Ырысты ит жылын артта қалдырып, дүниеге молшылық әкеледі деп сипатталатын доңыз жылына да жеттік. Әрине  бабаларымыз жыл басын кемпір шуақ көбейген көктемде, күн мен түн теңелген әз Наурызда тойлағанымен, әлем халықтарының ортақ мерекесі ретінде Қаңтарда қалшылдап жаңа жыл тойлау бұл күнде Қазақстанда айтулы ағымға, дабыралы дүбірге айналған.

«Жылан ысқырып кіреді», «Жылқы осқырып шығады», «Жылқы жылың алдыңда (ілгері)», «Мешін жыл, өтті-ау қайран есіл жыл» деп әр жылға әр түрлі сипаттама беретін халқымыз доңыз жылын «дүниелі» деп бақ пен байлықтың мол жылына балайды. 15 ғасырда жасаған қазақтың қара үзген шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты кесек медициналық еңбегінде Доңыз жылында туылғандарға: «Бұл тектелгі мүшел жылындағылардың ойлаған күтпелілігі құлқыны ғана болмақ. Басқаға қастық сайлалдығы аз, балалы-шағалы болуды армандағыш, харекетшіл, тер төккіш, кем сөзді, тоңмойындылығы, айтқанынан қайтпайтын, ашуланса атын басқа ұрып, қатынын сабап, қарсы келгенді мерт қылатын, басқаларды сөзбен түйіп тастағанын өзі сезбейтін, келер-кетерді аңғарымы онша болмақ-ты, сыйлағанға сыпыра си құрметін аямайтын, көңілі қалса қайырылмайтын, қулығы аз, батылдығы күшті, аусарсоқ, тамақсаулық ақылы болғы ашқарақтар дендемек (»Шипагерлік баяндағы» мәтін бойынша берілді)» деп сипаттама бергені әне соның айғағы.

Он екі мүшел жыл есебін зерттеген ғалымдардың біразы он екі жануар бойынша жыл санау қытайлардан басқа ұлттарға тараған деп қарайды. Алайда, қазір он екі мүшел бойынша жыл санау әлемдегі көптеген ұлттарға ортақ мәдениет болғанымен, оны дүниеге әкелген түп атасы - көшпенділер екенін дәлелдейтін тарихи деректер де көп. Керек десеңіз, он екі мүшел жыл есебінің қытайларға көшпенділерден тарағанын дәлелдейтін жазбалар қытайдың «Таңнама» сияқты көне тарихи жазбаларында да кездеседі. «Таңнамадағы»: «Кахас (қырғыз) елі он екі жануарды белгі етіп жыл санайды, біздің ин (Жолбарыстың көне тайхыша аталуы) дегенімізді, олар барыс деп атайды» (《唐书》中记载:“黠戛斯国以十二物纪年,如岁在寅,则曰虎年”), - деп жазылғаны әне соның айғағы. Қытайдың Инншань тауындағы жартасқа қашап салынған он екі мүшел петроглифн Қытайдың әйгілі ғалымы, археолог Гай Шаньлинның: «Бұл осыдан екі мың жыл бұрын осы жерде өмір сүрген Ғұн тайпаларының туындысы» деп түсіндіргенін алға тартқан деректанушы, аудармашы Қалбан Ынтыханұлы «Көшпенділердің күнтізбесі бүкіл әлем халықтарына тараған» тақырыбындағы мақаласында «Он екі мүшел бойынша жыл санауды қазіргі Қытайлардың ата бабалары ғұндардан үйренген» деген тұжырым жасайды.

Соңғы кездері он екі мүшел жайлы зерттеу жүргізген зерттеушілерінің кейбірі он екі мүшел жыл есебіндегі Доңыз жөнінде тоқталғанда, он екі мүшелге кірген Доңыз бұрын өте ақылды, сергек, таза жануар болған, қолға үйретілгеннен кейін оның бұл қасиеттері біртіндеп жоғалып, ішіп жеуден басқаны білмейтін жалқау жануарға айналған деп жазады. Міне бұл қазақ ұғымындағы Доңыз сөзінің көбінде аталған хайуанаттың даладағы жабайысын меңзейтінімен үндесіп жатыр. Қазақ тілінде доңыз бен шошқа мәндес сөздер болғанымен, доңыз атауы көбінде жабайы шошқаға немесе тау шошқасына қаратылып айтылады. Кейбір өңірлерде тау шошқасын қаракиік деп те атаса, «Шипагерлік баянда» он екі мүшел жылдың соңындағы жануарды қорысқы деп атаған. Ал көне түркі ескерткіштерінде доңыздың аты 8 ғасырда Лағызын, 11 ғасырда Тоңуз деп алынған.

Қысқасы, он екі жыл мүшел есебі тым күрделі категория. Бұған енген жануарлар жөнінде әр ұлтта әр түрлі қарастар, таласты түйіндер болғанымен, Доңыз жылы және ол жануар жайлы түсініктерде үлкен алшақтықтық жоқ. Бәрі қазақ ұғымындағы Доңыз жылы жайлы қарастармен жымдасып жатыр.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

6alash ұсынады