(жалғасы)

Қазан хандығының құлауы.Қазан хандығы Алтын Орданың ыдырауы нәтижесінде Еділ-Кама бұлғарларының аумағында құрылған (1438-1552) мемлекеттің бірі болатын. Құрамында: қазан татарлары (Еділ бұлғарлары), мари, шұбаш, удмурт, мордва, башқұрт сияқты т.б. этнос өкілдері болды. Астанасы – Қазан қаласы. Хандықтың географиялық жағдайының тиімділігі оның  Русь және Сібір, Иран, Кавказ, Орталық Азия елдерімен сауда-саттық қарым-қатынасын жасауына мүмкіндік мол еді.

Русия патшасы Иван ІV нығайып алғаннан кейін Қазан хандығын басып алуды көздеді. Бұл жайдан хабар алған  татар ақсүйектерінің үлкен бір тобы 1546 жылы  Иван ІV патшаның жағына шығып кетті. Артынша Қазан хандығынан шұбаштар бөлініп шықты.

Осы бір берекесіздікті пайдаланып қалуды көздеген орыс патшасы Иван Грозный 1552 жылдың қара күзінде 150 зеңбірегі бар, темір сауыт құрсанған 150 мың әскерін бастап, Қазан қаласының қамалына келіп, тұмсық тіреп тоқтады.

Сол кезде Қазан қамалында небәрі 30 мың ғана сарбаз бар еді. Жаудың әскер саны бес есе, ал, қару-жарақ жағы жойдасыз 20-30 есе күшті еді. Қазан ханы Жәдігер бас болып, Құлшәріп молда, ноғай Изенеш би, түмендік Кебек батыр, Дербіш батыр, Сүйіншәлі батыр, атақты Шора батырдың інілері Шапқын, Аталық, Ислам, Әлікейлер жасанған жауға қарсы тұрды.  Шайқас қырық күнге созылды. Қала алынғаннан кейін ІV Иван әйелдер мен жас балаларды ғана қалдырып, қалғанын түгелдей қырыңдар, – деп жарлық шашты.

Соғыста 500 мың қазандық түркі-татарлар қаза тапты. Орыстар шайқаста қырылған түркі-татарлардың басы жоқ, паршаланған денелерін біріктіріп, жүздеген сал буып Еділге тастады. Өліктерді дарияның  қос қапталын жайлаған қалың ноғайды үрейлену үшін төмен қарай ағызды.  Аталмыш қырғын жайлы сол кездің тарихнамаларында: «Дарияның арғы бетінде жайылып жүрген жетім лақ, өлі денелердің үстін басып, өтіп, бергі бетке шығатын еді», – деп жазыпты (А.Кәкен «Жұлдыз» журналы, 2010 жыл. №9 қыркүйек, 142-бет).

Бұл қырғын жайлы естіген Рим папасы Иван патшаға хат жазып, адам баласын бұлай қырғындау христиандық көзқарасқа жат екенін айтып, зарлады.

Осы қырғын шайқас туралы жазушы Мұхтар Мағауин: «Біздің туыстас түрік халықтарының бұрын-соңғы тарихында ең қанды, ең қайғылы, сонымен қатар кейінгі ұрпаққа үлгі, даңқты шайқастардың бірі болды. Қазан құлаған соң орыс күшейді, Ұлы Даланы мекендеген барлық халықты қырып-жоюға, бодандыққа алуға, біразын жет бетінен мүлде өшіріп жіберуге жол ашылды,- деп жазады («Қазақ тарихының әліппесі», Алматы, 1995 ж. 139-б).

Қазандықтарды қалай қырғанын естіген башқұрт, шұбаш, шеремис, удмурттар орыстың бодандығына өздері барып кірді. «Қазанға орыстар шапты» деген хабар жеткенде көрші Ноғай хандығы көмектесудің орнына алыстан қарап отыра берді. Ол тұста Иван Грозныйға қарсы тұрарлық қауқар Ноғай хандығының билеушісі Жүсіпте бар болатын.

Жүсіп хан бір өзі 200 мың әскер бастап шығуға мүмкіндігі бола тұра, Қазанға көмек беруден бас тартты. Тіпті өзінің қызы Қазан ханының бәйбішесі атақты сұлу Сүйінбикеден «Бізге жау шапты» деген хабар келгеннің өзінде былқ етпепті. Дәл осы оқиға жайлы жазушы-тарихшы Мұхтар Мағауин: «Жүсіп мүмкін ақылынан алжасты, мүмкін Қазан құласа құласын, Ноғайлының жері кеңиді деп ойлады», – дейді. (Мұхтар Мағауин. Қазақ тарихының әліппесі. –Алматы, «Қазақстан» 1995. 140-б).

Шын мәнінде Қазан хандығы өзінен кейінгі паң даланы жайлап жатқан түркілерге қорған еді. Осы қорған құлады. Кешікпей мұндай қауіп Ноғай, Сібір хандықтарының басына үйірілді.

Ноғай ұлысының  отарлануы. Қазан хандығы құлаған соң арада екі-үш жыл өтпей Ноғай ұлысында ішкі тартыс күшейді. Алшы Смайыл би өз ағасы Жүсіп ханды қапияда мерт қылды. Өзінің билігін қорғау үшін ол Русия патшасына жалбақтап шапты. Орысқа да керегі осы, асып-тасып, байлығы шалқып жатқан Ноғайлыны темір құшағына қапсыра қойды. Орысқа бағынудан бас тартқан Ноғайлы бектерінің бір қаншасы қарауындағы қосын-жасағын бастап Қапқазға ауса, бір бөлігі Қазақ хандығын паналады.

Қазақ хандығының құрамына қосылған ноғайлылар тыныш жатпады, қаруы сай, қуатты мықты Қазақ хандығына арқа сүйеп, ежелгі жұртын азат етуге әрекеттер жасады. Оған дәлел: орысқа қараған Ноғай билеушісі Алшы Ысмайыл 1557 жылы Иван ІV патшаға Шаих-Мамай балаларының өзіне қарсы шығып, Қазақ ордасына ауып кеткенін айтып шағымданады («Үш пайғамбар», Құрастырған А. Нысаналы. «Дәуір», 1992.133-б).

Сібір хандығының құлауы.Сібір хандығы 1420 жылға дейін «Түмен хандығы» деп аталған. Хандықтың территориясы үлкен болғанымен, тұрғындар саны ХVІ ғасырдың ортасында 30500 адам шамасында ғана болған. Қазан құлағаннан кейін 1555 жылы Сібір ханы Едігер  (Тайбұғы тайпасынан)  Мәскеу князьдығының бодандығын қабылдады. Бірақ, 1563 жылы Көшім хан билікті қолға алған кезден бастап,  бодандықтан бас тартып, орыспен қарым-қатынасын бірден үзіп тастады.

Көшім хан 1569 жылы орыс патшасы Иван Грозныйға «Сенің билігің бізге жүрмейді, тату тұрғың келмесе, тұрысатын жеріңді айт...» деп, хат жолдағаны жайлы дерек орыс зерттеушісі П.Небольсиннің еңбегінде айтылады.

Орыс жазбаларында Көшім хандығын «Ертіс хандығы» деп те атаған.  Астанасы Ескер (Ескі жер)  қаласы Ертіс өзенінің оң жағалауында Тобыл қаласынан 16 шақырым жерде ХІІІ ғасырда бой көтерген. Бұл өлке қазір Ресейдің Түмен облысына қарайды.

Көшім немесе Сібір хандығының құрамына қазіргі Батыс Сібір мен Солтүстік Қазақстан өлкесі енген. Хандық Қазақ және Ноғай ордаларымен қарым-қатынаста болған. Қыз беріп, қыз алысқан. Көшімнің үлкен ұлы Әли ноғай нояны Дін-Ахметтің қызын алса, өз қызын тағы бір ноғай ханзадасы Ақмырзаға берген.

Сол сияқты, Орыстың Географиялық Қоғамының негізін қалаушылардың бірі  белгілі ғалым А. Левшин 1832 жылы жарық көрген «Тарихи хабарлар» атты еңбегінде: «Сібір хандығының негізін қалаған орта жүздің қыпшақ және арғын рулары еді», деп жазады.

Көшімнің хандығы жайлы Броктауз және Эфрон құрастырған Энциклопедиялық сөздікте: «Көшім Сібірде 1563 жылы хандығын орнатты. Ертіс, Тобылдың бүкіл аумағын биледі», – делінсе, орыс тарихшысы А.Оксенов: «Ескер қаласының бас мешітінде Көшімді ақ киізге көтеріп хан сайлады. Хандығының белгісі ретінде алтын, күміс монеталар құйды. Ол Түмен мен Сібір ханы болып жарияланды»,- деген деректер бар (А. Оксенов «Ермакқа дейінгі Сібір патшалығы» 26-бет).

Алтын Орда мемлекеті ыдырағанда Қазақ хандығымен қатар құрылған Көшім патшалығы 20-дан астам жыл өмір сүріп, тарихта ізін қалдырды. Бұл патшалықтың кейін Орта Азияны жаулаған Ресей отаршылығына қарсы тұрған ең алғашқы күш ретінде тарихтан орын алатыны сөзсіз.  Көшім Сібір хандығын орнатып қана қойған жоқ, патшалық Ресей империясының шығыс-оңтүстікті отарлау саясатына қомақты тосқауыл жасады.

 

Жармақтың жорығы. Ресей патшасына Сібір хандығын жаулау үшін әскер керек болды. Бұндай тапсырманы үкіметтің солдаттарына тапсырып, патша жаман атты болғанша, Еділ мен Донның бойында қарақшылық жасап жүрген орыс-казактарға тапсырса сөзсіз тиімді болмақ. Бір оқпен екі қоян ату деген осы. Біріншіден, мемлекетке маза бермей жүрген қарақшыларға жұмыс табылып, елдің іші-сырты тынышталады, екіншіден, қарақшылардың күшімен Сібір жұрты талқандалады.

Осындай сұрқия саясатты іске асыру үшін күллі Ресейге аты мәлім алпауыт Строгановтар әулеті мен Жармақ (Ермак) дейтін қарақшылардың атаманы тіл табысады. Шаш ал, десе, бас алып үйренген  Жармақтың қандықол жасағы 1581 жылдың жазында Жайықтың жағасында орын тепкен Сарайшықты шабады. Орыс жылнамашыларының жазуы бойынша, қаланың екі мыңға тарта халқын қырып, сұлу келіншектерін апта бойы азаптап, түгелдей зорлап өлтіреді.

Бұнымен тоқтап қалмай, қала маңындағы ауыл-қыстақ, елді-мекендерді жер бетінен сыпырып, тіпті көне зираттардың өзін түгін қоймай қиратып, қу сүйекке айналған мүрделерді көрден суырып алып, тау-төбе етіп, үйіп өртеп жіберген. Бір сөзбен айтқанда, көшпенділер «мынау біздің ата-бабамыздан қалған  жер» деп айтатындай бірде-бір  дерек қалдырмаған.

Көзіне қан толған Жармақ келесі 1582 жылдың жазында жасағын бастап Сібір жұртының астанасы Ескерді (Қашлық) басып алуға аттанады. Бірнеше айға созылған қанды қырғыннан кейін 26-қазан күні Жармақ сібірліктерді қуып шығып, қаланы басып алды. Жазушы Мұхтар Мағауин: «Осы күнді (26-қазан) ұлт тарихындағы ең азалы күн ретінде тарихқа таңбалауымыз керек», – дейді (Қазақ тарихының әліппесі.– Алматы, 1995. 147-б).

Ал, осы жорық жайлы «Үлкен Совет энциклопедиясының» алғашқы басылымында: «1581-1584 жылдары Жармақ отряды жүрген жерін қанға бояп, Сібірге жол тартты. Көшім ханды құлатты», – деп, оны Сібірді бағындырушы ретінде мақтап, ерлігін атап өтіпті.

Көшім жеңілгенімен, хандық құрыған жоқ. Арада екі жыл өткен соң 1584 жылы тамыздың 5-нен 6-на қараған түні Ескерде есіріп жатқан Жармақтың  жасағын көшімдіктер бір түнде тарпа бас салып, көсемін өлтіріп, жасағын Ертіске тірідей тоғытып жібереді. Қалған қарақшылар қашып-пысып ақ патшаның алдына барады.

Осы жеңістен кейін бұрынғы Көшім хандығы қайтадан ес жия бастады.  ІV Иван қайтыс болып, жаңадан патшалықты қолына алған Федор І Иоанович Сібір хандығының күшеюінен қорқып, қарақшы Жармақ салған іздің сүрлеуі өшпей тұрғанда, қайтадан шабуылды жалғастыруды қолай көрді.  Көп кешікпей Борис Годуновтың  ұйғарымы бойынша Иван Мансуров пен Даниил Чулков басқарған қалың қолды Сібірге қарай аттандырды. Бұларға жолай Василий Сукин басқарған қарулы мергендер тобы қосылды. Қосындар зеңбірекпен қаруланды.

Қысқасы, Сібір жасақтары орыс әскерлерімен 17 жыл соғысты. 1591 жылы орыс воеводасы Владимир Масальский-Кольцовтың күшейтілген жасағы Көшімге шешуші соққы берді. Әлсіреген көшімдіктерді 1595 жылы воевода Доможировтың жасағы да қирата жеңді. 1597 жылы Көшім хан қалған-құтқан сарбаздарының басын қосып Тара бекінісіне шабуыл жасады.  Бірақ шабуылы нәтижесіз аяқталды. 1598 жылдың 20 тамызда  воевода Андрей Воейков Обь өзені бойындағы шайқаста Көшім әскерін толық талқандап, отбасы мүшелерінің кейбірін қолға түсірді.

Орыстар 1591-1595 жылдар аралығында Сібір хандығын толық бағындырды. Қысқа мерзім ішінде Ресей патшасы  басып алған өлкелерге 22 жерге қала (бекініс) салып үлгерді. Атап айтқанда, 1586 жылы Шым-Тұра қаласының орнына Түмен бекінісі, 1587 жылы Тобыл, 1594 жылы Тара, 1604 жылы Том (Томск) бой көтерді.

Профессор Н.Фирсов 1915 жылы Петерборда жарық көрген «Сібір тарихының мәліметтері» атты еңбегінде: «Орыстардың негізгі мақсаты Сібірді отарлау болды... Бұл жорық ақырында қандыбалақ көсемнің (Жармақты айтады) басын жұтса, сібірліктердің қанын судай ағызды. Айталық,   Сібір патшасы Едігердің тұсында (1555 жылы) салық төлеушілер саны 30700 адам болса, ХVІІ ғасырда Батыс Сібір өлкесіндегі жеті уезде салық төлейтін қауқары бар 3000 адам ғана қалды»,- деп жазады.

Сібірліктер 1616 жылы отарлаушыларға қарсы соңғы рет бас көтерді. Көтерілісшілерді патша әскері қойдай бауыздап, қатын-қалаш, бала-шағасына дейін тұтқынға алды.

Көшім хан туралы тарихи-деректер. Атақты тарихшы Н.Карамзиннің «Ресей мемлекетінің тарихы» атты еңбегінің 9-томында Көшімді қазақтың (қайсақтың) ханы Мұртазаның баласы деп жазады. Сондай-ақ, Сібірдің Есип жазбаларында (Есипская летопись) «Көшім қазақ ортасынан келді» деп анық көрсетілген. Әйгілі Сібір тарихының білгірі Г.Миллер де «Көшім қазақ ортасынан келіп, Сібір хандығын құрды», – деп жазады. (Сібір тарихы 1-том, 196 –бет).

Жоғарыдағы тарихи деректер осылай десе, тіптен зерттеуші          П.Небольсин Көшімнің қол бастап, оңтүстіктегі Есіл даласынан келіп Сібірді бағындырғанын айтыпты. Бұл аз десеңіз, Ш. Уәлиханов, Қазан университетінің профессоры И.Березинге жазған хатында, «Көшім қазақтың сұлтаны болған еді», – дейді.

Көшімнің хандығы жайлы Броктауз және Эфронның құрастырған Энциклопедиялық сөздігінде: «Көшім Сібірде 1563 жылы хандығын орнатты. Ертіс, Тобылдың бүкіл аумағын биледі», - делінсе, орыс тарихшысы А. Оксенов: «Искер қаласының бас мешітінде Көшімді ақ киізге көтеріп хан сайлады. Хандығының белгісі ретінде алтын, күміс монеталар құйды. Ол Түмен мен Сібір ханы болып жарияланды», - дейді (А.Оксенов «Ермакқа дейінгі Сібір патшалығы», 26-бет).

Орыстардан жеңілген Көшім хан Есіл маңына шегінгені туралы Гранттың атақты «Энциклопедиялық сөздігінде» айтылыпты. Көшім хан 1598 жылы 20-тамызда Қорғалжын даласында қайтыс болып, аудан орталығынан батысқа қарай 3 шақырым жерде орналасқан Бытығай кесенесіне жерленген. Бұл туралы нақты деректі Н.Карамзиннің  «Ресей мемлекетік тарихы» атты еңбегінен (11-том, 332 бет) көре аламыз.

(Жалғасы бар)

6alash ұсынады