Суретте: Әділет Ахметұлы мен күйші Аршын кәсімбай

Бұл шын мәнінде үлкен жаңалық. Алдымен күй авторының, және төңірегінде жүрген руханият жоқшыларының, атақты ғұлама, ақын, данышпан Ақыт Үлімжі ұрпақтарының, арғы-бергі беттегі ағайынның, тіпті күллі қазақ баласының ұлы қуанышы деуге де болады. Себебі, өнер атты ұғымды ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы тірнек өнері, көрнек өнері деп екіге бөледі. Тірнек өнері – күнделік тіршілікке арналған керек жарақ жасау, астау, шаңырақ, ыңыршақ, уық, т. б. Ал, көрнек өнері – бүгінгі тілмен айтқанда көркем өнер. Сол көркем өнерге әдебиеттің әр жанры мен күй, сәулет өнері, бейнелеу өнері, мүсіншілік, суретшілік, т.б жатады дейді. Күй – хикмет дүние. Ақындықтық кез келген адамға қонбайтыны сияқты, күй де солай. Күй қазақпен егіз жанр. Күйдің бір артықшылығы түйе боталағандай өте сирек туады. Ал, өлең екі күннің бірінде жазыла береді. Тұтас қазақ идеясының қолдаушысы болып жүрген ер тұлғалы азаматтар елдің шығысы мен батысын, терістігі мен түстігін бөле қарамайды. Содан да болар, шығыста туған өнер туындылары, ата мұралары бүгінде Қазақстанда жоғары деңгейде дәріптелуде. Әрине оған да үлкен азаматтық жүрек, парасатты пайымдар керек.

Міне, осылайша, құрметті ағайын, қазақ руханиятына жаңа күй келіп қосылды, жай ғана қосылып қоймай үлкен оркестрде орындалды. Еске сала кетер болсақ, осы күйдің авторы, атақты күйші Кәсімбай Құсайынұлының баласы Аршын кәсімбай бұдан бұрын "Ер Жәнібек "атты арынды күй шығарып, оны да Отырар сазы оркестры орындап шыққан болатын. Қазақ өнерінің жанашыры болып жүрген Қайрат Нәби Аршынның домбырасының шанағындағы сол "Ер Жаныбекті " "Отырар сазы" халқаралық оркестрге танысытырып, осы бір игі жұмыстың бастамасын қолға алып, жолы ашылуына себепкер болған еді.  Оркестрдің дирижері Мүсілім Әмзе мырза. Құс қанатты ғұмыр кешкен, алтын саусақ, дәулескер күйші Нұрғиса Тілендевтің қызы, ҚР Еңбек сіңірген Қайраткері, оркестрдің көркемдік жетекшісі Дінзухыра Тілендева басқаратын бұл орталық бүгінгі таңда талай мұрамыздың түгенделуінде үлкен рол ойнап келеді. Ал, бүгінгі әңгімемізге тиек болған "Ақыт толғауын "өнер жанашыры, белгілі кәсіпкер Есен Байтілұлының дәнекер болуында отырар сазынан тыңдап отырмыз.

Тәуелсіз Қазақстан топырағына келгелі бірнеше күйлерді тыңдарман қауымға ұсынып үлгірген Аршын Кәсімбайұлының бұдан басқа "Қожаберген батыр жорығы" атты сұрапыл, дауыл мінезді күйі де көптің көңілінен шығуда. Алдағы күндер де ол күйде ел қазынасы таңдаулы сахналар арқылы қосылады деп үміттенеміз.

Өнер иелері мен өнер танушыларға, өнер жанашырларына алғысымызды білдіреміз !

А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі

институтының қызметкері, ақын

 Әділет АХМЕТҰЛЫ

«Арман» АКО сайтынан алынды

6АЛАШ ҰСЫНДЫ