Менің ата-анам Алтай топырағына қарасты «Сұлубай» батыр шоқысының  баурында, «Шіңгілдің мөлдір суындай» деп шырқалатын өшпейтін әнге арқау болған жасыл желек жамылған мөлдір өзеннің жағасында түтін түтетіп келе жатыр. Мен аке-шешемнің бойынан осы табиғатқа тән мөлдірлік пен тазалықты, мейіріммен ізгілікті көремін. Дастарханы жиылмайтын қазақ даласына тән кеңпейілдік, дарқандық менмұндалап тұратын. Анамның қолынан қаншама жолаушылар шөлін қандырып аттанып жататын еді. Менің кіндік қаным осы мөлдір мекенде тамды. Сұлу табиғаттың құшағында, мөлдір өзенге шомылып, алып тауларға қарап бой түзеп, таза ауасын жұтып ержеттім.

Анам үнемі «жақсылық қылсаңда, жамандық қылсаңда алдыңнан шығады», дейтін. Біреуге жасаған жақсылығың бүгінбе, ертеңбе айтеір ұрпақтарыңның алдынан шығады деген ұғымға имандай сенетін. Кейде алыста оқып жүрген аға-апкелеріме уақытылы тамақ немесе ақша жібере алмай қалған кездерде, алыстан біздің ауылға келіп жұмыс істеп жүрген адамдарды арнайы үйге шақырып, түстендіріп, ыстық тамағын, шайін беріп жататын еді. Кейін түсінгенім бұл анамның алыстағы балаларына жіберген «сәлемдемесі» екен. «Мен біреудің баласының қарнын тойдырсам, менің балаларымды да біреу тойдырады», деп біледі ғой. Анамның бұл ұғымының қаншалықты нақты екенін ол кезде ерекше түсініп кетпейтін едім. Осылай жолдаған «Сәлемдемелерінің» ағаларыма қаншасы жетіп жатқанын кім білсін?.

Кейін менде туған жерден алыстап, дәм тартып Қазақ еліне келіп оқыдым. Астанаға алғаш келген кезімізде бұл жерде туыс-туған,  таныс-білістер аз болды, тіпті қалада қазақ тілінде сойлейтін адамдарды аз кездестіретін едік. Студенттік өмірдің бірде аш, бірде тоқ, жағасы ақ, ақшасы жоқ күндері басталып кетті. «Роллтон» дейтін лапшаның «сорпасын» терлеп ішіп алғанда кәдімгідей жадырап қалатынбыз, көже-қатықтың орнына, кейде көрші бөлмеден екі картоп сұрап әкеліп, оған бір пияз тауып қосып, макарон пісіріп жесек, кәдімгідей ар жағымызға ел қонып қалатын еді. Көрші бөлмедегілер тамақ істеп жатқанын естісек, қалтамызға қасығымызды сала барып, «ұзақ-сонар» әңгіме айтып отырып аласың ғой. Ақыры тамақтың түбі қарылуға жақындағанда әкеліп, қазанымен ортаға қоя салады. Табаққа салуға тағат қылатын адам барма ондайда, қалтаңдағы қасығыңды суырып алып, үстелге жақындай бересің. 1-2 минутта батырлардың алмас қылышындай жарық-жұрық еткен қасықтар қара қазанның қақ түбіне жетіп, ауа қармап жатады.

Мен жатақханада Кенжехан, Арғын деген жігіттермен бірге тұрдым. Бір күні түсте 514 бөлмеде тұратын Ержанат деген жігіт жүгіріп келіпті. «Шіркін күріш жоқ болып тұрғаны-ай»,-дейді. «Оны не істейсің»,десек, «көрші бөлмеден бір сәбіз сұрап алып, тағы біреулерден май тауып, палау басып жесек қой, дәмді болатын еді»,-дейдіғой))).

Осылай қара қасықты қолға алып, білім жолында құрсағыңдағы жалаңдаған «қызыл жаумен» алысып жүрген күндердің бірінде, анамның «ақ сәлемі» келгендей болды, келгенде қандай ақ тілегі ағыл-тегіл төгілді-ау. Қасымдағы жігіттермен бірге Астана маңындағы «Бұлақсай» деген ауылға барып жүріп, Жанат есімді кісінің отбасымен таныстым. Отанасы Төлеуіш тәтеміз тура менің анамдай кеңпейіл, ізгі ниетті жан екен. Біздің алыстан келіп оқып жатқанмызды, ата-анамыздан жырақ жүргенімізді білгенде тіпті елжіреп сала берді. Барын алдымызға төсеп, құда келгендей күткенде өзіміз ыңғайсызданып қалдық. Балалары да ерекше тәрбиелі, ағалап, қолымызға су құйып жүгіріп тұрғанын көргенде жүрегің жылиды.

Бірде Жанат ағамыздың тәтемізге: «студенттік өмір басымыздан өтті ғой. Алыста жүріп оқығанның талай қиындығын көргенбіз. Мына балаларға бір мал сойып берейік, сорпаланып, әлденіп қайтсын. Кейін біздің балалармызда осылар секілді сыртта жүреді-ғой», деп жатқанын естіп қалдым. Ол кісі де аузын ашса жүрегі көрінетін ерекше ақ көңіл жан екен, үйге келген құдайы қонаққа қой соятын қазақ даласына тән дархандық. Көз алдыма әкемнің алып тұлғасы келді. Недеген ұқсастық, әкемде Алтайдың адырларынан жоқ қарап  жүріп, кешке қоналқыға келіп белдеуімізге ат байлайтын талай жолаушыға, арсада асуға ет тұрсада, «алыстан келіпті ұят болады», деп арнайы мал сойғызып жататын еді. Мені бұл отбасыға алып келген қандай күш. Өмірді анам секілді түйсінетін, анам секілді ойлайтын отбасыға келіп топ ете қалғаныма таң қалдым. «Анам кімдерді жарылқап, кімдерге ақ дастархан жайып жатыр екен», деп іштей ойлап қоямын.

Біртіндеп бұл кісілер менің екінші отбасыма айналды. Бойымыздағы белгесіз үндестік, ұқсастық бізді жақындастыра түсті. Әр демалыс сайын «келмеді деп ренжіп жатқан болар» деп қасымдағы жігіттерге әзілдеп, «Бұлақсай қайдасың» деп тартып кететін болдым. Келген сайын, Жанат ағам балаша қуанып, желпілдеп қарсы алады. Ашық-жарқын әңгімелесеміз, өткен-кеткендерін айтып мәз болып жатады. «Өз үйіңде жүргендей еркін жүр, еш қысылма», деп балаларына монша жақтырып, күтіп жібереді. Кейде ішіп-жегеніңді өтегің келіп, «істеп тастайтын жұмыс барма?-деп сұраймызғой. Ондайда, «жо..жоқ олай айтпаңдар, алыста жүрген балаларды жұмысқа салсақ қалай болады? Елден ұят емеспе», деп қолымызға күрек бермей «қинайтын» еді. Осылай жүріп бір жылдық оқуымызды бітіріп, жаздық демалыста Алтайға бардым. Анамның айтуынша, Сол жылы Алтай жаққа алтын қарап келіп, ауылына қайта алмай қалған бір ұйғыр жігіт біздің үйде қыстай тұрып, көктемде кетіпті.

Ризабек НҮСІПБЕКҰЛЫ

6alash ұсынады