ІҢІРДІҢ ІРГЕСІНДЕ

Қанатын таңда жәйіп қаршыға арман,

Ерлік күн кеудесінен ән шығарған.

Күміс бұлт – тәп– тәтті бір сағыныштар,

Ерніне гүл ғұмырдың тамшылаған.

Ай аппақ,  дала марғау,  түн ызғарлы,

Таулардың сыңғырлайды қыз бұлағы.

Ашыған алпыс екі тамырымда,

Қымыз жыр қыз жүрегін қыздырады.

Қосылып қаныма қан,  демге демің,

Ауырсам,  сол деміңмен емделемін.

Кінәсіз сезімдерден жаратылған,

Ай мүсін,  нұр дидарлы сен бе өлеңім.

Сыр шерткен іңір қыздың іргесінде,

Таусылмас тәтті армандар бір несібе.

Маужырап кешпен бірге бозала тал,

Қыбырсыз жапырақтар тілдесуде.

Сыбырлап жапырақтар сырласуда,

Тау бесігі – сайлардың жылғасында.

Бітпей тұр бір ғұмырдың құпиясы,

Бір миноты тең болып бір ғасырға.

 

МЕН – ДОМБЫРА

Мұңаймашы,  сұлу жүз,  мұңлы мүсін,

Сырласайық жүректен мұң жуылсын.

Шанағымды толтырған сағынышқа,

Мен – домбыра,  сен – соның күмбірісің.

Жалынышым – жылама,  үйте көрме,

Сол домбыра сен үшін күй төгерде!

Шанағына симайтын асау толқын,

Сені ғана сүйеді,  сүйсе егер де.

Зар желдіріп сардала сары атанын,

Оятайын бебеулеп дала таңын,

Жабырқаған қайсы бір пенделердің,

Күңіренген қайғысын таратайын.

Тамылжыған тәтті күй – сүйіктілер,

Сендер жоқта,  кеудеме күйік кірер.

Қос ішектен түлеген қыран шабыт,

Жер тағысы желше ескен киікті ілер.

Тыңда менің сен ғашық тәтті үнімді,

Тыңда менің зарымды,  шаттығымды.

Тыңда менің дауылдан жаратылып,

Күйге айналған күмбірлі жастығымды!!!

 

БӘРІН САҒАН...

Өзің үшін кетейінші жоқ қарап,

жүрегімді лапылдаған отқа орап,

Ақ жүзіңе жұққан кірді жууға,

Теңіздерді әкелейін ноқталап.

Күн қуратып,  тоңдырса да түн мейлі,

Әуіреңе болайыншы бір бейім.

Салқын таңның самалы боп тап– таза,

Кірпігіңе қонған шаңды үрлейін.

Тазалансын кеудеңдегі бұққан мұң,

Дұғасымен аластайын Лұқпанның.

Шөлде қалсаң,  саған бастап жетейін,

Өркешіне мініп алып бұлттардың.

Келе жатса,  кердең өсек жылыстап,

Жыр тұлпармен отырайын қуып сап,

Қалтырасаң қатал қыстың өтінде,

Күннің шоғын әкелейін уыстап.

Нұрлантуға бақытыңды қанша уақ,

Ай бетінен сәуле төксін сан шырақ.

Көктем болып көлбіреп келіп сүйгізші,

Гүл ерніңнен күміс күлкің тамшылап.

ҚАРА БҰРЫМ

Қара бұрым – қара орман

ну алабым,

Күрсінем де,  қайтадан қуанамын.

Қуанғаным,  Қазақтың қызы екенсің,

Күрсінгенім,  жайыңды сұрамадым.

Мазақ етіп салғандай бұлақ әнін,

Оны ойласам,  тұңғиық,  тұман алдым.

Сол күн әлі есімде күл боп жанып,

Ерлік өліп,  ез болып жылағаным.

Елесіңді тек ғана,  сақтар ұдай,

Қаңғыртпа деп тілеймін жатқа,  Құдай!

Қос дарғыдай қос бұрым буындырып,

Қос жыландай қос тілді,  шаққаның – ай.

Содан бері сан сұлу,  сан алыпқа,

Жолықтық та... тез жеттік ағалыққа.

Түп– түп болған күздегі құба талдай,

Кеткен шығар қос бұрым ағарып та...

 

МЕН САҒАН СӨЙЛЕСКЕНДЕ

Мен саған сөйлескенде;

Қарыным жоқ еді,  дарыным бар,

Жирма бестің лаулаған жалыны бар,

Жұрегіңде шапшыған таудың қаны,

Тау суындай өзіңнен салымым бар.

Мен саған сөйлескенде ;

Жалпылдаған шам емес,  жасын едім,

Ақ тамақ қыз сен едің,  асыл өрім.

Отқа ораған жүректен лапылдап кеп,

От боп тиген ерніме ғашық ернің.

Мен саған сөйлескенде ;

Моп– момақан биазі,  сүйкімді едің,

Жас қозыдай жаныңды түртінгемін.

Тірлігімді арбаған тілсім күш– ай,

Жүрегімді жаулаған күлкің,  демің.

Мен саған сөйлескенде ;

Мен – Төлеген,  сен – зерек,  Жібекпе едің ?

Қособаға қалтырған жүректерін.

Тасжарғандай арамыздан тамыр алған,

Махаббатымызды жүдетпедің.

Мен саған сөйлескенде ;

Өсектер де садағын сайлаған – ды,

Қала,  дала,  аңырап сайға барды.

Шындықтардың алдында жұлым – жұлым,

Білесің ғой,  өсектер қайда қалды ?!

Мен саған сөйлескенде ;

Жыр да жаздым өзіңе,  сайрап көрім,

Қыз алдында қырпулы,  айбатты едім .

Алмас дүзді қанжардай жастығым – ай,

Бұдан да асау,  бұдан да қайратты едім .

Мен саған сөйлескенде ;

Еңіретпеуге ертеңді серттесіп ем,

Сол үшін өрт кешіп ем.

Зұлымдардың оғынан қиын күнде,

Сол асыл ар бақытты ,

Қолына алып жеткізді өкпесімен!!

АҚ ТАҢЫМ

Ақ таңым,  арайлы аспан,  бейіш нұрым,

Өлеңіме сенен табам өрісті ұғым.

Маған ғана бағыштап жатқандайсың,

Байлығын, бар бақытын жер үстінің.

Сәулесің түн жамылсам,  түнек болып,

Марқайдым,  тек өзіңнен жүдеп келіп.

Жыласақ,  қуансақ та бірге болып,

Әр секонтты келеміз бірге өткеріп.

Жылынар шұғылаңа қуат – күшім,

Жарық нұр,  көктемгі әнім,  шуақ мүсін.

Жанар тау жүрегімді аралаған,

Құздан аққан сап– салқын бұлақбысың?

Шомылып жанарыңның тереңіне,

Басқа мұң,  басқа уайым... керегі не!

Жалғыз тал шашыңменен байла мені ,

Көңілдің көк жапырақ терегіне.

Ақ таңым,  рауаным, күн – айымсың,

Қуаныш маган берген Құдайым шын.

Сен – бақытым,  шаттығым, райысым,

Сен адал да,  сен таза,  шынайысың!

Мұратбек Мусаұлы

6alash ұсынады