Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – кез -келген ел экономикасының негізі. Әсіресе коронавирус ықпалынан болған әлемдік карантин қарсаңында өндіріс саласының ерекше қажеттілігін байқадық.

Өндірісте табысқа жету - қыруар ақшамен, бірден завод-фабрика құрумен басталмайтын көрінеді. Керсінше, өзің білетін саланы біртіндеп жолға қойып бизнеске айналдыра білуден басталмақ. Сөзіміздің дәлелі ретінде назарларңызға Айқын есімді қандасымыздың оқыйғасын ұсынуды жөн көріп отырмын.

Жақында, касіпкер азамат Ақытбек Шеризатұлының ақ дастарханында, белгілі ғалым қазақ-неміс «қымыз» ғылыми-зерттеу институтының директорыАйтуған Мұқашев мырзамен жолығудың сәті түсті. Қымызтанушы ағамызбен бірге Ақаңның алты ай сақтаған «айғыр» қымызын іше отырып әңгіменің тиегін ағыттық. «Ағынды өзеннің қасынан құдық қазып керегі жоқ», демекші сөздің негізгі тізгіні көп оқыған, көп көрген Айтуған мырзада болды.Қымыздың «қырық» түрлі қасиеті туралы біраз толғады. Сөз арасындағы «Ұлтарақ бизнесі» туралы айтқан қызықты әңгімесі маған ерекше әсер етті.

Әзілкеш Тұрсынбек Қабатов айтпақшы бекер жүрмей әркімде «бірдеңе істегісі», бизнес бастағысы келедіғой. Бірақ сол бизнесті көз алдымыздан, қолымыздан келетін істен бастамай бірден аспандағы айға қол созатынымыз жасырын емес. Сөйтіп «сырын білмейтін аттың сыртынан» жүріп, қарызға белшеден батып, басымыз қатып жататынмыз бар. Ал, бұл әңгіме арманыңды аяғыңның астынан іздеуге кеңес береді.

«Мені іздеп келіп, ақыл-кеңес алып, бағыт-бағдар сұрап жататындар көп. Бір күні Айқын есімді қандасымыз Алматыға іздеп келіпті, «Қандай жұмыс істесем болады?», дейді. «Бұрын не істедің», десем арғы бетте жүргенде ән айтқанын, той жүргізетінін айтады. «Аа, онда ол өнеріңді ұмыта тұр, бұл жерде екінің бірі әнші, Алматыға ұлтарақ жасап сатқаның дұрыс болар», дедім.Айқын бұл ұсынысымды өзін мазақ еткендей қабылдады. Ренішін ішке бүгіп кетіп қалды. Әр адамда өзіне тән менмендік барғой оны жеңу әрине қыйын. Бір есептен адамның өзіндік «мені» оның біреуге жалданбай жеке тұлға болып қалыптасуына көмектеседі. Деседе үйрену жолында еңкейе білу керек.Жалпы мен Айқынның отбасымен қытайға іс-сапармен барып жүргенде танысқан болатынмын.Әкесі тері илеп, ноқта-жүген, айыл өріп жатқанын көзіммен көрген едім. Бұл ұсынысты осы көргенімді негіз ете отырып айтқан едім. Өйткені тері илеуді қазір көп адам біле бермейді, ол - қазақтың төл өнерінің бірі»,-дейді Айтуған мырза.

Бұрынғы кәсібінен күдер үзбей тағы біраз уақыт жұмыссыз жүрген Айқынға ағасы: «Айтуған мырза бірдеңе меңзеп айтып отырған болар, дұрыстап сөйлесіп, асықпай әңгімелес», деп көндіріп қайта жіберіпті.

«Адам бірінші өзін жеңе білу керек.Әсіресе өндіріс саласыөз қолыңмен іс бастап, тер төгуден басталады. Менде «қымыз»  өндірісін дамыту жолында көптеген қыйындықтардан өттім, мал соңында жылқы жалында жүріп, бие сүтін зерттедім, сол еңбегім мені үлкен жетістікке жеткізіп отыр. Айқын екінші рет келгенде, кез-келген жұмысты істеуге  белсенді болып келіпті. Біз көп сөйлестік, мен оған ауылдағы мал соятын кісілердің малын тегін сойып беріп, терісін бұзбай алып, илеуді тапсырдым. Әкесі екеуі біраз уақытта 20 шақты теріні илеп дайындап қойғанын айтты. Сол кезде мен Айқынға терінің жүнін теп-тегіс етіп қырқатын аппарат жеткізіп бердім. Терілердің жүнін бір келкі етіп қырқып, дайындап алғасын әдемілеп өлшеп ұлтарақтар кестірдім. Базарда бір жұп тері ұлтарақтың бағасы 300-400 теңге тұрады. Ал, енді бір теріден қанша ұлтарақ шығатынын есептей беріңіз. Жалпы табиғи өнімнің құны әрқашанда жоғары болатыны белгілі. Айқынның саудасы жақсы жүрді, айналымы жоғарлады. Олда біртіндеп өз өндірісін оңтайландыра бастады. Бұрынғыдай емес ауыл тұрғындары терілерін өздері бұзбай сойып әкеліп, азын-аулақ ақшасын алатын болған. Бүгінгі күнде бірнеше тігін машиналарын қойып, 3-4 адамды касіптендіріп отыр. Халықтың сұранысына орай, бөлшек саудадан көтерме саудаға өтті. Алдағы уақытта ол өндірісін кеңейтіп, тері белдіктер және басқада өнімдер шығаруды жоспарлап отыр», дейді Айтуған мырза.

Жұмыссыздық меңдетіп, екі қолға бір күрек табу қыйындап бара жатқан бүгінгі таңда бұл әңгіме көпке ой саларлық дүние деп ойлаймын. Азын-аулақ жалақы үшін күні-түні есік күзетіп, біреуге жалданып отырған атпалдай азаматтардың тірлігінен, өзіне-өзі қожа болып отырған Айқынның «Ұлтарақ бизнесін» жоғары қояр едім.


Ризабек Нүсіпбекұлы

6 alash ұсынады