Халыққа қызмет көрсету орталығында кезекте тұр едім, алдымда тұрған бір келіншек «сіз де оралмансыз ба?» деп сұрады артына қайырылып. «Иә, шетелден келген қандасыңызбын. Өзіңіз қай жақтансыз?» деп едім, «Құдайға шүкір, біз ешқайдан келген жоқпыз. Қазақстанда туып-өстік. Біздің әке-шешеміз сіздердің ата-бабаларыңыз сияқты елін тастап шетелге қашпапты» деп дүк еткізді. «Менің бабам шетелге қашқан қашқын екенін қайдан білдіңіз?» деп мен де қойып қалдым. «Неге білмеймін, мен тарих пәнінің мұғалімімін. Оқып, біліп отырмын» дейді міз бақпай. Шынын айтайын, бұл сөзді мен бірінші рет естіп тұрған жоқпын. Жұрт арасында осындай бір сөздің бары рас. Әсіресе, шетелден келген қандастарға мемлекет тарапынан қолдау көбейіп, үй беріліп, квота бөлінгелі жергілікті ағайындардың арасында осындай күңкілдің көбейгені де шын. «Кеше ел басына күн туғанда қашып кетіп, енді егемен ел болғанда «даяр асқа тік қасық» болып қайта келіп, үйге ие болып, ақша алып шалқып жүр. Ал өмір бойы осы топырақта күн кешкен біз үйсіз-күйсіз жүрміз. Сонда біздің бабамыз жерін тастап қашпағанына кінәлі ме?» деп ащы айтқан ағайындар да табылды. Бірақ тарих пәні мұғалімінің аузынан мен осы сөзді естимін деп ешқашан ойлаған жоқпын. Өйткені тереңнен ойлап, тарихқа бойлаған адам мұндай сыңаржақ көзқарасқа ешқашан бармас еді.

Рас, қызыл өкіметтің қырғыны, қолдан жасалған ашарлық пен саяси қуғын-сүргінге ұшырап, туған жер, өскен елін тастап, өзінің жанын, қазақтың қанын сақтап қалу үшін шекара кесіп, көршілес республикаларға, Иран, Ауғанстан сияқты жат ел, жат жерге тентіреп кеткен қазақ аз емес. Түбі бір түрік деп Түркияға қоныс аударғандар да, «іргедегі ел» деп Қытай асқан қазақтар да бар. Бірақ бұған бола Қытайдағы екі мил­лионға жуық қазақтың бәрін «Қазақстаннан қашып кеткен қашқындардың» ұрпағына балау тарихи сауатсыздықтан басқа ештеңе емес.
Ресми мәлімет бойынша Қытайда 1,5 миллион қазақ бар. Бұлар, негізінен, Қытай территориясының 1 миллион 600 мың шаршы шақырым аумағын алып жатқан Шыңжаң өлкесінің Іле Қазақ автономиялы облысына қарасты Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарына, Бұратала, Санжы, Құмыл облыстарына қоныстанған. Ганьсу провинциясының Ақсай Қазақ автономиялы ауданы мен Цинхай провинциясының Махай елді мекенінде де өткен ғасырдың 40-жылдарында Түркияға ауған қазақтардың көшінен бөлініп қалған біраз қазақ өмір сүреді.
Қытайдың байырғы жазбаларында қазіргі Шыңжаң «батыс өңір» атпен хатқа түсіп, тұрғындары, негізінен, сақтар, үйсіндер, қаңлылар, ғұндар деп жазылған. Қытайдың батыс хан патшалығы дәуіріне келгенде ғұн тәңір құтының билеушілері Алтай даласын бірінен соң бірі билесе, бұдан кейінгі кезеңдерде батыс түріктер, қарлұқтар дәурендеген. Шыңғысханның қанды жорығына дейін Алтай тауының негізгі иелері керей, найман тайпалары болған. Шыңғысханның шапқыншылығынан кейін Алтай өңірі оның үшінші ұлы Өгедейдің еншісіне тиіп, кейіннен ойрат тайпаларының иелігіне өткен.
1728 жылы қазақ қолы Бұланты өзенінің жағасында жоңғар әскерлеріне күйрете соққы беріп, оларды ауыр шығынға ұшыратты. 1757 жылға келгенде қос бүйірден қадалған соққыға шыдамаған жоңғарлар біржолата талқандалды. Осыдан кейін қазақтар біртіндеп жоңғарлардан босаған ата қонысына қайта орала бастады.

Қытай тарихи деректерінде Қытайдағы қазақтар Іле, Тарбағатай, Алтай сияқты атамекендеріне 1767 жылдан кейін қауырт оралғаны анық жазылған. Ал қазақ ханы Абылай Чинь билеу­шісіне жазған хатында «жоңғарлардың күшпен иелеп алған жерлері ежелден біздің ата қонысымыз еді. Енді жоңғарлардан босаған жерлерге қазақтардың қайта қоныс­тауына рұқсат етіңіз» деген мазмұнда хат жазса, Чинь билеушісі 1766 жылы 17 сәуір күні Іле генералына «егер қазақтар келіп көшіп-қонып мал бақпақ болса, тіпті келіп тұрақтап қалуды қаласа, оларға рұқсат етілсе болады» деп бұйрық берген. 1767 жылы тамызда Чинь билеу­шісі Абылай ханға «қазақ малшыларының Іле өңіріне келіп көшіп-қонып мал шаруа­шылығымен шұғылдануына болатындығын» ұқтырған. Сол жылдың өзінде Абылайға қарасты 300 үй Тарбағатай өңіріне көшіп барған.
Әйгілі Бұхар жыраудың «керей, қайда барасың, Сыр­дың бойын жағалап» деген жырына арқау болған тарихи уақиғадан кейін Жәнібек батыр бастаған керей елі Сырдың бойынан қазіргі Шығыс Қазақстандағы Қалбатау өңіріне жетіп ірге тепкен. Одан әрі қарай Абылай ханның тапсырмасы бойынша шолғыншылар жіберіп, Сарыбел, Сауыр өңірлері жоңғардан таза екенін білгеннен кейін жылыстай көшіп, қазіргі Алтай, Тарбағатай өңіріне қоныстанған. Бірақ ол кезде ешкім елден бөлініп көштік деген жоқ, керісінше, ата қонысымызға қайта жеттік деп санады. Себебі ол шақта қазір 4 елдің иелігіне бөлінген Алтай тауының сілемін қазақтар көк түріктен қалған ата қоныстары санайтын. Ол кезде қазіргідей «мынау Қазақстан, мынау Қытай» деп жер шекарасы анық бөлінбеген.
Екінші тұрғыдан алғанда, Қабанбай батыр бастаған қазақ елшілері Үрімшіге жылқы апарып сатқанда қазақтар өз адамдарын Үліңгір көлінің жағасына дейін шығарып салса, мәнжүрлер де қазақ елшілерін осы арадан күтіп алған. Міне, бұл да Абылай заманындағы қазақ жерінің шекарасы жөніндегі бір дәлел. Демек, қазақтардың «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейін атамекеніне оралуы 1760 жылдан 1860 жылдар аралығындағы оқиға болса, қазақтардың Чинь империя­сы мен патшалық Ресей сынды екі елге бөлініп қалуы 1860 жылдан бастау алады. Яғни Шыңжаңдағы қазақтар қоныстанған өңірлер 1860 жылғы Бейжің, 1864 жылғы Шәуешек, 1881 жылғы Петербург келісімдері бойынша заңдастырылды. Дәлірек айтқанда, 1864 жылы 7 қазан күні Ресей мен Қытай арасында жасалған келісім қазіргі қазақ-қытай шекара сызығының белгіленуінің негізі болды да, Қалбадан Жоңғар ойпатына дейін, Үржардан Барлық-Жайырға дейін созылып жатқан алқапты жаз жайлап, қыс қыстап отырған қазақ халқы екі елге бөлініп қалды. Бірақ екі ел арасында шекара сызығы белгіленгенмен, қазақтардың арасындағы байланыс үзілмеген. Оған аға сұлтан Құнанбайдың Алтайдағы абақ керей еліне баруы сынды тарихи уақиғалар дәлел.

Аға сұлтан демекші, Құнанбай Өскенбайұлы абақ керей еліне орыс шонжарын өлтіріп, Алтайдағы керейлерге бас сауғалап кеткен екі қазақ жігіттің артынан Семей губернаторының «ұстап әкел» деген тапсыр­масы бойынша барыпты. Алайда Құнанбай іздеп келген Ақсаққиян мен Табылдыны керей баласы ұстап бермей, «келгені рас, бірақ келген соң бір жыл тұрып өлген» деп анықтама жазып береді. Құнанбай да керейлердің оларды ұстап бермегенін теріс көрмей, «сөздеріңізге сенейін. Бірақ сол өлген Қиян тірілмесін, тірілсе де орысқа көрінбесін» депті. Құнанбайдың сол сапарында керейдің игі жақсылары аға сұлтанға ақыл салып, «бір халық екі елге осылай бөлініп жүре береміз бе, жоқ бір елге жиналғанымыз дұрыс па?» деп сұрағанда, Құнанбай қажы «орыстікі темір ноқта, қытайдікі қайыс ноқта ғой, артын баққандарыңыз дұрыс» деген сөз ел аузында бүгінге дейін айтылады. Құнанбай сол сапарында «Қытайға қараған абақ керей баласы он бес мың түтіннен асып, дәулеті шалқып, елі өсіп, бақ қонған елге айналған екен. Түбі біздің қазақтың бір тиянағы солар болар» деген дерек тарихшы Асқар Татанайұлының 1988 жылы «Шыңжаң халық баспасынан» шыққан «Тарихи дерек, келелі кеңес» кітабында анық жазылған. Демек, Құнанбай өр Алтайға барған мезгілде Алтайдың өзінде 15 мың түтін халық бар болса, оған Тарбағатай, Іле алқабындағы қазақтарды қоссақ, сол кезде Қытайдағы қазақтың саны қалайда 30 мың түтіннен кем соқпайды деп мөлшерлеуге болатын секілді.
Ал 1917 жылдан 1940 жылдар аралығында қызыл өкіметтің қуғынынан қанша қазақтың Қытай асқаны туралы анық мәлімет жоқ. Қытай мен Қазақстандағы кейбір деректерді салыстыр­ған мамандар Қытайға көшкендердің саны 60 мың мен 100 мың адам мөлшерінде болуы мүмкін деп санайды. Алайда мұның дені Қытайда 1949 жылы қызыл өкімет билік тізгінін қолға алғаннан кейін, яғни 1950 жылдан 1962 жылға дейін Қазақстанға қайта оралды. Тек 1962 жылы 60-80 мың адам Қазақстанға бір түнде көшіп өткенін ескерсек, 1950 жылдан 1962 жылға дейінгі 12 жылда 200 мыңға (бұл санақ та бүгінге дейін анық емес. Қытай тарихшылары 100 мың десе, орыс тарихшылары 60 мың, ал АҚШ мамандары 300 мың адам Қазақстанға қоныс аударған дейді) жуық қазақ Қазақстанға оралған. Былайша айтқанда, өткен ғасырдың басында біраз қазақ Қытай асқанмен, оның дені өсімімен қосылып, өткен ғасырдың 60-жылдарының басында туған жеріне қайтып келген. Бұл Қазақстандағы азайған (сол кезде демографиялық өсім 23 пайызға түсіп қалған) қазақ санының қайта өсуіне үлкен серпін берді.
Қысқасы, Қытай мен Моңғолия жеріндегі қазақтардың бәрі, әлдекімдер айтқандай, «Қазақстанды тастап қашқан қазақтар» емес. Олар да ата-бабасы ірге көміп, күл төккен атамекенінде отыр. Өйткені қазақтың тарихы мен жерінің шекарасы тек қазіргі Қазақстанмен ғана өлшенбейді. Бұрынғы қазақтың жері мұнан әлдеқайда кең болғаны талассыз ақиқат екенін естен шығармағанымыз жөн. Ұғым тарылса, ұлттық тарихымыз да кішірейе береді.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

"Астана ақшамы" газетінен алынды

6alash ұсынады