Алаш барда аты өшпейтін, ұлтымыз ұлықтайтын, туындылары шаң басып архивтерде жатпайтын тұлға – Мұқағали Мақатаев. Ақын шығармаларының ішіндегі зау биікте әуелеп тұратын әндерінің бірі – «Есіңе мені алғайсың».

Ең қызығы осы «Есіңе мені алғайсың» өлеңіне қаншама ән жазылыпты. Соның класикалық нұсқасы ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтікі.

Мұқағали Мақатаев пен Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылық одағынан отыз шақы ән туған. 1975 жылы ақын композитордың үйінде бір ай жатып талай туындының түндігін түрген. «Дариға-ай, домбырамды берші маған» өлеңін Мұқағали сонда жазған. Ал, «Есіңе мені алғайсың» әні ақын мен композитордың ең соңғы әні...

Мұқағали мен Нұрғиса

«Есіңе мені алғайсың» өлеңінің сөзін алып қарасаңыз жылдың төрт мезгілін суреттеген. Бірінші шумағында айтады:

Дүркіреп тұрған көктемде,

Сіркіреп нөсер төккенде,

Күркіреп жатқан бұлтты,

Найзағай шаншып өткенде,

Есіңе мені алғайсың...

– Көктемде есіңе ал, дейді. Екінші шумағында:

Қазбауыр бұлттар маңғанда,

Орманға жазда барғанда,

Арманда мені, арманда!

Оңаша, жалғыз қалғанда,

Есіңе мені алғайсың...

– Жаз келді, жазда есіңе ал, дейді. Үшінші шуамақта:

Қараша келген шақтарда,

Қызарып тұрған бақтарда

Қурайлар сыңсып жатқанда,

Жапырақ жайрап жатқанда,

Есіңе мені алғайсың...

– Күз келді, жапырақ жайрап жатқанда мені ұмытпа! - дейді. Соңғы шумағында:

Ақ ұлпа жерді жапқанда,

Ағаштар сырға таққанда,

Бозарып атқан ақ таңда,

Бозарып тұрып ақпанда,

Есіңе мені алғайсың!..

 – Бұл қыс! Міне бүкіл жылдың төрт мезгілі, өмірдің төрт мезгілі, осы кездері сен мені ұмытпасаң қалқам, мен де сені ұмытпаймын дегені, – дейді Бақыт МӘЖИТҰЛЫ.

Мұқағалидың сөзіне жазылған жалпы 86 ән бар. Сол 86 әннің ішінде халықтың жүрегін жаулағаны санаулы. Сол санаулы зау биікте әуелеп тұратын әндердінің бірі – «Есіңе мені алғайсың».

Бүгінде Мұқағали Мақатаев та, Мәдина Ералиева да, осы ән де аңызға айналды. Тек осы аңыз әннің авторы, толағай талант иесі Елена Әбдіxалықованы біреу білсе, біреу білмес…

Елена Әбдіxалықова бұл әнді не бәрі 20 жасында жазған. Жас жүректен жаһанды жаулайтын ән шыққанына автордың өзі аң таң. Қойын-қонышын кітапқа толтырып, жата-жастана оқитын Елена жастайынан қазақ әдебиетінің құнарын бойына сіңірген, қайнар бұлағынан қанып ішкен қыз. Айтыс аламанында талай атой салып, жыр додаларынан жүлдесіз келген кезі жоқ. Ал, саз әлеміне 17 жасында аяқ басты. Алғашқы қадамынан-ақ қорғасындай салмақты, алтындай қымбат, әрі жібектей нәзік ән туды. Ол ән ақын Ұлықбек Есдәулеттің сөзіне жазылған – «Көздеріңе ғашықпын».

Еленаның сөз құдыретін, сезім иірімдерін тамыршыдай дөп басып, дәл табатын дарынының арқасында 1990 жылы «Есіңе мені алғайсың» әні дүниеге келді.

Әнді аңызға айналдырып, халыққа танытқан композитор Елена Әбдіxалықова

Елена Әбдіxалықова: Қытайдағы қазақтар да, Моңғолиядағы қазақтар да, Түркиядағы қазақтар да, тіпті Ташкентте, Бішкекте халықаралық ақындар айтысы болғанда қырғыз ағайындарда айтқан, өзбек ағайындар да осы әнді айтады екен. Мақатаевтің шығармасының арқасында, поэзиясының құдыретінің арқасында менің де даңқым біраз жерге барды. Қазір сол «Есіңе мені алғайсың» менің бір төлқұжатым спеттес ән болып қалды. Кейде осы әнді мен жаздым ба, деген сияқты ой келеді.

Қызылорда педагогикалық институтының 2 курсын тәмамдап, жазғы каникуль кезінде ауылға бардым. Әлі есімде ертеректе шыққан Мақатаевтің «Соғады жүрек» деген екі томдық кітабы. Сол кітапты ашып қалсам «Есіңе мені алғайсың» өлеңі тұр. Сол уақытқа дейін неше мәрте оқыған болуым керек, бірақ дәл сол күні сондай бір қатты әсер етті. Жылдың төрт мезгілінде де мені есіңе ал... Сол кездегі менің жастық күйіме, ғашық күйіме, пәк таза болымысыма дөп келгендей болды. Ақынның құдыреттілігінің өзі сонда. Мен Мұқаңның осы өлеңін бірден домбырамды алып, өзім ән қылып айта бастадым. Өзімнің де жүрегіме әсер етіп, отырған ортамда, жүрген жерімде, ақындар айтысына қатысып жүрген кезімде айтыстың арасында айтып жүрдім.

Мадина Ералиева

1994 жылы қазақтың күміс көмей әншісі Мадина Ералиева Қызылордаға келген кезінде мені жолықтырып, бір отырыстарда бірге болған кезімізде меннен сұрады. – Осындай бір әдемі ән естіп жүр едім, кімнің әні деп жүрсем сол өз сіңілімдікі екен. Маған рұқсат берсең қайтеді, мен орындайын, - деп сұрады. Содан Алматыға барған бір сапарымда сол кісінің үйінде болып, бір түн отырып, мен домбырамен, ол кісі сырнайымен екеуіміз қосылып қос дауыста таң атқанша осы әнді айттық. Өтеген Спанов деген ағамыз болды, қарапайым оқымаған біз сияқты таланттардың шығармаларын жинақтап, нотаға түсіріп жүретін. Сол кісіге осы әннің нотасын түсіртіп алдым. Кейін сол ән Мадина Ералиеваның орындауында жарқырап бүкіл қазақтың құлағына, алты алашқа сыңғырлап жетті. Оған дейін де бұл әнді Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова домбырамен айтып, эфирге шығарып, барлық концерттерінде орындап жүретін, әлі күніге ол кісінің репертуарында бар.

«Есіңе мені алғайсың» өлеңіне жирмашақты ән жазылған десем артық айтқан емес. Бірақ соның ішінде менің әнім бүкіл халыққа танылды. Оған себеп: Біріншіден; ақынның ішкі ырғағын дөп баса білгенімнен, екіншіден; оны кезінде Мадина сияқты жарық жұлдыз орындағанынан деп түсінемін. Мұқағалидың тілімен айтқанда; ...Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып, өзіне қайтарағаны сиықты Мұқағалидың осындай керемет өлеңін мен тек кішкентай әшекей салып, халыққа қайтадан бір көрсеткен ғана еңбегім бар...


"Мұқағали Мақатаев «Есіңе мені алғайсың» өлеңін 1975 жылы өмірден озар шағы таяғанын біліп, артымдағы ұрпағым, халқым ұмытпай, есіне алып жүрсін деп жазған секілді" - дейді М.Мақатаевтің келіні Бақытгүл Айдарова.


6alash ұсынады