Қазақ халқының тұрмыс-тіршілік, салт-дәстүрінің бір ұшы мал шаруашылығымен тіке қайнасып жатыр. Мал шаруашылығын қолға алып, төрт түлік малды өсіруге айрықша көңіл бөлген қазақ халқы үшін әсіресе «қой шаруашылығының» орны ерекше. Қазақта «Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір» немесе «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деген мақалдары бар. Ежелден мал шаруашылығын ата кәсібі еткен қазақ халқының ұлттық бұйымдары да, ұлттық тағамдары да жүз пайыз қой өнімдерінен алынады десек қателеспейміз. Қонақжай қазақ халқының төріндегі текемет пен оюлы сырмағы, ақ дастарханындағы қойдың басы мен жамбас жілігі, құрт-ірімшігі мен сары майы, сүті мен айраны бәрі де қой өнімінен екені даусыз...

Осыншалықты көл-көсір өнім берген қой тұқымының да өзіндік ерекшеліктері мен түрлі сипаттары бар. Әр жерде өскен қойлардың таралуы, тұқым құрамы мен беретін өнімінің мөлшері әр алуан. Сондықтан да ғалымдар қойлардың биологиялық ерекшеліктерін көптеп зерттеген.

Ғалымдардың ерекше зерттеу жүргізген қой тұқымдарының бірі Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына шоғырланған азғана қазақтардың өсіріп отырған қой тұқымы – Керейдің қызыл қойы, яғни «Керей қойының тұқымы» деп аталады. Бұл атауды 1998 жылы зоотехник ғалым – Орынбайұлы ҚАТРАН арнайы ғылыми зерттеу жүргізіп бекіттірген.

«Керей қойының тұқымы» атауын бекіткен жарлық.

Мал маманы, қазақтың жергілікті тегене құйрық, қызыл қойының биологиялық ерекшеліктерін зерттейтін модика жасап, ұзақ жылдар бойы жасаған зерттеулерінің нәтижесінде «Керей қойының тұқымы» атты ғылыми еңбек жазды. Сол еңбегімен 1998 жылы Моңғол елінде қазақ қойын бөлек тұқым болғызып бекіттіріп, «Керей қойының тұқымы» деген ат беріп, Керей қойының стандартын бекіттірді. Зоотехник ғалымның Моңғолиядағы мал шаруашылығы саласын ғылыми негізде өркендетуге қосқан үлесін Моңғол үкіметі жоғары бағалап, «Керей қойының» ақы иесі – Орынбайұлы Қатранға 2012 жылы Моңғолия мемлекетіне «Еңбек сіңірген зоотехник» атағы берілді.

Моңғолия мемлекетіне «Еңбек сіңірген зоотехник» ғалым – Орынбайұлы ҚАТРАН

Орынбайұлы Қатран жайлы: Ол 1937 жылы Баян-Өлгий аймағы, Бұлғын сұмынының Лақшың өлкесінде дүниеге келген. 1956 жылы орта мектеп бітіріп, 1961 жылы Улаанбаатардағы Ауылшаруашылығы институтын (ХАИС) «зоотехник» мамандығымен бітірген. 1969-1970 жылдары Алматы қаласынан Ауылшаруашылығы басшы қызметкерлерін даярлайтын жылдық курс бітірді. 1961-1964 жылдары Увс аймағының Баруунтууруун қазына шаруашылығының бас зоотехнигі, 1964-1968, 1970-1977 жылдары Баян-Өлгий аймағының Ауылшаруашылық басқармасында орынбасар, аймақтық бас зоотехник, 1990-1999 жылдары Дэлүүн сұмындық «Октябрь 39» бірлестік бастығы болған. 1977-1999 жылдары Ауылшаруашылығы өндірістік тәжірибе станциясында зоотехник, тұқым мал селекция (мал үржлийн алба) бөлімінің бастығы қызметін атқарып тұрып зейнетке шыққан.

Мал шаруашылығы өндірісіне ғылыми жетістіктер мен озық іс-тәсілдерді енгізу арқылы түрлі түліктердің сапасын жақсарту, өнімін арттыру, мал бағу тәсілі, тұқым селекция жұмысын жетілдіруде білікті маман, іскер басшы болған – Орынбайұлы Қатран 2014 жылы 77-ге қараған жасында Баян-Өлгей аймағында өмірден озды.


Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында өсірілетін Керей қойының тұқымдық ерекшеліктерін жеке талдап зерттеген ғалымдар Сұлтанов Ө.С, Сейітқажылардың ғылыми еңбектерінен үзінді ұсынайық.

КЕРЕЙ ҚОЙЫНЫҢ ТҰҚЫМДЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Сұлтанов Ө.С., Сейітқажы Ж.

Аталарымыз ғасырлар бойы өсірген, сақталып қалған жергілікті қой тұқымдары бар еді. Алайда олар елден оқшау Қытай жерінде қалып қойған болатын. Олар негізінен Шыңжаң өлкесіндегі Басбай және Алтай аймағында өсірілетін тегене құйрықты қылшық жүнді қойлар еді. Соңғы аталған қойлардың біраз бөлігін Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына қоныс аударған қазақтар алып кетіп, қаншама жылдар өсіріп жатты. Кейін бұл қойлармен асылдандыру жұмыстарын жүргізген ғалымдар мен мамандардың оның ішінде Орынбайұлы Қатран, Х.Самиланның еңбегінің нәтижесінде жаңа қой тұқымы болып бекітіліп, оған 1998 жылы «Керей қойының тұқымы» деген ат берілді.

Ғалым Орынбайұлы Қатранның зерттеулеріне қарағанда Батыс Монғолияда өсірілетін Қазақтың құйрықты қойын зерттеу жұмыстары Кеңес одағы мен Монғолияның біріккен экспедициясы құрылған 1932-жылдан басталады. Осы экспедицияның құрамында болған орыс ғалымы Я.Я. Лус Монғолияда өсірілетін жергілікті қойларды май құйрықты Монғол қойы, Қазақтың құйрықты қойы деп екіге бөледі.

Зоотехник ғалым Б.Пүрэв (1968), Б.Аюуш (1972), Б.Цэрэнжав (1972) тар өз еңбектерінде Монғолияның батыс өлкесін мекендейтін қазақтар ерте кезден бастап құйрықты қой өсіріп келгенін атап көрсетеді. Біздің ізденістеріміз кәзір Монғолияда мекендейтін қазақтар алғаш 1860 жылдары көшіп келгенде осы қойын ала келгендігі анықталды. Демек сол жылдардан бастап Монғолияда құйрықты қой өсірілген.

Я.Я.Лус Батыс Монғолияда өсірілетін құйрықты қойларды анықтай келе тұлғасы берік, аса төзімді, денесі Монғол қойынан үлкен, сақа саулығының шоқтығының биіктігі 71,9 см, тұрқының қиғаш ұзындығы 72,8 см, кеудесінің орамы 90,6 см, тірідей салмағы 53,1 кг тартады деп анықтама жасаған.

Б.Пүрэв Моңғолияның Ховд аймағының Бұлғын сұмынында өсірілетін құйрықты қойдың шаруашылық, биологиялық кейбір ерекшеліктерін зерттеи келе төмендегідей сипаттама жасаған. Құйрықты қойдың денесі Монғол қойынан үлкен, тұлғасы берік, Алтай таулы аймағының қатал климатына жақсы бейімделген, жыл бойы жайылымда бағылады, қосымша азық ғажет етпейді. Жаз бен күз айларында жайылымнан шелдене семіреді, көктемгі салмағын 40-50 пайызға дейін қосып, құйрығы мен жаясына көп мөлшерде май жинайды. Сақа саулығының шоқтығының биітігі 69,7 см, тұрқының қиғаш ұзындығы 72,8 см, кеудесінің орамы 93,4 см, тірідей салмағы 55,5 кг, жүнінің шығымы 1,42 кг, қошқарының тірідей салмағы 73,2 кг, жүнінің шығымы 1,56 кг деп көрсеткен. 1971-жылы жүрілген мал шаруашылығы экспедициясының мәліметтерінде саулық қойдың шоқтығының биіктігі 66,5 см, тұрқының қиғаш ұзындығы 60,3 см, тірідей салмағы 56,1 кг, жүнінің салмағы 1,37 кг, қошқарының шоқтығының биіктігі 75,2 см, тұрқының қиғаш ұзындығы 72,7 см, тірідей салмағы 68,5 кг, жүнінің салмағы 2,05 кг деп көрсетілген. Экспедиция құйрықты қойды төзімді, тұлғасы берік, жайылымда жақсы семіреді, жаясы мен құйрығына май көп жыйнайды, қар тебіндеп жайылуға бейімделген берік тұяғы бар ұзын сирақты, басының үлкендігі орташа, тұмсығы дөңестеу деп сипаттаған.

Құйрықты қойды жүздеген жылдар бойы ежелгі халықтық тәсілмен сұрыптап өсіріп келді. Тек 1980 жылдардан бастап селекциялық жұмыстар ғылыми негізде жүргізіле бастады. 1960 жылдардың соңын ала ауыл шаруашылық бірлестіктері мен шаруашылықтарда қойдың таңдамалы отарлары, 1970 жылдарда құйрықты қой өсіретін таңдаулы топтар мен фермалар құрылды. Аймақта құйрықты қой өсіретін мемлекеттік 1 ферма, аймақтық дәрежедегі 3 ферма, 4 тұқымдық мал өсіретін топ жұмыс істеп тұрды.

Керей тұқымы қойының дене құрылымы берік, дене пішінінде айтарлықтай ақау жоқ. Ғалым Я.Я. Лус (1930), Б. Пүрэв (1968) Батыс Монғолияда өсірілетін құйрықты қойдың дене құрылымы берік деп анықтаған.

Керей тұқымы қойының сақа қошқарлары 100 пайыз, сақа саулықтарының 97,7, ұрғашы тоқтылырының 95,0 пайызының дене құрылымы берік, сақа саулықтардың 6,3, ұрғашы тоқтылардың 5,0 пайызының дене құрылымы әлжуаз.

Керей қойының басы орташа, арқа, белі тегіс, етті де жалпақ, шоқтығы сауырынан аласа, сирағы салыстырмалы түрде қысқа, түзу, құйрығы көтеріңкі үлкен болып келеді. Сақа қошқардың шоқтығының биіктігі 72,6 см, сербегінің биіктігі 73,3 см, тұрқының қиғаш ұзындығы 75 см, кеудесінің орамы 95,1 см, кеудесінің кеңдігі 20,6 см.

Сақа саулықтардың шоқтығының биіктігі 62,5 см, тұрқының қиғаш ұзындығы 66,3 см, кеудесінің орамы 86,3 см. Кеуде орамының жоғарғы шегі сақа қошқарларда 100 см, саулықтарда 92см, тұрқының қиғаш ұзындығының жоғарғы шегі қошқарлард а 82 см, сақасаулықтарда 71 см болды.

Ет өнімінің негізгі көрсеткіші малдың тірідей салмағы болып табылады. Керей қойы тұқымының жыл бойы жайылымда бағылатындықтан оның тірідей салмағы жыл мезгілі, ауа райы, бағып қағу сыяқты факторларға байланысты әр түрлі жағдайда, тербелісте болып келеді.

Керей қойының сақа саулықтары орта есеппен күзде 57,6 кг, сақа қошқарлар 74,5 кг, ұрғашы тоқты 47,8 кг, тоқты қошқар 53,9 кг, еркек тоқты 51,9 кг салмақ тартады.

Керей тұқымы қойының түр түсі, мінезі, сыртқы келбеті мен пішіні тағы басқа белгілерімен Монғол қойынан ерекшеленеді.

Керей қойының түсі қызыл, қызылкүрең, жаясы мен құйрығына май көп жинайды, құйрығы көтеріңкі, үлкен, қар тебіндеуге бейімделген шымыр тұяқты, аяғы салыстырмалы түрде ұзын, құлқы (мінезі) жуас болып келеді.

Керей тұқымы қойының 250 інің түсін анықтағанда 90 нан астам пайызы қызыл және қызылкүрең болды. Керей тұқымы қойының түсі Моңғолияда өсірілетін басқа қойлардың түсінен анағұрлым бөлек болып келеді, себебі Моңғол қойларында қызыл түс кездеспейді.

Қорыта айтқанда Керей қойын қазақтар ерте кезден бастап өсіріп, халықтық селекция арқылы таза сақтап келген, сан жағынан өз ішінен таза өсіре беруге жеткілікті, сұрыптай таңдап, белгілі бір бағытта өсіргенде шаруашылық пен тұқымдық құнды белгілерін ұрпақтарына бекем жалғастыра алатын морфологиялық, физиологиялық және шаруашылыққа пайдалы қасиеттерімен дараланатын ерекшеліктері бар қой болып табылады.

Әдебиеттер тізімі

  1. О. Қатран. «Керей қойы» – Улаанбаатар қ, 2001. – 69 б.
  2. Ә. Бөкейханов. «Далалық өлкедегі қой шаруашылығы: монография» – Алматы: «Халықаралық жазылым агенттігі», аударғандар: Ө.С.Сұлтанов, А.М.Әлімжанова, А.Дайрабаева, 2014. – 124 б.
  3. Добросмыслов, А.И. «Скотоводство в Тургайской области» – Орынбор, 1895 ж. – 15б.
  4. Demberel, S. «The relationship between the growth-rate of the lambs of native Mongolian ewes and the quantity of milk suckled and feed consumed» – Állattenyésztés és Takarmányozás, 1994, 43, 1/2, pp 17-23.

дайындаған Жұбатгүл САМБУУҚЫЗЫ

6alash ұсынады