Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Архив-2025» бағдарламасы өткен тарихымыздың ақтаңдақтарын ашуда аса маңызды мәнге ие. «Бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беру керек» деген Елбасы талабына сәйкес, шетелдік архивтердегі төл тарихымызға қатысты деректер мен мұрағаттарға іздеу салудың өзектілігі айтпасақ та түсінікті. Әсіресе, көшпенділердің ежелгі тарихы мен Қазақстан және қазақ тарихының құпиялы қойнауларынан сыр шертетін қытай деректерінің мәні зор, маңызы басым. дегенмен, қытай деректері Бейжің архивтерінде ғана жатқан жоқ, Қытайдың өзге өлкелеріндегі архивтерде де қазақ тарихына қатысты дереккөздер жеткілікті. Бірақ, біздің айтпағымыз бұл емес. Біз өткен тарихымыздың өзекті мәселелері бойынша мол мағлұмат бере алатын мұрағаттардың елеулі бір тобы өзін егеменді ел, тәуелсіз мемлекет ретінде сезінетін және халықаралық қауымдастықпен іс жүзінде дербес қарым-қатынас жасап отырған қытайлық Тайваньда жатқанын айтқымыз келеді.

Тайвань архивтеріндегі қазақ тарихының деректерін екі топқа бөлуге болады. Бірі шығыстағы көршіміздің Қазақстанмен іргелес Шынжаң өлкесінің жергілікті әкімшілігінің XX ғасырдың бірінші жартысындағы ресми құжаттары мен архивтік қоры. Ұзын саны он мың данадан асатын бұл құжаттарды 1949 жылдың күзінде жергілікті биліктің полковник шеніндегі кеңесші қызметкері Чжан Дацзюнь 17 түйеге теңдеп, тарихи Алтышаһар өлкесіндегі Қарғалы (Қағылық) ауданы арқылы Үндістан жеріне жеткізіп, әрі қарай теңіз жолымен Тайваньға алып кетеді. Ол қолындағы архивтер мен құжаттарды, құнды деректерді реттеп, сараптап, 1980 жылы Тайваньның Ланьси баспасынан 12 томнан (әр томы 500 беттен кем емес) тұратын «Шынжаңдағы алмағайып жетпіс жыл» атты зерттеу еңбегін шығарады. Осы он екі томдықты шолып қарағанымызда, тарихымызға қатысты құнды архивтердің, мысалы, Шынжаңның жергілікті биліктерінің Ресей және Кеңес одағы тарабымен жүргізген шекаралық келіссөзінің құжаттары, Ресей және Кеңес одағы консульдіктерінің қызметі, Қытайдағы қазақтардың саяси өмірі, тұрмыс-тіршілігі, ұлт-азаттық көтерілістері, шығысқа ауған қазақ көші, көтеріліс басшыларының, айталық Оспан батырдың тұлғалық болмысы, әскери-саяси әрекеттері, т.б. туралы өте құнды деректердің Тайваньда жатқанына анық көзіміз жетті. Әсіресе, өткен ғасырдың бірінші жартысын тұтастай қамтып жатқан қазақ көшіне, оның ішінде, 1916 жылғы толқулар мен аштық салдарынан Қытай асқан Қазақстан босқындарына байланысты Шынжаңдағы жергілікті биліктің ұстанған саясаты мен қолданған шаралары туралы құнды, қызықты деректер көзге шоқтай басылады. Нәубетті жылдары қаншама қазақтың шетел, соның ішінде Қытай асып кеткені туралы отандық және шетелдік ғалымдардың іргелі зерттеулері жарық көргенмен, ауғындардың әрі қарайғы өмірі, олардың босқын ретінде қабылдануы, орналастырылуы, Қытай билігінің сол кездегі қазақ көшіне байланысты саясаты, т.б. туралы дендеп зерттеп, жан-жақты, ғылыми пайым жасауға мүмкіндігіміз болмай келгені өтірік емес. Енді сол ақтаңдақтарды ашуға сеп болатын қазыналы деректердің іздеушісін күтіп, Тайваньда жатқанын біліп отырмыз.

Қазақ тарихының келесі бір құнды деректері Тайваньдағы Ұлттық сарай музейі мен Ұлттық орталық кітапханада жатқанын бүгінде біреу білсе біреу білмейді. 1925 жылы бұрынғы император сарайынан Гугун мұражайы деген атпен шаңырақ көтерген Ұлттық сарай музейі Қытайдағы жапон-қытай және азаматтық соғыстарға байланысты бірнеше мәрте көшіріледі, Қытай коммунистерінің пайдасына шешілген 1948 жылға зор шайқастардан кейін, Ұлттық Пекин мұражайы, Ұлттық орталық мұражай, Орталық ғылым академиясының Тарих және тіл институты, Ұлттық орталық кітапхана, Ұлттық Пекин кітапханасы, Қытай Республикасының Сыртқы істер министрлігі, т.б. мекемелер мәдени ескерткіштерді қорғау ісі бойынша бірлескен құрылым жасақтап, құнды архивтер мен құжаттарды теңіз және әуе жолдарымен Тайваньға жеткізеді, мысалы, тек 1948 жылдың 26 желтоқсаны күні бір жолда 3,502 жәшік тарихи-мәдени ескерткіш пен архив құжаттары тасып апарылған екен. Тайвань архивінде сақталған осы мұрағаттық құжаттар Қазақстан тарихын әлемдік масштабта зерттеуге серпін беретіні даусыз, әсіресе, қазақ-қытай қатынасынан мәлімет беретін тарихи құжаттардың үлкен бір тобы Тайваньда жатқаны күмән тудырмайды. Мысалы, Ұлттық сарай музейі 1995 жылы шығарған «Сарай архивтеріндегі Даогуан императордың атына жазылған баяндау хаттары» деп аталатын құжаттар жинағына 1821-1850 жылдар аралығындағы қазақ-қытай қатынасына тікелей қатысты 100-ден астам құжат енгізілген және осы құжаттардың сканерлік нұсқасымен аталған музейдің ресми сайты арқылы танысуға мүмкіндік жасалған. Ал осы бағытта жарық көрмеген, іздеушісін күткен деректер мен құжаттардың мөлшері, өкінішке қарай, бізге белгісіз, бірақ, аз емесі анық.

Қысқасы, қытай тіліндегі қазақ тарихының құнды деректерін іздеу жұмысы ҚХР архивтерімен ғана шектелмеуге тиіс, Бейжіңде қол жетпейтін архив құжаттары Тайбэйден табылып жатса, таң қалмау керек...

Мазан Ерлан

Гуманитарлық ғылымдар магистры