Бір сөзбен айтсақ, бірінші себеп: қазақ ғылым мен мəдениеттен жұрдай, өйткені олар кешегі көшпенділер делінетін идеология ұстанған заманда əл-Фарабидей перзентін тауып, оған соққы берген əл-Машаниді аяқтан шалу ғана емес, сол себептің бастысы – кітапта дүние құрылымының Алланың құдіретінен екендігін айтқан əл-Фараби тұжырымының бүгінгі ғылымының даму негізінде айнытпай айта білген Ақжан түсіндірмесі атеистерге берілген соққы еді. Әл-Фарабидің ауыз­ға жаңа ала басталған – сол өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ішінде зиялы дейтін қазақ қауымының «Ақжан, мына сəлде ораған молданы қазақ деймісің?» деп үрке қараушылары көптеп кездесетін-ді, оны осы жолдың авторы да талай рет көрген еді. Ендеше сол ұлттық зиялыларымызды – қай-қайсы болса да мұндай зерттеудің зияндылығын бас­тықтарға дəлелдеу қиынға соқпайтын-ды… Солай болды да. Кітап шықпай қалды. Бірақ бұл Ақжан əл-Машаниге ғана жасалынған қысым емес-ті, оның себебі басқада еді. Ол Әбу Насыр əл-Фараби есімімен тікелей байланысты, онымен сабақтас болатын. Баба мерейтойы өтісімен фарабитану ісінің салмағын Ташкентке бағыттау, яғни қазақ жерінде басталған істің кеңейтіліп, дамытылмауы – осының дəлелі. Сол халық­аралық конференция қабылдаған қаулының бірде-бірінің орындалмауы, оны орындау­ды ойластырмауы – мұның бəрі коммунистік биліктің қазақ жерінен фарабитануды аластату саясатының түбегейлі мақсаты болғандығынан еді».
Өмірінің қырық жылын фарабитануға арнаған А.Жақсыбекұлы – Дамаскiдегi Баб ас-Сағир зиратынан адамзаттың екінші ұстазының қабiрiн тауып, мiнәжат етiп, бiр уыс топырағын Отырарға әкелген тұңғыш қазақ, 1970 жылы жазылған «әл-Фараби» тарихи деректi кiтабында ғұламаның көркем бейнесiн алғаш сомдаған қаламгер. Сонымен қатар Фараби еңбектерiн қазақ тiлiнде сөйлетiп, оның трактаттарын аударған. Еңбектерiн тереңiрек зерттеп, зерделеу үшiн өз қаржысымен әл-Фараби ғұмыр кешкен Таяу Шығыс елдерiн аралап шыққан екен. Ақжан әл-Машани әл-Фараби мұрасын зерттеу мен оның ғылыми өмiрбаянын жасауда теңдесi жоқ мұра қалдырған. Ол қазақтың екi ұлы даналары – әл-Фараби мен Абайдың арасындағы рухани байланысты аша отырып, «Әл-Фараби және Абай» зерттеуiн жасаған, абайтанудың ренессанстық соны зерттеуiн берген. Сондай-ақ жер ғылымының жаңа саласы – геомеханиканың негiзiн салушы және елiмiзде оның мектебiн құрушы ғалым. Профессор Ақжан Машанов 1968 жылы араб елдеріне саяхат жасап, араб ғалымдарымен кездесіп, Фарабидің Шам (Дамаск) шаһарындағы зиратын іздеп тауып, суретін түсіріп əкелгендігі туралы профессор, машанитанушы Шамшиден Абдраман өз еңбегінде терең ашып көрсетеді. Міне, осылайша қыпшақ даласынан басталған білім мен ғылым сапары Шам қаласына дейін жалғасқан әл-Фараби қаншалықты қиын да күрделі жолдан өтсе, оны еліне танытуда, туған жер топырағына қайтарып алып келуде әл-Машани де бірнеше бұралаң жолдан өткен.

Әл-Фараби мұраларымен Абай да медреседе оқыған кезінде таныс болған, Мағжан Жұмабаев, т. б. ұлт зиялылары білген, дегенмен оның қазіргі қазақ топырағының перзенті екенін дәлелдеу Ақжан Жақсыбекұлына бұйырыпты.
Абайды танып білу де қазақ үшін оңайға түспегені белгілі. Оның бастауында, әрине, ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы тұрды. Ол 1913 жылы «Қазақ» газетінде «Қазақтың бас ақыны» атты көлемді зерттеу мақаласын жазды: «Қазақтың бас ақыны – Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Ақмола, Семей облыстарында Абайды білмейтін адам жоқ. Ақмоламен сыбайлас Торғай облысында Абайды білетін адам кем, құты, жоқ деп айтса да боларлық. Олай болуы сөзі басылмағандықтан, Абайдың сөздері кітап болып басылып шыққанша Абайдың аты да, сөзі де Торғай облысында естілмеуші еді. Ақмола, Семей облыстарында Абайдың атын, сөзін естімедім дегенге недәуір таңырқап қалады. Мен ең әуелі Ақмола облысына барғанымда Абайды білмегеніме, сөзін естігенім жоқ дегеніме таңырқап қалушы еді.
Қай жерде ақындар жа­йынан, я ақындардың сөздері жайынан әңгіме болса, Абайдың сөзін мақтамайтын адам болмады. Абайдың сөзін көрмей тұрғанда, мақтағандарына сенбей, қазақ үкілеген өз құнанын өзгелердің тұлпарынан артық көретін мінезі болушы еді, мақтап отыр­ған Абайы біздің Әбубәкір, Сейдахмет, Ақмолдаларымыз сықылды біреу ғой деп жүрдім.
1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатыр­қап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең…» деп жазған екен кезінде. Міне, ресми әдеби ортада, қала берді қазақ қоғамында Абайды ақын ретінде мойындатқан осы мақала болатын.
Әрі қарай халыққа кеңінен таныстыру сияқты сауапты іс М.Әуезов үлесінде екені даусыз дүние. Әрине, «Абай жолы» да оңай жазыла салған жоқ. Ол жолда талай мұрағат ақтарылып, талай адамдардан мәліметтер алынды. Қандай да болсын ғылыми немесе көркем туындының жазылуы бар да, оның жарық көруі бар. «Абай жолы» да талай тар жол, тайғақ кешуді басынан өткерген. Бірақ оның авторы – Мұхтар Әуезов бұл жолда жанқиярлықпен еңбек еткен. Оны алған бетінен қайтармаған Абайға, Абай әлеміне деген махаббат еді. Әуезов романды жазуға 1938 жылдың аяғы, 1939 жылдың басында отырыпты. О баста бір кітап болар деп жоспарлаған материал мен жазушы қиялы арнасынан асып, екінші кітапқа ұласады. Жазушы «Абайдың» бірінші кітабын толықтай 1940 жылдың күзінде бітіріп, баспаға берген екен. Бірақ кітап баспада ұзақ жатып қалады. Бұл кезең туралы профессор Бейсембай Кенжебаев өзінің күнделігіне: «1941 жылдың басында бір барғанымда Мұхтар өте қуанышты еді. Кездесіп, әңгімелесе бастағанымыздан-ақ: «Мен биыл үлкен жұмыс бітірдім. Абай туралы біраз жылдан бері жазып жүрген романымның бірінші кітабын бітіріп, баспаға бердім. Бұған дейін ірілі-уақты бірсыпыра жаздым ғой. Мына романым – соның бәрінен өзге, жазушылық қыз­метімнің бір биік белесі. Адам өзінің әр жұмысына, біріне аз, біріне көп дегендей, әртүрлі қанағаттанады, түрліше риза болады. Мен бұрынғы жазғандарымның ешбіріне бұл романыма қанағаттанғандай қанағаттанған, риза болған емес едім. Бұған бір айрықша қанағаттандым» дегенді айтты» деп жазып қалдырған екен.
Өйткені осы теңдессіз тағдырлы туындының күні бүгінге дейін қазақтың бойтұмарына айналуына осы әдебиет майталманының қосқан үлесі ерен екенін айт­пай кету – қиянат. Б.Кенжебаев Алматыға Қазақстан мемлекеттік баспасының бас редакторы болып 1941 жылы келіпті. Сол кезде Орталық Комитет Б.Кенжебаевқа: «Абай» – ескілікті көксейтін роман, авторы да сенімсіз. Мұндай романды жарияламау керек. Бірақ Әуезовке басқадай сылтау айтып, кітабын қайтарып жібер» деп тапсырма беріпті. Осындай күрделі жағдаяттан Б.Кенжебаев «Кириллицамен жаздырып әкеліңіз» деп, «Абайды» М.Әуезовке қайтарып беріпті. Өйткені роман латын әліпбиімен жазылған екен, ал кеңес өкіметі, сонымен бірге Қазақстан сол кезде кириллицаға көшіп жатыпты. Ал жан дүниесімен Абай әлеміне еніп кеткен жазушы бұл істі де жылдам орындап, романды жаңа әліпбимен жазып әкеліпті. Дәл осы уақытта соғыс болып жатуына байланысты майдан, ерлік туралы туындылар бірінші кезекке қойылып, «Абай» романы тағы кейінге шегеріліпті.
1942 жылы баспа директоры Бейсембай Кенжебаев тәуекелге барып ешкімге білдірместен, «Абай» романын теруге жібереді. Романға редактор болған Қуандық Шаңғытбаевтың жазуынша, жазушыға сүйінші хабарды Бейсембай Кенжебаев көзіне жас алып тұрып жеткізген. Әдебиет зерттеуші Құлбек Ергөбек ғалымның бұл әрекетіне: «Міне, осындай қысталаң, өзексіз тар, өңезе кезеңде Бейсембай Кенже­баевтың тәуекелі – қайталанбас рухани ерлік, қайталанбас кісілік» деп баға берген көрінеді. Бірақ «саяси сенімсіз» адамның романын жариялап, оны мақтап мақала жазды» деген желеумен Б.Кенжебаев Орталық Комитеттен сөгіс алып, жұмысынан «өз еркімен» кетуге тура келіпті. «Жер-жерде билік айтқан би-шонжардың» баласын мадақтады» деген желеуге қарамастан, ұлт мақтанышы – Абайдың көркем образын жасауда ­М.Әуезов қандай ерлік жасаса, халық игілігі үшін өз басын қатерге тіккен Б.Кенжебаевтың еңбегі де елеусіз қалмағаны жөн. Бұл мәліметтер мен деректерді М.Мырзахметов, М.Қаратаев, Қ.Мұхамедханов әлдеқашан айтып та, жазып та кеткені белгілі. Солар сынды майталман ғалым, зерттеушілерімізден асып сөз айту, әрине, артықтық болар. Бұл мәселені айтып отырудағы себеп – екі ғұлама, екі алыптың қазақ қоғамына танылуындағы ұқсастықты көрсету. Екеуін де халыққа танытуда бастарын бәйгеге тіккен зиялылар ұлттың рухани болашағына теңдессіз үлес қосқанын көрсету.
Ал Абай өлеңдерінің мәтінтанымын зерделеуде Қайым Мұхамедхановтың еңбегін елемей кету – қиянат. «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» деген атпен өзінің көлемді еңбегінде абайтанушы ғалым ақын өлеңдерінің мәтінтанымын зерттей келе, екі жүз елу сөзді түзеткенін, жүз жиырма сөзге түсінік жазғанын айтқан екен. Дегенмен мерейтойдан мерейтойға дейін қазанды жылы жауып қоятын әдетімізше әлі күнге толық түзету жұмыстары жүргізілмей келе жатқаны белгілі. Есеп беру үшін ауыз толтырып, «осынша іс-шара өтті, осынша жинақ жарық көрді» деуден аса алмай келе жатқанымыз бар екені де рас.
Сондай-ақ Абайды терең түсіну үшін М.Әуезов аузымен айттырған кейбір әсіре ойларға да бүгінгі күн тұрғысынан қараған жөн. Мысалы, келмеске кеткен кеңестік кезең өз дәурені өтпейтіндей, шындық ашылмайтындай, бір ұлтты тым әсірелеп, екіншісін оған кіріптар етіп көрсеткені құпия емес. Сондай фактілердің бірі ретінде М.Әуезов қайтыс болғаннан кейін 1967 жылы жарық көрген «Абай Құнанбаев» атты мақалалар мен зерттеулер жинағында келтірілген деректерді айтуға болады. Оны құрастырып, алғы сөзін жазған Ысқақ Дүйсенбаев деген әдебиетші екен. Бұл туралы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов «Қайым Мұхамедханұлы және абайтану мәселелері» деген мақаласында мынадай деректер келтіреді: «Сол кітапта Құнанбай айтыпты деген сөз келтірілген: «Кезі келген жерде айтпақ болып жүрген сөзім бар еді, соны айтайын: ең әуелі – сен жұрттың бәріне күліп сөйлейсің, жайдақ су сияқтысың. Жайдақ суды ит те, құс та жалайды, кісіге кәдірің болмайды. Екінші – көрінгенмен жақын боласың, кісі танымайтын, желбегей жүрген кісінің басына ел үйірілмейді. Ел алатын қылық ол емес. Үшінші мінің – орысшылсың». Абай әкесіне өз пайымдауын ұсынады да, үшінші «орысшылсың дегенге – оның қолында зор қуат, өнер, білімі бар. Егер сол өнер-білімді үйренуден қашсақ, ол надандық болар, жақсылық болмас. Мен өнер-білімі үшін орысшылмын» деп жауап қатады. Орысшылсың деген Құнанбайдың сыны да, оған Абай жауабы да ақынның 1933, 1940 жылдардағы жинақтарының алғы сөздерінен алынып тасталған. Оның себебі де белгілі. 1932 жылы жария­ланған әйгілі «Ашық хатта» М.Әуезов: «…Өз шығармаларының көпшілігімен анығында беті ашық ұлтшылдық кү­йіндегі жазушы боп шықтым. Түгелдеп айтқанда, төңкеріс жылдарының қоғамдық заказы мен төңкерісшіл жұртшылықтың тілегіне біржолата үйлеспейтін сөздерім болған… Соған ұқсаған қателер Абай шығармаларын тексеруімде де бар» дейді. Үш ғасырға созылған бодандық бұғауы тоталитарлық жүйе теперіші қателеспесе де «қателестім», адал болса да «жаздым, жаңылдым» дегізді еріксіз. Жоғарыда көрсетілген 1967 жылғы кітапта «орысшылсың» деген сөзден кейінгі «орыстың дұшпандығын ұмытасың» деген Құнанбайдың сыны алынып тасталған, ал оған Абайдың берген жауабы саясат әуенімен «редакция­ланып» кеткен. М.Әуезовтің 50 томдық жинағының сегізінші томында Абайдың жауабы ұлы жазушының музей-үйі­нің архивтік қорынан алынып төмендегіше берілген: «Орысшылсың дегенге: заман орыстікі, ол жеңген, біз жеңілген елміз. Ендігі күнде алысатын дұшпанның айласы мен әдісін білмесең, алысқа шығудан мағына жоқ. Мен орыстың өзін сүймесем де, өнері мен ебінен үлгі алуға керек» (71-б.). Жалпақ жұртты ауызына қаратқан Құнанбай пайымы мен кемелдікке талпынған Абай танымы жарыса бой көрсетеді. Бодандық қамытын киген елдің өкілі Құнанбай мен Абайдың патша саясаты және орыс отаршылдығына қатысты қалыптасқан тиянақты түйіндері бар. Түрмеге қамалған, тінту көрген, үйқамақта отырған, маңа­йын тыңшылар шырмаған, жөнсіз, жосықсыз айып тағылып, тентіреп ұлықтың есігін тоздырған әке мен бала жүрегіне шаншудай қадалған өктемдік із-түссіз қалған жоқ, көкіректерінде шемен боп қатты. Қитұрқы саясаттың соңынан әлі де көзсіз ере бермей, әсіресе, «Абай және орыс әдебиеті» аңғарында сөз қозғағанда жоғарыдағы ойларымыз зерттеушілердің назарынан тыс қалмаса еңбегіңіздің еш кетпегені. Қазақ әдебиетін орыс әдебиетінің шәкірті ретінде ғана тану тоталитарлық жүйенің көлгір саясатының елесі есебінде ғана қабылдануы керек бүгінде» деп айтып кеткен Қайым Мұхамедханов» деп береді.
Бұл ойды толық беріп отырудағы мақсат – Абайға да, Мұхтар Әуезовке де тәуелсіз сана тұрғысынан әділ баға беру кезі әлдеқашан өтіп кеткен, ақиқат үстемдік ету керек дегенді айту.
Енді бір қызығы фарабитанушы Ақжан әл-Машани кезінде осы мәселеге байланысты М.Әуезовке өз пікірін білдіріпті: Мұхтар: «Ақжан, сен осы менің «Абай жолымды оқыдың ба?» деген сұрағына: «Мұқа, «Абайдың» бірінші томын оқып шықтым, ал екінші кітапты бастадым да, жауып тастадым». «Неге?» деген жазушы сауалына «Мұқа, сіз Абайға қазақ даласына айдалып келген орыстарды ұстаз етіпсіз, сондықтан əрі қарай оқуға зауқым соқпады» депті. Міне, бұл жерде де бірнеше мәселенің беті ашылып тұр. Біріншіден, бірі әл-Фарабиді, екіншісі Абайды қазаққа таныту жолында тер төккен екі тау тұлғаның пікірлес екендігін байқасақ, екіншіден, бір-біріне сала­уатты сын айт­қанын көреміз, үшіншіден, бодандықтың бүкіл болмысымыз бен ой-санамызды да бұғауда ұстағанын байқаймыз.

Ойшылдар мұралары – ортақ қазына

Ойшылдарымыздың шығармашылығына назар аударар болсақ, ұрпаққа қалдырып кеткен даналық ой-толғамдары әртүрлі сөзбен жеткізілсе де, айтар ой, көздеген мақсат бір болатын. Бұл тұста ғалым Ә.Марғұланның: «Абай мен әл-Фарабидің көздегені адамдардың рухани байлығы, олардың бақытты болуы мен әсемдікке ұмтылуы болып табылады» деген пікірі осы айтылған ойға саяды.
Әл-Фараби мен Абай мұраларындағы үндестік ретінде мыналарды айтуға болады:
1. Әл-Фарабидің математикалық ілімінде сандар талданады, геометриялық тұрпаттар (фигура) қарастырылады. Сөйтіп болмыстағы сиқырлы сегіз санының қасиеті көрсетіледі. Ал Абай болса дүниенің сегіз сипатын адам бойынан тауып «Сегіз аяғын» жазды. Өстіп баба ашқан табиғаттың сегіздік заңдылығын Абай даналық парасатты уағызына қолданғанын.
2. Фарабидің: «Әрбір адамның дүниеде өз орны бар» деген ой-тұжырымын, Абай жаңаша көзқараста: «Сен де кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!» деп әрбір адамзат баласының өмірде өзінің орны бары, ел өмірінде, тағдырында елеулі орын алатындығын тілге тиек еткен» дейді А.Машани (Машанов А. Әл-Фараби және Абай. – Алматы, 1989.)
3. Фараби «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат» жазса, Абай «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» дей келіп, өлең сөзіне қойылатын талапты айтты. Фараби ақынды үш топқа бөліп қарастырады: 1.Табиғи дарыны мол, бірақ өлең теориясын меңгермеген. 2. Табиғи дарыны да бар, өлең өнерін де меңгерген. 3. Осы екеуіне еліктеушілер.
Жазушы Мұхтар Мағауин «Қазақтың қасиетін тану – Абайды танудан басталмақ. Халқымыздың сөз өнерін зерделеу – Абай тағылымын бағамдаудан байқалмақ. Абай – қазақ тарихындағы қайталанбас сом тұлға. Абай биігі – халқымыздың көркемдік ой-танымында ешкім жетпеген заңғар» деген екен. Ендеше біз Абайды тануда оның әл-Фарабимен болған үндестігін де назардан қағыс қалдырмауымыз керек.

Салима СИМБАЕВА,

«Тұран-Астана» университетінің доценті

"Астана ақшамынан" алынды

6alash ұсынады