Дәриға сүйген жары Нұрғиса Тілендиев туралы сыр шертеді.

– Қазақтың жарық жұлдыздарының бірі Нұрағаңның дидарын көріп, тілдесе алмасақ та, жан серігі болған сізбен кездесудің несіп болғанының өзі біз үшін үлкен қуаныш. Сіз Нұрағаңның қасында 33 көктем, 33 жазды ұзатсаңыз, біз де сол алтын саусақ Нұрағаңның «Аққудай» әсем күйлерін естіп есейдік те, «Куә болын» айтып талай құрбы қызға қиылдық. Өнерде шек-шекара жоқ деген осы. «Куә бол» демекші, «Куә бол» әні Нұрағаңның сізге таққан сырғасы дейді ғой?

Мен Нұрекеңмен 1968 жылы киностудиясында таныстым. Сол жылдан бастап есептесек, өзің айтқандай, мен Нұрекеңмен бірге 33 көктем, 33 жазды аттандырыппын. Бұл да болса жаратқанның маған берген сыйы, үлкен бақыты деп ойлаймын. Мен ол кезде «Қазақфильм» киностудиясының өндірістік бөлімінде жұмыс істеп, бір жағынан осы киностудияның жанынан Шәкен Айманов ашқан екі жылдық актерлік курста оқып жүрген кезім болатын. Бір күні кәдімгідей жұмыста отыр едім, режиссер Абдолла Қарсақбайев ағаға ілесіп, құлағы қалқайған, көзінде от бар біреу кірді. Абдолла аға Бердібек Соқбақбайевтің «Менің атым Қожа» фильмін түсіріп жатқан кезі еді. Менен машина сұрап келіпті. Өндірістік бөлімде істейтін болған соң, қызметкерлерді тегін көлікпен қамтамасыз ету біздің міндетіміз еді. Соның арасынша әлгі қалқан құлақ:

Қарындасыңның аты кім? - деп сұрады, Абдолла ағадан.

– Дәриға.

Аты әдемі екен қарындасыңның, - деп әлгі адам жерімді, руымды сұрады. Аз кем тілдескен соң ол кісінің Нұрекең екенін білдім. Сосын көп айланған жоқ, екеуі шығып кетті. Міне бұл қазақтың өнерпаз оғланы Нұрғисамен тұңғыш кездесуім. Бұдан бұрын әндерін естіп, кейбір әндерін айтып жүрсек те, өзін көрмеген Нұркеңмен кездескеніме мен де іштей қуанып қалдым. Бірақ ол кезде сол «қалқан құлақтың» болашақ жарым болады дегенді кім ойлаған. Жазымыш солай секілді, көп ұзамай, Нұрекеңмен тағы да жүздестім. Бұл кездесу – менің өмірімді жаңа бір арнаға бұрған кездесу болды.

Сол жолы «Қазақфильм» киностудиясының бір бөлім өнер адамдарын қонақ қылып, дастарқан жайды. Ішінде актер, режиссерлері, опера әншілері бар үлкен үйрме. Меймандардың құрметіне қала сыртынан Алматы өзенінің жағасына киіз үй тігілді. Өрік гүл ашып, жер дүние жасыл көйлегін киген мамыр айының тамылжыған күні еді.

Әсем Алатаудың бөктері. Сарқырап аққан өзен жағасына жайылған қазақтың көл-көсір дастарқаны, қонақтар да шат-шадыман. Әдемі әзіл, көңілді әңгіме, ән – әнге, күй – күйге жалғасқан тамаша мереке болды. Жүзі бал жайнап, көзі ұшқын атқан Нұрекең шарық ұрған шабытпен көсілтіп күй төкті. Қайран Нұрекем сол күнгі отырыстың көркі болып еді. Ерекше өнерімен елдің бәрін тәнті етіп еді. О, дәриға, жалған, ол да бір дәурен еді ғой, шіркін!

Сөйтіп тамашамен отырып, кешті батырдық да қайтауға әзірлендік.

– Дәриға, сіздер келесі жолғы машинаға отырңыздар, күте тұрыңдар, - деді меймандарды күтіп жүрген ұйымдастырушы жігіттердің бірі. Ойымда ештеңе жоқ «жарайды» деп қала бердім. Бірақ кигіз үйде Нұрағаң, мен және шамасы осы үйдің иесі болуы керек, бір ақсақал үшеуіміз ғана қалыппыз. Көлік тосып әлі отырмыз, әне келеді, міне келеді, жоқ, түнгі сағат бір болды. Екі болды... Келеді деген машина әлі жоқ. Сосын ойладым, «Ие, алдын ала ұйымдастырылған жұмыс болды ғой» деп. Сол күнгі таңды ұйқысыз атырдық. Сол жерде өзен жағасында, үлкен тастың қасында Нұрекең маған жүрек сөзін айтты. Бірақ мен сенгем жоқ. Оның үстіне, Нұрекеңнің менен 20 неше жас үлкендігі бар еді. Дегенмен Нұрекең қатты толқып, алабұртып, «Саған деген махаббатыма Алатау куә, анау-у жымңдаған жұлдыздар куә, аппақ ай куә, көк өзен куә» деп шұбыртып келе жатты да,  өз-өзімен тілдескендей боп:

Куә бол, жұлдыз,

Куй бол, айым,

Куә бол, Алатауым, - деп сөзінің соңын бұрын естімеген әуенмен жалғастырып әкетті. Сөйтіп, өзінің жүрек сөзін әнмен білдірген еді жарықтық. Соның бәрі қазір халық арасында аңыз болып айтылып жүр. Ел жүрегіне жол алған «Куә болдың» әуені мен қайырмасы осылай дүниеге келді. Нұрекең шығармасын халыққа ұсынуға асықпайтын. Әбден иін қандырып алған соң барып, тыңдармандарына ұсынатын. Біз бас құрағаннан кейін 2 жыл өткенде (Нұрекеңе тұрмысқа шыққанда мен 21 жаста едім. Ал Нұрекең 44 жаста болатын) Нұрекең ақын Тұманбай Молдағалиевті шақырып алып, әннің музыкасын роялда ойнап, қайырмасын айтып, тарихын түсіндіріп, мәтін жазуды өтінді. Тұманбай көп айланған жоқ, ауаша бөлмеге кірді де, тез жазып бітірді. Қайырмасы сол бұрынғы қалпында қала берді. Кейін бұл әнді Роза Жаманова радиоға жазғызды... - деп Дәриға жеңгеміз қызғалдақ ғұмырының ұмытылмас сәттерін кеңсіргі ашып тұрып әңгімеледі де, сызылтып «Куә бол» әнін айтты. Сыңар аққудың сыңсыған үніндей әуеніне діріл араласып, соңын айта алмай буылығып қалған ол аз кем үнсіз отырып, әңгімесін ары қарай жалғады...

– Нұрағаңның кісілік табиғаты қандай еді? Танымал тұлғаның жары ретінде қандай артықшылығы бар деп бағалайсыз? Нұрағаң майданға қалай барған?

– Тұрмыс болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрама?! Біздің өмірімізде қуаныш та, реніш те болды. Бірақ «жақысының ашуы шыт ормал кепкенше, жаманның ашуы басы жерге жеткенше» деп қазақ айтады ғой. Өнер адамының табиғаты бөлек болады ғой. Ғажайып талантты берген тәңір оларға басқаша табиғат сыйлайтын секілді. Нұрекең де солай еді. Ол кісі алып-ұшып, тынш жайланып отырмайтын дегбірсіз кісі еді, тіпті, минут сайын өзгереді, бастабында таң қалатынмын. Ал кейін оған да әбден үйреніп ыңғайымен жүретінмін. Алғашқы қосылған жылдары ренжіп қалсам, ашуым басылмай, жүрегім ауырып жүретінмін. Ал Нұрекең болса, ашуын лезде ұмытып, бес минутқа жетпей «Даха, мынау былай ғой, ананы әйтсек қайтеді, мынаны бүйтсек қайтеді» деп түк болмағандай сөйлеп жүре беретін. Оның үлкен қасиеті – өте бауырмал еді. Ақкөңіл еді. Оның үстіне, ешқашан жалғыз жүрмейтін, інілері ылғи қасында еріп жүретін. Сол інлеріне керек кезінде көмек көрсетіп жүретін көпшіл азамат еді. Біздің бір ұл, бір қызымыз болды. Ұлымыздың аты Данияр, қызмыздың аты Динара. Динараның шын аты – Димзухра. Димаш ағамыз бен Зуһра жеңгеміздің құрметіне қойған еді. Данияр Нұрекең дүниеден озған соң бір қанша жылдан кейін қайтыс болып кетті. Нұрекең өте балажан еді. Қос құлынын қатты еркелетін.

Нұрекеңнің шығарма жазу үрдісі өзгеше бөлек болатын. Ол өзінің музикалық туындыларын хат сияқты жазады. Бәз бір композиторларша рояльдың маңынан шықпай қоймайтын. Шығарма әбден біткен соң барып пияниноға отыратын. Ол да Нұрекеңнің бір кереметі десек артық емес, әрине. Нұрекең мені жақсылыққа үйретті. Өнерді қастерлеудің үлгісін көрсетті. «Менің жарым жан-жақты өнерлі болуы керек» деп киноға түсуге де өзі рұқсат берді. Күн өткен сайын Нұрекеңнің сол қасиеттері ыстық тартып барады. Кейде тіпті ерсі көрінетін мінездері де... Соның бәрін сағынышпен еске аламын. Оның жаңа шығармасының алғашқы тыңдаушысы да, сыншысы да мен едім. Нұрекең менің талғамыма сенетін, ал кейде музика түн ортасында туады. Ондайда Нұрекең мені шырт ұйқыдан оятып алады.

– Даха, тыңдашы, жаңа туынды келді дүниеге, - дейді.

– Қойыңызшы, Нұреке, ұйқыны бұзып, ертең де күн бар ғой, - дейтінмін ондайда күйіп-пысып. Енді сол қылғымды ойласам өкінем. Неге тыңдай бермедім деп арман етемін. Ұйқымды қисамшы, тыңдасамшы. Шығармашылық қуаныштан өрекпіп тұрған көңілін түсінсемші...

Нұрағаң майданға да барған, жаралы болған. Былайша айтқанда, Нұрекең 2 жастың игілігін көріп, 2 жастың тақсыретін тартқан адам. Мұның барысы былай: Нұрағаң әкесінен 5 жасында қалыпты. Шешесінің қолында қазіргі бірінші Алматы вогзалының жанындағы бір шағын пәтерде тұрыпты. Күндердің бірінде поезден түскен Ахмет Жұбанов (ол кезде Ленингратта оқитын) вогзалдың оң жағындағы пәтердің төбесінде безілдетіп домбыра тартып отырған құлағы қалқайған баланы көріп әдейі бұрылыпты. Ол Нұрекеңнің 6 жас шамасындағы кезі екен. Бұған таң-тамаша болған Ахмет Жұбанов баланы қасына шақырып алып аты-жөнін білген соң, балаға ілесіп, үйге кіріпті. Шешесінен жөн сұрап, Нұрағаңның жағдайын білген Ахмет Жұбанов «Бұл баланы музыка мектебіне беру керек» деген талапты қояды. Сонымен Ахмет Жұбановтың кеңесі және көмегінде анасы Нұрағаңның жасына 2 жас қосып алматыдағы музыка мектебіне береді. Нұрекең дәл 17 жасқа келгенде соғыс болады да, Нұрағаңды жасы толыпты деп майданға алып кетеді. Егер сол 2 жас қосылмағанда Нұрағаң майданға бармайтын еді. Соғыста екі-үш рет жараланды. Соғыстан қайтып келген соң мамандығы бойынша Алматыда білім толықтырып, кейін Москвадан дрижерлік кәсібін оқиды. Москвадан келгеннен кейін Құрманғазы атындағы оркестрде, опера театрда дрижерлік істейді. Сол опера театрда Мұқан Төлебаевпен танысады. Ол кісі «Әй қалқан құлақ, сеннен бірдеңе шығады» деп Нұрағаңды өнерге баулиды. Нұрағаң сол шақтан бастап ән жаза бастайды. «Ұстазым», «Мұғалім», «Кең далам», «Жан сәулем» деген әндері сол мезгілде жазылған әндер.

– Нұрағаң ақиық ақын Мұқағали Мақатаевпен шығармашылық байланыста болып, «Саржайлау» сияқты өресі биік, десі басым әндер жазғаны мәлім. Мұқағалидың «Дәриға-ай, домбырамды берші маған» деген өлеңі сол күндердің куәсі ретінде бізге жетті. Енді Нұрағаң мен Мұқағали жөнінде азырақ әңгімелеп берсеңіз. Қазақтың маңдайына біткен екі тұлға бір- бірін қалай бағалап, қалай сыйлайтын еді?

– Нұрағаң бір күні Мұқағалиды «Екеуіміз бірге жұмыс істейік» деп шақырып алды. Ол Мұқағалидың денсаулығы да жақсы сергек, жігерлі кезі еді. Сосын екеуі бір ай бірге болып 32 ән жазды. Бірде үйде отырғанда Нұрағаң маған «Даха, домбырамды берші маған» деп, домбырасын алып, күй тартып берді Мұқағалиға. Нұрағаң кез келген жерде, кез келген адамға домбыра тарта бермейтін. Нұрағаңның өзі жақсы көретін домбырасының аты да «Дәриға» еді. «Қызжібек» фильміндегі күйлерді де сол домбырамен орындаған. Қазір әлі бар, Нұрағаңның көзіндей болып үйде тұр. Мұқағали да Нұрағаңның күйлерінен керемет шабыт алса керек, ертесі келгенде «Дәйға, домбырамды берші маған» деген өлеңін рояльдың үстіне қойып кетіпті. Бұған Нұрағаң ән жазды. «Сарыжайлау», «Сәлем берем Жетісуға», «Есіңе мені алғайсың»... сияқты әндерді әншілер бірінен кейін бірі радиода орындап жатты. Жұрт жылы қабылдады бұл әндерді. Нұрағаң мен Мұқағали бірін-бірі өте сыйлап құрмейтін еді. Сондағы жазған әндері сол достықтарының куәсі болып әлі ел аузында жүр.

– Жаңа ғана бел асқан өткен ғасырда қазақтың не бір марқасқа ұлдары өмір сүрді. Жұмбақ ақын Жұмекен, ағылескер ақын Мағжан, Төлегендер поеизяның бағын жандырса, Шәмші, Нұрғисалар ән мен күйдің серкелері еді. Ендігі білгіміз келетіні Шәмші мен Нұрағаңның шығармашылық байланыста болған кездері жоқ па?

– Нұрекең талантты адамдарды аса жоғары бағалайтын. Шәмшіге де Нұрекең композитор ретінде үлкен құрметпен қарайтын. Шәмшінің әндері халыққа жағымды, жұрт тез қабылдайтын, жүрекке жеңіл әндер болса, Нұрекеңнің әндерінің мелодиясы күрделі. Бірақ Шәмшінің әндерін халық ауызынан тастамай айтып жүргенімен, марқұм Шәмішіні көзі тірісінде жұмыс басында отырған ағалары бағалай білмеді. Шағын бір ауданда, жұпыны үйде тұрмыс кешіріп жүрді. Бірде Нұрағаң Шәмшіні шақырып алып, Димаш ағаның алдына бастап барып, жағдайын айтып, Ленин көшесінен 3 бөлмелі үй алып бергені бар. Ол кезде Димаш ағаның алдына кіру деген өте қиын кез еді. Бір тәуірі Нұрағаңның өнерін жоғары бағалайтын Димаш аға оған үлкен құрметпен қарап, інім деп қатты сыйлайтын. Сосын да Нұрағаң ол кісінің алдына еркін кіре беруші еді. Ал ондай мүмкіншілік ғажайып талант иесі Шәмшіде болған жоқ. Қайта елеусіз жүрген. Мұны өз басым Нұрағаңның Шәмшіге жасаған қамқорлығы деп білемін. Ал бірақ Нұрағаң Шәмшімен шығармашылық байланыста болып көрген жоқ.

– Нұрағаңның күйлерінің бірі, бірі болғанда бірегейі «Аққу» ғой. Естісем, ел ауызында «Аққудың» әуелгі сарыны Нұрағаңның әкесінікі, оны кейін Нұрағаң байытып әрлеген, деген сөз бар екен ғой?

– Нұрағаңның әкесі қолынан өнер тамған адам деседі. Ағаштан түйін түйетін адам еді дейді көзін көргендер. Ол кісі де домбырашы болған кісі. Бірақ 5 жасында әкеден қалған бала ол кісінің күйін үйреніп алуы мүмкін емес еді. Демек, «Аққу» Нұағаңның өз күйі. Ол Нұрағаңның жүрегінен түбінен тұмадай қайнап, шымырлап шыққан шымыр шығармасы. Бірақта Нұрекең өзінің қызығын көре алмай кеткен әкесін ерекше сағынатын, балалық мінезбен оған үлкен борыштылық білдіретін. Сосын әкемнің де аты аталып жүрсінші деп бір талай күйлерін әкесінің атында жазды. Нұрағаң 73 жасында дүниеден озды. Дүниеден озар шағынан аз бұрын оркестрде 6 күй жаздырып, әкесінің атында радиоға берді. Қазіргі «Арман» сияқты күйлер сол кезде жазылған. Демек, тыңдарманның шатасып жүргені осы жағдайларға байланысты болса керек.

– Нұрағаң қазақ халқының рухани әлеміне өте құнды мұралар қосты. Сол еңбектері үшін көзі тірісінде қандай сый сияпат көрді?

– Нұрекең өте бақытты композитор, халқының сүйікті ұлы деуге лайық. Нұрекең де «Халқым үшін шығарма жазам, өзімде барды халқыма арнаймын» деген сөзді бойтұмар етті әрі солай істеді. Сосын да туған халқы оны алақанына салып әлпештеді. Өнерін жоғары бағалап, аспанға көтерді. Нұрағаңның шығармалары ұшан теңіз. Ол кісі операда жазды, балетте жазды, ән, күй жанры жағында да еңбектенді, үлкен музыкалық еңбектер де жазды. Оркестр құрды. Қазіргі «Отырар сазы» Нұрекең көзі тірісінде құрған оркестрі. Симфониялық оркестрді де басқарды. 400 ден астам ән жазды, мұның көбі халықтық әндерге айналып кетті. Нұрағаң «Мен қолымнан келгеннің бәрін жаздым» деп айтып отыратын, расында да солай болды. Ол кісі атақтан да құр қалған жоқ, «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер», «Қазақстанның халық артисі», «Қазақстан мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты» атағын, «СССР-дың халық артисі» атағын алды. Дүниеден озардан бір ай бұрын ауруханада жатқанда Қазақстанның президенті Нұрсұлтан Назарбайев ауруханаға келіп, көңілін сұрап, «Халық қаһарманы» атағы орденін тағып кетті.

– Нұрағаң дүниеден озарда артына айырықша аманаттап кеткені, өзгеше өсиеті болды ма? Нұрағаң өз маңдай терімен құрған «Отырар сазының» қазіргі хал жайы қалай? Нұрағаң ұрпағынан өнердегі ізін басқаны болды ма? Нұрағаңның шәкірттерінен кімдерді атайсыз?

– «Отырар сазы» 1983 жылы құрылды. Бұл да Димаш ағаның көмегімен болды. Нұрекең Димаш ағаның тапсыруымен құрды бұл оркестрді, әрі академиялық оркестр өресіне дейін дамытып кетті. Қазір оған Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі деп Нұрағаңның аты берілді. Қазір жағдайы жақсы. Ерекше дамып кетпесе де, Нұрекең қалдырған деңгейде жұмыс істеп жатыр. Марқұм Нұрекең «Даха, «Отырар сазы» менің құрған оркестрім, оны көзіңнің қарашығындай сақта. Мен өлсем де «Отырар сазы» өлмейді»,- деп кетіп еді. Шүкіршілік, өткенде елбасының қабылдауында болдым. Елбасы Нұрекеңнің өнердегі перзенті «Отырар сазы» ел қамқорлығында болатынын айтты.

Нұрекең көз жұмар алдында, денсаулығы нашарлай бастаған шағында, өзі де білді-ау деймін, «Мен өлгенде жыламаңдар. Мен қайтқанда халқым жоқтау айтпасын, «Құстар» әнін айтып шығарып салсын» деп, ажалды да тік тұрып, қаймықпай қарсы алған еді. Енді бір өсиеті – Жамбыл атамның қасына жерлеңдер деді. Айтпақшы, Нұрағаң ауруханаға кірерден бұрын бір деректі фильм жасаған. Сол фильмды жасап жатқан кезінде Жамбыл атасының басына барып «Ата, мен сенің қасыңа жатып, сені күзетіп жатайын, маған бір метр жер берші» деп өтінді. Кейін бұл өтінішін үкімет басындағыларға да айтып кетті. Кейін тілегі бойынша Жамбыл атасының қасына жантайды.

– Нұрағаңның артында мұрагер қалды ма? - дедің ғой, бар, ұлы екі жылдан кейін қайтыс болды дедім ғой, қызы бар. Қазір Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі дрижоры. Бұйырса сол балам әкесінің аманатын ары қарай жалғастырама деп ойлаймын.

– Сөзіміздің соңын өзіңіз жайлы айтылған әңгімемен аяқтасақ жөн секілді. Нұрағаң дүниеден озған соң сіз де домбыра ұстап, күй шығарып, әндер жазпсыз. Бұл тосын келген шабыт па, жоқ әлде, музыкаға бұрыннан бейім бе едіңіз?

– Мен музыка кәсібін оқығам жоқ. Керек десең нота да танымаймын. Бірақ кішкене кезімнен ән-күйге құмар едім. Нұрекеңмен бас құраған соң музыкаға тіпті жақын жүрдім. Бірақ Нұрекеңді қолдаумен болдым да, шығармашылықпен шұғылдануға тым пейілденіп кетпедім. Нұрекең қайтыс болған соң 2 жылдан кейін қолыма домбыра алдым. Нұрекеңе деген сағыныш, қазақтың өнерлі ұлына деген ыстық махаббат менің қолыма домбыра алғызды. Нұрекеңе арнап «Қайран менің Нұрекем» деген күй жаздым, әндер шығардым. Нұрекең маған 3 ән арнаса, мен де шамамның жетісіне ол кісге  бір қанша әндер арнадым. Кейде Нұрекеңмен өткен күндерім көз алдыма елестеп жылап отырып жазған әндерім де болды. 2003 жылы «Нұрғисаның ақ құсы» деген күйтаспам шықты.

– Қымбат уақтыңызды қиып, бізге Нұрағаң туралы көп әңгіме айтқаныңызға мың рақымет!

– Өзіңе де рақымет, айналайын! Өркенің өсісін!

Әңгімелескен Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ, 2011 жыл, Үрімжі.

6alash ұсынады