Бүгінгім баяғымнан емес бір кем,

Көңілдің көп түйткілін қалай іркем?

Қазаққа, жанашыр жоқ, шетте жүрген,

Қолдай көр Ерен-Ғайып, Қырық шілтен!..

 Тағдырдың тәлкегі

(Тағдыр тәлкегімен Қазақстан, Қытай, Моңғолия арасында тентіреген қандастардың ізімен...)

Моңғолияда тұрып келе жатқан қазақтарды тұтастай алып қарағанда жоңғар шапқыншылығынан кейін, көбінесе орыс бекіністерінің тебінімен ығыса, ысырыла Қалба, Алтай, Сауырға беттеп, одан қытай қысымынан ығып Алтайдағы Абақ елінен бөлініп, Моңғолияның батыс өлкесіне, яғни төрт мемлекеттің шекарасының түйілісіне келіп орналасқан қазақ ұлтының бір бөлшегі деп санайтын болғанымызбен ішкі сыр-сыпатына терең үңілсек әралуан ерекшеліктерді табамыз.

Сол бір аласапыран кезде осынау ұлаңғайыр мекен-жер Чиң династинасының-Еженханның қарамағында жатқандықтан отар халықтар өзара сапырылысып жүрген. Төрт мемлекеттің түйілісі деп, бұған қазірде шекараласпайтын Қазақстан Республикасын қосып атаған себебіміз- қазір Ресей Моңғолия мен Қазақстан тура қатынасатын жол шығаруға алпыстай шақырым дәліз (коридор) ашатын кеңістікті ұйғармай отырғаны болмаса осы төңірек ежелден қазақ жері екендігі тайға таңба басқандай тарихтың астарында жатқан ақиқат. Дәлірек айтқанда бұл өңірді Ресей 1921 жылы өзіне қаратып алған. 1936 жылы Қазақстанға қайтарып берген. 1953 жылы қайтадан Ресей еншілеп алған. Қазір осы екі аралықта Баян-Өлгиймен жалғасатын жол салудан тартынақтап отырғанымен бұл жерлердің дені ежелгі қазақша, моңғолша  атауларымен аталған бойында келеді.

Ежелгі сақ, ғұн, түркі бабаларымыздың ескерткіштері мен мәңгі өшпес таңбалары сайрап жатқанда кейбір урианхай желөкпе ағайындар бізге сендер кірмесіңдер, бұл біздің ежелгі мекеніміз дейтін, бір-бірімізді түртпектеудің жөні жоқ, Алтайдың күн бетіндегі Сарсүмбе атты орталығынан олар және біздер асып келгенімізді дәлелдейтін бұлтармас айғақтар бар. Біздер осы батыс өңірге қайта оралып қоныс тепкенімізде бұл елдің халық саны жарты миллион ғана шамасында, дерлік иен жатқан жоқ па еді? Егер осы өңірде біздер және сіздер тұрып, қызғыштай қорғап өмір сүрмегенде шындығы керек, бұл жер іргелес жатқан, ірге кеңейтуге әуес, бұрын да талай жерді басып алған екі ірі мемлекеттің қанжығасында кетпес пе еді?..

Осы төрт елдің тоқайласатын жері Моңғол Алтай жоталарының шоқтығы Бесбоғда тауының басы Күйтің, Малшы қатарлы теңіз деңгейінен бес мың метрдей биіктіктегі мұзарт шыңдар, баурайында жазда жағалауында гүл, бәйшешек жайқалып өсіп, мамырлап мал жайылып жатса да беті жіпсімейтін, бертінде жиһангез ғалым Потанин (ол Пауладардың Ямышев ауылында туылған)-ның атымен аталған әлемге әйгілі мәңгі мұз өзен бар. Көрнекті жазушы Оралхан Бөкейдің «Мұзтауындағы» уақиғада осы төңірек көркем бейнеленген. Бұл өңірлер көне ғұндар мен түркілердің ежелгі мұралары тұнып тұрған мекен-жер. Бастабында Семей төңірегінен ауа жайылып шашырай жайлап, қыстап жүрген көшпенді қазақтар Өр Алтайда тұрақтап,  Алтайдың күн бетінен тыныштық таппағандықтан, әрі бұл жақтың жайылымы кең, қысы қарсыз, жазы шыбынсыз, малға жайлы деп бір бөлігі 1860 жылдардан рубасы Жылқышы балуан Ақтайұлы, Көбеш батыр Айтбайұлы, Қожамжар төре Сәменұлдарының бастауымен топ-тобымен көшіп келіп осында қоныс тепкен.

Жер шұрайлы, қоныс жайлы болғанымен жергілікті тайпалар мен іргедегі орыс және арғы бетте қалған, Шүй жақтағы ағайындар да қоныс, жайылымға жармасып, алман-ақу тілеп, жер дауы мен жесір дауын қузастырып, ұрлап, барымталап маза бермеген. Құн тарту, барымта, жазалау,  айтулы қақтығыстар да болған. Біздің айтпағымыз бұдан басқа мәселе, осы жердің байырғы халқы емес, бертіндегі саяси сүргіндерде сая таппай сырғақтап сандалып келіп бас сауғалап Моңғолия қазақтарының құрамын толықтырған қандастарымыз жайында. Моңғолияның батысында, екі мемлекеттің шекарасындағы «Қызыл кезеңде» Дайрабай атты сай бар. Дайрабай Ресейдің шекаралық қарауылымен арадағы бір тайталасқа Жылқышы бидің тілмашы болып қатысып жүріп оққа ұшыпты да, «өлім қайдан болса топырақ содан» деген қазақ ғұрпымен сонда жерленіпті.  Дайрабай найман рулы, орысша тіл білетін,

«Ата тегім найманнан Дайрабаймын

Балықтай Ертістегі қайрандаймын.

Үйрендім өнер, білім бала жастан,

Елінде Шерушінің сайрандаймын» - деп ел аузында қалғанындай өлең де шығарып айтатын адам болған дейді. Бірақ оның туыс-туғаны, ұрпағы бұл жақта болды ма, күйшілігімен ауызға ілінген жоқ па десеңіз еш кім жауап таппайды. Дегенмен әйгілі күйші Дайрабай сол емес пе екен деген сауал туындап жүр. Жазушы Сұлтан Тәукейұлы: «Қазақстандық басылымдарда «Дайрабай күйші Ақмола облысы Қараөткелде өмір сүріп, Түркістанға ауып кеткен» деп жазады. Мүмкін ол Шығыс Түркістан болуы да ықтимал. Қазақта басқа күйші Дайрабай туралы дерек кездеспегеніне қарағанда «біздің» Дайрабай қазақтың әйгілі күйші Дайрабайы болуы әбден мүмкін». «Даудың басы-Дайрабайдың қара сиыры» дейтін де сөз бар. Қалай дегенмен Қазақстан жақтан келген Дайрабай орыстың ол жақтағы ажал оғынан жан сауғалап келіп Жылқышы бидің  панасына тығылғанымен бұл жақтағы оғынан құтыла алмаған біреу. Әкесі Ақтай би сырттан келген найман ақын Тауданбек сынды бірнеше азаматқа қамқор болғаны секілді Жылқышы би де кеңқолтық атанған. Руы беймәлім Асылхан, Қасымхан атты ағайынды екі жігіт әлдеқайдан қашып келіп баурына тығылғанда інісі қайтып кетіпті де, Асылханды жалғыз ұлы Сүкірбайға серік баласы ретінде басына отау көтеріп, бауырына қазан асып бергендіктен осы ауылда түбеселі қалған екен. Дайрабай да тілмаштығымен керей биінің қолайына жаққан сондай бейқуаттың бірі болар деген ойдамыз.

2016 жылы Цэнгэлде дүниеден өткен Сапармұхамет (Сапошка) естелігінде: «1909 жылы Марқакөлде тудым. Кәмпескеде ұлы әкем Молдажан қуғындалып, 1919 жылы Моңғолға келіп паналадық. Қазыбай, Қапа шеберлермен, орыстармен бірге көн өндірдік. Әкем 1938 жылы нәубетке тартылды. 1939 жылы Ұланбатырға барып, сондағы найман Қанатай және Исалардың көмегімен комбинатта жұмыстап, 1941 ж әскерге алынып, азаттық майданға қатысып, оралдым. 5 жыл ауылнай болып, 25 жыл Ресейге мал айдадым. Еңбек зейнетіне бөлендім. Алты бала, жиырмадай немерелімін. Ұлдан иман, қыздан иба кетпесін» деген.

Моңғолияда тұратын халықтың 90-нан астам пайызын иеленетін моңғол ұлтының ішінде өздерінің рулық тегін керей, найман, қоңырат, уақ, жалайырдан тарататындар баршылық. Өйткені бұл екі халықтың шығу тегі ғұн, сақ, түркілерден бастау алған біртекті және қазақ пен моңғол екі ұлтқа жіктеліп, жеке-дара қалыптасқан тұстардан бастап олар моңғол тарапына қалғандар. Өйткені біздер моңғол боржығын рулы Шыңғыс ханның қоңырат, керей, найман ханымдарымен, келіндерімен, бас қолбасы жалайыр Мұхали сынды серіктерімен араға тілмаш салу арқылы қарым-қатынас жасап тұрғандығы туралы бір де бір деректі таппаймыз. Тіпті Шыңғыс ханның өзі қай тілде сөйледі, қоңырат, керей ханымдарымен тілмаш-дүңше салып қатынасқан ба, немересі Күйік хан Рим папасына жолдаған хатын не үшін араб жазуымен жазған, «Құпия шежірені» қай тілде кім жазды?» деген сауалдарға жауап беру де оңайға соғып отырған жоқ. Моңғолдың көрнекті «шығыс шайыры» атанған ақыны Б.Явуухулан мен саяси нәубетке ұшыраған саяси қайраткер Лоохууз руын найман деп, әскери тарихшы Б.Алтангэрэл жалайыр деп жазған болса, талантты ақын Р.Чойномның ұлты қазақ болғандығы туралы дерек ашыққа шыға бастады.

Қазірде осы елде тұрып келе жатқан қазақтардың басым көпшілігі керейлер бола тұрса да найман, уақ, азғантай отбасы арғын қатарлы орта жүз адамдары, қазақ атанғанымен жүзге қамтылмайтын төрелер мен қожалар және әртүрлі себептермен келіп қазақ болып кірігіп кеткен ұйғыр, өзбек, қырғыз, башқұрт, ноғай, татар, қырғыз, дұңған ( моңғолдар бұларды бәрібір қазақ деп біледі) қатарлы өзге ұлт өкілдері де бар. Орыс, моңғол, ұйғыр, сақа, буриат, тыва қатарлы жат жұрттан келіп қосылған аналар мен келіндерді, бірер түрік, пәкстандық күйеуді қосып есептегенде бұл шама кеңейе түседі. Сондай-ақ қазақтардың ежелгі ғұн мен сақ, түркі заманындағы бабаларымыздың түпкі бұл мекеніне қайта оралуы және топ-тобымен ауып келіп біржолата қоныс тебуі 1750-1870 жылдарға тұспа-тұс келгенімен 1912, 1931, 1934, 1943, 1950, 1990 жылдардағы сыртқары, ішкері үркін, ауа көшу, қоныс аударулары да құрамына өзгеріс, өзгешеліктер енгізіп отырған.

Мысалы, 1830 жылдарда Алтайдың Қарасеңгірінде шапқыншылыққа ұшыраған Беген бай ауылының бір топ жастары Увс аймағы Тариалан ауданында тұратын, бұрын Ғалдын бошықты айдап әкеліп жұмысқа салған діні ислам, тілі басқа (кейін моңғолданған) хотындарға қосылған. Олар мұсылманбыз дей тұра соңғы жиырмадай жылда қайырымды мұсылмандардың қолдауымен мешіт салып беріп, имам тағайындап балаларын Түркияда оқытып бауырға тартқанымен дінімізге әлі де бет бұрып кете алмай шатқаяқтап келе жатқан көрінеді. Және сол уақыттан сәл кейін қазақ далысынан Шығыс Түркстанға өтіп, одан қазіргі Баян-Өлгийдің Делуін өңіріне мекендеп тұрғанда қырғынға тап болған найман-сарғалдақ рулы Қалдеке Отыншы ұлының тірі қалған ұрпақтары қай жағымен барғаны беймәлім,  бертінде Қосағаш ауданынан табылды.

1912 жылы «Жалама» (Ресей тыңшысы, адамды тірілей, терісін тұлып қып сойып, ту етіп көтерген жендет қалмақ Дамбийжанцан) ылаңынан үріккен елдің біразы қазіргі Шыңжаң мен Қосағашта қалып қойған болса, 1931 жылы Алтайдың күн бетіне ауып барған ел келесі жылы жұтап қайта оралғанда ол жақтан біраз ауыл ілесіп келген. 1943 жылы Құжыртыдан үрке көшкен жұрттың көбісін бері қайтарып бергенімен біразы ол жақта қалып қойған. 1900-1990 жылдар аралығында бұл жақтағы қазақтардан Қазақстанға бірен-сарандап оқуға ғана барды, ол жақта қалып қойғаны жоқ. Ал Алтайдың арғы бетіне 1929-1940 жылдардағы саяси нәубетте азғана адам қашып кетіп жан сауғалап, 1940 жылдардың орта шенінде гоминданнан ағайындарды азат етуге барып шайқасқан ерікті отрядтан Кәртеңбай, Мұқамет қатарлы жиырмадай адам мерт болып сол жақта қалса, 1920 жылдардан әсіресе мемлекеттік шекара қатаң бекіген 1940 жылдарға дейін Шыңжан жағынан Шэн ши сай режимі, Мәдени төңкеріс ылаңдары қатарлы қуғын-сүргіннен зардап шеккен Ж.Шәріпхан, Төңкеріс, Идеятдолла, Қасен, А.Сейтхан, Молдахан, Меллетхан, Кираман, Көшербай (Қытайға қайтарылған, қазір Қазақстанда, Жансүгірде) қатарлы адамдар кейде топ-тобымен, 1980 жылдарға дейін жалғыз-жарымдап та келіп, қоныстанып жатты. Өйткені бұл төңірек жау-жардан аман, бейбіт, әрі баян-өлгийліктер осы батыс түкпірді ғасыр бойына сыртқы дұшпаннан қорғап тұрғандығын айрықша айту ләзім. Қашып келгендерді бұл жақ қайтарып бермей бас сауғалатуының себебі ол кезде Кеңес одағымен қырбай болған Қытай Моңғолмен де дүрдараз еді. Дегенмен кейде қашып келгендерді қайтарып берген жағдайлар да болған. Осы жақтан ұйғыр азаматына еріп кетіп, «зор секіріс» кезінде Алтай аймағынан бері қашып келген Дәмеліні моңғол шекарашылары қайтарып бергенде табанда атып тастаған.

Моңғолия ішінде қазақтан қауіптенбеген, бұлар су ішкен құдығына түкірмейді дау-шар да, жаңжал да шығармайды, керек десең бұлар осы елдегі 1911, 1921, 1939, 1945, 1947 жылдардағы төңкеріс, соғыс, шекара қақтығысы, жаңжалдың бәрінде кейде арғы беттегі ағайындардың сойылын соғып көмектессе, енді бірде бұл жақтағылардың жоғын жоқтап олармен атысып Моңғолияның жыртысын жыртқан!.. (Шыбын жаны үшін қытай мен моңғолдың жыртысын жыртып қандастарымыз сол тұста шекарада өзара атысқанының өзі иқандай қасірет!)

Баян-Өлгий  Моңғолия қазақтарының ұлттық аймағы, осы елдегі қазақтың ең көп шоғырланған негізгі орталығы болғанымен осы елдің 21 аймағы мен бірнеше қаласының барлығында азды-көпті мөлшерде қазақтар тұрып келеді. Олардың біразы қазақша сөйлеуге намыстанатын азғын дүрегейлер!) Бірнешеуі бөтен ұлтқа балдай батып, судай сіңген деректер бар.  Моңғолия қазақтарының байырғы тарихи отаны, ұлттық бірден-бір қара шаңырағы Қазақстанмен өзара қарым-қатынас, барыс-келіс, ауыс-қиыс мәселесіне байланысты тарихи кейбір деректерге тоқталсақ:

Моңғолияның батысына 1700 жылдардың орта шенінен қайта оралып орныға бастаған қазіргі Баян-Өлгийлік қазақтар 1800 жылдарда Қотанқарағайдағы Никольск жәрменкесіне жыл сайын түйелі керуенмен барып сауда жасап тұрған, 1868 жылдан Улаанхус, Сақсай, Тұлба, Ногооннур, Ақкөл, Өлгийде Ресейдің сауда палаталары келіп орналасқан. Қазан төңкерісі,  Моңғолиядағы 1921 жылғы төңкерістен соң Кеңес өкіметінің сауда өкілдері олардың орнын басты. Солардың бірі Центросоюз ұйымының қызметкері Қосжан Сариев 1928 жылы келіп екі елдің сауда қатынасын реттеу, тұтынушылар коперацияларын құру, 1929 жылы Ақкөл жалғастыру (Ресеймен сауда) базасын орнату міндеттерін атқарған. «Сарайып (Сараев) өте кішпейіл, сауатты, елгезек, атқа мықты, алыс жолда шаршамайтын азамат еді. Бала кезде Тоти молладан алған азғана сауатым бар, қасына еріп жүрген маған жаңаша хат-қалам үйретті. Бөкен жарғақ тұлыбы бар, түнде соның ішіне кіріп жата кетеді. Ақбалшықтан барып Тұлбада қонып жатқанымызда Бел жақта Рүстем, Дастан ауылында әйел адам бауыздалып қалды деген суық хабар келді, оған да шапқылады...»-деп жазған Сәтібасұлы Рахмет (1900-1992) естелігінде.

Сариев бұл жақта бір перзентті болып, оған Насанбат деген моңғол есімін беріпті. Баатарын Насанбат Алтай хан уәлаятында алғаш төңкерісшіл жастар ұйымын орнатқан, кейін Қобда аймақтық партком бастығы болып тұрып 1938 жылы нәубетке ұшыраған. Насанбаттың қызы Нина 1960 жылдарда Налайхда мұғалім еді. Қосжанның ұлы Насанбат Алматыда инженер болып тұрған екен. Сондай-ақ сол тұста Рүстем Жапар есімді мал дәрігері келіп жұмыстағаны, 1902 жылы қайдан келгені белгісіз Әпенді дейтін адам (ұлты түркі делінеді)  бұл жақтың адамдарына алғаш рет шешектің вакцинасын еккендігі де айтылады.

Моңғолия қазақтарының ортасында саяси, ағарту қызметін ұйымдастыру мақсатымен 1929-1930 жыл аралығында Абай Қасымов, зайыбы Тәшіңке (бір перзенті қаза болып, алғабасар қызметкер Жүнісбайұлы Түркстанның (зайыбы Күміс) қызы Оңалсынды баурына басып алған, Түркстан 1938 жылы нәубетке ұшыраған), Шәріп Өтепов, зайыбы Ділнұз Өтепова келіп, саяси, ағарту шараларын жүзеге асыра бастаған. Бірақ бұл іске үрке қараған жұрт Алтайдың арғы бетіне ауды. Қасымовқа ақын Ақыт қажы бірнеше өлең-хат жолдаған. Қасымов біраз уақыттан кейін Улаанбаатар арқылы Шыңжанға барып, Баркөл, Құмыл ауданында басшылық қызмет атқарып тұрып, қытайда жазаланған. Баркөлдіктер оны Шыңшисайдың қол шоқпары деп санаған, ол туралы Зейнолла Ырғайбайұлы ақсақалдан бір ауыз өлең жазып алдым. Абайдың бір қызы Рашидамен (әдеби мұра зерттеуші Н.Қалиолланың зайыбы) 1995 жылы Үрімжіде жолығып, ол маған Ақыттың кітабын сыйлады, келер жылы дүниеден өтіпті. Өтепов та ұзақ жыл қамауда болған, 1930 жылдар уақиғасы туралы «Шығыс қызы» атты деректі хикая жазған ол кісі 1970 жылы Өлгийге, Улаанбаатарға келіп қайтты. Өтеповтың Ревсомолға мүшелік куәлігі Қазақстанның мұражайында екен, 1983 жылы көрдім.

1931 жылы Семей жақтан мұғалім Бердіқожа Жолтаев, Қайырбай Тілеубердин, Ораз Иманәлиев, зайыбы Айнұрлар келді. Бердіқожа Тұлбада мектеп орнатып, қолжазба оқулық жасап қолданған. Қалқа өзені бойында жапондармен болған шайқасқа атты әскерлер бөлімін бастап кіріп ерлікпен мерт болған, Моңғолия қазақтарынан туып шыққан бір ғана Батыр Ікей Мәзімұлының алғашқы ұстазы Бердіқожа Шығыс Түркстанға өкімет тапсырмасымен барып оралып, нақақ жазамен он жылдай абақтыда отырған және біржолата қалып, Өлгийде тұрып, дүние салған. Өмірінің соңында қытай құрылысшыларымен аудармашы, кілтші, ат арбашы болып күнелте жүріп халықтық аңыз желісімен «Бөкенжарғақ» атты дастан жазған. Аңызда аң аулауға шыққан ағайынды екеудің біреуі бөкен жарғақ киген екіншісін аң екен деп аңдамай атып тастап аһ ұрады. Домбыра мен сыбызғының осындай күйі бар, кейде «Аңшының зары» деп те атайды. Моңғол халқында да осы іспеттес «Шалзат баахан шарга» атты халық әні бар. Үш елдегі ұлтының сол кездегі ахуалын көзбен көріп, ойға қалған Бердекең «большевик терісін жамылған» ағасын інісі жазатайым мерт қылғанға ұқсатқан болуы ғажап емес, жақ-жақ болып, қызыл мен ақ болып атысқан, бүгін де...

Қазақстаннан, әсіресе шығыс өңірінен өткен ғасырда аз-аздап болса да арт-артынан Моңғол жеріне дейін өтіп келіп қоныстанушылардың өз туған топырағынан ауа жайылуының себебі 1916, 1917, 1930-1938 жылдардағы дүрбелеңге байланысты болғаны анық. Олардың дені Шыңжан арқылы, аз бөлігі Қосағаш жақпен келген. 1930 жылдардың басында Шүй өзені бойынан үркіп келген біршама ауылды өкімет жағы қайтадан асырып жіберген, одан бірнеше жыл өткенде саяси нәубеттен үрейленген бір ауыл (Жарқынбай ауылы) қоныс қорасын үй-жайымен өртеп тастап бері асып келіп қоныстанып тұрып қалғанда ол жақтың өкіметі «өрт апатына ұшырады» деген акт жасап мәселені жауып тастаған көрінеді.

Қайдан келгені белгісіз (есіміне қарағанда Зайсан жақтан болар) бейтаныс біреу он жастағы баласын 1920 жылы Ақкөлдегі  Әуке зәңгі ауылына аманат етіп тастап кеткен. Мүдәріс Зайсановты Райсханның анасы Анар асырап сақтап, Ақбалшықта 1928 жылы алғаш орнаған қазақ мектебіне береді. Кеңес одағында оқып ұшқыш болған сол Зайсанов Моңғолия әуе күшінің тұңғыш қолбасшысы болып, даңқы аңызға айналды. Осы алғашқы мектептің алғашқы ұстазы ақсоян сүйекті Тарбанақұлы Дүгэрэг, 1930 жылдан Баймұқамет Қанапияұлы. Баймұқамет Қазақстаннан ауып келген арғын, кейін бұл екі мұғалім де саяси нәубетке ұшыраған. Зерек бала Зайсанов Абай, Шәріптердің қолдауы арқылы Д.Жеңісхан, С.Әжікен, С.Шолтай, О.Әбілтай, Биғайша, Күзінай (бұл екеуі қыз, соңғысы  жат жерде трамвайға соғылып мерт болған), Ж.Ахмет, Ә.Жүнісхан, О.Мақабыл, Н.Оразбай, Т.Сейтхан, Қ.Шәкіртбай, М.Қабас, Дөрбет (Мәскеуде қайтыс болған), Әбзәли, Қ.Шәріп, Бекей, Нүкей, Қиябай, Б.Изенбай, С.Қызай, Жексенбі, Ө.Тоқтыбай (жолай адасып кетіп, жыл айналып оралған), Тікей, Р.Зақилармен бірге Мәскеуге оқуға (КУТВ) барады. Өзгелері Шығыс университетінде оқыса, Зайсанов Орынбордағы ұшқыштар мектебіне түседі.  Ол өзі татар ма, ноғай ма, әлде қазақ па белгісіз, қайдан келгені, қайда барары беймәлім біреу осы өңірдегі рубасы Әукенің үйіне жолжөнекей келіп, «азапты сапарда кетіп барамын, Алланың атымен сіздерге аманат еттім, бас-көз болуларыңызды тілеймін, аты Мүдәріс Зайсанов деп біліңіздер» деп тоғыз, он жас шамасындағы баласын қалдырып, өзі сол бойында ізім-ғайым кеткен екен. Бала Әукенің бәйбішесі Анардың қолында, баласы Райысханның (ол да би, 1938 жылы саяси нәубетте атылған) қамқорлығында алаңсыз өсіп, көкірегі оянғанның арқасында болашаққаа қадам басқан-ды. 1938 жылы Моңғолияға мектеп бітіріп оралған ол осы елдің әскери әуе күшін басқарды, тұңғыш рет бірнеше адамға генерал шені 1944 жылы 4-айдың 26-сында берілгенде ол генерал майор болды. 1950 жылға дейінгі майданның бәріне қатысып, жауға қырғидай тиді және сол жылы ұлттық аймақтың он жылдығында Өлгийге алғаш ұшақ қондырды. Үкімет сарайы қасына ұшақ қондырып сөгіс естіп, көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналып, Әуке әулетіндегі бір топ інілерін өз кәсібіне баулыған Мүдәріс 1967 жылы дүниеден өткенде Моңғолия аза тұтты. Улаанхус орта мектебіне Зайсанов есімі берілген.

Обал-сұбабы заманда, заңда, соры аздығында болар, екі ел жауласқанда екі жақта қалған ағайын-туыстарды бір-біріне қарсы айдап салған ғой, Мүдәріс Бәйтіктегі гоминданмен араласқан туыстарымызға бомба төксе, Қамқаш, Сағда, Бердіқожалар сол жақта барлауда жүрді, жас офицер Жәнәбілхан гоминданшылармен шайқаста Бәйтікте мерт болды. Алайда өз взводымен жаумен бетпе-бет айқаста мерт болған оны, шайқасты дұрыс жүргізе алмаған бастық өзі жазадан құтылу үшін «жауға, қандастарына беріліп кетті» деп жала жауып, ақыры сан жылдар өткенде шындық анықталды.

Белгілі ақын Шәмел Қалқаұлы (1900-1979) 1930 жылдарда ауылымен Марқакөл (Қалжыр болысынан)-ден Бурылтоғайға өтіп, 1930 жылдар аяғында Баян-Өлгийге келгенімен «Советтен қашқан» деген желеумен қудалауда болып, Увс аймағына өтіп, одан да сая таппай қамауға алынып, босаған соң Баяннурда тұрып, қайтыс болған. 1963 жылы «Естелік», 1990 жылы «Шын дос» кітабы шықты, «Дүңген жылғы соғыс» атты бір дастаны Бурылтоғай ауданының әдеби топтамасында басылды. Шәкеңнің 1958 жылы ел астанасы Улаанбаатарда өткен үлкен бір ғылыми мәжіліске қатысқан суретін бейнетаспадан (қасында өзімен шамалас қазақ ақсақалы бар) жуырда тауып алдық. Баласы Сунятбек атамекені Марқакөл маңына барған. Қазір Қазақстанда тұратын найман рулы, аға малдәрігері Құрманхан Қызайбайүлы 2012 жылы 20 маусымда айтқан әңгімесінде Шәмел жайында былай деді:

«Біздің ауыл Қазақстанда, Тарбағатайда тұрып, Шыңжанға 1916 жылы, Шәмел Марқакөлде болыс болып тұрып, 1931 жылдарда өткен. Батыр Көбештің немересі, Мұрындықтың мирасқоры үкірдайымыз Байқадамды (бұрын Моңғолияда тұрып, мемлекеттік Ү сьзге қатысқан соң 1929 жылы С.Дәлелхан, урианхай ламасы Чүлтэмдермен қатарлас арғы бетке асып кеткен, сонда атылған) қытай жағы қолға алған соң соның өсиеті бойынша Моңғолияға қарай беталдық. Жездеміз Мүптәл Байқадаммен бірге ұсталып, бір жыл өткенде босады. Босай салған кезде Мүпталға Шәкең Үрімжіде жолығып, бір үйге алып барып күтіп тынықтырған соң оған Байқадамның сәлемін жеткізеді де Шәкеңдер біздің ауылмен бірге көшуге бел байлайды. Сөйтіп 1941 жылы Тұлбаға келіп шілдеде той көрдік. Мен тоғыз жаста едім. Шәкең Увсдан 1953-54 жылдарда ұсталған. Улаанбаатарда жүргенімде ол кісіні қамау орнынан іздедім. Сондағы жерлесіміз, ішкі істер өкілі Иманбайдан сұрастырсам қамақта аспаз болып істейді деді. Іздеп барып жарты күн әңгімелестім. «Монгол тіл білмеймін, орыс тілмаш бер деп едім, берді, бірақ 25 жылға соттады, шекара бұзып келген едім, өзге жазығым жоқ деп асып айтыстым. 15 жылға түсірді» деді. Жыл айланып бәйбішесі Үйрек бала-шағасымен барып үкімет үйінің алдында апталап жатып алғанында мемлекет басшысы Ж.Самбуу кездесіп жөн сұрайды, мән-жайды ұғынған соң арыз бер дейді. Ақыры бірнеше ай өткенде азат еткен-ді. Босап шыққаннан кейін Налайхда біраз тұрып, одан Баян-Өлгийге келген. Әкесі Қалқа жүз жасқа таяп барып жығылған. Қабылхан, Зүлкәпіл, Иманбала, Шайзада, Толықбай деген ағалары да келгенімен қайтадан арғы бетке асып кеткен».  Аңқылдаған ақкөңіл жан, атақты төкпе ақын Шәмелдің:

«Қырық алтымда бұлдырап көзім кетті,

Кітаптан оқи алмай жалғыз бетті...

Өмірдің түстім талай таласына,

Көргенім таусылмайды арасында»-дегені секілді қуғын, сүргін, тар жол, тас қамақтан тыс тартқан қорлық, бейнеттерін хатқа түсіруіне тұрмыс ауыртпалығы, саясат және сырқат мұрса бермеген, кейде ашық, кейде астыртын қағаз беттеріне жазып қалдырған.

Сол Шәмел ақынмен рулас Моңғол жеріне  бірге келген Қабыш Сағидолла ұлы әкесі Сағидолла (Сүйген қажы атанған, 1840-1928) Байқанұлы Күршім ауданында туып-өсіп, мешіт, медресе салып бала оқытып тұрып, 1928 жылы жер аударылған. Қабыш сонда қашып шығып Қытай асып, одан Моңғолияға келген. Қабыш баласы Қобдаш мұғалім қазір Өлгийде тұрады.

Моңғолияның еңбек ері, Халық және еңбек сіңірген дәрігері Хайрулла Жәлелұлы (2016 ж 90 жасында дүниеден өтті. Ол ұстаз, офицер де болған, тау спортының шебері, Абай өлеңдерін алғаш моңғол тіліне аударып 1958 ж шығарған)-ның әкесі Қазан татары, анасы Шыңжан ұйғыры, ал зайыбы мұғалім Гүлсін Қиса (Әліпбек) қызының сүйегі найман-дұзақшы. Оның атасы Аят 1928-1930 ж Шыңжанға, одан Моңғолияға өткен. Әкесі Қиса 1938 ж аға, інісімен саяси нәубетке кеткен.  Анасы Халымжанның төркіні Зайсан қаласында. 1956 жылы «Қазақстан әйелдері» жұрналында «Өрлдеу жолында» атты мақала басылып шыққан. Мақала авторы А.Құнанбаев атындағы совхоз директоры, Ленин орденді Ханым Дәуітбаева еді. Міне сол Ханым Ханымжанның бірге туған сіңілісі болып шығады. Сөйтіп олар араға отыз жыл салып, 1958 жылдан табысқан екен. Қисаұлы Ахметбек Моңғолияға ЕС қайраткер, көрнекті композитор, Қазақ елінде қайтыс болды.

Қазан төңкерісі тұсында келген шимойын рулы Қазыбай Аққол басының бір дарасына былғары зауытын орнатып іс жүргізген. 1938 жылы ұсталғанда қолдан соққан мылтығын қарағайдың қуысына тығып, ержетіп келе жатқан баласы Көбешке тапсырып кетеді. 1939 жылы тұтқындалған Көбеш әскере өжеттігімен Улаанбаатар абақтысынан қашып шығып, тау-тасты паналай жүріп жетіп, Баян-өлгийде бірер жыл қуғынға түсіп дүрліктіре жүріп, 1943 жылы аймақта әлденеше бәйгі алған  аққолдық Оспанның қызылкөк атын мініп арғы бетке асып кеткен. Ұлт азаттық жолындағы әйгілі күрескер батыр И.Оспанның қолына қосылып, 1949 жылы мерт болған, ұрпақтары (қызы Мағыш) қазір Қазақстанда тұрады.

1931 жылы арғы беттен бір есегін жетелей асып Әбдолда Құдабайұлы баласы Бекбай және жолда ілескен серігі Мәлғаждармен бірге Тұлба көлі маңына  келіп тұрақ тапқан. Бастабында арғы беттің ителісімін деуші еді, он жылдан соң руым найман дейтін болған. Сенімді адамдармен сырласқанда қазан төңкерісіне қатысқанын, Ленинді көргенін, Иманғали, Ахметжан деген інілері кейін қалғанын сыр ғып шертеді. Кейде ел, жерін сағынғанда:

«Басында Қаратаудың бір топ мия,

Қолында әнші жігіт гармония.

Осы әнге шаттандырып салушы еді,

Баласы Қожағұлдың Қанапия.

Дүние-ай, таусылмады арман, арман,

Ауылым Көкшетауда еді-ау қалған.

Сұлу қыз, әнші жігіт бәрі сонда,

Шіркін-ай неге келдім сол арадан»-деп қалықтатып ән салатын. Сол Әбдолданың екінші ұлы Серікбай (1943-1985. Министр болған Ұ.Мәуліт марқұм екеуінің анасы бір) Мәскеуде жоғары білім алған, аспирантура бітірген, Моңғолияда су шаруашылығының тете министрі, ЭӨКС-тегі өкілі болған ерен азамат еді. Ал оның зайыбы Әбділқызы Раушанның ұлы әкесі Қазан қаласынан келіп, қазақ ортасына діндарлығымен әйгіленіп, саяси нәубетке тап болған «ноғай молла» Қасен ұлы Жәлел (Мекеге Ақытпен бірге барған қажы) еді. Жәлелдің дәрігер Ахмет (Ахметұлы Қасен дәрігер қазір Талдықорғанда), қоғам ардагері Әбділ, еңбек ері, көрнекті халық дәрігері  хирург Хайрулла, байланыс инженері Ризабек сынды балалары бар.

Моңғолиядағы қазақтар «Кенжебек айдаған», Шыңжандағы ағайындар «Жалғыз айырплан» деп атаған қаралы оқиғаның бас кейіпкері Кенжебек Рүстембекұлы Көшенов Ресей жағынан келіп, 1930 жылдар басында шекаралық әскери отрядтың кеңесшісі, оның жолсерігі Б.Мединеш болған. Жұттан қашып Шіңгілден Моңғол жері Бұлғынға асып келген ауылдардың мал-мүлкін арғы беттен келіп маза бермеген тонаушылардан қорғау желеуімен ол ауылдарды ішкері ендетіп көшіру ісі қолға алынған. Алайда оған наразы болып, 1934 жылы Бұлғыннан үрке көшкен «төрт тасыг» (бастауыш әкімшілік бірлігі) елі застава басшылары мен Кенжебекті азаптап өлтірген, бейті Қобда қаласының іргесінде. Сол егеспен бергі беттен Шіңгілге әскерлер барып Шіңгіл халқын әуеден аяусыз бомбалаған. Ол ауылдар бастабында өз ықтиярымен келіп Моңғолияның қол астына өтті ме, әлде уақытша қыстап қайтуға ұйғарым алған ба, бұл мәселе әлі де даулы. Жалпы қазақтың біртұтас ақиқат тарихын, ұлттық, рулық шежіресін сапалы шығарғымыз келеді екен, онда қай-қай жақтағылар бірлесіп зерттеу арқылы бір тұжырымға келуі керек. Бұған ең қолайлы орталық С.Аманжолов атындағы ШҚМУ болар деп ойлаймыз. «Алтай-ортақ үйіміз» халықаралық ұйым Барнаулда іс-қызмет жүргізіп отыр, бәріне де жақын. Кенжебектің әйелі Валентина 1980 жылдарға дейін Горно Алтайск қаласында тұрады деуші еді, бұған қарағанда олар Шүй елінің адамы болуы да мүмкін. Ал Алматыдағы Рүстембек Көшенов атындағы мектептің бұған қисыны бар ма, жоқ па мәлім емес, бірақ ескеру артық болмас.

Моңғолияға еңбек сіңірген әртіс, Құсайын Дүйсебайұлы («Қыз Жібек», «Қалқаман-Мамыр» спектакльдерінде Төлеген және Қалқаман бейнесін сахнада сомдаған актер әрі музыкант) Шыңжанды басып, Шығыс Қазақстаннан келген арғын еді. 1957 жылы Буыршындағы інісі Оразбай, Наурызбайларға жолаушылап оралғанын архив дәлелдеді. Құсекеңнің шаңырағы қазір Талдықорғанда. Дүйсебайдың жақын інісі Семейбайдың баласы Керейбайұлы Молдахан қытайдағы «қызыл сақшылардан» жан сауғалап қашып келгеннен соң да ұзақ уақыт тергеу, тектеу, бақылауды бастан кеше жүріп 1962 жылы Өлгийге келіп тұрып, 1993 жылы қайтыс болды. Ол кісі туған жерім Кендірлік деп өлең айтып, ән салатын. Осылайша Шыңжан өлкесінен келіп  Баян-Өлгийде қоныстанғандар бір төбе: Ақын Шәріпхан Жәмлиханұлы, інісі Төңкеріс, Идеятдолла, Кираман, Қасен және Түркстан, Мұхаметжан, Қалман, Кәгірбай, Зейнелхан, Аңхан, ұйғыр Жақып, қарақас Нүкей құл молқы Мүлтай үш баласымен (Бұлар Түнхэлде), Рахмет т.б.

Қарт заңгер Тұрысхан Сөртібайұлы 1991 жылы жазып берген естелігінде: «1945 жылы әскери барлауда жүргенімізде жапондықтар басып алған Ішкі Моңғолдан бір топ ауылды шекарадан бері қарай асырып келгенімізде Қали деген қазақ бала-шағасымен бірге келген» деген еді, сол Қали қайда сіңгені белгісіз.

Жәнтекей-самырат рулы Байбұғаұлы Рамазан (1863-1963)-ның туыстары Шыңжанның Еренқабырғасында, зайыбы найман рулы Кәмила Нұрпейісқызының туыстары Зайсанның Қараталында. Бұлар 1930 жылдарда Шыңжан арқылы Баян-Өлгийде болып, 1950 жылдар басында қызы Алданышпен (Осы елдегі қазақтан шыққан тұңғыш спорт мастері, жүйрік) Их буланнан Улаанбаатарға барып қоныстанған. Кәмиланың ағасы Қали, бауыры Мұсатай, олардың балалары Мұрат, Құмарлар 1962 жылы Қараталдан бірер дүркін хат жолдағаннан кейін хабар-ошарсыз көрінеді. Бұл отбасының тағдыры аса күрделі. 1945 жылы етегіне орап бауырына басып алған ата-ана сол перзентін ержеткізбекке 1750 шақырымдағы Улаанбаатарға күрең қасқа атымен атты-жаяулы барып арба айдап тіршілік еткен. Алданышы орта маман дәрігер, жоғары маманды спорт мұғалімі, Токио олимпиадасының жүлдегері, 800 метрлік жаяу жүгірістен жасаған рекорды қазірге дейін бұзылған жоқ. Ол қазір де Улаанбаатарды тұрады.

1934 шылы Шіңгілде туып,1945 жылы Моңғолияның Бұлғынына келіп, 1968 жылы Улаанбаатарға, Түнхэлге ағаш шаруашылығындаа, 1971 жылдан Зүүнхара мал шаруашылығында жұмыстап 1991 жылы Қазақ еліне оралған Оралтай (Отай) қажы Құмарұлы әулетінің азапты тағдыры бір үлкен хикая.

Жоңғар шапқыншылығынан кейін жаны жай тауып тыншыған Абақ керей тайпасы Ер Жәнібек батырдың қол астында 18-ғасырдың аяқ шенінде біршама уақыт Жарма, Күршім маңында қоныстанып, қарт батырдың ақылы бойынша Әбілпейіс сұлтанның баласы Көгедайды әкеліп Көкпектіде хан көтерген. Былайғы уақытта Қалба, Сауыр, Алтайға жайыла іргені кеңге салғанымен осы мекендердің һәммасын алдағы бір дәуірде екі алып держева өзара бөлісіп алып, қазақ төрт мемлекетке бөлініп қалып аһ ұрарын аңдамаған. Шетелге кеткен қазақтардың атамекеннен кетудегі бір себебі, «жазығы» осы... Ал Бұқар жырау айтты делінетін жырдағы «Керей қайда барасың...» керейге қаратылып айтылған сөз емес, «Садыр қайда барасың» деп Бұқардан бұрын өмір сүрген Үмбетай жырау, одан кейін Бұқар айтқанын дәлелдейтін дәйек бар. Сол жырды бертіндегілер «Керей қайда барасың» деп жолсыз түрде бұрмалап алған. Садыр, Матай-найманның рулары, бұл рулар қазақ жерінен Керейден бұрын кеткен!

Найман рулы Доғалбай Қасайынұлы Күршімнің Қаратоғайынан 1930 жылдарда Моңғолияға Есімхан, Күлатай деген екі ағасымен келіп қоныстанған. 1957 жылы Буыршындағы ағасы Мұхаметханға туысшылап барып келген. 1974 жылы Қазақстанға жолаушылап барған кезінде туған жерінен топырақ бұйырған. Доғалбайдың баласы полковник Мәдениет, Әкерия, немересі байланыс инженері Досымбектер Өлгийде тұрады. Күлатайұлы Құнапия 1960 жылдарда Алматыдан тіл, әдебиет мамандығымен оқу бітіріп келген ұстазымыз еді. Күршім демекші ителі Күршімбай ауылы ашаршылық жылдарында ауа көшіп келіп ұрпақтары Алтай сұмынында қоныстанған, қашқын ретінде бірнешеуі жазаланған. Күршімбайұлы Құсайынның зайыбы найман рулы Қатипа әжей 1992 жылы Қазақстандағы туыстарын (белгілі қазақ ақыны Ұлықбек Есдәулет) тауып, көшіп кетпек болғанда жүгі кетіп, өзі Ресей өткелегіндегі қатыгез тектеушілердің кесірінен аса алмай қалып, сонан кешікпей ажал жетті де Баян-Өлгийден топырақ бұйырды.

Ғұлама ақын Ақытқа қамқор болған Машан молқы Жуанған (Жота қажы) үкірдай Моңғол жерінде біршама мекендеп, арғы бетке ауып кеткен, кей ұрпағы Моңғолияда қалған.

Ақын қажы Ақыт Үлімжіұлы Моңғолия қазақтары ортасында оншақты жыл өмірін өткізсе, осы ел қазақтарының белгілі аға буын қаламгері керей жәдік-байғазан рулы Ақтан Бабиұлы, жәдік-жанғара Дөңтай Қожамбетұлы, молқы-машан дщраматург Құрманхан Мұқамәдиұлы т.б-лар Алтайдың күн бетінде дүниеге келген. Ителі рулы ақын, аға жауынгер әрі дәрігер Даниял Дікейұлы «дүңген соғысы» бүліншілігінде арғы беттен Баян Өлгийге ауып келген. 1950 жылдарда өкілдер тобымен Бейжіңге барып Жоуэнлаймен жолыққан, 1957 жылы Алтай қаласына атпен барып келген, 1990 жылдарда Бейжіңге сапарлаған, Қазақстанның Талдықорғанына барып қоныстанып, тоқсан жасында қайтыс болды, Туысы Ахмет мұғалім Үрімжіде, қарындасы көрнекті әнші Жәукен Сүлеймен қызы Алтай қаласында тұрады.

Ителі руының Тыныбек, Атанас-Байжан аталарынан тарайтын Түсбай баласы Укай -Нұрдыбай Кендірлікте туып-өскен, 30-шы жылдар шамасында немере ағасы Әйеке биді халық жауы ретінде ұстайды. Мал-мүлкін тәргілеген кезде, КГБ-лықтарға тілмаштық істейтін туысы Сыдық: «Бұларың қалай? Адам жау екен, оны тұтқынға алдың, ал мал да жау ма?» дегенде оны табанда атып тастағандықтан барлығымыз қырылармыз деп ауылы түнделетіп үрке көшеді. Шекарада атыс, қақтығыс болып, ұсталып қалғаны қалып, адамдары жан-жаққа бытырап кетеді. Укай Шыңжанға өтеді, інісі Нұрбайдан көз жазып қалады, іздеп-іздеп таппайды. Ізіне түсіп тіміскілеп жүр деген сыбыспен онда да тұрақтай алмай Укай 1933 жылы Моңғолияға өтеді. Жылдар жылыстап өткенде ғана хабар алса, Нұрбай неміс фашистерімен соғысқа қатысып жараланыпты да 1945 жылы туған жеріне келіп қайтыс болып, артында Қинаят деген баласы қалыпты. 1993 жылы өлгені тіріліп, өшкені жанғандай сол хабарды естісімен Укай асығыс жолға жиналады. Сыртқа шығатын паспортты болып, енді Ресей арқылы Қазақстанға өтетін виза Улаанбаатардан келгенше зарығып күтіп отырғанында қайырымсыз қаза қас қағымда қағып әкетеді. Қызы Зәйімкеш (жұбайы дайындықтағы офицер Жайсаң Зардыханұлы, қазақстанда қайтыс болды) 2003 жылы Қазақстанға қоныс аударып, Укай ұлы Қуанған, Кәшімдер Баян-Өлгийде қалған.

1850 жылдарда қыз алып қашып Марқакөлден келген әйгілі ақын Тауданбек Қабанұлы. Оның баласы Дәуітбай Халық төңкерісінің белгілі партизаны, Моңғолияның мемлекеттік алғашқы құрылтайының өкілі, парламент мүшесі, сол құрылтайда сөз сөйлеп маңызды мәселе көтерген және Коминтерн өкілі Тұрар Рысқұловпен, Қазақстан үкіметінің өкілі Хангелдинмен кездескен (бұл туралы Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романында да бар) белгілі қайраткер бола тұрып 1938 жылы баласы Бұйдаханмен бірге саяси нәубетке тартылған. Оның абыройы бертінде ақталғанымен қалай жазаланғаны туралы дерек табылмаған. Ал Дәуітбай 1940 жылдарда бір топ салтаттымен келіп жүріп Талдықорғанның Тұрпан ауданы Үшарал жерінде қайтыс болғандығын жергілікті көнекөз кариялардың: «Бір топ салтатты адам осында келіп, біраз уақыт болған. Дәуітбай деген жасы егде адамы қайтыс болып жерленген, қабірі мынау. Өзгелері кері қайтып кеткен» деген соң ұрпақтары анықтап, басына белгі қойып, діни рәсімдер өткізген. Дәуітбайұлы Бұқабай (аға ұстаз, 2013 жылы Алматы, Түргенде дүниеден өтті), немересі Мұрат Бұқабайұлы қазір Түрген-Қаракемерде тұрады.

Көрнекті тарихшы доктор Зардыхан Қинаятұлы (1940-2016)-ның атасы Жөнбай ауылы 1876 ж Қазақстаннан Моңғолияға, 1880 ж Қосағашқа, 1916 ж Шыңжанға, 1919 ж Моңғолға өтіп қоныстанған екен, Зақаңның өзіне Алматыдан топырақ бұйырды.

Жерінен ауған қазақтар-жел айдаған қаңбақтар. Қамза Серікбайұлы (1892-1961жылдар шамасы) Таулы Алтайда орыс көпесі Афанасьевтің бұғысын бағып, бақшасын баптап жүріп дәм айдап 1930 жылы Ақкөл жалғастыру базасына жұмысшы болады да Моңғол жерінде түбеселі тұрып қалады. Оның қызы 1925 жылы дүниеге келген Мария морзшы-байланысшы, мұғалім, актриса (Баян және Ақтоқты бейнесін сахнада сомдаған), аймақтық әйелдер кеңесіне, кәсіподақ кеңесіне ұзақ жыл басшы болған, қазір балалары (қызы Зақан, ұлы Қожан) Қазақстанда.

Қарабай (ұзақ жасап 1957 жылы Өлгийде қайтыс болды) атанған Нұржақып қазан төңкерісі тұсында Қазақстан жақтан келген найман, кітаптарын арқалап ел ақтаған еңгезердей бойы бар, ер мұрынды, қас-қабағы қалың да сұсты, бетіне тік қарағанға таяқ көтеретін мінезі қатал, бес уақ намазын қаза қылмай, мешіт мұнарасына шығып шәһарды басына көтере азан шақыратын діндар, дарияны қақ тіліп малтап өтетін қарымды сергек, жалғызбасты қария өле-өлгенше жөнін айтпай кеткен, ақтық демін сарқар алдында ғана: «Менің шын есімім Нұржақып еді, осылай атап, жаназалап жерлеңдер» деп өсиет еткен, Өлгийдегі наймандар зиратына қойылған. Қарабайды барлау ұйымы ұлт-азаттық қозғалыс кезінде өзі сияқты сырттан келген кезбе Ғұбдайдолла дегенмен бірге  Шыңжанға тыңшылыққа жұмсап, жол серігі Ғұбайдолла жолда өлген, я сонда қалып қойған деген де сөз бар. Қарабайды бертінде  әйгілі Міржақып Дулатов деген дүдамал қауесет таралды, ғылыми зерттеу жасалса анықтала жатар, қабірі Өлгийде.

Саяси сүргін ешуақытта толастаған емес, бірі ашық, бірі көмес, бүгінгіге елес, дегенмен мынау алмағайып уақытта олай да емес... Нақақ жаламен Моңғолияда соңғы рет 1952 жылы атылған қазақ тағы да «қашқын»-Махмұт Ыбырайұлы. Шыңжанның тарихи деректерінде Үрімжіде 1930-1940 жылдарда қазақ-қырғыз ұлттық мәдениет, ағарту ұйымында Махмұт есімді бастық болды, 1943 жылы саяси мектепте курс оқыды  деген мәлімет бар. Және бір деректе Махмұтты ұлт-азаттық күрес жолында топтасқан  қазақ, ұйғыр, татар жастарының жетекшісі, құпия ұйымның басшысы ретінде көрсетеді.  Кей деректе Оспанға қарсы қойса, кейбірінде онымен ниеттес тұрпатпен алып қарайды: Бұрхан Шаһидидың «Шыңжанда өткен елу жыл» кітабында панисламшыл, пантүркішіл қайта орнаған Шығыс Түркістанның «қарулы күші 1933 жылы Оспан мен Махмудтың әскери бөлімдері болды» делінген. Моңғол, Қытай шекарасындағы Даусын деген жерде орналасқан Оспанды алған бетінен қайтару үшінгі тапсырмамен, әлде өз мақсатымен Махмұт Оспанға бір рет жолығып кетіп, екінші рет келе жатқанында моңғол шекарашылары 1944 жылы 27 ақпанда ұстап тұтқындап, «шекара бұзған, қытай тыңшысы болғандығы үшін» сегіз ай қамап тергеген. Қадағалау түрінде уақытша босатқан соң кешікпей басқа абақтыға салған.  Сот үкімінсіз осылай қамауға болмайтыны туралы абақты бастығы Тэрбиш 1945 жылы жоғарыға наразылық жолдайды, бірақ босатпағандықтан жазықсыз азап шекен Махмұт өлімге бел байлап у ішкенімен мәжбүрлеп сауықтырады. Ол жоғарыға әлденеше хат жолдайды, 1946 жылдың басында босатқанымен, сырттай бақылауда ұстайды. Улаанбаатарда сол тұста қазақтар насихатына арналып орнаған баспаханада қызметтейді. Көптеген тіл білетін зерек, шебер аудармашы, саяси сауаты жоғары, жасындай жарқылдаған от-жалынды Махмұт өзімен қызметтес болған Ә.Мініс, Ж.Арғынбай, Р.Шоңай қатарлы сол тұстағы аға буын зиялыларды талантымен таң қалдырған.

Махмұт екі балалы орыс келіншекпен тұрмыс құрған екен, чекистер ол әйелді Ресейге қайтарып жібергендіктен Баян-Өлгийден оқуға барған қазақ қызымен некелесіп, балалы болады. Бірақ Махмұттың саяси жұмыс істеуіне шектеу салынғандықтан жекелік асхана ашады. Ал асханаға адам көп жиналатын болған, сөйтіп 1952 жылы 13 наурызда қайтадан қамауға алып, сонау сегіз жылдың алдындағы «қылмысы» дәлелденбесе де соның сылтауымен төтенше комиссия сол жылғы 23 маусымда өлім жазасына бұйырып, 29 маусым, түнгі 12-ге 10 минут қалғанда атқан. 1991 жылы ісі қайта қаралып, абыройы сергітіліп, жазықсыздығы жария етілді. Махмұттың ата-баба мекені Семей, Үржар, өзі Тарбағатайда дүниеге келіпті. Артында қалған тұяғы Баян-Өлгийде милиция офицері Қайратхан еді, 1980 жылдардың ақыр шеніне таяғанда «халық жауының қалдығы екендігі» әшкереленіп, қызметінен шығарылды. Дегенмен кешікпей әкесін, өзін де ақтатып тынды да ұлттық отанына қоныс аударды, бірақ Қайратхан  пәниден ертерек аттанып кетті.

Бұл елде саяси нәубеттің дені 1938 жылы жүріліп өткенімен «Алтай асып қашады» жаласымен жазалау 1942-1952 жылдарда Құжырты-Бұлғын өңірінде пәрменді жүрілді. Ол нәубетке азаматтығы жағынан Моңғолияға қарастылармен қатар жоғарыда аталған Махмұт тәрізді Шыңжаннан келіп жүрген азаматтар да қамтылған: Көнсал Төлеген, Құсман Төлеужан, Мәми Жұртбай, Әділхан Әбдіғали, Нүсіпхан Нәсибай, Әнуар Мәми т.б.

Абақ керей ортасына ислам дінін пәрменді таратқан, алғаш мешіт салған, хажылық сапарды бастатқан адам 1827 жылы Ташкенттен Алтайға 20 жасында келіп, 90 жасап пәниден аттанған Шаһимансұр (Мұхамет Мүмин хазірет). Ұрпақтары Хазірет атаң ауылы атанып қазақтанған, қазір үш елге таралды. Алайда немересі Шаххаюм мен оның ұлы Кәбілтай Моңғолияда атылса,  немересі Жәмлиха мүфти Қытайда саяси нәубетке ұшыраған.

Қарақожа атанған діндар Қасен Тоқтарұлы (қожа сүйекті, 1860-1960) қайдан келгені беймәлім, 1940-50 жылдарда Баян-Өлгийде балаларды сүндеттеп аз уақыт болып, Қобдаға кеткен, қазір үш елде де ұрпақтары бар көрінеді. Ол қолға түспей, сергектігімен орын ауыстырып із адастыру арқылы жанын да, дінін де сақтаған. Әйтпегенде байлар, билер, діндарлар, әсіресе Кеңес елінен келген, сондай сезігі бар буриадтар мен наймандардың қанды қол нәубеттің қатал қармағына ілінбегені кемде кем:

Тоғанбай ұлы Нұрқатай-Нұрмұқамет пен Бекеш-Бекмұқамет Шың Ши сай заманында арғы беттен асып келіп жан сауғалағанымен Нұрқатай қашқын ретінде ұсталып, атылып, Бекеш ұзақ жыл түрмеде болып, 1950 жылы босап келіп, 1990 жылдарда Қазақстанға барып қайтыс болған, 1950 жылдарда Алтай, Шеміршекте тұратын жиені Мырзабектен хат алып тұрғанымен «Зор секіріс» кезеңінде хабарсыз қалып, кездесе алмаған, қазір Мырзабек ұрпағы мал дәрігеріТолқын қызы Гүлбақыт, әнші Зураштар Үрімжіде.

Арғынбек Айтжанұлы, Нұрғали Алтайұлы, Мыхан Ахметсана, Қали Бітібай, Әуғали Қабылғажы, Мағади Майты, Ысмағұл Күдері, Жиынды Күдері, Күдері Қамза, Қамит Асқабыл, Тілеубай Қилыбай, Омарғажы Жаманбала, Әбіл Қосбай, Расол Шәйтіке, Жақып Назар, Шәкірт Әбсейт, Кенже баласы Рахиман, Сейілхан, Самбай баласы Қабдолда, Қабдуәли, Қолдас, Қатпа баласы Замбы, Құсбек, Тікенбай баласы Сағымжан, Сағынған, Сейтхан т.б. Бұлардың дені Бұлғыннан, тек Қобда аймағынан 20-дай найман халық жауы ретінде ұсталып атылған.

Моңғолияда 1921 жылы жеңген төңкеріс 1930-1940 жылдарда ғана осынау батыс өлкені қамтыды деу шындыққа жанасады. Жаңа өркениет ретінде әкімшілік құрылым өзгерді, оқу-ағарту, өнер, медицина жаңаша, соның өзінде қазақстандықтардың қолдауымен өркен жайды. 1940 жылы ұлттық аймақ орнағанда Қазақстаннан Баян-Өлгийге Құрбанәлин Сәмбет, Есмағамбетов Сейтахмет, Қадыкенов Мұғади, Шынықұлов Жомарттар келген. Соғыстың ауыр кезеңі басталып жатқан 1941 жылданТөлеубай Қ., Тілеуберді С, Сейтахмет Е, Сұлтан Б-лар Өлгий бастауыш мектебін 7 жылдыққа айналдырды. Жұқан Кәдірбеков, Садық, Жапар Тінәлин (Алматы Красногор,1916), зайыбы Жәміш; Мұхтар Шөкеев, Сейтахмет Мақсұтов (1928. Қарағанды Нұра. Тарихшы. Есмағамбетов), Рашида Қожахметова (1928. Батыс Қазақстан Теректі), Мұғади Қадыкенов (Жамбыл Қордай. Алатау кентінде тұратын ғалым баласы Мұрат Мұғадиұлынан жуырда бір хат алдық), зайыбы Ғайша; Оразалы Иманәлин (Ақтөбе), зайыбы Майнұр; Қалымтай Бижанов (географ, аймақтық газетке   де кеңесші болды), Сәмбет Құрбанәлин (1904, Жамбыл Мерке, физмат), Қайыргелдин Айдарбек (Паулодар, 1913), Сұлтан Баймұқанбетов (Батыс Қазақстан Шыңғыс, 1909, зайыбы мұғалім), Қайролла Молдағалиев (Қамзин, Батыс Қазақстан Чапаев, 1911, химик), Төлеубай Қордабаев (Шығыс Қазақстан Абралы, 1915), зайыбы Күлаш, Тілеуберді Сауранбаев (1909, тарихшы, 1990 жылдарда қызы Роза осы жаққа келіп кетті), зайыбы Зейнептер аймақтың әр сұмынында мектеп ашты, ұстаздық етті. Олар білім беру, мұғалім дайындаумен қатар өнер, мәдениет, ақпарат саласын дамытуға үлкен үлес қосты.

Еңбек сіңірген ұстаз Ақтышхан Үркінұлының (1920-2010) ақтық сұхбатында: «Қазақстаннан келген мұғалім Ғайша мен Күлжәміш «Гәкку» әнін шырқағанда, бұрын қара өлеңнен басқаны білмейтін балалар қызық көріп, қыран-топан күлуші едік. Олар алғашқы кітаптарды, «Жеті батыр» жырларын енгізіп келгенде оқушылар күндіз-түні еселеп көшіреміз, білімге сусаған қыр халқы оны таласып-тармаса алып кетеді. Төлеубай Қордабаевпен екі жыл бірге қызметтедім. Тілеуберді, Күләш, Жапарлар мол дәріс берді. Өзге мектеп оқымай-ақ ана тіл, әдебиет пәнінен солар берген біліммен 40 жыл абыройлы қызмет атқардым»-деген сөзі үнтаспада сақтаулы. МЕС ұстаз Н.Байлыханның естелігінде Байнорда алғашқы ұстазы Т.Сауранбаев болғанын, Өлгийде 1944 жылы 7 жылдық мектепте математикадан Сәмбет Қ, тіл әдебиеттен Төлеубай Қ, тарихтан Сейтахмет М, географиядан Қалымтай Б, химбиологиядан Хайрулла Хамзин сабақ бергенін, ал 1947 жылы Алматыға оқуға барғанында толық орта білімің жоқ деп институт қабылдамағанда бұрынғы танысы, сыртқы істер министрінің орынбасары Жапар Тінәлин зор көмек көрсеткенін ізетпен еске алып жазған. 1946 жылы Төлеубай Қ-ның Сейіл деген ұлы Өлгийдеқайтыс болған екен.

Тілеуберді, Төлеубай, Сейтахметтер Моңғолияның жоғарғы мемлекет сыйлығы Алтын жұлдыз орденімен наградталған. 1954-1958 жылдарда тіл, әдебиет маманы Заманбек Сұлтанбеков, химбиолог Нұрпейіс Әбділдин, математик Уәли, Манас Кенжекеев, Шәрия Кенжекеева, Пірмағамбет, Уәлилер келіп сабақ берді. 1940 жылдардан айпартком бірінші хатшысының кеңесшісі Бейсеке Байтасов, ішкі істер бөлімінің кеңесшісі Меңдікерей,  1970 жылдарда білім саласында Шәкір Аманов, 1980 жылдарда Лайық Шалдыбаев егіншілік саласында кеңесші болды.

1940 жылдан аға дәрігер Тамара Садова, Сташкина Маслова, Бәдиша Ниязовалар келіп қызметтеді. 1956 жылдан МД театрдың іргетасын қалауға сазгер Ғабидолла Тастанов, Зоя Жарасбаева, Алдаберген Мырзабеков, Мәлғаждар Әубәкіров, Марфуға Ақмәдиева, домбыра жасайтын һас шебер Қамар Қасымов айрықша қолтаңба қалдырды. 1956 жылы Жамал Омарова, Қапиза Әбуғалиева, Шара Жандарбекова, Клара қатарлы өнер шеберлері, 1967 жылы жазушы Сәбит Мұқанов Баян-Өлгийде болуы ұлтын сағынған елдің рухын оятты. 1943 жылдан Лұхпан діндар келіп, Өлгий мешітінде имам болып тұрып, 1953 жылы еліне қайтқан.

1940 жылдардан Н.Базыкей, У.Жапархан, Ә.Кәлмік, Ж.Әпенді, Б.Боқыбай, К.Жабақ, Б.Кәбдилер Қазақстанға барып мұғалімдік, Т.Дүйсенбі режиссерлік, Ө.Шура, Ә.Тоня дәрігерлік мамандық игерді. 1950 жылдардан басшы кадрлар: Ж.Ырым, Ж.Әбділ, О.Тілейхан, М.Қашқынбай, С.Қабышайлар Алматыда жоғары партия мектебінде оқып, журналист Ә.Қажекбер, баспа инженері Ж.Ахмет, мемлекет қайраткері Ә.Шәкерхандар Мәскеуде оқыса, Н.Байылхан, Ж.Арғынбай, К.Құнапия, Қ.Даян, Б.Имашхан, Қ.Шабдарбай, Қ.Қабидаш, Ш.Күлияш, Ғ.Кебек, О.Қаһар, Ж.Кәкей, Б.Мұраттар Алматыдан тіл-әдебиет мұғалімі, журналистер болып даярланып келді.

Оқулықтар, әдеби кітап, дүркінді баспалар Қазақ елінен  1940 жылдардан лек-легімен келіп тұрды, 1950 жылдардан Қазақстан радиосы саңқылдады. Алайда бұлар 1990 жылдардан пышақ кескендей тиылды да, есесіне жастар Қазақстанға лек-легімен оқуға аттанды, теле арналар еніп келді, әсіресе елді мекендерге. Халықтың тең жартысы бытырау-тарау қырда жүрген малшылар, олар қазақ ақпаратына әлі де зәру, алда күткен жолы-дүбәра дүрегейлікке бару. Әсіресе жасырары жоқ, бұл елдегі азғантай қазақ шоғырының ортасында, жақын руластар мен аталастардың, нағашылар мен жиен, бажа, бөлелердің өзара құдаласуы қан жақындасу апатын төндіре түсті!..

1986 жылы желтоқсанда бірнеше журналист Улаанбаатар арқылы   Мәскеуде болдық. Қай қалаған республикаларыңа сапар шектірейік дегенде Алматыға баруға ұсыныс білдіріп едім, моңғол достар да құптады. Бірнеше күн тамашаладық. Мерзіміміз бітпеген еді, бірақ үкімет басшысы келетін болды деп бізді қайтарып жіберді. Сенімді адамдардың айтуынша «қазақтың біраз жеріне жоғарыдан қол сұқпақ, сондықтан жаңжал шығуы мүмкін» десті. 1983 жылы барғанымда талантты жазушы Оралхан Бөкей: «Билігі өзінде болса Қазақстан қазіргіден бай болар еді» дегенде таңданған едім, алыптың ниетін енді түсіндік: Біз Улаанбаатарға жетер-жетпесте желтоқсан уақиғасы жер жиһанды жаңғырықтырды. Баспасөз, ақпарат құралдары ол уақиғаны  «жүліктер жасаған бүлік» деп соқты. Алайда әлем хабарын қалт жібермей беріп тұратын Моңғол елінің сол кездегі бас органы (бас редакторы әйгілі қаламгер Л.Түдэв) «Үнэн» газеті ол туралы тіс жарып, тіл қатпағандығын үнсіз құптадық.

1989 жылы 9-тамызда Моңғол, Кеңес екі елдің шекара түйілісі Арқада «Бейбітшілік дабылы» атты кездесу салтанаты өтті. Кеңестік делегацияны бастап келген Қазақстанның Білім министрі Шәмшия Б.К-ға аймағымыз басшысы проф. Б.Құрметбек «Бейбітшілік дабылы» деген жазу тоқылған кілемшені тарту етті. Сол тарту азаттық пен тәуелсіздікті, бірігуді аңсаған зар тілектей сезілген, жолы да болды. Жыл дегеніміз жылқы аунап тұрғанша, кешікпей бейбіт жолмен Қазақ елі азаттық жеңіске, тәуелсіздікке жетті. Б.Құрметбектен Моңғолия үкіметіне, Н.Назарбаевқа хаттар жолданды.

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ағайынға ақ тілек» сәлемі ақ қанатты құстай самғап, дүйім дүниені шарлады, Моңғолия қазақтары атамекенге ұлы көшті бастады. Тегінде Қазақ Ордасы алғаш құрылғанда халық саны 200 мыңдай екен, аймағымыз қазағының жан саны сол деңгейге іліне бергенде тең жартысы ауа көшті. Бұрын қазақтар Шыңжанға асып кетеді деп аса сақтықпен қарайтын өкімет Қазақстанға жібермеуге тырысқанымен адам құһы туралы халықаралық заңды бұзып бөгет бола алмап еді, ал енді кетсе екен дейтін болды...

Ұлы көш мәселесіне келгенде: тарихи отанға кетуіміз керек деп алғаш ұсыныс көтергендер, ол ұсынысты қолдап мемлекетке мәселе қойғандар, келе қой деп ол жақтан шақырғандар, көшті бастап барғандар-төртеуі  де ер. Солардың бір дерегі-қобдалық Мұғазам Өміртайұлы т.б-лардың 1978 жылы Д.А.Қонаевқа жолдаған хаты болса, енді бірі 1990 жылы 7 наурызда «Социалистік Қазақстан» газетінде жарық көрген Ержәнібек Қажыұлының хаты еді. Ол хатта «...1931-1932 жылдары ашаршылық заманында Моңғолияның Қобда аймағына барып жан сақтаған екенбіз...Алда-жалда тағы да Түрксіб салмақ, тың игермек болсаңыздар, басқа жұртты жаппай-ақ шетелдердегі туыстарыңызды шақыртсаңыздар еді. Біздің Бай Өлкедегі қазақтар арасында 6 мыңдай жас жұмыссыз жүр».

Ата-бабасының топырағы, жаттың табаны шиырлаған өз жерін «оралмандар» алақандай баспана салуға өздері жалынып сұрап, сатып алғанға арланса да ұлт тағдыры, ұрпақ болашағы үшін барып та жатыр. Көш керемет айбынды жүріліп жатты да соңы сиырқұймышақтана бастады. Бұл жағдай қазақтар тұратын кейбір мемлекетте қазаққа қырын қарайтын жағдай туындауымен орайласып отырғаны өкінішті! (Туған жер мен тойған жердің Жер мен көктей арасы-Серік Ақсұңқарұлы).

Шетелдердегі қандастарымыз осыған нараулай отырып, бұның арғы жағында әншейін жай мүмкіндік пен сылтау ғана емес, ұлтты біріктіру, тәуелсіздікті орнықтыру, ел дамысын одан әрі қарқындату және шетелдерде бейнет шеккен ағайындарға жанашырлық жасауға байланысты ұлт көшбасшысы  мен ұлтжанды нағыз қазақ зиялыларының көзқарасына қарсы қастандық пиғылдылардың дұшпандық әрекеті жармаса бастаған-ау  деген ой туындатып отыр. Әрине, бұл жағдай әсіресе ағасы я інісі кетіп жарымбақтап қалған халық үшін ең ауыр да көкейтесті мәселеге айналды.

Таңдаулы ғалымдар, қаламгерлер мен сазгерлер, дәрігерлер, инженерлер Моңғолияда білім, мамандық игеріп атамекенге барып қоныс тепті: Доктор Қ.Зардыхан, Ә.Мініс, Б.Нәпіл, Қ.Хұсайын, инженер Н.Төлеубай, С.Сьез, М.Батай, Н.Мәдениет, Махұм, Ж.Мұхит, С.Ғұмырұзақ, Б.Қайрат, Т.Шегебек, З.Сағат, У.Ботагөз, дәрігер Ж.Уатхан, Т.Сәулен, Ж.Мәрзия, С.Кәрілхан, Ө.Гүлнәр, М.Бәдел, Ж.Есмағзам, Сайлау, А.Бөкенбай, А.Қасен, Б.Болатхан, Гүлмайра, А.Айман, әнші Ә.Қабылаш, Н.Мәрияш, Қ.Сақария, сазгер Ә.Ахметбек, Қ.Мүсәйіп, С.Құрмет, Ф.Бержан, күйші Қ.Кәлек, Т.Ысқақ, Б.Әмет, Ж.Сейт, өнертанушы Т.Тәйіф, қаламгер Қ.Қабидаш, Ш.Жәмлиха, С.Қаржаубай, А.Ақын, Ш.Зуқай, Ж.Байыт, І.Кеңес, М.Егеухан, Ш.Қуандық, Қ.Айыпхан, Т.Бодаухан, Ә.Дәулетхан, Т.Ақеділ, М.Абай, Қ.Жүкел, Б.Бақытбек, К.Есенгүл, Б.Қайрат, ақын С.Қабдыжәлел, И.Қазира, суретші Р.Өмірұзақ, М.Зейнелхан, мұғалім Ж.Рыстан, К.Төлеу, Р.Мәней, М.Қалат, К.Қасилан, А.Қасихан, Н.Қалел, полковник Н.Дәлел, Р.Казбек қатарлы жүздеген қадірлі жандарын жерлестері сағынышпен еске алады.

Даңқты әртіс Ж.Қибатдолда, сазгер А.Қабыкей Ә.Ахметбек, қаламгер Ж.Арғынбай, Д.Даниял, Б.Имашхан, Н.Шерияздан, М.Елеусіз, Қ.Шабдарбай, Ш. Жәмлиха, О.Солдатхан, А.Қауия, Қ.Кәп, М.Қабдай Қ.Баман, Н.Сейлхан, М.Сағатбек, Ы.Берімбай, І.Кеңестерге, Шыңжаннан Моңғолияға келіп, бұған да тұрақтай алмаған жазушы Ә.Сейтханға, майдангер Т.Бодаубай, Қ.Баймолда, балуан Б.Айдаубай, ғалым Қ.Сирежад, Қ.Дәней, М.Жұмағали, Қ.Тау, Н.Сәтей, еңбек ері Н.Сарбас сынды асыл әндігерлерге атамекен топырағы бұйырды. Аруағы орнап, арғымағы аунап, атаны шөккен, күлін төккен сол қасиетті топыраққа біздің азаткер бабаларымыздың қаны мен тері сіңіп, ардақтысына айналған.

Абылай ханның оң тізесінен орын алған батыр сардары Ер Жәнібек Бердәулетұлы бабамыздың Жарма ауданы Ортабұлақ өңіріндегі зиратының маңында Байтайлақ және Қожаберген (батырдың туы қазір бізде сақталумен келеді) сынды серіктерінің зираты бар. Сол өңірге таяудағы Зайсан маңында, Абақ керей Көгедай Әбілпейізұлын хан көтерген Көкпектіге жақын жерде биыл Қарақас Қаптағай батырға ас берілді. Асқа Түркия, Швейцария, Германиядан да қарақас ұрпақтары келді. Ал Қобда аймағынан көшіп Екібастұзға барған Қаптағайдың нағыз өзінен тараған ұрпақ Әбдолда бұл асқа неге үлгірмеді екен?..

«Көк бөрі киесі бар Көкдөненді» батыр Ер Жәнібектің аңызға айналған ақ туын 1867 жылы «қызылаяқ» соғысында немересі Нәке көтеріп аттанған болса, 1940 жылы Алтай қазақтары қарулы көтеріліске шыққанда Оспан батыр туды  Зарыққанның қолынан алған да, ту сақталатын сандық Зарыққан ұрпақтары Сағадат, Мырзахандарда қалған, Шіңгілде. Туды Оспан батыр ұстаған бойында 1947 жылы 17 қыркүйекте көтеріп шығып Сарсүмбені басып алып, бір айдан соң қайта шегінгенде Зарыққанұлы Рахат алған. Оның жақыны Сырғабайұлы Баймолда алып сақтап, Қалман Ақытұлы бастаған көтерісшілер 1958 жылы атқа мінгенде, өкімет саясатымен жасалған әрекет болуы керек, туды Алтай аймағының жерком хатшысы Хуан Үйчің сақшылар жіберіп Баймолдадан алып «сақтаған» бойында барлау ұйымының қолында ма, «қызыл сақшылар» өртеді ме, бірақ із-тозсыз кеткенімен қытай ұқыпты халық, бір кезде шығарып келер.

«Арғы, он екінші атамыз Шеруші пәни жалғаннан қайтқанда бір топ талдың ортасына жерленіп, басына ақ балшықтан қорған тұрғызылыпты. Кейін сол жер Талдықорған атаныпты. Оны да қайта айналып бір көре алмадық»-деп аңыз ғып, арман етуші еді бұрынғы көнекөз кариялар. Ол сөз рас болса,  жер жәннатын қиып бергі бабаларымыз сол арадан неге келді екен, әлде орыс бекеттерінің тегеуріні қатты батты ма, келер ұрпағы Нұрсұлтан ағамыздың нұр шарапатымен қайтадан бір оралғанда жол ашылса да жөн табылмай, алыпсатарлардың қолына өтіп кетіп, қазақ деген куәлік пен қолайлы қоныс, баспана табылмай текке тентіреп аз емес бейнет шегетінін ескермеді ме екен, тентіреуден көзі ашылмаған қайран қандастар?!..

Шынай РАХМЕТҰЛЫ. Моңғолияның "Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері", ақын-жазушы, аудармашы.

Баян-Өлгий

6alash ұсынады