(Аталық әулетінің Түркістанға сіңген еңбегі бар)

Аталық (түрк: ата, әкенің орнындағы адам, ақылшы аға; кавказ халықтарында –атабек; орыс тіліндегі деректерде –дядька, лучший человек т.б.) институты өкілдері қазақ мемлекеттілігінің тарихында маңызды орын алады. Біз Қазақ хандығының басқару жүйесінде, қоғамның саяси құрылымында ерекше орыны бар аталықтар туралы деректерді ғылыми айналымға жаңа енгізіп жатырмыз (Омари Ж. Аталықтар әулеті: Арыстан, Барқы, Нияз. Астана, «Алтын кітап», 2011.-413 б). Бұл бастаманың қазақстандық зерттеушілер тарапынан қолдау тауып, әр түрлі ғылыми және ғылыми-танымдық  әдбиетте көрініс тауып жатқаны бізді қуантады.

Мысалы түркістандық белгілі зерттеуші, профессор Зікірия Жандарбек «Түркістан - руханият бесігі» аталатын көлемді лингво-өлкетану энциклопедиясында Арыстан аталық ұлы Барқы аталыққа, Нияз батыр Барқы аталықұлына, осы әулеттің тағы да басқа ұлы тұлғаларына арнайы мақалалар жазды (Жандарбек З. Барқы аталық; Нияз батыр Барқыұлы т.б. // Түркістан- руханият бесігі. Нұр-Сұлтан, 2019. 106, 323-324 бб.). Йассауи универистетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мұқтар Қожа қазақ билеушілерінің Сыр бойындағы қалаларға қамқорлығы туралы айта кепліп, Нияз батыр Барқыұлының Түркістан мен Ташкенттің экономикалық өміріне тікелей араласқанын, қала тіршілігіне басшылық жаағанын жазады «Выполнявший обязанности наместника хана в Туркеестане Нияз- батыр при встрече с представителями России поднимал вопрос о торговле и заявлял от имени «лутших людей», что» усердственно желают, чтобы торги к ним в Туркестант ... и в Ташкент беспряпетственно продолжались» (Қожа М. Роль городов в средневековой истории казахов// Государственные институты управления Казахского ханства. Сборник научных статей. Академия государственного управления при Президенте РК. Астана, 2015. 129 б.).

Серікбай Жәркешов, Ернұр Жасымбаев, Ернар Серікбайұлы жинақтаған ауыз екі деректерде де аталықтар мен төлеңгіт қауымдарының Түркістан аймағына қатысты ерлік істері жақсы суреттелген.  Қазақ шежіресінде «Абылай Нияз батырдың ерлігіне риза болып, Тәшкент қаласының билігін Ниязға берген. Кейін Нияз батыр қартайғанда өмірінің соңғы жылдарын Арқада өткізбекші болып өзінің орнына Тәшкент қаласын билеуге Әлдеберліні жібереді. Оны сарттар у беріп өлтіреді.

Шежіреде Әлдеберлі қайтыс болғаннан кейін Нияз аталық қырдың қазағынан жасақ жинап, жанында інілері Итқара мен Құлғара батырлар бар, Тәшкентке келді дейді. Аталық  Сарыарқада жайлауда жүр деп арқаны кеңге салып қойған тәшкенттіктер қатты сасыпты, көмекке шақыра қояйын десе Қоқанд алыс, амал жоқ қазақтың алдынан қаланың қақпасын ашыпты. Қаланың басшысы Нияз аталықты көптен көрмей сағынған адам сияқты қақпаның алдында ат үстінде тұрған аталыққа етегіне сүріне –қабына құшағын жая ұмтылады. Сол  кезде аталықтың  жанында үзеңгілес  тұрған Құлғара атынан секіріп түсіп Тәшкенттің басшысын қолынан ұстай алады да, Итқара батыр екінші жағынан ол да жақындап қалған екен, қолындағы қанжарымен ішін жарып жібереді. Осыған байланысты Жаңаарқа қарияларының жинақтаған шежірелерінің ішінде «Құлғарасы құшақтап, Итқарасы пышақтап» деген жырдың үзінділері де сақталған (Жаркешов С. И. Қазақ хандығының аталықтары мен төлеңгіттері// Государственные институты управления Казахского ханства. Сборник научных статей. Академия государственного управления при Президенте РК. Астана, 2015. 69 б.). Бұл оқиға біздің есебіміз бойынша 1784 жылы болды.

Жоғарыда келтірілген деректер мен ғылыми пайымдаулар Қазақ хандығының аталықтары тақырыбына ерекше мән беруіміз керек екенін көрсетеді. Ғылыми зертеулерде  қазақ қоғамына, соның ішінде Түркістан аймағына сіңірген еңбектері осылайша айқындалған аталықтар әулетінің ұлы өкілдерінің жаңарып, жаңғырып келе жатқан қасиетті қала тұрғындары мен осы қалаға сырттан келіп жатқан зияратшылар мен туристерге белгілі болғаны керек. Аталықтар тарихтың ауыр бір кезеңдерінде Сыр бойы қалалары үшін күресті, олардың соңында қалған әрбір естелікті мүмкіндігі келгенше тәпсірлеп, елге таныстырып отыру біздің міндет. Солардың ішінде ескерусіз жүрген мәліметтердің бірі аталық әулеті өкілдерінің қазақтың ұлы азаматтарының сүйектері жатқан пантеонда, яғни Йассауи  кесенесінде жерленуі.

Бұл мәселеге қатысты деректерге шолу жасамас бұрын біз аталық ұғымы мен оның қызметі туралы аз- кем тоқталайық. Әуелі, аталық атауының біздің тарихи жадыдан өшірілуі туралы. Мысалы ХУІІ ғасырдың соңындағы орыстың елшілік жазбаларының ішінде Тәуке ханның жанындағы ақылшысы Барқы аталық Ресейден келген елшілік мәселесінің тағдырына қатысты хан сарайындағы кеңесте сібірлік татар Таушке Мергеннің «нам де до государевых слобод какое дело,  хотя де и всех вырубят и пожгут нам де до того дела нет, для того,  что де мы люди торговые, а не воинские» деген сөзі үшін ұрысты дейді: «И Тевки ханов лутчей человек Аталык Барху батыр стал его Таушку бранить за то, что он такие непристойные слова говорит. И Тевки хан Таушку Мергеня с товарищи, по его челобитью, в Бухары отпустил, а их Андрея задержав сказал...». Енді осы дерек Н.Г.Аполлованың «Присоединение Казахстана к России» кітабында (Алматы,1948) «один из лучших людей Тауке, Берху батыр, стал упрекать Таушку в том, что он непристойные слова говорит» деп берілген. Бұл жерде зерттеуші біріншіден «Барху» атауын «Берху» деп берген, екіншіден «аталық» лауазымын мәтіннен алып тастаған.  Осы сияқты 1694 жылғы деректерде Тәуке хан заманындағы атақты елші Тайқоңыр Құлтабай аталықұлының лауазымы да, аты да нақты көрсетілген. Мысалы Тәуке ханның  Петр І -ге хатынан үзінді: «И ныне к твоему пресветлому величеству своего надежного холопа Тайкумура батыря Култабая аталыкова сына послал, прошение наше от вас чтобы пожаловали, чтобы за таких худых воровских людей за дело и речи их лиха не зделайте, мурза Кильдея отпустите...». Тайқоңыр Құлтабай аталықұлының аты-жөні қазіргі күні бір де бір кітапта дұрыс жазылмайды. Бір зерттеулерде «Тайкомур Колтубай Аталыков», екіншісінде «Тайкамур Аталыков» т.б. Мысалы «Тайкамур Аталыков был направлен ханом Тауке в октябре 1693 года в Тобольск с порученем вызолить Кильдея». Б.С.Сүлейменов пен В.Я.Басин «Казахстан в составе России» кітабында  Тайқоңырды би деп атайды «Так  прибывшие в Уфу в сентября 1715 года казахское посольство во главе с бием  Тайкомуром явилось как бы ответом на приезд в казахские кочевья весной того же года башкирских посланцев во главе с Карт батыром». Бұл жерде де екі қате бар, біріншіден Тайқоңыр Ресей үкіметіне Тәуке ханның қайтыс болып, оның орнына Қайыптың таққа отырғанын хабарлауға аттанған болатын, екіншіден Тайқоңыр аталық би емес, батыр деген атақпен белгілі. Осы мысалдар зерттеушілердің көптеген маңызды ақпаратқа көңіл бөлмейтінен, не әдейілеп қате жіберетінін көрсетеді.

Шығыс деректері бойынша ең толық көрсеткіш авторларының бірі Брегель мен Бұхар хандығы туралы тамаша зерттеу еңбектің авторы Анке фон Кюгельман аталық ұғымына:«Аталык (тюркоязычн.: отцовство») в Золотой Орде и при ее прямых преемниках занимал место воспитателя принца и отвечал также  за домашнее хозяйство своего подопечного; кроме того аталык мог служить также  хану в качестве советника и доверенного лица. В узбекских ханствах Средней Азии сфера задач аталыка претерпела постепенное преобразование, однако отдельные стадии этого процесса до сих пор не изучены. В любом случае, аталык выполнял функцию главного советника и уполномоченного лица в военных и админстративных вопросах  как при шайбанидах, так и при аштарханидах» деген анықтама береді (Кюгельген фон А. Легитимация Среднеазиатской династии мангитов в произведениях их историков (ХУІІІ-ХІХ вв.).Алматы,2004. 65 б). Орта ғасырлық Шығыс тарихы бойынша белгілі маман А.Якубовский Бұхар хандығының билік құрылымын сипаттай келе аталықтардың орнын ерекше жоғары бағалайды: «В ХУІІ веке в Бухарском ханстве сформировался довольно сложный аппарат управления. Первое место в чиновной иерархии занимал ближний и первый человек, как его звали русские, аталык, т.е. ханский дядька или воспитатель. В документах ХУІІ века он выступал с чертами первого министра. Согласно табели о рангах, составленной в ХУІІІ веке, аталык заведывал орошением страны; ведал реку благородной Бухары от Самарканда до Каракума....Второе место после аталыка занимал диванбеги т.е. министр финансов, ведавший сбором дани –харадж, и составлявший дафтары т.е. податные списки; он же принимал у иностранных послов грамоты для вручения хану. На третьем месте после аталыка занимал парванчи..., на четвертом- дадха ...». Бұхар хандығының лауазымдар сатысында билер- жетінші, ал батырлар- он бесінші орынды иеленеді.

Қазақ хандығының билік құрылымы Бұхар үлгісіне жақын екенін аталық қызметінің ерекшеліктерінен анық көреміз. Оның ең негізгі көрсеткіштері хан ордасына ие болу, мемлекеттік қызметтердің өз мәнінде жұмыс істеуін қамтамасыз ету, елшіліктерді дайындауға және қабылдауға қатысу, әскери істің және жер иеліктерінің жағдайын бақылау, алым-салық жүйесін ұйымдастыру және оны мемлекет мүддесімен ұштастыру, ру-тайпалық билік өкілдері мен ұлыстық басқару жүйесі арасындағы тепе-теңдікті ұстау, жарғы жұмысына жетекшілік және қажетті заңдардың қабылдануын, олардың іске асу тетіктері ойластыру, ханзадаларды мемлекетті басқару ісіне баулу және хан жоқ кезде орталық билікті жүргізу. Орыс деректерінде аталықты «дядька» дейтін себебі, ол  ханға жол сілтеп, жөн көрсетіп отыратын үлкен  тұлға және ақылшы адам. Ташкенттік сарт саудагері Нұрмұхамбет Әлімұлы Тәшкент пен Түркістанды билеген қазақ хандары туралы айта келіп: «Ханы имеют особые дворцы в главных городах: Большой орды в Ташкенте, в Средней орде -в Туркестанте; а живут по своей воле, когда хотят, а больше в поле с ордою кочуют, а по выезде в домах живут и управляют дядьки их»,- дейді.

Құрбанғали Халид «Тауарих хамса» кітабында  аталық қызметіне мынадай анықтама береді: «Аталық» (уәзір ағзам) –бас уәзір мәніне келеді. Нәсілі қазақ, жасы ханнан үлкен болып, қызметпен уәзір дәрежесіне жетсе «аталық» деген атақ берілетін ғұрып болатын. Ал жарлыққа оның мөрі хан мөрімен бірдей жүреді. «Аталық» атағын алмаған уәзірде ондай дәреже болмайды».  Бұл жерде әңгіме Түркістанда, Әзіреті Сұлтан жанында ақ киізге көтерілген қазақтың ұлы хандары туралы. Қазақ саяси терминологиясында «кіші хан», «келте хан» деген ұғымдар да бар, олар көбінесе ұлыс сұлтандарына қатысты қолданылады. Қысқаша айтқанда аталық азаматтық және әскери билікті қолына жинақтаған, құзыры өте жоғары,  кемеңгерлікті қажет ететін лауазым. Қазақ хандығында аталық лауазымының иесі хандық биліктің тіреуі, мемлекет мүддесінің негізгі қорғаушысы қызметін атқарады.

Қазақ хандарының аталықтары туралы бізге белгілі деректер Арыстан аталықтан басталады:

Арыстан аталық (өмір сүрген уақыты -1560-1650 жылдар)  Хақ Назар хан тұсында аталық қызметін бастаған Қазақ хандығының аса ірі мемлекет қайраткерлерінің бірі. Шежіренің бір нұсқасына ден қойсақ Арыстаннан сегіз (кейде тоғыз делінеді) ұл делінеді. Олар Мамадайыр, Мамашық, Қозыбақ, Жанқылым, Тоғызақ, Барқы және екеуінің аты белгісіз делінген. Тарихи құжаттарда Арыстан аталықтың шежіреде белгісіз саналып келген ұлының бірі 1718 жылғы Санкт Петербургке аттанған елшілікті басқарған Тантай батырдың аты аталады.

Бұхара хандығының билеушісі Абдоллах хан мен Арыстан аталықтың кездесуін Хафиз Таныштың «Шараф-наме-йи шахи» кітабы суреттейді: «Когда берег реки Келес, который вяляется чудесной местностью с живительным воздухом, от пыли поднятой шествием счастливого войска Абдоллах хана, стал предметом зависти высочайшего, здесь ко двору, подобному небесному своду, пришел посол от казахских султанов... они заявляют: «Мы и теперь верны тому договору и союзу, которые мы заключили с его величеством».

Арыстан аталық 1580 жылы Хақ Назар  хан қапыда жау қолынан қайтыс болғаннан кейін мемлекетті саяси дағдарыстан шығаруға ерекше ат салысқан қайраткер. Оның өмірінің көптеген белестері Шығай хан, Тәуекел хан, Есім хан билік жасаған өте күрделі кезеңмен байланысты. Бұл Қазақ хандығының жеке мемлекет есебінде қалыптасқан уақыты, сонымен бірге орданың Түркістан-Тәшкент алқабында біржолата орнығу да да осы кезеңде іске асты. Арыстан аталықтың мемлекеттің саясатындағы жоғары орынын Қайып ханның 1718 жылы Петр патшаға жазған хатынан кішкене үзінді көрсетіп бере алады «А послал я от себя к Вашему величеству старинного своего слугу и аталыка Араслан-батыря, лутчего человека, сына его Тантая-батыря большим посланником» дейді.

Барқы аталық (өмір сүрген жылдары: 1620-1715 жылдар) Салқам Жәңгір және Әз Тәуке хан тұсында аталық қызметін атқарған ірі мемлекет қайраткері. Барқы аталық ХУІІ-ХУІІІ ғасырлардағы шиеленісті дәуірдің қиын да қызықты саяси мәселелерінің басы-қасында көрінетін, көп жағдайда үлкен жауаптылықты көтерген мемлекет қайраткері және кемеңгер тұлға. Көп оқиғалардың астарынан аталықтың тек хан ордасының басшысы, ханзадалардың тәрбиешісі ғана емес, сонымен бірге саяси күресте кеңесші және елшілік шаруаларында көрегендік қызметімен де көзге түседі.

Барқы аталық 1690-шы жылдары Ресейге елшілікке аттанған Сары батыр мен Келдей мырзаны тұтқыннан босату мәселесі күн тәртібінде тұрғанда  хан ордасындағы шешуші  қызметімен  тарихи деректерде  айрықша көрінеді. І Петрге жазылған хатта Қазақ ордасының Келдей мырза мен Сары батырдың қарымтасына 1692 жылы Андрей Неприпасовты ұстап қалғаны жазылған. Ресей елшілігі Түркістанды екі мемлекет арасындағы шешімді тосып жатқанда Ібір-Сібірден Таушке Мерген бастаған сауда керуені келеді. А.Неприпасов  хан ордасына сәлем бере келген  Таушке Мергенге қосылып кеңеске кіреді де саудагердің елшілікке ара түсуін талап етеді: «И Таушка   Мергень  говорил: нам   де до  государевых  слобод какое   дело?  Хотя   де  и все  вырубят  и пожгут, нам  де до того дела нет, для   того, что  де мы люди   торговые, а  не воинские.  И Тевкиханов  лутчей   человек  Аталык Барху Батыр стал  его Таушку бранить за то,  что они   такие непристойные  слова говорит.  И Тевкихан  Таушку  Мергеня  с товарищи,  по его челобитию,  в Бухары отпустили, а их Андрея  задержав, сказал:  как де будет  Таушка  Мерген  из Бухар  с товарищами, и  в то де число  их Андрея   отпустит он Тевкихан».  Бұл әңгімеден біз Барқы аталықтың екі мемлекеттің арасындағы қарым-қатынасты бейбіт реттеуге мүдделі  басшы екенін және А.Неприпасовты Түркістанда ұстап қалу амалсыздықтан туған жағдай екенін сеземіз.

Барқы аталықтың хан ордасындағы, мемлекетті басқару ісіндегі биік беделі қазақтың ауыз екі әңгімелерінде де сақталған. Оның бір дәлелі қазақ шежіресінде сақталған «хан да Барқы, қара да Барқы» деген қанатты сөз. Тарихи деректер Арыстан аталық баласы Барқының Салқам Жәңгір хан заманында  аталық қызметін бастағанын және хан тұтқынға түскен аласапыран уақытта елге өз бетімен басшылық жүргізгенін көрсетеді. Елге басшылық ол ең алдымен хан ордасының қызметіне жетекшілік, орталық билікті әлсіретпей ұстап отыру.

Ел аузында сақталған қанатты сөздердің бірі «Сөздің нарқын Барқы біледі» дейді. Бұл қанатты сөз Әз Тәуке заманында Күлтөбенің басында Хан Ордасының ұйымдастыруымен жүйеленген «Жеті Жарғы» заңдарына қатысты айтылған. Түркістан ең  алдымен  Әзіреті  сұлтан -   Ахмед Иассауидің  атағымен  белгілі. Орталық  Азияны  сан  ғасыр жайлаған  көшпелі  түрік  баласына  ислам шапағаты осы  жерден  сезілген. Әзіреті  кесенесі қазақтың  ұлы  азаматтарының бұл фәни  тіршіліктің  алыс-жұлысынан,  күресінен  тыныш  табатын  жері.

Түркістан   Әз Тәуке  ханның  заманында  қазақтың  игі  жақсылары, билері  мен  батырлары  бас қосатын «Күлтөбенің  үстінде  күнде  жиын»  жасайтын  қадірлі  ордасы  болды. Қазақ  атағына  енетін  жеті  түрлі  ұлыстың  өкілдері  осы  жерде  бас қосқан  ұлы  жиындарды «Жеті жарғы»  атандырғаны  сол  себепті. Қазақтың  өз  ішіндегі  үш  алаштың   өкілі, үш  жүздің қәдірлі  билерінен  басқа  бұл  кеңестерге қарақалпақ пен  қырғыз, құрама мен қалалық  жердің  өкілі- сарт кірді.

Барқы батырдың мысалынан біз аталықтардың мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатындағы жетекші қызметін анықтаймыз, аталық мансабы Орталық Азияның мемлекеттік тарихының негізгі  белгілерінің бірі екенін көреміз. Қазақтың ұлы аталықтарының, олардан тараған ұрпақ пен ағайын-туыстарының тарихы мен тағдыры Қазақ ордасының бірнеше ғасырлық шежіресімен сабақтас. Барқы аталық өз заманында мемлекет үшін қызмет істеудің керемет үлгісін көрсетті.

Нияз аталық (өмір сүрген жылдары 1685-1785 жылдар) Әз Тәуке хан қайтыс болғаннан кейінгі күрделі кезеңде мемлекеттің тіреуі болған кемеңгер тұлға.  Барқы баласы Нияз Әз Тәуке хан қайтыс болған 1715 жылдан бастап Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет хандарға қамқорлық жасап және Түркістанды хан дәргейінде ұстаған ерен мемлекеттік қайраткер.

ХУІІІ ғасырға қатысты жазбаша және ауызша деректерден Нияз аталықты алмағайып заманда Түркістанда хан ордасын сақтау, отырықшы сартты, өзге қоңсы елдерді қамқорлықта ұстау, Абылай сияқты сұлтанның тағдырына араша болып мәмлегерлік қызметін атқару т.б. толып жатқан маңызды шаруалардың басы-қасында көреміз.

1740 жылы Орынбордағы кездесу кезінде князь генерал -лейтенант Урусов Нияз батырды өзінің шатырына жеке шақырады. Бір-екі күнгі мәжіліс барысында генерал-лейтенант осынау хандар мен сұлтандарды бастап жүрген азаматтың тегін адам емес екенін білген. Қазақ мәселелерін жіті қадағалап отырған Орынборлық шенеуніктер Нияздың Сәмекенің тұсында аталық болып Түркістан өңіріне түгел билігі жүргенін, Сәмеке өлгеннен кейін елді өзі басқарып Әбілмәмбетті былтыр ғана үлкен хандардың тағына отырғызғанын генерал-лейтенантқа жеткізген (о котором известно, что он во время Шемяки хана в Туркестанте великую силу имел, а по смерти его Туркестантом управлял и Абулмамет хана на ханство утвердил). Нияз батырдың жүріс-тұрысы мен салмақты сөзі де оның анау-мынау батыр мен билерден деңгейі жоғары екенін анық аңдатады.

Нияз аталық Абылай сұлтан қалмақ қолына тұтқын болған 1740-1743 жылдары ерен қайраткерлігін көрсетті.  Ол 1742 жылы Абылайды тұтқыннан құтқару үшін Әбілмәмбет ханның баласы, өзінің тәрбиесіндегі Әбілпейізді «ақ үйлі аманатқа» деп, оған өзінің ұлы Әлдеберлі бастаған бірнеше жас азаматтарды қосып, ханзада мен жас мырзаларға бас-көз болсын деп өз інісі Құлғара батырды алып Жоңғарияға аттанды. Әбілпейіз жаңа түскен жас келіншегімен, басына тіккен үйі мен дүниесіне шейін алды, «ақ үйлінің» тәртібі солай еді.

Ресей екі көшпелі ұлыс арасындағы қалыптаса бастаған достық қарым-қатынасты қаншалықты бұзуға тырысқанымен қазақ пен қалмақ арасындағы келіссөздер басталып кеткен  еді және екі елдің арасында тек бейбіт қарым-қатынастар ғана емес, әскери одақ құру деңгейінде шешіліп жатты: «Однак он, Абульмамбет хан, на все на то несмотря и не послушав чиненных ему от помянутых переводчика и вахмистра наисильнейших представлений, и по много имевшимся секреттным советом з бывшими при нем зюнгорским посланцами и с некоторыми киргизскими старшинами, а наипаче с Нияс батырем, Девлет-беем да Шамратом, которые и напередь сего лежащих около Ташкента городков дань обирывали, отправил ко оному зюнгорскому владельцу меньшого своего сына Абулфеиза с помянутым старшиною Нияс-батырем, кой, как сказывают, паче всех ево ханским духом владеет...».

Қазақтың аңыз-әңгімелерінде қазақ пен қалмақ арасындағы келіссөздердің кезінде Нияз батыр Қалдан-Серенге үш талап қойыпты дейді ел ауызындағы әңгімеде:

- Біріншіден, Абылайдың өлі болса сүйегін, тірі бола өзін бер;

- Екіншіден, Есіл-Нұра бойындағы жайлауымды бер. Бұл жерден іргеңді алыстат. Өйткені екеуіміз өлген соң балаларымыз қайта қырқысады;

- Үшіншіден, екеуіміз екі туды тігіп алып, біріміз Еділге қарай, біріміз Есіл-Нұраға қарай тартамыз. Сонда қазақтың жартысы саған еріп кетсе мен үндемеймін, қалмақтың жартысы осы жерде қалып қойса сен үндеме, -депті Нияз батыр.

Қалдан-Серен Ниязға:

Бірінші өтінішіңді орындау үшін бір жұма уақыт керек, -дейді. Сөйтсе олар Абылайды сіріге қаптап тастаған екен, соны жібіту үшін біраз уақыт керек болған екен. Ақыр аяғында «қалған екі талабың да ақылға қонады» деп Қалдан Серен келісімге келіп, Абылайды босатып береді. Есіл-Нұра бойынан қоныс аударады-мыс».

Нияз аталықпен қатысты тағы бір маңызды мемлекеттік шаруа Жоңғария мемлекеті құлағаннан кейін Алтай, Тарбағатай, Жетісу өңірін игеру. Бұл шаруаға басышылықты Нияз аталықтың ұсынысымен  1757 жылы күзде Түркістанда өткен қазақ көсемдерінің кеңесі  Әбілмәмбет ханның ұлы, аталықтың тәрбиесінде болған Әбілпейізге тапсырады. Әбілпейіз шығыс өңірге ие болған  уақытта қазақтың шекарасы  Шар Құрбаннан аспаушы еді, ұлыстың қыстауға ыңғайлаған жерлері Шұбартау-Қалмақ-Емел аталатын Балқашқа қарайғы жерлер болса, жаз жайлап баратын жайлауында нақты шекара жоқ деуге де болады.  Елдің малы көптері Ертістен асып даласы мен орманы аралас Құлындыға барып жатса, малы аз соңы Ертістің бер жағасы, Шыңғыстау маңында жүреді. Кейін  қазақ шығысқа қарай ентелей жылжып,  Тарбағатайды, Алтайдың екі қапталын түгелге жуық игерді.

Нияз аталық 1785 жылы жүз жастан аса  қайтыс болды. Оның сүйегі Түркістанда Қожа Ахмет Йассауи күмбезінде  қазақтың ұлы хандары Еңсегей бойлы Есім, Салқам Жәңгір, Абылай мен би-батырлары Қаз дауысты Қазыбек, Қарт Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Тобықты Мамай сияқты  Еуразия құрлығының соңғы жаужүрек ұлысына жетекшілік жасаған ұлы тұлғалардың арасында жерленген. Нияз аталық өзінің шыққан тегімен, ерлік қасиеттерімен, хан ұрпағы мен хандық дәстүрін ХУІІІ ғасырдың соңына дейін сақтап келген мемлекетшіл қызметімен ұлылардың арасынан өзіне орын тапты. Нияз батыр қазақтың өз алдына отау тігіп, мемлекет атанғанынан бергі аталық қызметін атқарғандарың соңғы өкілі еді, ол сол қасиетті міндетті абыроймен, соңғы демі қалғанша атқарды.

Нияз аталық ауыр кезеңде билік құрды. Оның қазақтың алтын тағын сақтап қалмақ болған күресі ұнжырғасы түскен елдің, бас-басына би болған ру көсемдерінің қарсылығына ұшырай берді. Осыған қарамастан ол алдымен Сәмекені, одан кейін Әбілмәмбетті, одан кейін Әбілпейіз сияқты хан тағына лайықты мұрагерлерді дайындады. Абылай тұтқынға түскен 1741-1743 жылдардағы Нияз аталықтың еңбегі ерекше ерен. Түркістан өлкесінің тарихын терең зерттеген, жергілікті ғалым-профессор Мұқтар Қожаның «ХУІІІ ғасырда Түркістан тұрғыны Нияз батырдың беделі аса жоғары болған» деген пікірімен толық келісуге болады. Нияз аталық аталары Арыстан мен Барқы салған жолды жалғастырып ХУІІІ ғасырдың соңына дейін  Түркістанды жаудан қорғап, жаманнан сақтап отырды. Шын мәнінде ол өзінің қызметімен қазақтың тәуелсіз мемлекеттілігінің ең мықты нысаны –алтық тақты қорғады.

Тағдырдың тауқыметі түсіп сан рет қисайған мемлекеттің туын жықпай ұстап қалған аталықтың жанқиярлық ерліктеріне, мемлекет мүддесі үшін өзін де, өз жақынын да құрбандыққа шалып жіберетін отаншылдықтарына сүйсінесің. Мемлекет мүддесі хан мен аталықтың жеке өз бастарының, әулетінің мүддесінен жоғары тұрғанда ғана ол ұлыста адами құндылықтар мен  азаматтық идеялар бар, ал дәстүрлі қазақ қоғамы азаматтық қағидаларға кенде емес екені белгілі.

Бүгінгі күні тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлағаны отырған қазақ елі заманында қазақ мемлекетін қорғап, хандарын сақтап келген алтын тақтың  сүйеніші аталықтардың рухтарына өз деңгейінде қарымта еңбек жасаса жарасар еді. Оның ең басты көрсеткіші олардың Йассауи пантеонындағы аттарын  қайта жаңғырту және қайта түлеп жатқан Түркістан көше-гүлзарына ұлы аталықтардың аттарын беру. Олар, маған сеніңіз,  Түркістанның жарқын  тірлігін рухымен демеп жатқан киелері.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор  Жамбыл Омарұлы Артықбаев

12.06.2021

6alash ұсынады