Наурыздың 20-сы күні Facebook желісіндегі «SARAJOL» парақшасында Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан түлеп ұшып, әлемнің үздік мемлекеттерінде білім алған, бүгінгі таңда АҚШ-тың Калифорния штатындағы белгілі компанияларда қызмет атқарып жүрген Өлгейдің біртоп дарынды түлектерімен «Жастар – елдің ертеңі» НАУРЫЗ 2021 атты Live /онлайн/ кездесу ұйымдастырылды.

Бұл кездесу шет мемлекеттерде білім алып, тәжірибе жинақтап, өрісін кеңейткісі келетін талабы таудай жасампаз жастарға арналды. Кездесуде:

  • Дұрыс мамандық таңдай білу;
  • Кәсіби шеберлік;
  • Ғылым-технология;
  • Ұстаным & Мақсат;
  • Өмірлік тәжірибе және т.б тақырыптарда әңгіме өрбітті.

Жастармен өз білім-тәжірибесін бөлісіп, ойын ортаға салған Live кездесудің басты қонақтары:

Матайұлы ЖАНАРБЕК, PhD /АҚШ-тың Калифорния штатындағы «Qualcomm» компаниясының Аға инженері/;

Танайұлы ЕРТАЙ, PhD /Калифорния мемлекеттік унивеситетінің доктор, профессоры/;

Батханқызы ГҮЛЖАУҺАР, CPA /«G&J Tax» компаниясының қалаушысы/;

Хабайұлы ЕРЖАНАТ /«Facebook» компаниясының Стратегиялық Аға Аналисті/;

Жеңісұлы БАУЫРЖАН /«Rio Tinto» компаниясының Аға инженері/;

Шегебайұлы АРҒЫНБЕК /«Facebook» компаниясының Аға инженері/.

Live кездесуде қонақтарға сұрақтар қойып, пікір алмасып белсенділік танытқан жастарға Бай-Өлкедегі «Technozone» компаниясының атынан Смарт телефон сыйға берілді.


Өз білімінің арқасында шет мемлекеттердің танымал мекемелерінде жұмыс жасап, білім жолында жетістіктерге қол жеткізіп жүрген Бай-Өлкенің қыз-жігіттерінің «Жастар – елдің ертеңі» НАУРЫЗ 2021 Live сұхбатының толық нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз!


Жанарбек Матайұлы, PhD

/«Qualcomm» компаниясының Аға инженері/

Жанарбек – компьютер ғылымдарының докторы, Сан-Диегодағы Калифорния Университеті(UCSD), Корея Жоғары Технология Институты (KAIST), Моңғол Мемлекеттік Ғылым және Технология университеттерінің түлегі.  Оның авторлық еткен кәсіби кітабы әлемнің үздік университеттерінде оқытылады.  Қәзіргі таңда АҚШ-тың Калифорния штатындағы «Qualcomm» жасанды интелекті зертеу орталығында «Аға инжинер» болып қызмет атқарып жүрген, өз ісінің шебері, білікті көшбасшы.


Ертай Танайұлы, PhD

/Калифорния Мемлекеттік Унивеситетінің доктор, профессоры/

Ертай – 2009-2010 жылы АҚШ-тың Орегон штатындағы Портленд Мемлекеттік Университетін (PSU) бакалавр, 2010-2012 жылы магистр дәрежесімен бітірген. АҚШ-тың Охио штатындағы Кент Мемлекеттік Университетінен (KSU) докторантурада оқып, PhD дәрежесін 2016 жылы қорғаған, қазіргі таңда Калифорния Мемлекеттік Унивеситетінің  (CSU) доктор, профессоры болып қызмет атқарып жүрген дарынды көшбасшы.


Арғынбек Шегебайұлы

/«Facebook» компаниясының Аға инженері/

Арғынбек – Ресейдің Санкт-Петербор Мемлекеттік Политехникалық Университетінде баклавр, АҚШ-тың АЙОВА штатының Fairfield қаласында магистратура бойынша білім алып, MobiCom, Samsung Electronics, Rio Tinto қатарлы бірқанша ірі компанияларда қызмет атқарған білікті маман. Қазіргі таңда АҚШ-тың Калифорния штатындағы Facebook компаниясында «Аға инженер» болып жұмыс жасайды.


Гүлжауһар Батханқызы, CPA

/«G&J Tax» компаниясының қалаушысы/

Гүлжауһар – Мәскеудің Қаржы Университетінде бакалавр мен магистр академиялық дәрежесінде білім алып, әлемге танымал «Делойт» жәнеде «Jarus & Co LLP» компанияларында тәжірибе жинаумен қатар менеджерлік деңгейге жетіп, биік шыңдарды бағындырған. Ол бүгінгі таңда АҚШ-ың Лос-Анжелестегі Калифорния Университетінде біліктілігін шыңдаумен қатар аса жоғары санаттағы «Мемлекеттік Салық Есепшісі /CPA/» дәрежесіне ие болды. Қазіргі кезде аса күрделі «Қаржы және Аудит» саласында жеке компаниясын құрып, кәсіпкерлерге салық заңнамасы бойынша ақыл-кеңес берумен айналысады.


Бауыржан Жеңісұлы

/«Rio Tinto» компаниясының Аға инженері/

Бауыржан – Темір-кен, мыс, алмас, алтын және уран өндіретін BHP-ден кейінгі әлемдегі екінші ірі металлургия және тау-кен «Rio Tinto» корпорациясының Моңғолиядағы «Оюу-Толгой» деп аталатын бөлімшесінде «Сениор Бизнес Аналист /Senior Advisor, Business Improvement/» болып жұмыс жасаған. Бүгінде АҚШ-тың Калифорния штатындағы «Rio Tinto» компаниасында «Дата Ғылымының Аға Инженері /Principal Data Scientist/» болып қызмет атқарып жүрген білімді де білікті маман.


Ержанат Хабайұлы

/«Facebook» компаниясының Стратегиялық Аға Аналисті/

Ержанат – Түркия елінің Ыстамбұл қаласындағы Bogazici Университетінде баклавр, АҚШ-тың Oрегон штатындағы Орегон Университетінде магистратура бойынша білім алып, Интел компаниясында «Менеджер, Маркетинг Дата Ғылымы /Manager, Marketing Data Science/» болып жұмыс жасаған, бүгінде АҚШ-тың Калифорния штатындағы Facebook компаниясында «Стратегиялық Аға Аналист /Senior Quantitative Strategy Analyst/» болып қызмет атқарып жүрген, өз ісінің шебері, білікті көшбасшы.


«Жастар – елдің ертеңі» НАУРЫЗ 2021 Live /онлайн/ сұхбатының негізгі ұйымдастырушысы, «SARAJOL» академиясының жетекшісі – Кәдірбек Сайлауұлы.

Кәдірбек – Түркияның Анкара қаласында «Ақпараттық технологиялар (IT)» бағытындағы жоғары оқу орнын, АҚШ-та Компьютер Ғылымдарының магистрін оқып, Моңғолияның Ұланбатыр қаласында мемлекеттік сертификатпен инженер дайынайтын «Empasoft Academy» компаниясының негізін қалаған. Бүгінгі таңда АҚШ-тың Орегон штатының Портлан қаласында мамандығы бойынша қызмет атқарып жатқан білікті инженер.

«SARAJOL» академиясының негізгі мақсаты – алдыңғы буын ағалар, ізінен ерген ел ертеңі болар студент, оқушы жастардың дұрыс білім алып, қажетті кәсіпке үйренуге, кәсіби маманға айналуға деген ынта-жігерін арттыру жолында кеңес беріп, игілікті іс жарата отырып сара жол нұсқау!

дайындаған: Жұбатгүл САМБУУҚЫЗЫ

6alash ұсынады