САҚИНА САЛУ /САҚИНА ТАСТАУ/ – бозбалалар мен бойжеткендердің ойыны. Ойынға 10 немесе 15 ойыншы қатысады. Ойынды жастар жаздыгүндері көгалды алаңқайларда, ал қыс мезгілінде үйде де ойнай береді. Сақина салу ойыны көңіл көтеріп, жақынырақ танысу мақсатында жастардың түрлі басқосуларында ойналады. Дәстүрлі ортада өзіндік ережесіне қарай аталмыш ойынның екі нұсқасы бар.

Сақина салу ойыны. ҚР МОМ материалдары бойынша суретті салған Б.Досымов

1-нұсқасы. Ойын шарты бойынша, ойыншылар ұл-қыз араласып, араларынан бір адам еркін жүріп өтетіндей дөңгелене отырады. Олар қолдарының екі алақанын беттестіріп ұстап отыруға тиіс. Сосын ортаға қолында кәдімгі саусаққа салатын сақина немесе тиын (бақыр) бар қыз шығады. Ол екі алақанының арасына сақинаны салып, екі қолын беттестіріп, отырған ойыншылардың алақанына, яғни уысына сақинаны салғандай сыңай танытып, бүкіл ойыншыларды аралап шығады. Сақинаны кімнің қолына тастап кеткенін ешкімге білдірмеуі керек. Сақинаны алған ойыншы да оны байқатпауға тиіс. Осылайша сақинаны бір ойыншының ғана қолына қалдырып, өзге ойыншыларды толық аралап шыққан қыз ортаға келіп «ақ қояным ыршып шық!» немесе «ақшымшығымды бер!» деп дауыстайды. Осы кезде сақинаны алған ойыншы мен немесе менде деп дауыстап бірден ортаға шығуы тиіс. Ойын шарты бойынша, отырған ойыншылар оң немесе сол жағындағы ойыншыны бақылап отыратындықтан, оны орнынан тұрғызбай тартып ұстап қалуы керек. Егер әріптесі оны тартып ұстап қалса, сақинасы бар ойыншы айыпты деп танылады. Ал ұстай алмай қалған жағдайда, отырған ойыншы айыпты өзі тартады. Айыпталушыға басқа ойыншылар өзара ақылдасып айып салады. Салынған айыпқа байланысты ол өлең айтады, ойыншыларды күлдіреді немесе билеп беруі мүмкін.

2-нұсқасы. Бұл жерде жоғарыдағы 1-нұсқаның мазмұны толығымен қайталанады. Тек ойын шартында бірқатар өзгешеліктер бар. Айталық, мұнда ортаға 1 ұл, 1 қыз шығады. Мұнда қыз бір ойыншының қолына сақинаны тастап келген соң жанындағы жігітке «сақинаны тап!» деп бұйырады. Жігіт өз топшылауымен ойыншылардың біреуіне қарап «сақина сенде!» немесе «бер сақинаны!» дейді. Ол дөп басып сақинаны тауып алса, ойын шарты бойынша, өнерін көрсетеді. Ал іздеуші жігіт сақинаны таба алмаса, онда өзі айыпты деп танылып айып өтейді. Сосын ортаға келесі жұп шығып, осылайша ойын жалғаса береді.

Сақина салу ойыны жастарды ептілік, сұңғылалық пен қырағылыққа тәрбиелейтін ойын болғандығы сөзсіз.


Пайдаланылған әдебиеттер:

  • Төтенаев Б. Қазақтың ұлттық ойындары. Алматы: Қазақстан, 1978;
  • Шойбеков Р.Н. Қазақ зергерлік өнерінің сөздігі. Алматы: Ғылым, 1991;
  • Сағындықов Е. Қазақтың ұлттық ойындары. Алматы: Рауан, 1991;
  • ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» Энциклопедия 5 том, PDF нұсқасынан алынды

6alash ұсынады