Шөпдәрінің адам ағызасына кері әсері аз, химиялық дәрілермен салыстырғанда, бауырды зақымдамайды, өзіндік құны төмен, бағасы арзан. Қазақстанның кең байтақ даласында дәрі шөп қайнары өте мол. Осы бір жаратылыстық байлық абзалдылығын экономикалық байлыққа айналдыратын мезгіл келді. Мәселен, Шығыс Қазақстанда өсетін «құртшөп» деп аталатын дәрі шөптің бағасы Қазақстанда арзан. Адамның имунитеттік қуатын көтеріп, көп сырқаттың алдын алатын бұл дәрі шөптің жүз грамі Қытайда 250 мың теңге тұрады. Жері құнарсызданып, экологиялық ортасы бүлінген Қытай соңғы кездері Қазақстаннан ақжүрек, құртшөп сияқты дәрі шөптерді сатып ала бастады.

Қазақ медицинасының тамыры терең

Қазақ медицинасын зерттеуші мамандар оның түп - тарихын Сақтардан сабақтайды. Сақтар жаралыларды емдейтін емкөстерді «Жарықшы, қарықшы, таңғышы» деп атаған. Медицина ғылымдарының білгірі Гиппократ Сақ тайпаларының арасында ұзақ жыл тұрып, Сақ елінің емдеу тәжірибелерін үйренген. Оның «Денесінің қандайда бір жері күйдірілмеген сақты табу қиын» деген дерегін дәйекке алған ғалымдар «Сақтар кезінде күйдіру-қару әдісі арқылы емдеуді басты орынға қойған» деп қарайды. Кеңес Одағының медицина академиясы баспадан шығарған «Медицина тарихының» бірінші томындағы «Грек шипагері Гипограт пен оның әкесі сақтардың арасында бір мезгіл тұрып, солардың әсерінде дүниенің жаратылысы от, су, ауа және топырақ деген көзқарасын қалыптастырған әрі «Шипагерлік ғақылиялар» атты шығарма жазған» деген дерек те Гиппократтың Сақ тайпаларының арасында болғанын растай түседі.

Аристотельден кейінгі ғылым мен мәдениеттің екінші ұстазы атанған ғұлама Әбу Нәсір Әл-Фараби бабамыз ұлағатты ғалым ғана емес, қара үзген шипагер болыпты. Ғалымның замандасы, белгілі араб жазушысы Ибн Аби Усайба өз шығармаларының бірінде Әл-Фарабидің медицина саласындағы ерен еңбектерін ескерте келіп: «Ол медицина саласының, әсіресе, бүйрек ауруын емдеудің білгірі еді» («Білім және еңбек» журналы, 1984 жылғы 12 сан) деп жазады. Көп өнерді меңгерген бабамыз артына «Адам ағзалары жөніндегі Аристотельмен алшақтығы жөнінде Галенге жазылған трактант», «Темперамент туралы» сияқты құнды медициналық еңбектер қалдырса, оның шәкірті Әбу Әли Ибн Синаның «Дәрігерлік ғылымның каноны» өз тұсында ғана емес, бірнеше ғасыр бойы адамзат медицина саласындағы маңызды оқулыққа айналған.

Қазақ дәстүрлі медицинасының тамыры тереңде екенін археологиялық қазбалар да растайды. Айталық: 6 ғасырға тәуелді Қарабие қорғанынан табылған адамның қаңқа сүйегіне зерттеу жүргізген ғалымдар кезінде бұл адамның шекесіне ота жасалғандығын, отадан кейін де оның талай жыл өмір сүргендігін анықтаса, 7 ғасырдағы бір қорғаннан табылған қаңқа сүйектің аяғы тізеден төмен кесілгені, кейін ағаш аяқ пайдаланғаны ертедегі емшілердің келте кесу отасын да шебер орындағанын дәлелдеді.

Осыдан 20 жыл бұрын, 15 ғасырда жасаған қазақтың қара үзген шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты кесек медициналық еңбегі табылды. Әз Жәнібек ханның тұсында жазылған бұл кесек туындыға 1106 түрлі дәрі, 4577 шипашақ(рецепт) енгізілген. Қазақтың дәстүрлі медицинасының ерекшеліктерін, ауруды емдеудің әдіс - амалдарын тәптіштей түсіндірлген бұл еңбек қазір қазақ медицина саласындағы құнды мұраға айналды...

Қазақ медицинасын Қытай зерттейді

Өткен ғасырдың 80 жылдарына дейін қазақ медицинасына халық арасындағы емкөстік деңгейінде қаралып, оны дамытуға, ғылми тұрғыдан зерттеуге мән берілген жоқ. Әсіресе, батысша емдеудің кең таралуы біреуден біреу үйрену жолымен жалғасын тауып келе жатқан қазақтың дәстүрлі медицина өнерінің орнын шайқалтты. Жазба мәдениетіміздің кенжелігі, шипагерлік жайындағы тұжырымдардың ғылыми тұрғыдан жүйелі жинақталмауы, қазақ медицинасымен шұғылданатын шипагерлердің, тәуіптердің, оташылардың ел арасынан барған сайын сиреуі ұлттық медицинамыздың шипасын бітіруге шақ қалғаны да шын.

Қытайдағы тұңғыш қазақ емханасы 1985 жылы «Алтай аймақтық қазақ шипаханасы» деген атпен шаңырақ көтерді. Алтай аймағының сол кездегі уәлиі Қадыс Жәнәбілұлының тікелей жетекшілігімен ашылған бұл емхана қазақ медицинасының жүйелі зерттелуінің бастамасы болды. 1992 жылы «Іле облыстық Қазақ шипагерлік, дәрігерлік қоғамы» құрылды. «Іле медицинасы», «Қазақ шипагерлігі» сынды 2 медициналық журнал шығарыла бастады.

Қытайдағы қазақ басшылардың бірі Тілебалды Әбдірешитұлының күш салуымен, 2011 жылы Қытай оқу-ағарту министрлігінің мақұлдауымен Шынжаң медицина университеті қазақ медицинасымен шұғылданатын жас мамандарды тәрбиелеу мақсатында тұңғыш рет баклаврлыққа талапкер қабылдады. Осы жылы Үрімжі қаласынан «Шынжаң қазақ шипагерлік-дәрігерлік зерттеу орталығы» құрылып, қазақ дәрісін зерттеу жұмысына 3 миллион юань (160 миллион теңге мөлшері) қаржы бөлінді. Қазақ ұлты Қытай мемлекеттік денсаулық сақтау министрлігі жағынан мойындалған, Қытайдағы дәстүрлі медицинасы бар 6 ұлттың (Қытай, Ұйғыр, Тибет, Моңғұл, Корей, Қазақ) біріне айналды. 40 қа жуық Қазақы дәрі Шынжаңдағы емханаларда қолданыла бастады, 4 түрлі дәрі Қытай мемлекетінің техникалық сараптауынан өтті.

Қазақ медицинасы Қазақстанға да керек

Қытайда қазақ медицинасы зерттелгелі 30 жылдан асқанымен, Қазақстанда дәріптелуі, зерттелуі көңіл көншітерлік деңгейде емес. Тіпті, жоқтың қасы. «Қазақтың дәстүрлі медицинасы» десең, үрке қарайтындар көп. Осы заманғы медицина дамыған бүгінгі таңда оның не керегі бар деп кері толғайтындар да баршылық. Алайда, қазақтың дәстүрлі медицинасына баса назар аударып, оны дамыту халқымыздың денсаулығын қорғау тұрғысынан ғана емес, ұлттық құндылықты ұлықтап, бабалар мұрасын бүгінге жалғау тұрғысынан да келелі маңызы бар. Сондықтан, бұл мәселеге еліміздің денсаулық сақтау министрлігі бейжай қарамай, қазақ медицинасын қазақстанда өркендетуге күш салғаны оң. Бұған мүмкіндік те мол.

Байтақ Қазақстанда жоғарыда айтылған құртшөп, ақжүрек, мергия сияқты бағалы дәрішөптер көп өседі. Біз осы артықшылығымызды пайдаланумен қатар, дәрішөп егу, шөпдәрілерді өндіру жұмысын да ертерек ескерсек, «Екі алып, биге шығу»-ға мүмкіндік бар. Өйткені дәстүрлі медицинасы дамыған, шөппен емдеу әдетке айналған Қытай Қазақстан үшін үлкен базар.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

(суреттер автордың жеке мұрағатынан)

6alash ұсынады