Ф.Кафканың: «Біз өзімізді тістеп, шағатын кітаптарды ғана оқуымыз керек деп есептеймін. Егер оқыған кітабың тас төбеден бір ұрып, жойқын соққы бергендей әсер етпесе онда оны оқудың не қажеті бар?» (Я думаю, что мы должны читать лишь те книги, что кусают и жалят нас. Если прочитанная нами книга не потрясает нас, как удар по черепу, зачем вообще читать ее?») деген сөзі ұнайды. Шығармаға қойылатын басты өлшем, негізгі  талап осындай  болу керек. Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Періштелер өлімі» - ондағы «Жылан уы» мен «Сәмбі талдың мұңы» хикаяты бүгінгі күннің шындығын айтып отырып жаныңды сыздатқан жараңа тұз себетін сондай шыншыл да мұңлы шығарма.

«Жылан уы» сюжет құрылысы мен бейнелілігі жағынан триллерге ұқсайды, финалы естен тандыра жаздайды. Адам сияқты қуанғанын, сөйлегенін, күлгенін ғұмырда ешкім көрмеген, қабағы түксиген қара кісі жылан уын алу үшін жұмыс іздеп жүрген қазақ жігіттеріне болымсыз ақша, киілген киіммен мәз қылып, 3-4 ай күтімін жасап, ұшқан құстың қанаты талатын Қызылқұмның аптап ыстығына бауырын қыздырған жыландар ордасына апарып, құдыққа түсіріп, жыланға шақтырады. Жылан уын сатып байып отырған, сол үшін зұлымдыққа баратын бұл типаж құбыжық бейнеде (монструоздық) көрінеді. Жалпы «Жылан уындағы» әр бейне таныс, анық,  бейнеттен ерте қартайған Шырай сияқты жеңгелер де, тіпті ауылда той-томалақ болғанда бауырсаққа таласқан балалардың кір-қожалақ қолдары да көзге жылы ұшырайды, атмосферасы бөлек, Шертайдың айлығын жіберген сайын ауылдағы жеңгесін, бауырларын қуантсам деген мінезін айтсаңшы, ауылдағы келіншегін ұмытып, қысқа уақытта көңілдес тапқан ағасына өкпелеп жүрсе де құдыққа түсерде ағасы үшін жанын беретін  сезімдері тірі, оқырманды еліктіріп баурап әкетеді. Автор күнкөріс үшін қалаға жұмыс іздеп кеткен Шертай мен Байшұбардың ішіне үңіліп,  оларды ажалға айдаған қара кісінің әрекеті арқылы адамның  ішкі әлеміне тереңдеп қана қоймайды, адамның құны, қоғамның рухани құрылғысының проблемаларына көңіл бөледі, психологиялық реализм үлгісін көреміз. Байқасаңыз, автор әр шығармасында шындық айтады, ол - өзіміз мойындауға дәтіміз жетпейтін шындық. Анау жылан саудасымен айналысатын қожайын кім? Ол  шекарадан миығынан күліп жүріп өтіп алып, аңқау қазақты алдап жем қылып, теспей сорып жүрген келімсек. Осы жерде өзгелерге есеміз кетіп жүретін, өзіміздің аңғалдығымыздан сорлап қала беретін, асатпай жатып құлдық дейтін  мінезімізге сырттан қарағанның удай ащы күйініші болатынын анық ұғасың. «Аға, мен бірінші түсейін» деп аңқылдаған күйі жылан толы құдыққа түскен ақжелең Шертайды жыландар шағып өлтірді, бауырын өз қолымен жыланға тастағандай болған Байшұбардың одан әрі өмір сүруге қақысы да жоқ еді, (оқырман оған өз ішінен үкім шығарып отырады), ақыры ол өзін атып тастады. Адам жанын әр қырынан қарастырып үйренген жазушы періште көңіл Шертайды құрбандыққа қиып тым қаталдыққа барғанда өмірде зұлымдықтың шегі жоғын аңғартқаннан бөлек оқырманының эмоциясын байқағысы келген де шығар, әйтеуір, сол уды өзің ішкендей боласың. Авторға сенгендіктен де соның бәрін – күйзелу, үрей, ыза,  дәрменсіздікті өз ішіңнен өткізесің, оқырманды ана шеттен мына шетке лақтыра беретін кульминациясы әлдебір қорғансыздықты, айықпас мұңды сезіндіреді. Шығарманың ойдан шығарылған дүние екенін біліп отырсаң да автордың тұспалмен айтқан шындығына қарсы ештеңе дей алмайсың. Ол шындық – мейірім, адамгершілік жоғалған жерде жер-әлемде қара түнек қана орнайтыны. Оқиғасы қарапайым басталып шарықтап кететін, ақыр соңында естен тандырарлық болып аяқталатын сюжетімен де, кедей-кепшіктің өлсе құны сұраусыз екенін жеткізіп, проблема көтеруімен де, жалпы стилистикалық эксперименттерімен де құнды,  осы себепті де Тынымбай Нұрмағамбетовті дәуірдің рухани ахуалын, классикалық жанрларын, бағыттарын, формаларын меңгерген, әдеби дәстүрлердің қалай дамитынын түсінген, мәңгілік сұрақтарды жаңа формада көру үшін өз сыни ойлауы мен эстетикалық талғамын дамытқан жазушы деп танимыз.

Екінші хикаят «Сәмбі талдың мұңы» да сол тоқсаныншы жылдарды, адамдардың сенімі, үміті кұл-парша болған, құндылықтар өзгерген, ауыл қазағы үшін дүниенің желі оңнан да, солдан да соққан қиын кезеңді бейнелейді. Мұнда адам саны көп емес, Алдияр, қызы, жиені Женя-Жеткерген, ауыл адамдары. Басынан аяғына дейін Алдиярдың күнделікті тірлігі, ойлары, естелігі, қуанышы, мұңы беріліп, ауыл адамдарының көңіл-күйі арқылы сол кезең еске түседі. Әдетте басқа авторлар болса мұндайда кейіпкердің атынан бірінші жақта сөйлейтін тәсілді қолданар еді. Бірақ, Алдияр туралы үшінші жақтан баяндау оқырманды ешқандай шектеусіз кейіпкердің ішкі әлеміне енуге мүмкіндік бергені анық. Автор үшін кейіпкердің жаны  құпия емес, ол туралы бәрін біледі, ішкі процестерді егжей-тегжейлі бағыттай алады, кейіпкердің өзі байқай алмайтын немесе өзі мойындай алмайтын психологиялық күйін баяндайды. Жалғыз қызының бойжетіп қыздармен қыдыруға кеткен сәттегі әкесінің алаң болған көңілі қандай қапысыз! Қыз күйеуге кетіп қалатын күнгі әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты беруде жазушы осы сезімнің тереңдігін, айрықша реңктерін асқан дәлдікпен суреттейді. Кейіпкермен бірге естелік еміп, кейіпкермен бірге мұңайғанда осы толқыныстың бәрі жазушылық қуаттың әсері екенін де ойлап жатпайсың. Бір жылдан соң қызы сәбиін (Зияданы) алып әкесінің үйіне төркіндеп келген жазды айтсаңшы, сол жазда Алдияр бақша салып жүріп бір шаршамаған еді, туған үйін, әкесін сағынып жеткен қызының бұрынғыдай емес ерекше әңгімешіл болып кеткеніне таңғалса да кепеде отырып қызының қолынан ішкен шайына жетер шай жоқ, екеуара баяғы бірдеңелерді еске алып айтқан әңгімесіне жетер әңгіме жоқ, қызының әкесіне бұртиып еркелегені, перзентінің әкеге ықыласына жетер ештеңе жоқ... Алдияр үшін бұл ешбір ғажайыпқа теңгермейтін кез еді.  (Осы сәтте кеудеңді сыздатқандай не әлденеге қамырыққандай, жан дүниеңде неше қилы сезім болатыны және бар).  Одан кейінгі жылдары тұрмыстың тауқыметінен жалғыз қызының қиналғаны, жиені Зияданың жүгенсіз кеткені, Жеткерген-Женяның нағашы атасының қасына келіп, ауылдың малын ұрлап қалаға апарып сатқан қасиетсіздігі Алдиярдың жанын жасытты, түңілдірді. Одан бөлек қызының тауқымет шеккенін, жүнжіп қиналғанын көргісі келмегені анық. Флобер, Мопассан, Фолькнер сияқты психолог жазушылардың өз шығармаларында  психологиялық әрекеттерді жүзеге асыру үшін адамның өз ішінде, өз кеңістігінде өмір сүру процестерін айқын көрсететіні сияқты, Тынымбай Нұрмағамбетов те кейіпкерінің неден тұйыққа тірелгенін, қалай күйрегенін оқырманның жан-жүйесіне әсер ете отырып сезімталдықпен баяндайды. Алдиярдың ең соңғы сәтте шарасыздықтан суға кетіп өлуді таңдағанын ақтай алмасаң да оның ішкі әлеміне терең ену арқылы психологиялық талдау жасауға болар еді. Өзің дәтке қуат көріп табан тіреп жүрген өмірдің мәні, мазмұны бір сәтте табан астынан жылжып кетсе, бүкіл дүние өзінің қалыпты қанық бояуынан айрылып, сүреңсіз кейіпке түсерін әркім ақ мойындар. Жазушының тілі лексикалық, семантикалық және синтаксистік тұрғыдан ерекше, автор соншама мұңлы шығарма жазып отырып та өзіне тән юморын  ұмытпайды, бұл әсіресе, ауыл адамдарының мінездерін сомдағанда анық көрінеді.

Сонымен, өн бойында терең әлеуметтік-психологиялық тамыр бар,  автордың күрделі ішкі әлемін, стилистикалық мүмкіндігін көрсететін, философиялық проблемаларды көтерумен ерекшеленетін «Періштелер өлімін» қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің үздік шығармасы дер едік. Екі хикаяттың да трагедиямен аяқталғаны бекер емес, біздегі қоғамдық сананың рухани матрицасының өзгеруінен соңғы жылдары қазақтың уайымы, мұңы көбейгенін жасыра алмаймыз. Бәлкім, соның бәрін көрсете білгені үшін де Тынымбай Нұрмағамбетовты оқитын шығармыз. Тынымбай Нұрмағамбетов оқыла береді. Ол – классика. (Классика - адамдар мен тағдырлардың үлгісі болуымен қадірлі). Әдебиетті соншалықты құрметтемеу белең алған кезде де  біз оны оқуды тоқтатпаймыз,  оның әңгіме-хикаяттарынан тірі кейіпкерлерді кездестіреміз, өмірді бар бояуымен көреміз.

«Рухтар жерден кетеді» және белгісіз болашақ...

«Рухтар жерден кетедіні» жайбарақат отырып оқу мүмкін емес. Бұл шығарма көбірек оқылса екен деймін. Распутиннің «Матерамен қоштасу» деген шығармасы бар, онда деревняны су басады деп тұрғындарын мәжбүрлеп көшіреді, әсіресе, кәрі кемпірлерге бұл ауыр болады, туған жермен қоштасудың қандай боларын суреттеген осы шығармаға уағында үлкен баға берілген. Дегенмен, мен сізге әділін айтайын, Т. Нұрмағамбетовтың «Рухтар жерден кетеді» шығармасы одан да биік, мұнда тәуелсіздік алғаннан кейінші қиын жылдар, тек Қызылорда облысындағы бір шағын ауылдың адамдарының басындағы жағдай сөз болғанымен соңында мына біздің - қара халықтың келешектегі тағдыры не болады деген сұрақ қалдырады. Шығарма сонысымен дәл қазір өте актуальды және мазмұнымен биік.

Қасына мұнай магнатын ертіп келген облыс әкімі Талдысудың егіншілеріне бұл жердің жеке кісіге сатылып кеткенін айтады. Есіркепке «осы жерге ие болыңыз, күзден бастап жұрт бұл араны босататын болсын» деп тапсырады. - Бұл айтқаныңызға тіріміз көнейік, бірақ, ендігі өлетін кісілер... деген Есіркепке: - Басқа жерге барып өлсін. Қазақта басқа жетпесе де жер жетеді! - деп қайырады.

Мұнай магнаты Шойын Білаловтың түсінігінше,  тірсегі тірсегіне соғылып, күнін әрең көріп жүрген бейшара кедей қазаққа жердің керегі қанша, өлгенде жататын жер таңдау не сәнін алған болып шығады. Өз тілінде сөйлеуге арланатындардың атақоныс, кіндік қаны тамған жер деген ұғымнан алыс болатынын көргеніміз бірінші рет емес. Ал, әкім Алшын Сердалиевич миллионер  Шойын Шалғынбаевичтің қолтығына су бүркіп, «осы шипалы суды сатасыз ба, әлде арақ зауытын саласыз ба, өзіңіз білесіз» деп қомпылдатып қояды. Мансапқұмардың бар ойы - осы адамның көңілін табу  арқылы жоғарылау, президенттің көзіне түсу.

- Жоқ-жоқ, мен бұл арадан әуелі курорт санаторий ашамын, әрі қарай бақуаттылардың сұранысына қарай жоспарлау керек, қара халықта не сұраныс болсын? Қара халқыңызды мен мұнда жолатпаймын да! - деп жауап береді миллионер.

Міне, халықтың маңдай терінен доллар сауып байығандардың пиғылы осы. Отыз жылда жеткен ұшпағымыз -  біз осыларды байыттық, біздің ұрпағымыз біз батқан сордан шыға ала ма, бір қайрат қыла алар ма екен... Біз құрдық деген мемлекеттің өз ішінен қалай іріп жатқанын аяусыз, бұтарлап тұрып көрсетуден ауыр не бар? Жоғарыдағылар қалай есіріп, тасып, шайқап-төгіп жатса, төмендегілер жоқшылықтан аза береді. Жоғарыдағылар сіз бен бізден алыс. Тым алыс...

«Кит те қартаяды. Болмаса басына іс түседі. Сосын жоғалады. Бірақ оның орнына келерміз деген басқа Киттер бар емес пе? Олар үлкен Кит, кіші Кит сосын көп Кит болып мұхитты билеп-төстеу үшін таласады. Қан болып қырқысады. Сондай бір күрес нышаны қазірдің өзінде-ақ байқалады. Әзірге ол су астында. Ал күндердің күні болғанда жеңіске жеткен Кит бәріне көрініп, танылып су бетіне шығады. Ал жаңа Киттің заманына да есті акулалар әзірленеді. Айламен күш жинайды. Бұл да саясат» деп өзара сұхбат құрғандардың әңгімесі де, айласы да бізге тым түсініксіз болса да түбі сол билікке таластың зардабын халық көретіні анық.

***

Осыкүнгі адам ғұмырында талай жер аралайды, ел көреді. Есбол болса осы ата қоныстың маңайынан ұзаған емес, сонда да еске алары көп. Оның кіндігі тек осы жерге байланған. «Осы сәтте Есбол машинамен көшпей, есек арбамен көшкеніне де соншалық қуанған. Егер машинамен көшсе мына көкбалақ жусандарға көзі түсе қояр ма еді, әлде қайтер еді. Ол кезде бұрқыраған мына ғажап ашқылтым иіс мұрнына жетер ме еді деші» деп бастағанда автор ұзақ уақыт ауру меңдеп, содан басын әрең көтеріп, көптен сыртқа шығып тұрған науқастың бұлтқа да, көкке де, шөпке де, арба артынан ілескен лақтың шөп жеген аузына дейін мән беруінен  кейіпкердің туған жердің қара топырағына, жусанына, тау-тасына деген сағынышы мен аңсарын жеткізеді. Есбол осы маңның ой-шұқырын жатқа біледі, оның есекарбамен Байтастың қыстауының тұсынан өтіп бара жатқан кезде әкесі мал баққан қыстаумен байланысты оқиғаларды, Ескелді сайына жеткенде де көңілінде ұмытылмастай болып жатталған естеліктерді ойында жаңғыртқаны содан. Есекарба дәл Шырағданның басына келіп тоқтағандағы дімкас адамның қуанышын жазушы  былай баяндайды: «Төменде сол қолы жағында Ақүйік, оң қолы жағында Талдысу өзендері бұраңдап ағып жатқан атамекеніне қарап көзінен жас парлады. Көп сыр айтқысы келіп, бірақ ештеңе де айта алмаған жанның көмейіне кептелген  өксігі болады емес пе?» деген сөйлемнің өзі жай жазыла салмағанын аңғарамыз.  Бірақ, ақырғы рет бой жазып ата қонысына есекарбамен жеткен Есболға сол ата қоныстан орын бұйырмайды. Ол жер Есболдың, осы ауылдағылардың ата қонысы болса да, ол жерде олардың ата-баба, әулеттерінің сүйегі жатса да енді олай қарай аяқтарын аттап баса алмайды. Оған рұқсат жоқ! Жер сатылып кеткен. Ақыры әйелі Ұлту сүйекті есекарбаға салып кері алып қайтуға мәжбүр болады.

Есіркеп молданың Ұлтуды жұбатып отырып өзі қосыла кемсеңдеп айтатыны бар: - Шырағым, сен ойлап отырған шығарсың, Есболдың өлгеніне ғана жылап отыр деп... Ол да мүмкін... Үйреніскен жанды бақилыққа қимау сезімі адамда болуы мүмкін... Пәндәміз ғой... Бірақ бұдан да ауыр іс болып жатыр... Шүкіман-софы маған аян берді. Мына жалған дүниеде болып жатқан ұятсыздықтарға... арсыздықтарға... наразылық білдіріп, рухтар жерден кетпекші екен... Бұл жаман іс-с... шырағым... Түсіне білген пәндеге бұл қарғыстан да ауыр іс-с... Бұл айта беретін заманақырдың жақындауы. Мен біржағынан осыған жылап отырмын...

***

Жеті күн бойы соғып, дала мен өзеннің ұйқы-тұйқысын шығарып, шаңын аспанға көтерген желдің бұл мінезін неге жоруға болады? Жайберген, Есентай, Қайқыбас Қайырхан сияқты естиярлар Есіркеп молдаға кіріп, «Молдеке-ау, мынау бұрын-соңғы болмаған алапат қой. Бұл не? Шүкіман-софының шәкіртісіз, бірдеңе айтсаңызшы» дегенде Есіркеп молда сақалын қайта-қайта сипап ұзақ отырып: «Бұл рухтар... Рухтар заманға...мына біздерге ашулы» деп жауап береді. Автордың шығармасының түпкі ойы, түйіні осы. Әруақтардың, жер иесінің мазасын алмау керек еді. Ата қонысты талан-таражға салудың артында бір кепиет тұр ау.

Шығармада  жазушы ел ішінде халықтың тұрмысы сондай ауыр болғанын былай көрсетеді. Ақылдасқан жұрт «Сұрауын тапсақ кебіндік мата Қарекеңнің үйінен-ақ табылып қалар» деп, атақоныстан топырақ бұйырмаған марқұмды  түнімен  күзетіп, таңда жуындырып арулап ақ жауып Қосүйеңкіге алып кетпекке келіседі. Біз ғой, тоқсаныншы жылдардың қиындығын ұмыта бастадық, қарапайым жұрт үшін соңғы сапарға дұрыстап шығарып салу да зор шаруа болған кездер өтті. Мен де есте қалғанын айтайын. 1992 жылдың қысы, ақ боран тепсініп, ауданға баратын жол жабылып, көптен қаламен қатынас болмай қалған еді, ауыл халқы тамағын шақтап ішіп, қиналып отырғанда бір адам қайтыс болды. Сол кісінің туысы келіп, әжемнен марқұмды орайтын кебін сұрады. Сол кезде 11-12 деміз, өлген адамды орайтын нәрсенің өзін біреуден сұрағанның сұмдық нәрсе екенін іштей шамалаймыз. Арасына қалампыр салып, көптен бері дайындалып жүрген әжем кебін киімін әуелі бергісі келмей, бірақ, ақыры әруақты ренжіткісі келмеген. Сонда ел ішінде жөндем кебін де табылмағаны ғой. Қазір соған адам сенбейді.

***

Әркімнің өз авторы болады, барлық шығармасын оқыған оқушы ретінде байқағаным – оның шығармасында гиперболаланған сезімталдықпен әрқилы эмоцияға берілетін кейіпкер міндетті түрде табылады және ол оқырманға жүрек түкпіріндегі шығару үшін міндетті түрде өткен шағын ойға оралтып отырады. Шығармада суреттеулердің ұзақтау, кейде шұбалыңқы көрінетіні бар, бірақ, өзіме автордың өз кейіпкерлерінің ішкі сырын ашуда егжей-тегжейлі баяндауы ұнайды. Солай Есболдың алғашқы жары Зияшқа деген ақ махаббатын өмір бойы кеудесінде әлдилеп өткенін, оны өкпелеткен кездері үшін өмір бойы іштей өзін кінәлы санайтынын түсінеміз. Оның әйелі Ұлту қандай адам? Ол да бірауық өткен күндерін, сүрінген кездерін еске алады. Зияшпен екеуінің балалық шақта құрбы болғаны, Зияштың өз тұмарын бұған сыйлағаны – кейін Есболдың алғашқы жары Зияш өліп, Ұлтудың Есболға күйеуге шығуында да тағдырдың біз жауап бере алмас жұмбағы бар. «Кәртөшке алғаш түйнектеген кезден бастап, жаңа кәртөшкеден өзіңе пюре жасап беремін - деді, сондайлық қуана сөйлеп. - Мүмкін, сол ас дертіңе шипа болар! Тәуір боп кетерсің... Есекарбамен тырбаңдап көшіп жүргенімізде Алла бізді де бірдеңеге бастап жүрген шығар-ау...Есбол үндеген жоқ. Бірақ бұған жүзін бұрды. Жүзін бұрып отырып күлімсіреді. Бар болғаны сол... Сонда осы жауаптың өзі де Ұлту үшін жетіп-артылған. Күйеуінің бір рет күлімсірегені үшін әлі де қырық күн кәртөшке егіп, қырық күн оның қызыл қоңыздарын теріп, аптап күнге қақталып тоңқаңдап кетуге бейіл еді-ау. Күйеуі қуанып, көңілденген күні мұның бойындағы шаршап-шалдығудың бәрі өз-өзінен ұмытылып кететін» деген жолдардан тағдырға мойынсұнған, ері үшін, отбасы бүтіндігі үшін арқасын бейнетке тосудың өзін өмір деп ұғатын қазақ әйелін көреміз.

***

Шығармадан момын да, пысығы да, пайдакүнемі, намыссызы да табылады. Жалпы әлем әдебиетінде мінезсіздік деген мәселе бар ғой, осы мінезсіздік, өз пікірінің жоқтығы жағымпаздықты, икемделгішті туғызады. Талдысудың суы шипалы екенін естіп, осы жерді сатып алмақшы миллионер мен  облыс әкімінің көңілінен шығатын қызмет көрсетем деп сүрініп-қабынған, «ата-баба жері елге бұйырмай, әлдекімнің пайда табатын жеріне айналды ау» деген  ойдан ада, одан гөрі дөкейлердің алдынан киіп шығуға деп берген шапандар өзіме бұйыра ма, бұйырмай  деп көп уайымдаған, тікұшақтан сайлауға шақыру қағаздары жауғанда оны еріккен байлар ақша шашты деп ойлап, құр қалмайын деп жанұшыра жүгірген, байлар сатып алатын жерге ешкімді маңайлатпағаны үшін алған 600 долларды өмірінің ең ғажайып сәті деп есептейтін Әжібай бар. Несін айтасыз, соңғы кездері Әжібайлар көбейді бізде. Миллионерге жалбақтаған облыс әкімінің  бейнесі де, қалтасын түсетін тиын-тебен үшін ата-баба қонысының сатылғанына титтей де шамырқанбайтын Әжібайдың образы да Цвейгтің Лепорелласын еске салады. Рас, Лепорелла қатыгездікке надандығынан барды, ал, Әжібайлар мен Алшын Сердалиевичтер өзінен күштіге адал қызмет еткісі келген сайын рухани тұлғалық жағынан құлдырай түседі, олар тіпті жағымпазданған сайын  ессіз әрекетке барады.  Жазушының осы кейіпкерлерін ақымақтығы, бейшаралығы, ұятсыздығы мен жағымпаздығы үшін жек көрудің орнына жиіркенесің, бір жағы аяйсың. Олар мешеу адамдар. Біздің сорымыз – біздің тағдырымыз солардың қолында.

Шығарманы оқып болғанда біз осы индеецтердің тағдырын қайталап жүрмесек жарар еді деген уайымның қалыңдағанын да жасырмаймын. «Санаторий салып, оны барларға, байларға ғана арнаймын. Олар бұл жерге республикамыздың әр тұсынан тікұшақтармен келіп демалатын болады. Көрерсіз. мен жұмысты тікұшақтар қонатын алаң жасаудан бастармын, сірә» деп арман еткен байшыкеш үшін біз шынында да сорлы индеецтер секілдіміз.  Өз жерімізге өзіміздің еркіміз жоқ, халықтыкы деген жер ақшасы барлардың иелігіне өтіп жатыр, ел үшін жайылымдық жер  түгілі өлгенде жамбасы жерге тиетін жердің өзі мұңға айналған. Бүгін баспаналы болам деп қанша қазақ банкке жем болып қуықтай пәтер үшін жанын жалдап жүр, ертең бір қытай немесе құлқынын ақша тескен өз қазағың келіп «мына сенің пәтерің тұрған аумақты түгел сатып алғам, не босатасың, не менің жерімде тұрғаның үшін салық  төлейсің» десе кімге барып шағынатынымызды да білмейміз.

Біздің әрекетіміз де, әрекетсіздігіміз де келешегімізге өз ізін қалдырады. Ендеше қазақ деген жұрт өз таңдауын қашан жасайды, ол үшін өзінің осынау тағдырынан қашуы керек пе? Қашқанда қайда барып, не әрекет қылуы керек?

***

Сөз соңында

Тынымбай Нұрмағамбетов шығармаларының түгел дерлк оқыдық, дегенмен, осы «Періштелер өлімі» мен «Рухтар жерден кетедіні» неге біртұтас дүние деп  қабылдағанымды түсіндіре кетейік. Тәуелсіздік алған жылдары ауылдағы қарапайым жұрттың ішер асқа, киер киімге жарымағанын көрдік. Шағын ауылда болып жатқан оқиғалар да, жұпыны дастархан да, жартыкеш көңілдер де бір-біріне ұқсас еді. «Жылан уындағы» ауылда қалған Шырай жеңгесін, бауырларын қуантқысы келетін періште көңіл Шертайды, Байшұбарды, «Сәмбі талдың мұңындағы» әйелі өліп, қызын жалғыз өзі мәпелеп өсірген Алдиярды, оның қызын, «Рухтар жерден кетедідегі» ата қоныстың әр тасына шексіз ықыласпен көз суаратын Есболды да танитынымыз сондықтан. Шертайды ойласам кеудем қысылғандай болатыны да содан...

«Міш» деп сөйлейтін кемпірлер мен кебісін киіп жатып та қара сөздің қаймағын айыратын шалдарды көрмедік, бірақ, жазушы суреттейтін оқиғалар біздің ауылда да болған, тек басқаша қалыпта көрінуі мүмкін. Бүгін қит етсе «стресс алды» деп жатамыз. Тоқсаныншы жылдың стресінің салдары ұзаққа созылды. Сол жылдары шағын ауылдан он бес шақты  бала таң қараңғысында бес шақырым жаяу жүріп мектепке баратынымыз, жолда талай тоңғанымыз да есте. Қарап отырсам,  сол кездегі 12-15 жаста болған қыздар алды қырыққа жетсе де әлі күнге сәби сүймеді. Олар біреу емес, үшеу де емес, әдейілеп санап көріп едім, есіме түскені 8 қыз бала болды. Мүмкін, олар сол он шақырым жолда суық тигізген шығар, дұрыс ас ішпегеннен әлжуаз болды ма, бірақ, әлі буындары бекімей жатып тұрмыстың тауқыметін көргені, әкесінің рухы басылып, шешесінің шарасыз күйінен жанына жара алғаны, іштей күйзелгені анық. Атпалдай азаматтардың бірі ішкілікке салынды, бірі бала-шағасы аш отырғанда тұйыққа тіреліп, өзіне қол салды, арақ ішіп алып, «мен өлсем  балаларым жетім ретінде пенсия алар еді» деп еңкілдеп жылағандарды да көрдік. Оның бәрі шарасыздықтан еді. Алдияр секілді... Алдиярдың қызының бақытсыздығы да, Женяның теріс жолға түсуі де сол бағыттан адастырған стресс жылдарының себебі екені анық. Шығарма Алдиярдың күйреуімен аяқталады. Расында үмітсіздіктен жаман ештеңе жоқ. Одан кейін ұзақ уақытқа дейін мұңға билетесің, сондықтан өзі де депрессияда, әлдебір дағдарыс жағдайында жүрген адамдарға мұны оқуға кеңес бермес едім. Мұнда жан-дүниеңде қопарылыс жасалады.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

qalamger.kz

6alash ұсынады