Қазақ шежіресі ауызша таралғандықтан кейбір тұстары шынайы тарихтан алшақ кетіп жататынын көзіқарақты оқырман, саналы адамдар ғана түсінеді. Қазақ шежіресінде төтемдік, діни, наным-сенім бояуы қанық болып кеткен жағдайлар кездесетіні шындық. Яғни, қазақтың пайда болуы мен таралуын аққумен, бөрімен, қожамен, төремен ұштастырып жатады. Ата-тек, әйгілі адамдардың өмірлері аңызға ұласқан, ислам дінімен түсіндірілген, мифтендірілген, көбінің шынайы тарихи сорабы ұмыт болған.

Арғы тарихқа өкпе артуға келмес, басқасы емес орта ғасырдан бергі уақытта хатқа түскен, дәлелденген тарихымыздың өзі шежірелерде бұрмаланып берілген. Атап айтқанда 9- ғасырдан басталған ислам дінінің қазақ даласына таралуына байланысты, дін уағыздаушы араптық қожалар мен дін басылары қазақ шежіресін өздерінің діни идеологиясын таратудың, жүзеге асырудың пәрменді қаруы ретінде пайдаланып, қазақтарға ата тегін нендей бір пайғамбарлардан, сақабалардан бастайтын жасанды шежірелер жазып берген[1](Жақып Жүнісұлы. Шежіре туралы толғаныс// Шынжаң қоғамдық ғылымы, 2006ж., N4). Қазақтар өзінің түп атасын мансұқ етіп, тауараттағы( Авестағы) мифтерде айтылатын “адам ата, Хауа анадан”, Нұх пайғамбардың баласы “Япестен” бастауы, исі түркі халықтары мен қазақтарды араптың “Анес” деген сақабасынан,  сахабалардан, қожалардан тарататын болды және оны шын көріп, мақтаныш санады. Араб-парсы тілдеріндегі әдебиеттер арқылы қазақ шежіресіне христиандық, исламдық мифтермен аңыз-әңгімелердің сыналап кіруіне, әсіресе, дінді уағыздаушылар мүдделі болды.

Қазақ арасына кең таралған шежірелердің  діни-мифтік кейіпкерлерден бастау алып, нәтижесінде шежірелік түзілімнің 50-60, тіптен, 100-150 атаға ұласып кетті. Мұны шежірелік түзілімдерді қазақ ру-тайпаларының бастау тегіндегі “қожа”, “сопы” деп келетін есімдерден айқын аңғаруға болады. Мәселен, орта жүздегі ру-тайпалардың түпкі атасы Бекарыс еді, одан Қара Келімбет, одан-Қотан, одан Дайырқожа(Ақжол) туған екен, Дайырқожадан-Акқожа, Қарақожа, Ақтамқожа туып, бұл үшеуінен Орта жүздің ру-тайпалары өрбіген екен, соның ішінде Қарақожадан-Арғын, Найман туып, Арғыннан Мейрамсопы, Ақ сопы, Қара сопы, Сары сопы,Тәніб сопы, Нәдір сопы, Арық сопы туған, олардан қалың арғын өсіп-өнген екен. Ал кіші жүздегі ру-тайпалардың түпкі атасы Жанарыс еді, одан - Аламан, Одан - Алшын, одан - Садырқожа, Қылдырқожа, Нәдірқожа деген үш ұл туған екен, Садырқожадан, Алты Әлім, төрт ата Шөмен, Қыдырқожадан - Он екі ата Байұлы өрбіген, Нәдірқожадан - Жеті ру өрбіген деп келетін шежіре деректері бар[2](Ясын Құмарұлы. Қазақтың шежіре мәдениеті.Шынжаң халық баспасы, 2014ж., 327-328 бб). Өз тегін сахабалар мен қожалардан тарату барлық шежірелерге тән құбылыс деуге болады. Шәкәрім Құдайбердіұлы: Қазақтың түп атасы батыр түрік, Арапсың деген сөздің түбі шірік; Пәленше сақабаның заты едің деп, Алдаған дін жамылған өңкей жүлік[3](Ш.Құдайбердіұлы.Түрік-қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. Алматы,1991., 70 б)- деп бекер айтпаса керек. Орта азияға дін таратқан қожалар қазаққа сіңіп, тіпті қазақтың шежірелік жүйесін қабылдағаннан кейін өздерінің шежіресін жасаған. Бұл туралы кезінде Сәбит Мұқановта жазған[4]. Сәбит Мұқанов. Халық мұрасы. Алматы, жазушы баспасы, 2005ж., 17-21 бб). Сөйтіп, Кейінгі кезде бір жағынан Іслам дініне сенген, бір жағынан Қожаларға имандай табынған қазақ шежірешілері өз шежірелерін, яғни, тұтас қазақтың ата -бабасын сол қожаларға апарып тіреді[4](Ясын Құмарұлы. Қазақтың шежіре мәдениеті.Шынжаң халық баспасы, 2014ж., 328-329 бб). 7-ғасырда тасқа қашап жазылған Күлтегін мәңгі тасында: “Үстіміздегі көк аспан мен астымыздағы қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адамзат жаралыпты”, “ адамзаттың үстінде түркінің ата-бабасы Бумын қаған билік құрыпты, ол түркі еліне ие болып, заң-жарғылар жасапты” т.б. деп келетін, жол ортадан қосылған ешқандай қожасы мен сопысы жоқ, таза түркілік шежіре сақталып, бізге жетпеді. Ата-бабамыздың “Қожан” деп “Қожаға жақын аталуы, оның арғы аталары Бәжігітті “Тоқтарқожа” мен “Толымқожа”ларға апарып тіреп, оны мақсатты түрде Ортажүзге танымал Бәйіс бидің жалғыз қызы Мақта үйлеуі, одан Байжігіт.... осындай жасанды, бұрмаланған шежірелер(жоғарыда дәлелденгендей) арқылы арғыны айтпағанда Қазақтың бетке басар дарабоз батыры Қабанбайдан тартып бәрінің тегін сарт пен қожадан, одан ары араптардан тараған деп айтудың шындыққа қаншалықты жанасымды екенін оқушы қауым да түсінген болар. Сондықтанда,  шежіре жазып таратқан кезде, Қазақ шежіресіндегі қазақты құрайтын ру-тайпалардың бәрінің тегін, жеті атасы емес, тоқсан тоғыз атасы да бір-біріне қосылмайтын өзге халықтармен қабыстыратын жалғандықтан арылатын уақыт та болған сияқты.  Және де оны, біз, өз шежіремізден бастағанды жөн көрдік. Қазақ дәстүрінде Жиендер ата-тек шежіреге кірмейді олай болса Тоқтарқожаның ұрпақтары Бәйжігіттер түгелдей Найман шежіресіне кірмеуі тиіс еді (тіпті Найманның өзі Дайырқожа, Қарақожалардан тарапты - мыс) кірген екен Тоқтарқожа, Толымқожа, Мақта апа дегендей жасанды дүниелерден арылып, Байыстан Байжігіт туатынын ашық жазумыз керек. Оларды шежіреге кіргізіп алып, Сарт немесе Қожа емеспіз деп қиял ғажайып ертегілер тудырудың еш қажеті жоқ деп білеміз. Тарихшылар мен шежірешілер арасында дау тудырған Тоқтарқожа мәселесін біржақты ету уақыты келді. Олай деуімізге жоғарыда айтылдғандарға қоса тағы нақты факті бар. Осыдан біраз бұрын тарихшы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің политолгия кафедрасының доценті, Phd Ж.Сабитовтың ДНК-шежіре жобасы басталып, қазақтың үш жүзіне қатысты рулар зерттеліне басталды. Зерттеу барысында шежіре деректерінің сәйкестігі сол руға жататын ұрпақтардың ДНК нәтижелерімен салыстыра отырып қарастырған. Жоба барысында шежіре деректерінде дау тудырып келе жатқан аталарға байланысты нақты, дәлелді тұжырымдар берілген. Онда шежіредегі кейбір адам есімдері тек адамға ғана қатысты емес, тайпаның немесе рудың аты екендігі туралы сөз қозғалады. Осындай даулы мәселелердің бірі ретінде Байжігіт руына ерекше тоқталады. Аталған автор 2016-шы жылғы желтоқсан айында берген сұбхатында мынандай пікір білдіреді: “Қазіргі кезде кез-келген аңызды тексеруге болады. Мысалы, Қабанбай батыр шыққан найман-байжігіттер туралы аңыз. Ол жерде не Шыңғыс тұқымы, не қожа, не тағы басқа біреу ретінде айтылатын Тоқтарқожа деген біреуден тарайтындығы берілген. Біз осы ру ұрпақтарын тесттен өткізген кезде олардың нағыз найман тобына жататындығы анықталған” [5](https://baigenews.kz/dialog/interview/uchenii_po_dnk_mozhno_opredelit_k_kakomu_kazahskomu_rodu_prinadlezhit_rebenok_/)

Байжігіт тікелей Байістан тарайды дегенді жалпы Байжігіт ұрпақтары дұрыс қабылдайды деп сенеміз.

«Қожан шежіресі және тарихы» туралы жазылған кітаптан алынып беріліп отыр.

Қайрат Ғабитханұлы

6alash ұсынады