Шәкәрімнің Зияты –

«Алаш» арыстарының ары, сыры, ұяты.

Жалған, қысқа ғұмырда арда Алтайын оятып

кеткен ғазиз ер еді, аталмастан жиі аты.

Қызыл дұшпан қырғидай байтағыма таласты,

Қиын күнде ер Зият ақиқатқа жол ашты.

Рухымен жалғады Арқа менен Алтайды,

Ұлы ісімен жалғады Арғы бет пен Алашты…

Қақ бөлінді қайран ел, Арғы бет пен Бергі бет,

Зият сүйді қазағын ақ жүрекпен елжіреп.

Шәкәрімді атқандар көзін құртты ұлының,

Ұлы Алаштың ұл-қызы қалды көзі мөлдіреп.

О, Абайдың оң көзі, ерте жанған шырпым-ай,

Салқам-салқам самсыған Сарыарқаның бұлтын-ай.

Күллі Алашты өзіңе тағзым жасатар едім,

Сенің ғазиыз денеңді тауып алсам, шіркін-ай!

Ділім менің оянса, сенің атың өлмес-ті,

Айналайын ақсүйек, алтын жалды кербесті!

Есе теңдік, еркіндік өз қолында болса егер,

Мәрмәр көңіл қазағым сені жауға бермес-ті…

Шәкәрімнің баласы, есіл Зият – арда шың,

Нағыз шаһит баһадүр, рухың ғарыш шарласын!

Сенің елің атыңды ұлықтайтын күн туар,

Тектіліктің тұғырын қайта тауып алғасын!

Әділет Ахметұлы