«МОНА ЛИЗА»

Университеттің төртінші курсынан соң студенттерді алты айлық практикаға жіберген. Төлеужан­ды Қарағандыға бөліпті. Облыстық газет­тің редакциясына барып жүз көрсетіп тір­келген соң, алты ай бойы қонақ үйде жататын емес, жатақхана іздестіруге кірісті. Редакциядағы жігіттердің көмегімен жан-жаққа телефон шалып, ақыры қала ше­тін­дегі құрылысшылар жататын үш қа­батты саман үйден қуықтай бір бөлме тап­қан болысты. Жүгін арқалап, бір бума кітабын қолтықтап Төлеужан әлгі бөлмеге барып орналасты.

Бөлмені ретке келтіріп тазалап, шаңын сүр­тіп, жатар орнын ыңғайлаған соң, әде­­тінше, төсегінің тұсына өзімен бірге ала келген «Мона Лизаны» іліп қойды.

Бұл – Леонардо да Винчидің әйгілі картинасы болатын. Әрине, түпнұсқа да, көшірме де емес, кәдімгі альбом-кітаптан жыртып алынған етектей бір парақ-ты. Суреттің жан-жағын ақ қағазбен жиектеп, кәсекке салып әшекейлеп жүрген Төлеужанның өзі еді...

Орталықтан шалғайда, Бетбақдала­ның бір қиырында өскен Төлеужан университетке түскен бойда өзге әлемге тап бол­ғандай сезініп, оқу мен тоқудың қызы­ғына құныға ден қойған. Шөлден қайтқан жолаушыдай шөлір­кеп бірде-бір лекция­ны, қосымша сабақ пен семинарларды құр жібермей, күндіз-түні кітаптан бас көтермей оқумен болды. Өзге студенттер күнде­лікті оқу бағдарламасының өзін әзер үлгеріп жатса, Төлеужан оқулықтың сыртында қаншама тың дүниемен та­ны­сып жүрді... Еуропаның сонау антик дәуірінен бастап, күні бүгінге дейінгі мүйізі қара­ғай­дай мықтыларының біразының басын шалды. Түгел оқып игермесе де, негізгіле­рін, керек-ау дегендерін қалыс қалдырған жоқ. Көркем әдебиетке қоса қоғамдық ғылымдарды, жалпы әлемдік ақыл-ой мұ­расын, тарихын қоса-қабат шама-шар­қынша меңгеруге ұмтылды. Осылардың бә­рі­нің кейінгі өмірінде ауадай қажеттігін ұғып, еуропалық дегдар мәдениетті бо­йына барынша сіңіруге тырысты. Зия­лы азаматтың қатарына қосылу үшін білім мен ғылымның негізін дәл осы студент ша­ғында қалап алу қажетін түсінді. Әйт­песе өркениеттің ұлы көші шаң қапты­рып жұртқа тастап кетердей қауіптеніп, көңілі қанағат таппай алаңдауды шығар­ды. Бөл­мелес достары қыздарды ертіп парк пен би алаңын торыған кезде Төлеу­жан барын киініп, байлауышын тағы­нып, симфониялық концерттерді тамашалауға кететін. Кітапханадан қолы қалт еткенде салып ұрып балет пен опера кө­ру­ге баратын. Сол симфонияны да, опера мен балетті де оншалықты ұғыныңқырамай, тағылау өскен таби­ғаты қабылдаңқырамай жүрсе де жігерін жанып, өзін-өзі күштеп барушы еді. Әлемдік әдебиет пен мәдениеттің қайнары да, алтын дің­гегі де тек Еуропа деп қабылдады. Өйт­кені қайсыбір кітапты парақтамасын, айналып келіп соның бәрі де әлгіндей тұжырымды көлденең тарта беретін. Осы түсі­нікке тереңдеп, имандай сенген сайын ой-санасын өзі де сырын біле қоймаған әл­де­бір шұғыла қиял шымылдық­тап, арбай түскендей болатын.

...Көркемсурет галереясына барып жүрген кезінде, бірде Леонардо да Винчи­дің үлкен альбомын көріп қатты қы­зық­қаны бар. Өзі де удай қымбат кітап екен, қарызданып-қауғаланып жүріп әлгіні бәрібір сатып алды. Альбомды қарап отыр­са – Леонардо данышпан өзінің мың­­да­ған туындыларының ішінен «Джа­конданы» айрық­ша жақсы көріпті. «Джаконда» дегеніңіз – бір қыздың күлімсіреп отырған тылсым суреті. Қыздың аты-жөні – Мона Лиза болып шықты. Мінеки, сол «Мона Ли­заны» ұлы суретші қайда барса да жанынан тастамай алып жүре­ді екен. Әрине, тірі қызды емес, өзі салған портретті. Леонардо да Винчи сөйткенде мен неге үйтпеске деген ой келді Төлеужанға. Болмасаң да ұқсап бақ деген... Тө­леужан альбомдағы «Мона Лизаны» қиып алып, әшекейлеп, өзі жата­тын төсектің тұсына іліп қойды. Осы төрт жылда жатақханада нешеме бөлме ауыстырды, «Мона Лизаны» әсте тастаған емес. Жаңа бөлмеге кірген бойда, ең алдымен төсегінің тұсына осы «Мона Лизасын» іледі. Жазғы каникулда құрылыс отрядына жұ­мысқа кеткен кезде ғана амалсыз жатақхананың қоймасына қалдырып жүрді. Бұл жолы өндірістік практика жарты жылға созылатын болған соң Төлеужан «Мона Лизасын» қолтықтап Қарағандыға өзімен ала келген-ді. Құрылысшылар жатақханасы­ның қуықтай бөлмесіне кірген бойда осы су­­­ретті төсегінің басына іліп жүргені де со­дан еді.

Арада оншақты күн өткен. Бірде түнгі екіге дейін кітап оқимын деп ұйықтап қалыпты. Редакцияға кешігіңкіреп келсе, бөлім бастығы өзін қоярға жер таппай мұ­ны тықыршып күтіп отыр екен.

– Шырағым-ау, келмей жатып бүйтіп кешіккенің қалай? – деп қызарақтап ба­сын шайқады. – Сені қаламы жүйрік жас журналист қой деп жұмсайын десең… Өс­ти­сіңдер енді!

Төлеужан ағасынан кешірім өтініп, қай­да жұмсаса да дайын екенін сездірді.

– Жарайды... – деді бөлім бастығы лез­де сабасына түсіп. – Әлгі Күзембаев шах­та­сында бүгін рекорд болмақ екен. Соған бар да, қатырып отырып материал жазып әкел. Келістік пе!

Келіспегенде қайда барсын, Төлеужан қасына фототілшіні ертіп, редакцияның көлігімен Күзембаев атындағы шахтаға тартып кетті. Шахтаның шыңырау штре­гі­не түсіп, күні бойы жер астында жүрді. Шахтаға алғаш түсуі еді, бұл үшін бәрі де таңсық, бәрі де қызық. Содан жеткілікті материалын жинап, көп әсерге бөленіп үй­ге кештеу оралған.

Жатақханадағы бөлмесіне кірсе – бұ­рышта жұп-жұқа болып шүңкиіп шеше­сі отыр.

Апырмау, мұның ауылы анау Бетбақтың аузында еді. Олай болса Гүлайым ше­ше­сі сонша жерден Қарағандыға қалай келіп жүр? Үлкен қаланың ішінен мынау бір шеттегі жасырын жатақхананы қалай тауып алып жүр?

Төлеужан әлденеден секем алып, ше­ше­сіне үрке қарады.

– Сені гәзетіңе іздеп бардым... Үйді со­лар көрсетіп жіберді, – деді шешесі. Үні бө­тен біреумен сөйлесіп отырғандай бір­түрлі салқын.

– Тәте, неге келдің? – деп Төлеужан кө­ңіл күдігін жасыра алмады.

– Сені Қарағандыға келіп үй алыпты деп естідік ауылда. Қате хабар болған екен, оны да ана гәзеттегі достарың айт­ты.

– Менің Қарағандыға келгенімді бі­реу­­лер үй алды деп ұққан ғой.

– Ит біле ме... Үй алды екен деп... үйің­ді көрейін деп алып-ұшып жетсем...

Енді байқады, шешесінің екі көзі дом­бы­ға қызарып кетіпті, соған қарағанда жақ­сылап тұрып жылағанға ұқ­сайды. Сал­дырап шаршап отырған жайы бар. Маң­дай әжімі молайып, тереңдей түскендей ме, қалай... Салалы саусақтарының сыртына тарамыстанып көк тамыры ады­райып шығып кетіпті. Бет ажары да өт­кен жаздағыдай емес, танабы кепкен боз даладай қуқыл тартқан, суала күн­сіген.

– Тәте, не болды саған... Ауыл-аймақ аман ба, өзі?

– Аман, құлыным.

– Тәте, неге жылағансың, нағашы атам сау ма?

– Нағашы атаң сау, құлыным.

– Не болды енді... Айша апам қалай?

– Айша апаң да аман-сау, құлыным.

Төлеужан не істерін білмей шешесінің қас-қабағына қарап аз-кем отырды да, шай қа­мына кірісті. Шәйнекпен су ысытып, үс­телге дастарқан жайған болды.

– Ал енді айтшы, – деді шешесіне қою шайды қос қолдап ұсынып жатып, жа­лын­ғандай болды. – Не болды, тәте? Жү­регімді ауыртпашы!

Гүлайым шешей шайдан екі ұрттады да, көзінің жасын тағы да сығып-сығып алды.

– Жалғызым, құлыным, – деді сосын қушия бастаған кеудесін тіктеп. – Он жеті жасымда әкеңнен жесір қалдым. Сені жеткізейін, қабағыңа кірбің түсірмей­ін деп қайтып тұрмыс та құрғам жоқ. Несін жасырайын, небір бұланай кісілер сөз де салып көрді. Сол азаматтың біріне де қарамай, санамен сарғайдым. Табан ет, маңдай теріммен арқалап жүріп сені асырап-жеткіздім. Көрмеген қорлығым, кешпеген бейнетім жоқ менің, құлы­ным...

– Тәте, мен оны білмей жүр дейсің бе, мен бәрін де білемін. Аман болсам, ақ сүтіңді ақтаймын, тәте!

– Құлыным, саған аналық ақ сүтімді бұл­дап отырғам жоқ мен. Міндетсуден де аулақпын... Айтпайын деп ем, өзің ай­туға мәжбүр қылып отырсың.

– Тәте...

– Сенің әкең жігіттің бозтайлағындай кісі еді. Сұм соғыс болмағанда ел көркей­тер мықты азамат-ақ еді жарықтық. Амал қанша, сағымдай сейіліп, жоқ болды бәрі. Соңында әйтеуір сен қалдың қа­райып, соны медет тұтушы едім... Үш ай ғана отассам да, сол әкеңнің аруағын өмір бойы ардақтаумен келемін. Әкеңдей асыл азаматқа жар болғаныма екі дү­ни­еде ризашылығымды білдіріп, жаратқан иеме тәубе етіп жүремін. Әкесіндей қай­сар, өр мінезді болсын деп сені де бетіңнен қақпай, бұла ғып өсірдім.

– Тәте, бәрін де білемін. Бәріне де рах­мет. Бірақ осынша таусылып сөйлегенің қалай? Не боп қалды өзі?

– Әкең соғысқа кеткенде сен іште қал­ғансың. Ұл болса Төлеужан қой атын, қыз болса еркің білсін деп еді әкең. Әкеңнің ама­натын орындап, атыңды Төлеужан қой­­дық. Сен сүзекпен ауырғанда кіндік­тен жалғыз еді деп, құдайдан сауға сұрап күншіліктегі әулиенің зиратына да жал­ғыз қонып шықтым. Құдай тілегімді беріп, сен сүзектен аман қалдың. Жалғыз ұлды ел қатарынан қалдыра көрме деп тағы арман қылдым. Шүкіршілік, ол арманыма да жеткендей едім. Тоның тозбай, атың озбай ел қатарлы оқуға түстің. Оны да бі­­ті­руге, мінеки, көп қалған жоқ қой...

– Тәте, турасын айтшы, мен бірдеңе бүл­діріп қойдым ба? Не боп қалды соншалықты?

– Сондағы көрейін дегенім осы ма еді, құлыным-ай!

– Ойбай-ау, тәте не болды?

– Мені қойшы, арманда кеткен әкең­нің аруағын сыйламағаның қалай, құлы­ным?

– Тәте!

– Жалғызым ұрпақ өрбітіп, әкесінің өмі­рін жалғар, жиырмасында кеткен бозда­ғым ұрпағымен мың жасар, немере иіс­кеп мен де көп бейнеттің бір зейнетін кө­рермін деп арман етуші едім...

– Тәте...

– Тоқта, балам! Сол әкеңнің арманы да, анаңның үміті де әдірәм қалғандай күйге түсіп отырмын қазір!

Гүлайым шешейдің шүңірек көзі жарқ етіп, баласына қатқылдау қарады.

– Сонда сен... сонда сен бәрін тәрк етіп, мына бір атасы басқа буаз қатын­­ға үй­ленгелі жүрсің бе? – деп соншалықты салқын раймен төсектің басындағы «Мо­на Лизаны» иегімен нұсқады.

– Тәте...

Төлеужан не дерін білмей тілін тістеп сылқ түсіп отыра кетті.

– Беті секпіл-секпіл, өзіңнен бес-он жас үлкен әйелде нең бар еді, ботам-ау?

Төлеужан қабырғадағы картинаға бар денесімен бұрылды. Расында, ары-бері та­си берген соң ба, қыздың бетіне болымсыз секпіл пайда болған сияқты, іші де аздап толысқандай ма, қалай өзі... Не кү­лерін, не жыларын білмей мәңгіріп, жаңа көргендей, Мона Лизаға телмірді де қал­ды. Төлеужан үшін бұл мүлдем тосын түй­сініс еді.

«Апырмай, әлемді шулатқан мынау бейне менің шешемді неғып тебірентпейді?» – деп қиналды ішінен.

«Мені жарық дүниеге әкеліп, азаппен асы­рап жеткізген ана көңілін мейіріммен толқыта алмаған бұл суретке мен неге осынша табынамын?» – деп тағы да аң-таң.

Гүлайым шешей көзінің жасын іліп сүр­тіп, баласына тағы бірдеңелерді айтып жатыр. Бірақ ол әңгімені Төлеужан естіген жоқ, құлағы тарс тұнып қал­ған. Орнынан ауыр көтерілді де, зерлі кә­секті жайлап түсіріп төсектің үстіне қойды. Со­дан шыны астындағы Мона Лиза бейне­ленген қағазды суырып, оны асықпай екі бүктеп дар-дар айырып жыртты. Сосын ше­шесіне бұрылып:

– Тәте, осы ма еді? – деп жыртқан қа­ғазды қолына умаждады да, бұрыш­қа лақ­тырып жіберді.

Гүлайым шешейдің қуқыл тартқан әжім­ді бетіне шырай жүгіріп, жүзі болма­шы мейірленгендей болды.

– Көп сөйлеймін деп тамағым кеуіп қалыпты. Шайыңды демдеші, балам! – деп, үлкен бір іс тындырғандай үй ішіне жадырай қарады.

6alash ұсынады