Биыл қазан айында сапардың сәті келіп, Ыстамболда сапарда болған едік. Түркияда өткен ғасырда қытай елінде болған апалаң-төпелең ауыр жылдарда Алтайдан ауып, қырғын соғыстарды бастан кешіп, дүниенің шоқысы атанған Гималайдан асып, Пәкістан, Үндістан арқылы, түркияға жеткен қазақтар тұратынын дүйім жұрт біледі. Жалпы Шынжаң жерінен гималай аса көшкен ел бір ғана көш емес, бірнеше дүркін болған. Сол көштердің ең соңғысы Қалибек  хакім бастаған көш болатын. Қазақтың бірегей тұлғаларының бірі Қасен Өралтай (Қалибек хакмнің ұлы) марқұм көзі тірісінде осы ұзын сонар көш туралы «Елім-айлап өткен өмір» атты деректі роман жазған. Одан басқа да, сол көштер туралы Халифа Алтайдың «Көш естелігі», Нұрқожай батырдың естеліктері, ж.с.с бірталай еңбектер бар.

Ғайни Нұрмұқаметқызы осы көшке 6 жасында ілесіп, ауыр жылдарды артқа тастап, бүгінгі таңда Ыстамболда немере-шөберелерінің алдында бақытты ғұмыр кешіп отырған ақ самайлы ана. Бұл күнде сексеннің сеңгіріне шыққан апамызға арнайы амандаса барып, шай үстінде ағынан жарылып айцтқан әңгімелерін жазып алып едім. Соны, оқырман қауымға жеткізудің сәті енді түсіп отыр.

Нұрпай батырдың ауылы шабылған соң...

Менің әкем атақты Нұрпай батырдың туған інісі еді. Ел Нұрмұқамет моллла деп атайтын.  Нұрпай батыржау қолынан өлгеннен кейін, батырдың бала-шағасы мен туыс-туғандарын түгелдей тұтқында ұстайды. Осы кезде менің әкем ғана сытылып, құтылып шығып, тау асып, тас басып, біраз уақыт сай-салаларды паналайды да, төңіректегі елдің жағдайына құлақ түреді. Осы кезде ұзынқұлақтан Қалибек хакім көш бастап, алыстағы мұсұлман елдеріне кетпекші болып жатыр дегенді естиді. Әкемнің қайын жұрты Есдәулеттің бір бай әулеті еді. Арада біраз уақыт сол әулетпен бірге болады. Сондай күндердің бірінде қапыда жау қолында қалған туыстарының кегі, туған ағасы Нұрпайдың кегі кеудесінде қайнап жатқан әкем тау арасында жүрсе, жаудың шолғыншы бес әскері келе жатады. Көкірегі қанды кекке толған әкеміз бесеуін бірдей атып өлтіріп, сүйектерін бірінің үстіне бірін қойып, қағаз жазып, «мен Нұрпай батырдың кегін алдым» деп қалдырып кетеді. Сонымен, өкімет әскерлерді кім өлтірді деп, тыныш жатқан елден келіп сұрау салады. Халық біз білмейміз деп бір ауызды болады.

Әкемнің осыншама кектеніп жүрген себебі былай. Ең алдымен халық арасындағы құралды, оқты жинаимыз деген сылтаумен келген көп шерік (әскер) ауылға ауыр тінту жүргізіп, қарсылық қылғандарды өлтіріп, байлап-матап қорлайды. Осыған кектенген Нұрпай батыр сақтап жүрген бес тал оғымен, үйге қарай баса көктеп келе жатқан топты жауды киіз үйдің жабығынан сығалап атады. Шерік басшысын да жер жастандырады. Содан кейін әскерлер үйді қоршап алып, Нұрпай батырды желкесінен атып өлтіреді. Бүкіл ауылды шауып, бәрін түгелдей қолға алады. Ал, әкем ол кезде молла болып, бала оқытқан, бөлек бір ауылда отырады екен де, жау қолына түспей қалады.  Осындай жан алысып, жан берсіскен жанталаста, батырдың тоқалы бір әскердің жағасынан ала  түседі. Сонымен, әскерлер тұтқынға түскендерді бір бөлек, әйелді бір бөлек әкетеді. Әйелді омыраудағы баласымен қосып, көп әскердің арасына апарады. Сол жерде жылап-сықтап, бордай үгілмей, бойын сергек ұстайды. Әскерлер оған дастарқан жайып, күтпекші  ыңғай танытып, шай құйып бәйек болады. Ызасын баса алмаған әйел шыныдағы шайды әскердің бетіне шашып қалады. Ашуланған шеріктер әйелдің баласын қолынан жұлып алып, сәбидің екі бұтын екі жаққа керіп тұрып, қылышпен шауып өлтіреді. Сол қатігездікті өз көзімен көрген ана нақ майданда жан үзеді (Ғайни апа осыны жылып отырып айтты).

Осыдан кейін тауда жүріп әлгі бес әскерді өлтіріп, ақыры Қалибектің көшіне қосылады әкеміз. Осы көшке ілесу үшін де біраз қиындықтарды бастан кешіреді. Араға хабаршы салып, шолғыншы салып жүріп, Қалибектің көшіне ергісі келетінін айтады. Сонымен, жайлауға көшіп бара жатқан ел сияқты көрініс беріп, түн қата көшіп жүріп, ақыры Қалибек еліне қосылады.

Ол кезде мен 4-5 жастамын. Бұл оқиғалар біздің түркияға ауған көштен бір-екі жыл бұрын Сауанның Ұлужан жайлауының етегіндегі Бортүңкеде болған.

Сонымен, аттың қоңдысын, атанның қомдысын сайлап, мықты азаматтар көш бастап, Аллаға тәуекел деп,  жолға шығып, дүркірей көше жөнеледі. Әкемнің басқа туыстары сол беті түгелдей жау қолында қалды. Бейісқан, Бейісақын деген жақын інілері де батыр болған. Кейін біз кеткеннен кейінгі қақтығыстарда олар да жау қолынан қаза тауыпты.

Ел көшкенде әкем Нұрмұқаметте үш бала болдық. Мен ең үлкені 7 жастамын. Менен кейінгісі кебежеде, ең кішісі бесікте болды. Негізі бізден басқа да бірнеше баласы болған. Олар көшерден бұрын шетінеп кетіпті. Ал, Нұрпай атамыздың ұрпақтары негізінен құрып кетті. Өзінен жалғыз ұлы қалған екен. Ол да батырдың ұрпағы болған соң, қытайда күні кешеге дейін тыныш ғұмыр кешіре алмай, сол жақта тауды мекендеген моңғолдар арасында тіршілік етіп жүр екен. біз бертінде ел оңалғанда қытайға барған сапарымызда сол туысымызды көрдік.

Қызыл өзенде тірідей жаназаларын оқып, құран қойып анттасып, аттанғаннан кейін, қиыр шығыстап отырып Лопнұрға келдік. Малдың жай-күйін сақтап, ара-тұра оншақты күн дамылдап отырдық. Дамылдаған кезде де балаларға сауат аштырып, сабақ беріп отырды үлкендер. жау көзіне түспейтін жерлерді шолып, тау сағалап, көл жағалап, жалпы Шынжаң топырағынан алыстап бара жаттық. Лопнұр деген көлді жағалап үдіре көшуге тура келді. Сол кезде көштегі көзқарақты кісілер қолдарына алған карта арқылы қай жерде көл бар, қай жерде шөл бар, бәрін біліп отырады екен. Сондықтан, күн жылынып, мұз беті сөгілерден бұрын көшті қарсы жағаға өткізу керек деп шешті үлкендер. Сонымен, қалың қамысты Лопнұр көлінен өтуге тура келді. Қалың қамыстан түйе тайып, әзер дегенде мұздан көшті өткіздік. Сол күні күн де ашылып, жаймашуақтанып тұрып алды. Тағы да сол жарықтық, үлкендердің ақылы ғой. Біршама ұзақтан барып, жігіттерге қапқа салдырып топырақтар тасытты. Сол топырақтарды мұзға төктіріп, көшті жетелеп өткізді. Шешем жарықтық, бесікте баласы бар. Мені тайға мінгізіп қойған. Сонда да ер азаматтарға көмектесіп, көйлегінің етегімен топырақтарды тасып, мұзға септі. Сондағы аналар, әйелдер өте қайсар еді. Сонымен не керек, көшті мұздан өткізу ісі үш күнге жалғасты.Төртінші күні мұз түсіп кетті де, екі ауыл арғы жағада қалып өте алмай қалды. Қайнаш, Төкеш деген кісілердің ауылы еді.

Сол кездегі адамдардың мықтылығы мен адалдығы ғой. Мұз түспеген жерлерді тауып, ептеп қарсы жағаға өтіп, бірнеше кісі барып оларға хабарласып, сіздер енді не болса да, көлнің тоқтаған аяғына дейін көшіп барып, айналып өтіп келіңіздер. Біз осы жақтан тосайық деп айтып келіпті. Сонымен, уәде бойынша біз бірнеше күн аялдадық. Ал, қалған ел көлдің сыртын айналып көшіп келді.

Көлден кейін  шөлге, шөлден кейін тұзға тап болдық

Лопнұр көлінен осылайша мың бір машақатпен өткеннен кейін, үш-төрт күн үдіре көшіп, ақыры Такламакан шөліне іліндік. Такламаканда таудай биік құмдар болады екен. Желдің қаттылығы сондай, адамды ұшырытындай. Алдымызда Қалибек хакім көш бастап отырды. Алдыңғы жаққа жер шолғыш жігіттерді жібереді. Одан кейін, бір топ азаматқа мықты түйелерді  беріп, он жігітті қайтадан кері жіберді. Лопнұр көлінен мұз алып келуге аттанды олар. Себебі, мына ұшы-қиырсыз шөлде сусыз қырылып қалуымыз мүмкін еді.  Сол топтың басшысы менің әкем болды. Оларды үш күн күттік. Хабар жоқ. Біз жиылған жүктерге шығып, түйеге мініп,  дауысымыз жеткенше айғайлайтынбыз. Төртінші күні ақшамда «бері тарт! бері тарт!»деп айғайлады ересектер. Сонымен әкем бастаған топ аман-есен келді. Сол адасқан жолы туралы кейін келе әкем айтады. Шуылдаған, айғайлған дауыс құба шөлде жүргенде естіліп тұрады. Бірақ, қай жақтан шыққанын айыру қиын. Үлкендерден естігеніміз бар еді. Адасқанда аспанға қарап, шолпан деген жұлдызды оң иықтиарыңа қоясыңдар деп. Сол сөз бойынша, нобайлап жүріп отырып таптық дейді.

Сонымен, он түйеге артқан ауыр мұзды алып, әкемдер жетті. Оны ауыл-ауылға таратты. Содан кейін, үлкен мұздарды ұсақтап, шаугім, тоғаларға салып алдық. Көш тағы жолға шықты. Таңнан кешке дейін жүргенде, кешке қарай жер бетін жапқан тұзды далаға жолықтық. Жер бетінде тұздан басқа ештеңе жоқ екен. Ұшқан құс, жүгірген аң жоқ, ағаш та, шөп те жоқ тұзды дала екен. Жүргенде аттың тұяғы тұзды ойып кіріп кетеді.  Енді бұл жерде күн жылынғанда, адамдар шөлден тілдері ауыздарына сыймай, кеберсіп кетті. Осы жерден Қалибек хакімнің ағасы жоғалды. Сол беті таба алмадық. Тағы көшімізде келе жатқан үш сарт (ұйғұр) бар еді. Үшеуі де жоғалып кетті.  Оларды іздеп табу мүмкін болмады.

Жауһар жұтып салқындап, артынан адасып кетті

Сол  қатарда болған Мөрдіқан деген кісі айтады. Жолда қатты шөлдеп, ұйқы қысып, әрең келе жаттық. Қандай қиналсақ та ұйықтамауымыз керек екенін ұйғұрларға айттық. Ал, бір ұйықтаған кісі иен далада тез адасып қалады дедік. Көштің бұлдыраған соңынан ілесіп еріп келе жатқанымызға үш күн болған. Бір жерге келгенде ұйғұрдың бірі айтты. Мен аузым құрып, шөлдеп кеттім. Қоржынымда бір жауһар бар еді. Сол кішкене салқындатады деп естіп едім. Сәл тынығып, аузыма салайыншы деп, аузына салды. Шынымен салқындатады екен. Бәріміз де аузымызға салып шықтық. Соның арасынша сарттың көзі ілініп кетіпті де әлгі жауһар аузынан түсіп кетіпті. Ол түсіп кеткен тұздың жарылған жері жап-жарық болып жатыр екен. Тұзды бұзып, ана жауһарды ала алмай көп айналдық. Сонымен, көштен тіпті алыстап қалдық. Күш-қуатымыз әлсіреп, таңға жақын бір-бірімізді білмей қалдық. Ақыры ұйғұрлар сол беті жоғалып кетті дейді.

Сондай қиын сапарда артта қой айдап келе жатқан қойшылар ақты шөл қысып, ішерге су жоқ болғанда, қойды бауыздап жіберіп қанын жұтыпты. Өзі ыстық күнде жылбысқаланып қан адам тамағынан ары жүрмейді екен дейді.

Сонымен, бірнеше күн өткенде алдымыздағылар «шүйінші, шүйінші! су бар екен» деп айғайлады. Сол кезде тағы да үлкен кісілер, малды суға апармай, тоқтата тұрып, өздерің ішіп көріңдер деді. Содан кейін адамдар ішіп көрсе, су тұщы су емес, тұзды болып шықты. Бұл суды малға көрсетпей, адамдар да ішпей, тағы да алға жылжи бердік.

Ес кетіп, жан шыққанда, адамдар әбден шөлден кеберсіп талыққанда, алдыңғы көштегілерден тағы жағымды  хабар келді. Шөбі де, суы да, ағашы бар алқапқа жетіптік. Сол таза суға жеткендегі мал мен адамның қуанышын айтсайшы. Жылқы, түйелер бас көтерместен су ішті. Сарқырап ағып жатқан сол судан ел ес жиып, бірнеше күн аялдадық. Ел жоғалғандарын бірге іздеп тауып, тынығып, жақсарып қалды.

Такламаканнан аман-есен өтіп, чиңхай жерінде  Құсайын тәйжінің ауылына жеттік. Ел-жұрт тыныстап, ағайын-бауырлар табысып, біреуге біреу құда болып, жағдай сәл де болса көрім болып қалды. Ол жерде екі жылдай отырып, үшінші жылы ол жерден тағы да көше жөнелдік. Бізден бұрын көшіп кеткен Елісқанның елі пәкістанға орналасқан екен. Олар көп шығын болып қырылған.

Сарыжондағы ауыр сапар, шекарадағы атыс

Біз ыстық пәкістаннан қазақтарда өлім-жітіп көп болғанын естіп, сары жонды жағалап (тибет үстірті), үндістанға баруымыз керек екен. Оның бәрін үлкендер ақылдасып, жол-жобаны жасап отырды. Сары жонда түйе де, қой да жүре алмай қалды. Сонымен, малдарды тастап кетуге тура келді. Қойды сойып, етін қазанға салсақ дереу езіліп, көбік болып, іріп кетіп, жеуге жарамай қалды. Үстіртте мал еті осылай бұзылып кетеді екен. Енді ақыры, қоңыр аңдар мен құландарды атып, соны жұртқа жегізді ер-азаматтар.

Сары жонды аң етін азық қылып, ілби көшіп отырып бітірдік. Үндістан шекарасына жақындағанда қытай әскерлері қуып жетіп, ол жерде соғыс болды. Көштегі батыр қазақтар екі рет соғыста жаудың бетін қайтарды. Үшінші рет одан да көп жау келіп, бүкіл малымызды алып қалды.

Батырлар көшті, қатын бала бір таудың түбіне үйіп отырғызып қояды да, өздері әскерлермен қанды ұрыс салып соғысады. Сол соғыстың алғашқыларында бізден адам өлімі болмады. Соңғы ұрыста бірнеше адам шайт болды. Жеке менің әкем емес, бәрі де батыр еді азаматтардың. Әкем мен Мұса деген жолдасы  екеуі оқ жауып тұрғанда  мыйдай жызыққа кетті. Басқа батырлар тауды, тасты жағалап оқпен қытай әскерлерін тойтарып тұрды. Кішкене-кішкене құм төбешіктерді бетке ұстап әкем мен Мұса әскерлерді көздеп атып жатыр. Біз ап-анық көріп тұрмыз. Осы кезде жаулар тез қимылдап, оққа ұшқан әскерлерін сүйреп алып кетті. Тағы бірнеше  әскер алға қарай тұра шапқанда әкем біреуін, Муса біреуін атып түсірді. Тауда тұрған кісілер мылтықпен жауды жасқап тұрды. Тастың түбінде отырып, дұға қылып отырыңдар деп, қағаз келді бізге. Біз іштей тынып, бар білгенімізді күбірлеп, Құдайға жалбарынып отырмыз. Күн батты. Қатты жауын болды. Қытайлар бірнеше адамынан айырылғаннан кейін шегінді.

Әкем жаудың басын кесіп алып, үнділерге көрсетті

Арық-тұра малдар мен шашылған жүктерімізді жинай бастадық. Осы кезде үндістан жақ бізді шақырып жатыр деген хабар келді. Ел екіұдай күйде болды. Енді үндістандықтар қырып тастайтын болды деп ойлады біреулер. Сонымен, нар тәуекел үндістандықтар шақырған жаққа келдік. Әкем сол кезде өлген әскердің басын кесіп алып, қанжығасына байлап алып келіпті. Үнділермен біз төбет (түбіт, тибет) тілмаштар арқылы сөйлестік. Біздің көшбасшылар оларға тай беріп, сөзімізді дұрыс аударып бер деп тапсырып қойған екен. Сол жерде үндістандық әскерлердің бастығы әкемнен мұны кім атты деп сұрапты. Мен аттым депті әкем. Неге басын кесіп алдың? десе, біз өзімізге тиіскен жаудың басын осылай кесіп аламыз депті. Үндістандықтар да осыған қарап  біздің қатты кектеніп, амалсыз ел-жерді тастап босып келе жатқан ел екенімізге әбден көздері жетіпті.

Үндістандықтар сол жерден шатыр берді. Сол шекарадағы жазыққа атыста қаза болған төрт шайтты жерледік. Марқұмдар Балқия бәйбіше, қари сарт Қареке (біздің ауылда бала оқытатын молла еді, шын атын атамайтынбыз),  Сақан деген жігіт, әкеммен бірге жазық далада жаумен атысқан Мусаның інісі, тағы бір адам еді (аты есіме түспеді).

Беті қызыл қазақтар америкаға барғысы келмейді

Сол аралықта үндістан жақ шекара біздің көш жайлы өз еліндегі Ладах деген жердегі адамдарына айтып, біздің мұсұлман екенімізді  жеткізген сияқты. Содан кейін, олар қытаймен келісімге келді. Біз енді бұл қазақтарды сіздерге қайтара алмайсмыз депті. Сонымен, жаяу-жалпы жүріп, ыстық күнде бір жалдың бетіне шықтық. Азынаулақ азық-түлік, уыс бидай, күріш, құрт болмаса, басқа көп дүние жоқ. Содан кейін, Ладах деген жеріне жеттік. Ладахқа келген соң, үндістан үкіметі қабылдады. Бала-шаға, үлкендерді екі ұшаққа отырғызып, кашмирдегі жолушылар орналасатын «ақ сарай» деген жерге орналастырды. Осыдан бірталай уақыттан кейін ол жерге америкадан көмектер келді. Кейін америка бізді әкетпекші болды. Біздегі кісілер бірден қосыла қойған жоқ. Одан кейін америкалықтар бес жүз адамдық ұшақпен келгенін айтты. Біздің ақсақалдар басымызды қосып, жиналыс ашты. Жол бойы өлген адамдарымызды көмуге де топырақ таба алмай, қырылып, қиналып осында жеттік. Сонда осыншама бодау бергенде америкаға кеткеніміз дұрыс емес. Басқа бір мұсұлман мемлекетіне баруымыз керек. Сол арада араб еліне барайық дегендер болды. Бірақ, араб елі бізді алмады. Сол кезде бізден оншақты жыл бұрын пәкістанға мың миқынатпен көшіп барған қазақтар бізді естиді. Кейін түркияға хабар жетеді. Содан кейін түркия алды бізді.

Түркияда тұратын тарихшы ғалым Әбдуақап Қараның жеке мұрағаттарынан алынды.

Осындай ауыр жапа, ұзақ көшті бастан кешіріп осында жеткен қазақтардың бәрінің денсаулығы тың, бойлары сергек, беттері қып-қызыл еді. Ал, үндістан, пәкістан жұрты өңі жүдеу, кедей келеді екен. Біздің қып-қызыл беттерімізге қарап олар біздің қытаймен соғысып, ауыр қиындықтар арқалап келе жатқанымызға мүлде сенбепті. Соқыры, ақсақ-тоқсағы жоқ осы бір топ адам, өздерінің ауру-сырқауларын тастап, қашып көшіп кеткен бе деп ойлапты. Бізде ондай кем-кетік адамдар аз болатынын, ежелден батыр, таза халық екенімізді қайдан білсін. Жарықтық сол көште үлкендер қар үстінде екі ракағат намаздарын оқушы еді. Қаншама ауыр жылдарда, сары жондағы қиын-қыстау көштерде оразаларын ұстайтындары да бар еді. Үстірттерден ақ қар, көк мұздан түйелер тайып, мертігетін болғанда, керегені жазып жіберіп, үстіне түйені қойып, сырғытатын. Сондай амал-ақылды қайдан біледі деші.

Бізді міне сол кездің ойы озық ел ағалары Қалибек, Тәкіман, Қамзалар оқ пен оттан аман алып осы түрік еліне жеткізді.  Түркияға келгеннен кейін, Ыстамболға, Ізмерге, Қайсарға, Алтй Көйге, Салихылыға бытырай қоныстандық. Менің әкем түркияға жеткеннен кейін, екі-үш айдан соң жарықтық қырық неше жасында дүниеден өтті.

ҒАИНИ АПА үйіндегі көне суреттерден:

Әділет Ахметұлы

Ақын, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері

6alash ұсынды