Біз оны «күжілдек» дейтінбіз. Ербала деген аңшы шалдың жалғыз ұлы еді. Төртпақ, қап-қара шойыннан құя салғандай, даусы жуан, аңқау да аңқылдақ адам еді. Қырықтан жаңа асқанмен, қара танитын ғана қауқары бар, ілдалдамен өмір сүрген өте қарапайым, ел аузына күлкі боп іліккен, өте қызық жан-тын. Совхоз қайда жұмсаса сонда балаша еріп, ерінбей жүре беретін. Бірақ өліп бара жатса да асығуды білмейтін, колхоздың қара өгізіндей əрі жайбасар, əрі жуас.

«Жуас түйе жүндеуге жақсы» деп, ауыл азаматы бас қосып отыра қалса, əңгімелерінің желісі Құмарға ауысып, түрткілеп қажайтын, қалжыңдап, қаңқу сөзбен есін шығарар еді. Аю секілді алая қарап, қорбаңдап орнынан тұрып кететін немесе: «Ей, – деп күж ете түсетін, – ей, тəлкек қылмаңдар, мойындарыңды бұрап аламын». Бірақ күні бүгінге дейін ол кісі ешкімнің мойнын үзген жоқ, зəуде төбелесе қалса, баж-бұж етіп, мұрны қанап, таяқ жеп шыға келетін.

Құмекеңнің ішіп алғанда айтар жалғыз əні бар. Оны жұрттың бəрі жатқа біледі. Не той-томалақта, не болмаса жападан-жалғыз өзі жаман торысына мініп бүлкек-бүлкек желіп келе жатып, айызы қана шырқайтын-ай. Мəңгі таусылмас ұшы-қиыры жоқ төл əніне əлəулайлап кеп басатынай. Сонда Құмекеңнің əлемде жоқ теңдессіз əні мынау еді:

«Албания, шалбария, албания, шалбария», міне, осы сөзді созақтатып жалықпай қайталай беретін, қайталай беретін.

Əкесі Ербаланың аруағынан ұяла ма, ептеп аңшылық құратыны жəне бар. Онда да қолында мылтығы жоқ, əкеден қалған ескі елік қақпан мен қоянға құратын сымтемір тұзақ қана. Жаман торысына бір жамбастай мініп қиқайып алады да, «албания, шалбариясын» мұрнынан ғана ыңылдап, тауға қарай беттеп бара жатар еді. Кейде көңіл деген көк дөнен ғой, қоқырақтап шапқысы келетін. Амал не, жаман торысы алдан гөрі артқа жақсы жүрер еді. Құмекең таудағы əлі қыстаққа тасылмай, қар басып тұрған маяның түбіне асықпай-саспай қақпанын құратын. Жаңа ғана жүгіріп өткен сонар бетіндегі қоян ізін аңдып, баспалап барып қалыңдау тал не бұтаның арасындағы ұрымтал тұсқа тұзағын байлайтын. Бұдан соң аспай-саспай қалтасындағы дорба толы махоркасын алып бас киімінің маңдайшасына жүгіртіп жіберген газеттің шетінен жыртып темекісін салып, тілімен жалап желімдеп, сұлулап орайтын. Енді сіреңкесін іздей бастайды. Қарманып қарамаған қалтасы қалмайды, əрең дегенде жан қалтасының түбі тесіліп, жыртығынан түсіп, астарды қуалап кеткен шақпақты тауып, міндетті түрде салдырлатып шайқай, қанша ши қалды дегендей байқап барып, сорайған пештің мойнындай ұзын шылымын тұтатар еді. Саспай, байыппен құшырлана соратын, содан соң бірден қолқасын қапқан ащы түтіннен булығып жөтелетін, ұзақ жөтелетін күркілдеп. Көк түтін ыстаған көзін сығырайта сонау, етекте жым-жырт қар басып, томаға-тұйық жатқан ауылға ойлана телміреді-ай. Сонау етекте асықтай шашылып жатқан ауылда Құмекеңнің де қос бөлмелі ағаш үйі бар. Көріне ме, көзіме түсе ме дегендей, тесіліп көп қарайды. Аппақ қар жанарын жеп, жасаурата берген соң, былш еткізіп бір түкіреді де, атына қайта мінеді. Құмекеңнің сондай, аңнан қайтқан сəтсіздеу бір сəтінде тауға отынға бара жатқан əкем екеуміз ұшырасқан едік. Қанжығасы тағы да бос екен. Əкеме сəлем берді. Күж ете қалған даусынан, жастау мал еді, менің астымдағы шабдар ат жалт етіп үркіп, жығып кете жаздағаны.

– Иə, Құмар, қақпаныңа ештеңе ілікпеген бе? – деді əкем. Ол қыржың ете қалды да, жаман торысын бауырлап тартып өтті қамшысымен. Ат мизеген жоқ, құйрығын бір бұлғап «қираттың» дегендей тезек тастады. Мен жаман торының осыншалық көн тулақ көнбістігіне еріксіз күлдім.

– Ей, а-ға-а, – деді Құмар созып, – атаңның аузын ұрайын... сіздің емес, əрине... Атасының аузын ұрайын, Балтабай молда Суықсайдағы маяның түбіне құрған қақпанымды да, қақпаным қапқан елігімді де шанасына тиеп алып кетіпті. Соның ізін шалып келемін. Сіздің алдыңыздан шыққан жоқ па?

– Жоқ, көзіме түспеді. Қақпаныңды алған дəл Балтабай екенін қайдан білдің? – деді əкем жымиып.

– Ой, а-ғ-а, сіз де баланың сөзін айтасыз. Балтабай молда осыдан бір апта бұрын шеге сұрап маған келген. Сонда өзі айтып отырған: «Шеге жетпей қалып, биенің артқы оң аяғы тағаланбай қалды», – деп. Міне, байқайсыз ба, мына жолда бір тағаның ізі жоқ емес пе, ей, а-ғ-а...

– Рас, – деді əкем тапқырлығына еріксіз сүйсініп, бір аяғы тағаланбаған аттың ізі.

– Ат емес, бие деңіз.

– Рас, биенің ізі.

– Аттыкі ме, биенікі ме, ізіне қарап ажырату қиын ғой, – дедім мен қарап тұрмай.

– Ал мен, – деді Құмар күмілжіп, – төрт түліктің қиын иіскеп айыра аламын еркек-ұрғашысын.

– Рас, – деді біздің шал, – рас, айыра алады. Біз екі жаққа бөлініп аттандық.

Ертеңінде есік алдындағы түнде жауған қарды күреп жүр едім, жаман торысына жайдақ мініп, тепеңдеп жалаң бас Құмар келді. Суық күнде өртеніп жүргендей басының буы бұрқ-бұрқ етеді. Аттың үстінде тұрып айғай салды:

–  Ей, пысық бала, əкең тұрды ма?

–  Тұрған, шай ішіп отыр.

– Мен келіп тұр де.

Үйге кіріп шалды шақырып шықтым.

– Неғып ертелетіп жүрсің? – деді əкем. – Үйге түсіп шай ішпейсің бе?

–  Уақытым жоқ, а-ға-а, асығыспын. Балтабайды қатырдым. Кеше айтпап па едім, қақпанды сол алыпты.

– Қалай қатырдың?

– Ой, а-ға-а, кеше өзіңізбен қоштасқан бетте, салып ұрып үйіне жетіп барсам, керіскедей қылып менің елігімді сойып жатыр. «Қайтар өзіме», – дедім. «Алтайдағы бар елікке ен салып қойып па едің, сенікі емес», – деп міз бақпады. Содан боқтастық. Сақалы бар молда екен дегенім жоқ, əке- бабасынан түсіп, түгін қоймай жездей қақтадым. «Еліктің əкесін ұрайын, алсаң ала бер, бəрібір менің ішіме аңның еті жақпаушы еді, тым болмағанда қақпанымды қайтар», – деп тебініп едім, батырға да жан керек, бере салды. Қанжығаға мықтап байладым да, «жеті атаңның аузын...» деп сыдыртып едім, ол да жеңілмейтін без бүйрек ит екен, «жетпіс жеті əкеңнің...» деп... түп-тұқиян ата-бабамды түгел санап шықты. Үндегенім жоқ. Шыдамдымын ғой. Үйге келдім. Əрине, жетпіс жеті əке болмайтын шығар деп ойладым. Содан Сайлыш келініңіздің жариттаған картошкасын жеп, тым-тырыс жатып қалдым. Таңертең ояна келсем, күн əлі ерте екен. Бірақ айнала жарық, қар жауып қалыпты. Оны өзіңіз де көріп тұрсыз... Иə, сонымен, көпке дейін суықтан қорғанып тұрмай, көзім бақырайып жатып алдым. Сиырға шөпті Сайлыш салды. Сонда барып есіме түсті. Кеше кешке ғой, Балтабай молда жетпіс жеті əкемді қосақтап материстса етті, ал мен болсам жеңілген иттей құйрығымды қысып үндемей үйге қайтыппын... Əкемнің де ашуы артынан түсуші еді, жылы төсектен атып тұрдым да, атыма жайдақ міне салып, Балтабайдың үйіне тура шаптым. Дəл есік көзіне ат ойнатып айғай салдым: «Ей, Балтабай, шық үйден, жан керек болса», – дедім. Балтабай штаншаң, бір қолымен ышқырын, бір қолымен жүрегін ұстап:

«Не болды, не болды», – деп атып шықты. «Ей, Балтабай, – дедім, – сексен сегіз əкеңнің аузын...» – деп сарт дегіздім де, атымның басын шапшаң бұрып, құйын-перен шапқылап, мінеки, тұп-тура сізге келдім... Айтыңызшы, шын төрелігіңізді айтыңызшы, а-ға-а, артылттым емес пе?! Балтабай боқтаған жетпіс жеті əкеден тура он бір əкені артылттым емес пе, а-ға-а, айтыңызшы, а-ға-а, артылттым ғой, иə, қатырдым ғой, иə... Рас па, а-ға-а!

– Рас, – деді біздің шал, – артылттың, артылттың!

– Біліп едім артылтқанымды, ризамын сізге, – деп астындағы «арғымағын» борбайлап-борбайлап шоқырақтай жөнелді. Əкем үйден жеңіл шығып еді, əбден жаурап қалса керек, бүрсең қағып қайта кіріп кетті. Мен Құмардың соңынан ұзақ қарап тұрып, оның сөз жоқ, дəл қазір «Албания, шалбария» деп əн салып бара жатқанына күмəнім қалмаған. Сол Құмекең ана бір жылы судың арғы жағалауындағы Қарадаладағы қырманға күзетші болып орналасыпты. Көктемгі егін егер мезгіл, механизаторлар күні бойы алқапта жер жыртып, дəн сеуіп жүреді де, күн еңкейе, тракторларын қаңтарып тастап, машинаға мініп ауылға қайтатын еді. Ал Құмекең күзетте қалады. Содан ертеңінде жігіттер тракторға май құяйын десе, ыдысы бос жатыр. Ішіндегі автол жоқ, тегі, Құмекең ұйықтап қалғанда, ары-бері өткен жүргіншілер құйып əкетсе керек. Механизаторлар жан-жағынан айғайлап жан алқымынан алған соң, сасқалақтаған Құмар: «Уа, азаматтар, – деп оң қолын көтеріпті. – Сабыр, сабыр сақтаңдар. Автолды қасқыр ішіп кеткен. Ал, қылатыныңды қылып ал». Өзі жаман торысына мініп, енді қайтып көрмегенім қырман болсын деп, ауылға желе жөнеліпті.

Сол Құмар биыл Қарадаладағы қырманның күзетшілігіне тағы барған. Бұл жолы автол аман, қасқыр да, адам да іше қойған жоқ. Соңғы кезде Құмекең күдерін мүлдем үзгендей аң қарағанды да қойған, себебі – баяғыдай ешкімен бірге өріп жүретін елік жоқ бүгінде. Соңғы кезде ол «албания, шалбария» деп шет-шегі таусылмас əнін де айтқанын қойып, бір түрлі бұйығы, өз-өзінен қорынып, жуас тартыпты деп естігенмін. Тек Құмар туралы күлкілі, өтірік-шыны аралас əңгімелер ғана ауыл арасында қаңқулап жүрер еді.

Екі кештің арасында Бұқтырманың арғы жағындағы күзеттен кір-қоңымды жуғызып, моншаға түсіп қайтайын деп үйіне келе жатқанда, өткелді таба алмай, суға кетіп өліпті. Оның суға кетіп өлгенін алғашында ешкім біле алмапты-мыс, тіпті ауыл адамдары сенбеген бе, өйткені оларға Құмар «албания, шалбариясын» айтып, орталарында мəңгі бақи жүре беретіндей сезінген. Баз біреулер айтыпты: «Құмар тіпті де өлген жоқ, төменгі жақта немере інісі бар екен, соған кетіпті». Енді біреулер естіпті: «Құмар арғы беттегі орыс ауылы Черновада ішіп-ішіп мас болып жүр», – деп. Тағы біреулер көріпті: «Егер Құмар тірі жүрсе, су-су болып жаман торысы ат қораға келер ме еді? Өзеннің ормасына түсіп кеткен Құмар айғайлап үш рет қол бұлғапты. Əлдекімді дауыстап шақырыпты».

Құмар кімді шақырғанын, қолын неге бұлғағанын ешкім білмейді. Əлде ел-жұртымен қоштасқаны шығар, əлде ел-жұртын «əйтеуір, түбі баратын жерің мен кеткен жақ» деп, соңынан шақырды ма екен. Қалай болғанда да ол «мені құтқара гөр, халқым», – деп қол бұлғамағаны рас-ты.

Осындай сəуегейлікпен бір апта уақыт өтеді. Сайлыш жеңешеміз суды жағалап, бар баласын ертіп «Алпамсадай арысым едің» деп, боздап жүрген көрінеді. Ал Құмекең жым-жырт...

Ауыл азаматтары айтады: «Ой, ол итті судан емес, қырдан іздеу керек. Көресің əлі «албания, шалбариясын» айтып келе жатады».

Дегенмен, деп ойлаймын мен: Құмар суға кетерде, қолын неге бұлғады екен?!.

6alash ұсынады