Атақты Төле биден «Баланың бесігі - кең дүниенің есігі» деген терең сөз қалған. Жаугершілік кезінде босқан елдің ішінде бесік арқалап бара жатқан келіншекке қарап айтқаны екен. Мұхтар Әуезов «Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе. Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе» деп жазыпты.

Көп жағдайда бесікті өмірге келген сәбидің нағашы жұрты арнайы сыйлыққа әкелген. «Бесік әкелудің өзі керемет бір сән-салтанат десек те болады. Келіннің төркіні «іздеушісі, сұраушысы бар екен» дегізіп, бір топ болып келетін болған және де жай келмей, баланың бесік жабдығын түгелімен, түбек-шүмегіне дейін жасап әкелген. Бесіктің жабдықтарын барынша әдемілеп жасаған. Түбегі мен шүмегінен басқа, қолтық жастық, тізе жастық дегені болады және олар ешқашан сүреңсіз сұр түсті маталардан тігілмеген. Кішкентай көрпешелері де мүмкіндігінше ашық түсті маталардан тігіледі. Бесіктің басына үкі тағады. Өйткені бала әсемдікке, әдемілікке бесікте жатқан кезден бастап үйренуі керек, - деп жазады атақты Баукеңнің келіні Зейнеп Ахметова.

Отбасына тікелей немесе жанама қатысты ырым-тиымдар жеткілікті. Дала заңы бойынша көктемде буаз аңды атпайтын болған. Жан-жануарлардың көбею маусымында оларға тиісуге тиым салған. Сонымен бірге үйдегі жары жүкті болса, буаз аңға тиіспеген, көк шөпті жұлмаған. Екіқабат әйел қорқып кетпесін деп айналасы қорғаштап жүрген. Ит-мысыққа тас лақтырмаған. Сәби қоянжырық болмасын деп қоян етін бермеген. Мерзімі асып кетпесін деп түйе етін жегізбеген.

«Бесіксіз үйде береке жоқ» деген сөз бар. Бесікті қараусыз тастамаған. Бөлейтін бөпе болмаған жағдайда, оны биіктеу жерге қойған. Бос бесікті де тербетуге болмайды. Себебі, «бос бесікке шайтан баласын бөлейді» деген ұғым болған. Бос бесіктің бетін ашық қалдырмаған. Баланы бөлерде қағып-сілкіп, отпен аластап алған. Бесікте жатқан сәбиді тіл-көзден, пәле-жаладан сақтасын деп бесіктің басына, арқалығына тұмар, қасқырдың тісін, бүркіт тұяғын, үкі қауырсынын тағып қойған. Үкі қауырсыны тұрған жерге жәндіктер жоламайтынын көзі ашық қазақтар жақсы біледі. Сәби шошымасын деп көпшігінің астына кішкентай кездік шаппа салып қойған. Қазақ халқының бесікті қадірлегені сондай, атасы жатқан бесік немере, шөбере, шөпшегіне дейін қастерлі мүлкі ретінде сақталып, сол әулеттің ерекше жәдігеріне айналған. Әбден ескірген бесікті шаңыраққа іліп қойған, қоқысқа тастамаған. Әулетіңіз өсіп-өнген, барлық сәбилер түлеп шыққан киелі мүлікті көзіңіз қиып, қалай ғана қоқысқа тастауға болады?

«Бір жылдығын ойлаған ел бидай егеді, он жылдығын ойлаған ел ағаш егеді, мәңгілігін ойлаған ел - ұрпағының жүрегіне ізгіліктің дәнін егеді» дейді халық даналығы.

«Бала бесік жырын тыңдағанда оның ажар-көркіне жауап беретін гормондар жақсы жетіледі. Анасы әлди айтқанда көңіліндегі көркем идеалдар мен асыл мұраттар, арман-тілектер баланың болмысына дариды. Академик В.Бехтерев «Баладағы невроз ауруының алдын алу үшін бесік жырын тыңдату керек» деген. Психолог В.Леутин «Бесік жырын тыңдау мидағы нейронның дұрыс дамуына түрткі болады» дейді. Нәресте екі-үш айға дейін ақпаратты тек құлақпен алады. Сондықтан, бесік жанында өсек-аяң айтуға, даңғаза музыка қоюға болмайды. Себебі, бала жаманды-жақсылы эмоцияның бәрін миына жинақтай береді» депті «Әлдиден эпосқа дейін» кітабында.

Діни аңыздарда бесік жырын ең алғаш орындаған Хауа ана деп айтылады. Бірде ол егіз ұлын жұбата алмай, қиналып отырады. Сол кезде көктен жеті періште түсіп: «Алла, Алла, Алла», – деп, Алланың атын әдемі әуезге салып әндетеді. Әдемі әуенге елтіген Хауаның бөбектері жұбанып, тәтті ұйқыға кетеді. Ән анасына да ұнап қалады. Ол періштелерге: Маған да үйретіңдер, – деп өтінеді. Періштелер Хауаға жеті күн бойы әлди әуендерін үйретіпті. Кейін Хауа ана өзінің барлық балаларын сол әнмен тербетуді әдетке айналдырады. Бұл әуез дами келе бесік жырына айналған екен. Қазақтағы «Әлди, әлди, әлди-ай» деп басталатын бесік жырының төркіні Хауа ананың «Алла, Алла, Алла-ай» деген әуеннен шыққан деседі. Ертеде бесік жырын үйретудің арнайы мектебі болыпты. Бесік жырының мазмұнына, әуезіне қатты мән берілген. Тәжірибелі аналар оның иләһи мазмұндарын таза сақтап, келіндеріне үйретіпті. Бесік жыры жайлы «Алла-наме», «Әлдинаме» деген ескіше жазылған кітаптардың да болғанын айтады. «Аналар әлдисіз жасай алмас» деген нақыл сөз содан қалған дейді. Бұл деректерді «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабын шығарған авторлар келтіріпті. Бесік жырының сөздері де мағыналы, айтар ойы терең болуы керек. Мысалы аталған кітапта бесік жырының мына мысалын ұсыныпты:

Менің балам осы ма?

Басында бақыт құсы ма?

Ғайып ерен, қырық шілтен

Бөбегімнің досы ма?

Әлди, әлди, әлди-ай.

Лә иләһә иллалла,

Иллаллада бар пайда.

Мұхаммедтің үмбеті

Осындай бала қайда бар?

Әлди, әлди, әлди-ай.

Балам менің Жүсіптей

Болар ма екен келбетті?

Жарың айдай толсын деп,

Иллаллалап тербеттім

Әлди, әлди, әлди-ай.

Ер Дәуіттей қайратты

Ұста болар ма екенсің?

Дос жаранға айбатты

Нұсқа болар ма екенсің?

Әлди, әлди, әлди-ай.

Тақ Сүлеймен нәбидей

Патша болар ма екенсің?

Халқың үшін қамданып,

Атқа қонар ма екенсің?

Әлди, әлди, әлди-ай.

Қазығұрқа кеп тоқтаған,

Нұхтай болар ма екенсің?

Отбасыма орнаған

Құттай болар ма екенсің?

Әлди, әлди, әлди-ай.

Ғайсадай нұр бітімің

Салих болар ма екенсің?

Хақтың жолын таныған

Ариф болар ма екесің?

Әлди, әлди, әлди-ай.

Әзіреті Мұханбет -

Сәруары болған ғаламның.

Рахматының тамшысы -

Нұрынан сен жаралдың.

Әлди, әлди, әлди ай.

Әлди бөпем, құт бөпем,

Бұл сөзімді ұқ бөпем.

Лә иләһә иллалла

Көкейіңе тұт бөпем

Әлди, әлди, әлди-ай...

«Отбасы хрестоматиясы» сериясымен шығып жатқан кітаптар қалың оқырманның іздеп жүріп оқитын құнды кітаптары қатарында. Оқыған-тоқығаны мол, елге танымал тұлғалардың кітаптар туралы пікірлеріне көз салыңыз.

Дидахмет Әшімханұлы, жазушы: «Ыбырай Алтынсариннің қазақ балаларына арнап шығарған хрестоматиясынан кейін бала ұғымына жұғымды бір энциклопедия болса, ол осы «Әлдиден эпосқа дейін» шығар».

Таласбек Әсемқұл, жазушы: «Міне, келер ұрпақтың тәрбиесінің бағыт-бағдары анықталып жатқан кезеңде, ал шындығында біздің болашақ егемендігіміздің, болашақ тағдырымыздың қандай болмағы таразыда тұрғанда, «Әлдиден эпосқа дейін» кітабының жарық көруі ұлт мәдениетіндегі ең елеулі, жарқын құбылыстардың бірінен саналмақ».

Бейсен Құранбек, тележурналист: «Бұл кітап - балалар үшін ғана емес, олардың ата-аналары үшін де баға жетпес қазына. Меніңше, «Әлдиден эпосқа дейін» әр қазақ отбасының күнделікті рухани азығына айналуы керек. Кешке алқа-қотан отыра қалып, жаттап, қайталап, санаға әбден сіңірген отбасылар бұл қазынаның келешекте қызығы мен пайдасын молынан көретініне бек сенімдімін».

Қазір әлемде 1,24 млрд веб-сайт бар екен. Күн сайын интернетке сансыз ақпарат легі құйылады. Ақпарат тасқыны өскен сайын адамның рухани әлемі әлсіреп, жанды роботқа айналып барады. Жаһандану заманында ұлттық құндылықтарды насихаттау, рухани байлықты сақтап қалу - күн тәртібінен түспейтін және кезек күттірмейтін шаруа. Ұрпағыңыздың жан-дүниесі мен көкірегі қазынаға толсын десеңіз, ғасырлар сынынан өткен әдет-ғұрып, салт-дәстүрге тұнып тұрған кітаптарды оқып беріп, ұл-қызыңыздың да кітап оқуға құмарлығын тәрбиелеп отыруды әдетке айналдырыңыз. Бала тәрбиесі - болашаққа салынған ең мықты инвестиция.

Айшуақ ДӘРМЕНҰЛЫ, тарихшы

6alash ұсынады