Әдеби тіл дегеніміз – халықтық тілдің дәстүрлі қалып-нормасы мен стильдік тармақтары бар және тілдік элементтер, яғни сөздер жүйесінің құрылымдық, қолданыстық жағынан жалпы заңдылықтары аясындағы тұрақты жосындары бар белгілі арнаға, жүйеге түскен, өңделген түрі болып табылады. Нақтырақ айтқанда, әдеби тіл – көркем әдебиеттің, ғылымның, білімнің, бұқаралық ақпарат құралдарының, кеңселік-іскерлік қатынастардың тілі. Ол сол тілде сөйлейтін халық өкілдерінің баршасына түсінікті, ортақ болады да, қай елде тұрғанына қарамай, сол тілдің иесі санатындағы халықтың бәріне бірдей ұлттық қатынас құралы болып саналады. Ол – төл шығармалардың ғана емес, әр жанрдағы аударма еңбектердің де бірден-бір құралы.

Кәкеш Қайыржанұлы

Демек, әдеби тілдің қоғамдағы басты міндеті – адамдар арасындағы қатынас құралы болу. Әдеби тіл деген ұғымға ханзу ағайындар бір кезде тіке әдебиет тілі (文学语言) деген сөзді баламалаған. Кейінірек – нормалы (өлшемді тіл) (标准语) деп қолданды. Өйткені тілдің әдебилігінің бірден-бір көрсеткіші – оның нормалылығы, сол нормалылығы негізінде халықтың белгілі кезеңдегі қоғамдық, рухани, мәдени өмірінің, өте-мөте сөз мәдениеті өндірісінің құралы бола алуы. Норма ұғымы – әдеби тілдің мәндік сипаты әрі ұлттық әдеби тілді анықтаудағы ең негізгі мәселе. Ғалымдар тілдің заңды нормалылығын, бір ізділігін ұлттық әдеби тілдің басты белгілеріне санайды. Тілдің стильдік тармақтарының саралануы да норма арқылы және жалпы халықтық бейімі негізінде іске асады. Әдеби тілдің нормалары тілдің даму барысындағы сан ғасырдың жемісі. Ал біздің әдеби дейтініміз, әдебиліктің өзі тілдің жүйелік сипатымен, сұрыпталған, сымбатталған тұрақты нормаларымен, сол халыққа әрі ортақ, әрі түсінікті қасиеттерімен анықталады. Қай тілдің болсын, грамматикалық амалдары, яғни сөз тудыру, сөз тіркестерін жасау, сөйлем құрау ережелері көп ғасырлардың қарым-қатынас тәжірибесінде қалыптасқан. Олар тіл білімінің фонетика, лексика, грамматика сияқты көптеген салаларының аясында жеке-жеке тілдік бөлшектердің ішкі мәні, мазмұны мен сыртқы дыбыстық, тұлғалық жағының сәйкестіктері арқылы ұғынылып, айқындалып отырады. Мұның өзі әдеби тілдердің баршасының өзіне тән морфологиялық, синтаксистік дағдылы жөн-жосыны, сөз-сөйлемдердің құрылыстық, құрылымдық, қолданыстық қағида--жүйесі болады деген сөз. Тілдер үшін халықтық дәстүр мен олардың ішкі заңдылығының өзі – норма. Тілдегі нормалардың қандайы болсын, қолдану машығынан, дағдысынан туып қалыптасады. Сөз орамдары мен тұрақты тіркестердің және сөйлемшелер мен сөйлемдердің барша жұртқа ортақ заңдылықтарын, қалыптасқан жүйесін, нормасын бұзуды әдеби тіл көтермейді.

Әдеби тілдің қалыптасу жолы әр қалай. Кей халықтардың әдеби тілі сол халықтың белгілі бір ғана сөйлейтін бір диалектісінің негізінде қалыптасты. Кей халықтар өздеріне әдеби тіл етіп бөтен бір халықтың тілін малданды. Бұл әрине сол халықтың тәуелсіздігінің жөқтығымен, басқа бір елге бағынышты болуымен немесе мәдениетінің мешеу қалуымен байланысты болды. Дегенмен көп жағдайда әдеби тіл белгілі халықтың барлық диалектісін қамти отырып немесе жалпы халықтық тілдің негізінде қалыптасады. Қазақ әдеби тілі соңғы түрге жатады. Дәлірек айтсақ, қазақ әдеби тілі сөйлеу тілі мен бай ауыз әдебиетінің дәстүрінде, жалпы халықтық тіліміз негізінде қалыптасқан.

Қазақ әдеби тілі – өрнекті, үлгілі қалыптасқан нормасы бар тіл. Ол жалпы халықтық ана тіліміздің көркем әдебиет пен бұқаралық ақпарат құралдарында, ғылым салалары мен іс қағаздарында қолданылатын жүйеге, қалып-нормаға түскен нұсқасы. Қазақ әдеби тілінің бастау алған кезеңдерін анықтау алдымен қазақтың төл көркем әдебиетінің алғашқы нұсқаларымен тығыз байланысты. Қазақ көркем әдебиетінің алғашқы үлгілері 5-8 ғасырдағы Орхон-Енисей, Талас жазбалары, 11 ғасырдағы «Құтадғу біліг» (Құтты білік), «Диуани лұғат ат-түрк» («Түркі сөздерінің жинағы»), 13 ғасырдағы Кодекс Куманикус (лат. Codex Cumanіcus), 14 ғасырдағы «Оғызнама» сияқтыларға саяды. Міне осылар – қазақ әдеби тілінің бастау алған арнасы болып саналады. Қазақ халқының өз алдына ел болып қалыптасу кезеңіндегі Шағатай немесе орта Азиялық түркі тілі (15-19 ғасыр) қазақ қоғамының әр түрлі мәдени қажетін өтеуде үлкен роль атқарды. Бұл тұста сан ғасырдан қазақтың ауыз әдебиетіне қызмет еткен жыраулық әдеби тіліміз әлде қашан қалыптасып үлгерген еді. Сондықтан Шағатай тілі көшпелі өмір сүрген халықтың шын мәніндегі байырғы ұлттық тілінің орнын баса алмады. Арада бір мезгіл Шағатай тілінің ұлтымыздың мәдениетіне қызмет еткен айрықша түрі «Кітаби тіл» де өмір сүрді. кейбір зерттеулерде ескі қазақ әдеби тілі деп аталатын бұл тіл бергі дәуірге жақындаған сайын бірте-бірте қазақыланып, жалпы халықтық жаңа жазба әдеби тілмен астасып кетті.

Ғалымдар қазақ әдеби тілінің тарихын төрт кезеңге бөліп қарастырады.

Бірінші кезең: 15-17 ғасырлар арасы. Меніңше бұл кезеңді кемінде екі ғасыр алдыға, яғни 13 ғасырға таман жылжытуға болатын сияқты. Себебі, бұл күндері жалпы халықтық сөйлеу тіліне негізделген төл әдеби тіліміз санатындағы жыраулық әдеби тіліміздің затында қашан қалыптасқаны, оның негізін кім қалағаны туралы дәп басып айту қиын. Десе де Моңғұл билігі тұсында жасаған «Шына қыздан туған ұл. Сенің бабаң Шыңғыс хан – Мұны көрген бабаңмын» деп толғайтын Сыпыра жырауды, Жошы ханның қазасын күймен жеткізген, Шыңғысханның замандасы Кетбұғаны, олардан да арғы аты аңызға айналған апай төс тұлғалар Қорқыт, Қотан, Жұмағұлдарды жыраулық әдебиеттің тарихында ізі түскен өкілдері деуімізге әбден болады. Әйткенмен, 15 ғасырда қазақ ру-тайпаларының халық болып біріге бастауы, бір орталыққа бағынған қазақ хандығының құрылуы қазақ әдеби тілінің қалыптасуына тарихи қолайлы жағдай ұсынғаны рас. Сол кездегі көркем поезияның көрнекті өкілдері – жыраулар мен ақындар халық қолданатын тілдік жүйе мен сөз асылдарын шығармаларына енгізу арқылы ауыз әдебиеті тілінің нормаларын қалыптастырды. Әдет-ғұрып заңдарын жүргізудегі, қоғамдық мәні бар мәселелерді шешудегі ақсарағат кемеңгер билердің шешендік сөз, толғауларында мақал-мәтелдер, қанатты сөздер мен фразеологиялық тіркестер қолданыла келіп әдеби тілдің саралануына жағдай жасады. Бұл мезгілде ұлттық ауыз әдебиетіміздің құрылымдық жүйесінде көсемсөз стилының ауызша түрі де қызмет етті. Ел арасына ауызша тараған жыраулардың толғаулары, шешендік сөздер немесе билер сөздері осы кездегі әдеби тілдің үлгілері ретінде танылады. Бұл тұста ауызша әдеби тілдің лексикалық құрамы негізінен жалпы халықтық тіл есебінен толығып отырды. Бірақ бұл кезде халық тілінің сөз байлығы түгел айналымға түсе алған жоқ.

Екінші кезең: 18-19 ғасырлар. Бұл – қазақ поезиясының мейілінше көркейген тұсы. Мұндағы әдеби тіл үлгілеріне Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетай, Бұхар жыраулар мен Шал, Көтеш ақындардың шығармалары жатады. Осы тұста, әсіресе, жыраулар стилын тіл жағынан жинақтап, түйіндеген ірі тұлға басқа емес, Бұқар жырау еді. Бұқарда жырланған тақырып өте ауқымды болды. Оның тұсында бұрынғы кездегі жаугершілік тақырыптағы өлең-толғаулар жалпылықтан нақтылыққа қарай ауысты. Көбіне жеке жорықтар, жеке батырлар жырланды. Жалпы елдік арман-мұратқа үн қосатын әлеуметтік-азаматтық лебіз, ақыл-өсиет айту, ерлікті-батырлықты дәріптеу сарыны көрнектіленді. Күнделікті тұрмыс-салт тақырыбындағы лексикалық топтар да қолданысқа енгізілді. Міне осындай тақырып өрісінің ұлғаюына орай әдеби тіліміздегі сөздік құрамның аумағы да кеңейді. Сөздерді ауыспалы мағынада образ ретінде емес, атау септігі мағынасында жұмсау өріс алды. Араб, парсы тілдерінде қабылданған кірме сөздердің қатары да молайды.

Үшінші кезең: 19 ғасырдың 2 жартысы. Бұл кезеңде қазақ әдеби тілінің даму бағыты айқындалды. Жазба әдеби тілдің қай-қай халықтың ұлт ретінде қалыптасуына, одан әрі бірігіп біте қайнасуына ұйтқы болатын фактор екендігін ерте таныған ұлтымыздың дана көкірек перзенттері Ыбырай Алтынсарин, өте-мөте Абай Құнанбайұлы сондай ұйтқылық қасиетті шағатай тілінен емес, кейінгі ескі кітаби тілден де емес, сан ғасырдан қазақ поезиясына қызмет етіп келе жатқан төл әдеби тіл мен халықтың сөйлеу тілінен байқап, қазақтың сол қолтума байырғы әдеби тілін қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің арқауы етті әрі оны көркем тіл кестесіне түсіріп, жаңа өң беріп, мәйегін қалыңдатып, қуатын барынша арттырды. Сөз кестесіндегі әрбір тілдік элементтің жалпыға таныс ортақ мәндерімен бірге ішкі мүмкіндіктерін ашып, әдеби көркемдеу тәсілдерінің тың үлгілерін жасады, сол арқылы ұлттық жазба тіліміздің негізін қалап, жалпы әдеби тілдің ауқымын кеңейтіп, жаңа сапада дамуына жол салды. Абай қазақ тілін «Өткірдің жүзі, Кестенің бізі. Өрнегін сендей сала алмас» деп өте әділ бағалайды. Шындықты айтсақ, жаңа сападағы осы жазба әдеби тілімізді дұрыс бағалаудың да және меңгерудің де алғашқы үлгісін ұлы Абай жасады. Осы үшін де біз Абай рухына маңгі бас иеміз.

Төртінші кезең: Қазан төңкерісінен кейінгі мезгіл. Қазақтың қазіргі әдеби тілі алдымен Қазақстан жерінде қалыптасып, бірте-бірте көрші елдердегі, соның ішінде еліміздегі қазақтар арасында да базар тапқаны мәлім. Бұл тұстағы қазақ әдеби тілі халыққа білім берудің, мәдени, рухани мұраларды жасаудың қуатты құралына айналып, қоғамның барлық салаларына қызмет етті. Қазақтан шыққан көркем сөз зергерлерімен қатар, ғылым, мәдениет, қоғам қайраткерлері де әдеби тіл нормасының тұрақталуына, әдеби тіл қызметының жан-жақты күшейе түсуіне белсене ат салысты. Соның арқасында қазақ әдеби тілінің нормалары жүйеге келтіріліп, тәртіптенумен қатар, сөз тудыру, халық тілінің қорындағы сөздерді сұрыптап қолдану, басқа тілдерден сөз қабылдау принсиптері жетілдірілді. Қазақ тілінің грамматикасы жазылып, еміле ережелері белгіленді. Еміле, айтылым сөздіктері және түсіндірме сөздіктер құрастырылды. Ғылым салаларының терминологиялық сөздіктері, жалпы мағұлматтық анықтамалар және энциклопедиялар жасалды. Ұлттық әдеби тілімізді сөз шеберлеріміз өнер дүкенінде шыңдап, өңдеп көптің көкейінен орын алатындай етіп қалыпқа түсірді. Ол күні бүгін халқымыздың өміріндегі бүкіл әлеуметтік қызметтің негізгі салаларындағы қарым-қатынас қажетін толық қанағаттандырып келеді.

Бұл арада әдеби тілдің міндетіндегі екі негізгі қызметтің басын ашып алғанымыз жөн. Әдеби тілдің бірінші қізметі – адамдардың өзара ұғысуына, пікір-ой ауысуына мүмкіндік жасау. Бұл ғылым тілінде әдеби тілдің коммуникативтік қызметі деп аталады. Енді бірі – адамның сезіміне әсер ету. Бұл ғылым тілінде әдеби тілдің экспрессивтік-естетикалық қызметі деп аталады. Жалпы халықтық тіл сияқты, әдеби тілдің де өмір сүру нысаны екеу – бірі ауыз екі сөйлеу тілі, енді бірі жазба тіл. Әдеби тіл деген ұғым мен жазба тіл, жазба әдеби тіл деген ұғымдар бір-бірімен қарым-қатынасты, байланысты болып келгенімен, тепе-тең бір емес. Жазба тіл – тек әдеби тілдің даму дәрежесінің көрсеткіші. Сол сияқты әдеби тіл үшін стильдік-жанрлық тармақтары бар деген белгі де әдебиліктің емес, әдеби тілдің даму дәрежесінің сапалық көрсеткіші болып саналмақ. Сондықтан қазақ әдеби тілінің тарихы өте арыда, тамыры да тым тереңде деп үлкен сеніммен ашық айта аламыз. Қазыр ұлттық әдеби тіліміздің жазба түрінің өзі көркем әдебиет стильі, көсемсөз немесе газет-журнал стильі, ғылми әдебиет стильі, ресми іс қағаздар стильі төрт-бес әдеби стильге бөлініп үлгерді. Сонымен қатар, ауыз екі сөйлеу түрінің де қызметі көбейіп, стиль әбден орнықты. Әдеби тілдің жазба түріне сәйкес жиналыста, радио мен теледидар алдында, сахнада, кино қойылымдарда сөйленетін ауыз екі түрінің де қызметі кеңейе түсті. Сөйлеу тілі негізінде қалыптасқан ұлттық әдеби тіліміздің жазба және сөйлеу осы екі түрі әр қашан бір-біріне кереғар бола алмайды. Кітап тілінің элементтері баспа сөз арқылы дыбыстық сөздердің барлық түріне енген. Олар бір-біріне әлі де ықпал етіп, қарым-қатынас жасап отырады. Өзара тығыз байланыста дамиды. Әдеби тіліміздің жазба, ауыз екі сөйлеу түрінің әр екеуі де қолданушының редакциясынан өтіп өңделген жатық болуға тиіс. өкінерлігі, бізде қазыр тіл дәстүрін, нормаларын толық игерген әдеби тіл кадрлары тым тапшы болып отыр. Қазақстанның алматыдағы «Арыс» баспасы 2007 жылы басып шығарған «Диалектологиялық сөздік» Жұңго қазақтарының диалекті деп; өкім сүру, миянзысы түсу, салакештік істеу, по ату, бөзек қылу, сәп салу, пайлақшы, жазысы жоғары, жіп ұшы деген сияқты бір топ сөзді атапты. Әрине, олар бұл сөздерді біздің жария басылымдарымыздан кезіктірсе керек. Бұдан біздің аймақтық лексикамыздың қаншама былыққанын байқауға болады. Ұлтымыздың саналы өкілдері бұл сөздердің қазақ сөзі емес екенін бірден парықтай алады. Алайда, қазіргі тұста кейбір сөздік қорымызда жоқ сөздер мен жекелеген жасанды сөздерді малданып, әдеби тіліміздің сиқын кетіріп жүрген ағайындарымыз баршылық. Оның үстіне ондайлардың қатары барған сайын ұлғайып барады. Тіл мәдениеті – азамат келбетінің айнасы. Ол жеке бастық инабатыңа ғана емес, ұлт тағдырына, ұрпақ келешегіне саятын күрделі ұғым. Өз ана тілін дұрыс сөйлей немесе жаза білмейтін адамды туған халқының шын мәніндегі мәдениетті, білімді азаматы деп айту қиын. Тіл мәдениеті тіл тазалығын да қамтиды. Сондықтан осы арада лексикамызда жоқ бола тұра, ұлттық баспа сөзімізде қолданыста жүрген немесе ұғым шатысқан біраз сөздердің басын аша кету артық болмайтын сияқты.

  1. Баяшат. Бұл сөз сөздік қорымызда жоқ, оны бақуатты, бай-бақытты, шат-шадыман, уайым-қайғысыз деген сөздердің орнына қолдануға болмайды.
  2. Уакалатан. Мұндай сөз де жоқ, бұған атынан, өкілдік ретінде деген сөздерді баламалаймыз.
  3. Қалаймақан. Әдеби тіліміздің нормасына жат. Оған мәтінге қарай албаты, беталды, тәртіпсіз, ретсіз, ыбырсыған, қоқыған, былыққан деген сөздер баламаланады.
  4. Қопал. Қазақша дөрекі, тұрпайы, оғаш, ерсі деген ұғымда теріс қолданылып жүрген ұйғұр сөзі.
  5. Ылғар. Бұл да жоқ сөз, мұны озат, озық деген сөздердің орнына қолдануға болмайды.
  6. Тәсір. Ұйғұрша сөз, біз әсер немесе ықпал дейміз.
  7. Таярлық. Мұны кей ағайындар дайындық, әзірлік, даярлық деген сөздердің орнына жаңсақ қолданады.
  8. Тосқындық. Қазақша сөз емес, біз кедергі, бөгет, жолтоспай, оралғы, тосқын, тосқауыл деп түрліше айтамыз.
  9. Тосалғы. Қазақша сөз емес.
  10. Тақсы. Ұйғұрша сөз, қазақша тәлеңке (тәрелке), табақша деп айтылады.
  11. Нәп. Пайда, олжа деген сөздердің ұйғұрша баламасы.
  12. Інкас. Ұйғұрша сөз, бұл ұғым қазақша ауқым, ауан, аңыс делінеді.
  13. Көктат. Көкөністің ұйғұрша баламасы.
  14. Пұшек. Ұйғұрша сөз, қазақша мін, шикілік, кемістік деген ұғымдарға тура келеді.
  15. Тұштық. бұл сөз қазақ әдеби тілінде жоқ. оның орнына лайықты, жарарлық, тұрарлық деген сөздер қолданылады.
  16. Жанқұрал. Тапанша, қол мылтық деген сөзімізді ұйғұр ағайындар осылай айтады.
  17. Натайын. Сөздік қорымызда жоқ сөз. Мұны нағайбыл, екіталай деген сөздердің орнына қолдануға болмайды.
  18. Қарамаққа. Кей ағайындар лексиямызда жоқ осы сөзді көріністе, көрер көзге, көлденең көзге, былай қарағанда деген сөздердің орнына жаңсақ қолданады.
  19. Қарағанда. Жартыкеш сөз. Жеке қолданылмайды. Не жағдайға қарағанда, не ауарайына қарағанда, т.б түрінде айтылады.
  20. Ұрлықша. Сөздік қорымызда мұндай сөз жоқ. Біраз адамдар бұл сөзді жасырын, білдірмей, ұрлана, баспалай деген сөздердің орнына ағат қолданады.
  21. Оңайлықша. Дені сау сөз емес. Кей адамдар бұл сөзді оңай-оспақ деген сөздің орнына пайдаланып жүр.
  22. Өткір. Тілімізде бұл сөз жүзі тез кесетін деген тура мағынада, өжет, батыл деген ауыспалы мағынада жұмсалады. Жедел немесе алғыр деген ұғымда қолдануға болмайды. Кей ағайындарымыз күні бүгін «миы өткір», «соқыр ішектің өткір түрі» деп теріс сөйлем құрайды.
  23. Ұқсамаған. Бұл сөзді кей ағайындар түрліше немесе бір-біріне ұқсамайтын, сәйкес келмейтін деген мағынада ағат қолданады.
  24. Астында. Кей ағайындар ханзу, ұйғұр тілінің әсерімен «шарт астында», «жағдай астында» деген сөздерді жиі қолданады, қазақ ұғымында жағдайдың да, шарттың да асты-үсті болмайды. Біз мәтінге қарай, «шарт ете отырып», «шартпен» немесе (белгілі) «жағдайда» деп сөйлем құраймыз.
  25. Саптас. Бір саптағы, бір сапқа тұрған, қатарлас деген мағынаны білдіретін сөз. Кей ағайындарымыз мұны майдандас серік, жауынгер жолдас деген мағынада жаңсақ қолданып жүр. Тілімізде саптасу деген сөз де бар. Мысалы: Олар бізге қарама-қарсы саптаса қалыпты (І.Есенберлин). Оңтүстік Қазақстанда бірлесіп тары түйуді саптасып тары түйу дейді.
  26. Майса. Тілімізде қаулап өскен майда көк шөп майса делінеді. Ұйғұр ағайындар дақыл көгін, өркен сабақты, яғни көк өскінді майса дейді. Мұндай ұғымдарды шатыстыруға болмайды.
  27. Рауан. Бұл сөз қазақ тілінде де, ұйғұр тілінде де бар. Бірақ, қазақшада сәуле, арай деген сөздердің синонимы ретінде ұсталса, ұйғұр тілінде жатық, іркіліссіз деген мағынада ұсталады. Осындай ұғымдарды шатыстырып алмауымыз керек.
  28. Ыс. Ұйғұр тілінде түтінді ыс дейді, ал қазақ тілінде түтін мен ыс бір емес. Ыс – түтін тозаңынан байланатын қара дақ. Бір нәрсені ыс тұтып қарайтқанда «ыс басыпты» дейміз.
  29. Кеш. Ұйғұр ағайындар түнді кеш дейді. Ал қазақ тілінде кеш – ымырт жабылып, қараңғы түскен уақыт. Түн – күннің батуынан таңның атуына дейінгі аралық.
  30. Шырғалаң. Бұл сөз шым-шытырық, шытырман деген ұғымды білдіретін сөз, қырсық, кесір-кесепат деген ауыспалы мағынада да ұсталады. Қазір негізгі мағынасын ұмытып өте бейберекет қолданып жүрміз.
  31. Тезден. Бұл тезбе-тез, тезінен, тездеп деген үстеулер мағынасында теріс қолданылып жүрген сөз.
  32. Қыжалат. Бұл сөз қазір ұят, ұялу деген мағынада жаңсақ қолданылып жүр, іс жүзінде бұл әдеби тіліміздің қорына толық кірмеген сөз. Аймақтық лексика ретінде Алматы өңірі мен Шинжияң қазағы мұқтаждық, зәру, қажет деген мағынада қолданады. Қыжалат тарту – тарығу деген сөз.
  33. Қатарлы. Жас жағынан шамалас немесе мәртебе жағынан дәрежелес (Мысалы: сен қатарлы жігіт), көппен бірдей (Мысалы: жұрт қатарлы) деген ұғымда ұсталады. Қазір көп адамдар ұйғұршаға еліктеп сияқтылар, тағы басқа, тағы бір қатар, тағы-тағылар деген мағынада немесе көптік жалғау ретінде жаңсақ әрі өте бейберекет қолданып жүр.
  34. Жіңішкелік. Жіңішке затқа тән қасиет. Қазір оған «пен» дейтін көмектес септік жалғауы жалғанып, мұқият, ұқыптылық, құныттылық ұғымында теріс қолданылып жүр.
  35. Мал. Бұл сөз тілімізде төрт түлік мал, үй жануарлары деген ұғымды білдіреді, кейде кіріс (Мысалы: малтапты), байлық (Мысалы: мал бітті) деген ұғымдарда жұмсалады. Бірақ бұйым деген мағынада қолданылмайды.
  36. Кар. Бұл сөз тілімізде қаһар (кәріне мінді), ызбар (кәрін төкті) деген ұғымда ұсталады. Ұйғұр тілінде парсылық кірме ретінде жұмыс, шаруа, кәсіп деген мағынада жұмсалады. Кәсіпорынды ұйғұр ағайындар «кархана» дейді.
  37. Сәт. Бұл сөз тілімізде сиықсыз, сұрықсыз деген мағынада емес, жақсылық, қолай, оңтай деген ұғымда жұмсалады.
  38. Сәл. Бұл сөз лексикамызда немқұрайды, сүле-сапа, дел-сал, салқы, селсоқ деген мағынада емес, азғана, шамалы, болмашы деген ұғымда жұмсалады. Мысалы: Ол сәл шытынды.
  39. Сайлам. Бұл сөзді сайлау деген сөздің орнына қолдану дұрыс емес. Жұрнақ жалғау арқылы сайлау деген сөзден сайлаулы, сайлауыт, сайлаушы деп сөз тудыра алғынымызбен, сайлам деген сөзді түрлендіре алмаймыз.
  40. Қайтарма. Бұл сөз сын есім ретінде қолданылса, қайталанатын (Мысалы: қайтарма қара дауыл) немесе қайырып қоюға болатын (Мысалы: қайтарма жаға) деген мағынада ұсталады. Сондықтан қылған қиянатқа қарсы қимылды қайтарма «қайтарма шабуыл, қайтарма соққы т.б дегеннен көрі, қарымта (қарымта шабуыл, қарымжы соққы) деген дұрыс. Халқымызда «барымтаға қарымта» деген ұғым ежелден бар.
  41. Аяқ. Ұйғұр ағайындар аяқ киімді «аяқ» дейді, ал қазақ тілінде «аяғы жаман төрді былғар» (мақал), «аяғым су» деген сияқты орамдар түрінде болмаса, бұл сөз жеке тұрып аяқ киім мағынасын білдіре алмайды.
  42. Ашбақа. Қазақ тілінің сөздік қорында жоқ сөз. Кей адамдар мұны ұйғұр тілінің әсерімен қомағай, тамақсау, ашқарақ, ашкөз, құлқыны жаман деген мағынада жаңсақ қолданып жүр.
  43. Естеме. Сөз жасамдық қызметі өте өнімді жұрнақ – ма (ме), ба (бе), па (пе) аффиксі арқылы етістіктен жасалған туынды зат есімдердің үлкен тобы жұртқа белгілі. Айталық, аударма, кіріспе, баспа, серппе, бүрме, кеспе, оппа, қыдырма, қарма, түйме, кірме, көмбе, т.б. Қазақ тілінде есте деген бұйрық райлы етіс (етістік) жоқ. Ендеше естеме деген сөз туынды зат есім бола алмайды.
  44. Ортақ. Бұл – көп ретте зат есімнің алдында анықтауыш ретінде қолданылатын сөз (сын есім). Мысалы: Ортақ өгіз, ортақ мүлік, ортақ міндет дейміз. Кейде иелік етіс, (ортақ болу), ішінара жағдайда зат есім болып жұмсалады. Бірақ қазақ тілінің сөйлеу дағдысы бойынша етістіктермен тіркесе алмайды, яғни үстеу ретінде ұсталмайды. Сондықтан ортақ үйрену, ортақ құлшыну, ортақ күресу, ортақ гүлдену дей алмаймыз.
  45. Қарар. Әдеби тілімізде қаулы, ұйғарым, шешім деген ұғымда ұсталатын арабтық кірме сөз, біз ұйғұр ағайындарша «жылдық» пен «оқу кезегін» қарар дей алмаймыз.
  46. Заманауй. «И» дейтін араптық кірме жұрнақтар жалғанған сын есімдер қазақ тілінде өте санаулы. Ал «уй» дейтін жұрнақ қазақ тілінде мүлде жоқ. Сондықтан «заманауй» дей алмаймыз. Бұл ұғымды келген орнына қарай осы заманғы немесе заманалық деген жөн.
  47. Түрлі. Тілімізде әр алуан, әр қилы деген мағынада ұсталатын бұл сөзді бірталай қаламгерлеріміз ханзудың мәлім бір өлшеу сөзіне баламалап теріс қолданып жүр. Қазіргі қазақ басылымдарында жиі кезігетін «бір түрлілер» мен «бұл түрдегі» деген сөздер осының мысалы.
  48. Ұқық. Ұқық пен билік мүлде бөлек екі басқа ұғымдар, ұқық барлық адамда бар, сол себепті кісілік ұқық деген ұғым қалыптасып отыр. Ал билік – лауазым иелерінің қолындағы нәрсе. Қолындағы билікті теріс пайдаланды деген ұғымды «ұқығын беталды қолданды» деу қисынсыз.
  49. Майдан. Тілімізде соғыс болған жер, алдыңғы шеп майдан (соғыс майданы емес) делінеді. Оны алаң, кеңістік, өріс деген мағынада қолдануға болмайды. Сондықтан нақ майдан деген сөз де әдеби тілімізге жат. Кей ағайындар ұстан, тұрғы деген ұғымдарға да осы майдан деген сөзді ағат қолданады.
  50. Серіктік. Бұл сөз – жолдастық, достық деген сияқты, серік (жолдас) болушылық, серіктікке (достыққа) жараушылық деген мағынада ұсталатын сын есім, мұны атау тұлғалы зат есім ретінде қолдану дұрыс емес. Сондықтан Қазақстанда серіктесу жолымен құрылған экономикалық тұлғалар – компаниялар серіктестік деп айтылады. Бұл өте анық нәрсе. Қауымдастықты «қауымдық», достастықты «достық» деп айтуға қайтып болады?!
  51. Жеке. Бұл сөз лексикамызда сын есім түрінде оқшау, оңаша, жалғыз деген мағыналарда ұсталады. Оны жалғау-жұрнақсыз осы тұрған бойында зат есім түрінде жұмсау жөн емес. Сондықтан озат жекелер демей, озаттар немесе озат адамдар дейміз. Сол сияқты жекеге табыну демей, жеке адамға, яки жеке басқа табыну дейміз.
  52. Жалғасты. Соңғы кездері бұл сөзді одан әрі деген ұғымда немесе үздіксіз, толассыз, үнемі, деген сын есім түрінде өте бейберекет қолданып жүрміз. Әдеби тілімізде бұл сөзді сын есім немесе үстеу ретінде қолданудың үлгісі жоқ.
  53. Кең. Тілімізде бұл сөз үлкен (кең үй), аумақты (кең дала), жомарт (алақаны кең), берекелі (етек-жеңі кең), сабырлы (мінезі кең), ашық жарқын (кең пейіл), егжей-тегжейлі (кең әңгімелесу), жан-жақты (кең пайдалану) деген сияқты сан- салалы мағыналарда ұсталғанымен, ұйғұр тіліндей қалың, көп деген ұғымда қолданылмайды. Яғни кең бұқара, кең оқырман дей алмаймыз.
  54. Сауға. Тілімізде соғыстан түскен олжадан не ауланған аңнан берілетін сыи сауға делінеді. Бұл сөз бұрын араша сұрау, бір жолға ашуыңды қи деген мағынада да қолданылған. Бірақ тарту, сыйлық, базарлық деген ұғымда қолданудың мысалы ешқандай деректен кезікпейді.
  55. Бостық. Бұл сөз лексикамызда босаңдық, қайратсыздық және бекершілік деген мағыналарда жұмсалады. Мұны тарихта түрлі себеппен зерттелмей қаға беріс қалған құбылыстар немесе материяның өмір сүру формасы – кеңістік деген ұғымдарда қолдану дұрыс емес.
  56. Боз. Бұл сөз тілімізде ақшыл, қылаң түс ұғымында ұсталады. Кей өңірлерде сор жерді боз татыр деп атайтын дағды болса да, тың жерді боз жер дейтін дәстүр жоқ.
  57. Рәсім. Тілімізде бұл сөз сурет деген ұғымда емес, мүрәсім, салт деген мағынада ұсталады. Баспасөзде суретті «рәсім», суретхананы «рәсімхана» деп қолдану парықсыздық.
  58. Кескін. Тілімізде бұл сөз батыл, шорт деген ұғымда емес, пішін, бейне, кеспір, әлпет, тұрпат, ұсқын, түр деген мағынада жұмсалады. Былай деуіміздің себебі, біріншіден қын (кін), ғын (гін) жұрнақтары негізінен етістікке жалғанып зат есім тудыратын жұрнақтар. Мысалы: тасқын, тосқын, қашқын, босқын, жосқын, көшкін, азғын, т.б. Сондықтан кескін – сын есім емес, зат есім, зат есімге сөз тудыратын жұрнақтар жалғанады (кескін – кескінді, кескінсіз, кескіндеме); сын есімге форма тудыратын жұрнақтар жалғанады (көк – көкшіл, көгілдір). Екіншіден, сөз зерігерлеріміздің шығармаларынан «кескін»-ді батыл, шорт деген мағынада қолданудың үлгісі кезікпейді. Қайта бет-әлпет, келбет, көрік, тұрпат, бейне ұғымында қолданудың мысалы көп. Алайық, қыз кескіні өзгермеген (Шәймерденов). Пиесадағы төрт коммунистің жеке өзіне сай кескіндері сақтала бермеген (М.Қаратайев). Үшіншіден, әдеби тіліміздің сөздік құрамын барынша қамтып, жеке сөздерге қатысты ұғымдарды орнықтыру әрі олардың қолданылу өрістерін дәл анықтап әдеби нормасын дұрыс айқындау үшін қызмет атқаратын түсіндірмелі анықтамалардың және басқа да сөздіктеріміздің бәрі кескін деген сөздің батыл, шорт деген мағынасы да бар деп есептемейді. Бұған қарағанда кей сөздердің ұғымы туралы дау көтергісі келген адам мейлі ол кім болсада, субиектив қиялын негіз етпей, кітаби негізін табуға құлшынуы керек сияқты, сонда ғана ол ғылми болады.
  59. Сұқпат. Сұқпат пен сұхбат бір мағынада емес. Сұқпат – тұрепет, сұрепет, сықпыт (өте жаман түрмен көріну). Мысалы: Ұстап алып кемпірді сұқпатына келтірді (Алпамыс батыр). Ал сұхбат – әңгіме-дүкен құрып отыратын отырыс. Мысалы:

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,

Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.

Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік

Ер табылса, жарайды қылса сұхбат. (Абай).

  1. Шырақ. Әдеби тілімізде шырақ пен шам бір ұғымда ұсталмайды әрі олардың қолданылу көлемі де бірдей емес. Шам – қараңғыда үй ішін, көшені жарық қылатын құралдардың жалпы есімі. Қазақ тілінде шам сөзі көп қолданылады. Мысалы: электр шам, жол шам, май шам; шам жақ, шамды өшір деген секілді. Ал, шырақ – ортасына жұмыр білте салып жасалған май шам. Сонымен бірге өлген адамның басына жағып қоятын жарықты да шырақ дейміз. Шырақшы (мазар қараушы) деген сөз осыдан шыққан. Қазір ұйғұр тілінің әсерімен шырақ деген сөзді шам деген сөздің орнына беталды қолданушылар көбірек төбе көрсетіп жүр.

«Әуе толқыны» журналының 2010 жылғы 2-санынан


Кәкеш Қайыржанұлы 1941 жылы Шинжияң өлкесі, Іле қазақ автономиялы облысы, Тарбағатай аймағы, Толы ауданында дүниеге келген. Шинжияң өлкелік партком кеңсе істер меңгермесінің аудармашылар басқармасы, Шинжияң халық радиосының қазақ редакциясы, Шинжияң телевизиясы қазақ бөлімі секілді орындарда қызмет істеді. Шинжияң телевизиясы қазақ редакциясының алғашқы меңгерушісі болды. Аудармашы «Калила мен Демина», «Осызаманғы шетел жазушыларының әңгімелерінен», «Сакья Муни», «Құран хикаялары» (Қазақстан «Жалын» баспасы көшіріп басқан) және «Чиң әулеті сарай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» (Қаһарман Мұқанұлымен бірге аударған), «Қытай тарихындағы қазаққа қатысты деректер» (Әбділдабек Ақыштай, Шадыман Ақымет қатарлылармен бірлесіп аударған) сынды аудармалары жарық көрген. «Құран хикаялары» өлкелік қоғамдық ғылым саласы бойынша 3 реткі таңдаулы кітаптарды сараптауда 1 дәрежелі сыйлық алған.

«Сөз сандық» атты қымбатты қазына 2010 жылы «Ұлттар» баспасынан қайталай басылумен қатар, 2014-жылы Қазақстанның өнер баспасынан мемлекеттік бағдарлама аясында жарық көрген.


6alash ұсынады