АБАЙМЕН СЫРЛАСУ

1.Сын мен шын

Кешір бізді, кешір бізді, кеш Абай,
Мың жылдарға аты кеткен хас данышпан, көсем-ай.
Сен кеткелі мынау байтақ далаңнан,
Сенің үнің естілгелі жерден емес, ғаламнан
О, оу тәубә, бір жүз он бір жыл бопты,
Жүз он бір жыл домалатып қу боқты,
Жүз он бір жыл тек ауызбен «құрметтеп»,
Дүдәмалдау дүбірге еріп дірдектеп,
Тек нобайлап сызып алып суретіңнің сұлбасын,
«Абай – біздің данамыз» деп даңғыр-даңғыр шуласып,
«Ұзай алмай ауылдағы боқтықтан»,
Тектілерді басып жығып шоқтықтан,
Ақиқаты мейілінше менсінбей,
Өзімізден басқанікі жөнсіздей,
Қызармастан «мынау біздің Абай» деп,
Мінді сынар мүсініңнен таяқ жеп,
Жүрміз әлі өзгермей,
Шындық үшін шырылдаған жақындарға сөз бермей...
Төрт төңірек шала молда дін бұзған,
Жылға-жақпар жыбыр-жыбыр жын қызған.

Шала жансар шұбар ала тілі бар,
Ал ділінде дінсіздіктің нілі бар.
Пейілдері «моласындай бақсының»,
Ентіккен жұрт баспады әлі аптығын.
Бәзбіреулер әділдікті жүр аңсап,
Жағымпаздар жақ талғанша ұран сап.
Әйтеу, қиын, бейберекет, бейтірлік,
Бәрін айтып бола алмаспын, ооой сұмдық!?
Қыл қысқасы, жұртың әлі жүдеубас,
Біреу қырыс, біреу жалқау, біреу мас.
«Қайран жұртың, қалың елің – қазағың»,
Шағып алмай ұлы елдіктің қазанын,
Ептеп-септеп ел қатарлы тірлігін,
Қара нанын қаужал етіп жүр бүгін.
Аштан өліп, көштен қалмас әйтеуір,
Заман жайы қатын сынды қайқы ерін.
Бар болмысы баяғыдай өкпешіл,
Тегеуріннен құтылмаған текті есіл. ...

Бәрін-бәрін жіпке тізіп не етейін,
Сезіп тұр-ау айтпасам да көкейің.
«Ұстарасыз мұрты түзіп аузына»,
Әзер сыйып көк бұршақтай жасыл шардың қауызына.
Ел белгісі – зеңгір аспан, еркін қыран, алтын күн,
«Тәуелсіздік» дейтін жалғыз тірегі бар халқыңның.
Тозған жұртты озған жұртпен теңестіріп сол тірек,
Бәйтеректей түп тамыры терең тартып, жер тіреп,
Меншіктеніп Құдай берген өз жерін,
Ұлы ертеңге үмітпенен қадап жәудір көздерін,
Құтылды елің неше ғасыр шемен болған шеңгелден,
Жидебайдан қойшы көрдім көк қошқарын өңгерген...

Ех!
Ессіз ғасыр!
Еске келді-ау ескі мұң,
Кетік кесе кейпім мынау, кешір, Абай, кеш Күнім!
Мен қазақтың жамандығын енді саған айта алман,
Қайран жұртым қаншама рет шаңырағы шайқалған?!
Қанша ғасыр Абай сынды ақиқаттан қамшы жеп,
Қаншама асыл ерді жұтты терістіктен танкі кеп.
Тұяғынан қалғанынша хал кетіп,
Егеменді ертең үшін толарсақтан қан кешіп,
Ісі аққа құдіретті Құдайы жақ болғасын,
Сенің халқың қайта тікті құлап қалған ордасын.

2. Сенің дұғаң қабыл болды

Сенің дұғаң қабыл болып, есе-теңдік көрді елің,
Енді қуан, о, Абайым, о, рухым, кербезім!
Мен қазақты сен секілді сындай алман Абайым,
Жартас болған жырларыңның жаңғырығын жазайын.

Менің халқым тұлпар еді-ау, арқасына ер батқан,
Ежелгі жау ертелі-кеш аз құрмады көр қақпан.
Менің далам ақын еді-ау, көкірегінде шер жатқан,
Ақ дидәрін енді ғана аймалаған зерлі ақ таң.

Сынамаймын мен елімді, құқым да жоқ сындауға,
Толымдымын Абай жырын, Алаш мұңын тыңдауға.
Екі ғасыр есеңгіреп енді тұрған қазақты,
Ғалам сенген Абай деген ерді туған қазақты,
Жер бетіне бедер-бедер белгі ұсынған қазақты,
Жойқын жауға жойылмаған өр мұсылман қазақты,
Мінеу маған мақсат емес, марапатты даңқ емес.
Қадіріңді кеш білдік біз, беу, қарт Абай, мәрт елес.

Өлең авторы: Әділет Ахметұлы

3. Кешір, Абай

Алып тұлға ескерткішім,
тағы келдім, кеш, Абай,
Алатаудың Алматыға құйып тұрды кеші арай.
Ет құлағым есітті, естіді бір сұмдықты,
Көкейіме келді бір сөз айтпау үшін не шара-ай?!

Абай ата!
Сен атадан алтау тудың, төртеу едің анадан,
Сол алтаудан Аллам оңдап, алты рулы ел тараған.
Әттең, әттең зобалаң жыл деді әуелі құртамын,
Алты алаштың аспантекті Абайының ұрпағын.
Айтты осылай, тек айтпады, дәл осылай істеді,
Туғаныңды сыртқа тепті, жақыныңды тістеді.
Көнбегенін атып-шапты, босқын қылды, күштеді,
Абай текті ұл мен қыздан ауыр қамыт түспеді.

Бір жүз он бір жыл өтіпті Абай ата өлгелі,
Алпыс ауыл болар еді-ау ұрпағыңның өнгені.
Амал қанша, біздің мынау ғазалы мол ғасырда,
Ғасыр салған қасіретті қандай адам жасырған?
Алпыс ауыл былай тұрсын, «тірі жүрген алты ұл жоқ»,
Дейді кеше бір жазарман, ойлан қазақ жалпың боп.
Ұлы Абайдың баласының баласының баласы,
Ұлы Абаймен парқы мұның жер мен көктей арасы.
Қалған екен ұлы Абайдан жағыз еркек кіндікті,
Тәубә, тәубә, текті ұл-қызды кім жоғалтты, кім жұтты?

Әттеген-ай, дана Абайдан дара қалған сол еркек,
Тілшімізге айтқан екен сүрлеуі ауыр мол ертек.
«Бұрқасынды бұраң жылда айдалыпты сүргінге,
Қазақстан бір жеріне оралыпты бұл күнде.
Ай мен күндей ажары бар, тоқ сабадай толысқан,
Көзі жасыл, көйлегі көк бәйбішесі орыстан.
Нағашыдан аумай қалған жасыл жанар екі қыз,
Қазақтықтан еш бейне жоқ, еті қырау, беті мұз».
Деп жазыпты жазарманым қасіретке қалам сап,
Ал, ағамыз елу бесте, отырған жоқ жар аңсап.
Дейді және жазарманым: «жоқ меніңше басқа амал,
Ағамызды көндірелік, әперелік жас тоқал!
Жас тоқалды қазақтың тектісінен талдаймыз,
Міне солай Абайдың соңғы ұрпағын жалғаймыз.
Абай қайта тумасы анық, бірақ, бірақ, біз солай,
Абай ұрқын өшіріп, мүлде қапы қалмаймыз...!»
Деп жазыпты жар салып, хас қаламгер жас тілшім,
Қатын жайын алдымен жүрек білсін, бас білсін.
Ең әуелі жасыл көзді жеңешеміз көне ме,
Ол көнгенмен, ағатайдың хал-қуаты келе ме?
Ұлы Абайдың бұл тұқымы пәтерде жүр үй-күйсіз,
Үй-күйсізге бүгін біздің қазақ қызын бере ме?

Тыңдадың да мұнымды күрсіндің-ау, дана Абай,
Тамыры мен бұтақтан жұтап қалды қарағай.
Осыны оқып отырып, ойға қалдың, ел-жұртым,
Ұлы Абайдың ұрқы өшсе, кінәлімін мен мүмкін,
Күнәлісің сен мүмкін?!
Кешір Абай!