Жақында мәжілісмен Азат Перуашев парламентке Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндер үшін емтихан енгізуді ұсыныпты. «Азаматтық туралы» заңға өзгеріс енгізіп, азаматтық алғысы келетіндер Қазақстан Республикасының конституциясын, мәдениеті мен тарихын, тілдік саясатын білу бойынша емтихан нормаларын жасау керек деп ұсыныс айтқан мәжілсмен шетелде де мұндай тәжірибенің барлығын көлденең тартыпты.

Бір қарасаң, мәжілісмен елдің мұңын, қазақ тілінің жырын айтып отырған сияқты. Дегенмен, бұл ұсыныстың ақылға қонбайтын, көңілге күдік ұялататын тұстары да жоқ емес.

Ең әуелі, Азат Перуашев «ҚР азаматтығын алғысы келетіндер қазақ тілінен емтихан тапсырсын» дегенде басты меңзеп отырғаны кім? Қазақстан азаматтығын алғысы келетін басқа ұлт өкілдеріне қаратылған ба? Жоқ әлде жалпы шетел азаматтарын, дәлірек айтқанда, қандастарды да қамти ма? Егер бұл ұсыныс басқа ұлт азаматтарына ғана қаратылған болса, онда ұсынысының ішінде «шетелден көшіп келген қандастардан басқа» деген бір ауыз сөзді анық айтқан болар еді. Бірақ ондай сөз жоқ.

Басын ашып айтатын бір мәселе, бұл шарт Қазақстанға ағылған басқа ұлт азаматтарына ешқандай тосқауыл бола алмайды. Себебі шетелде қазақ тілін білетін басқа ұлт азаматтары аз емес. Түркі тілдес ұлттардың біразы қазақ тілін біледі. Ұйғыр, Өзбек, Қырғызды қойып, іргеміздегі Қытайдың өзінде қазақ тілін Қазақстан парламентінде отырған кейбір қазақтардан артық сөйлейтін қытайлар да жетеді. Қытай бойынша, 5 университетте қазақ тілін үйретеді. Әр жылы неше жүз қытай қазақ тілі мамандығы бойынша бакалаврлық атақ алады. Көрші елдерде қазақ тілін білетін сібе, дүңген, моңғолдар да көп. Осы жағдайды ескерсек, «Қазақ тілі емтиханынан өткен кез келген шетел азаматын азаматтыққа қабылдасақ, Қазақстан бір қанша жылда-ақ келімсектерге толып кетпей ме» деген ой келеді.

Перуашевтың қазақ тіліне жаны ашып айтып отыр дейік десек, қазақстанда қазақ тілін білмейтін қазақ жоқ па?! Парламенттің мінбесінде, министрліктердің төрінде орысша сайрайтын қазақ қаншама? Елімізде мемлекет басшысы болатын адамнан басқа қай қазақ (қай ұлт) қазақ тілінен емтихан тапсырып еді? Ендеше, 30 жыл бойы ана тілінде сөйлей алмағандардың «есебін» шетелден қоныс аударушылармен толтырудың қандай тиімділігі болуы мүмкін?!

Бізше бұл ата жұртына оралғысы келетін қандастарды аяқтан шалудың бір амалы секілді. Құдайға шүкір, шетелден келетін қазақтың дені ана тілінде сөйлеуді мақтаныш санайды. Алда-жалда бірін-бірі танымай басқа тілде сөйлеп қалса, «кешіріңіз, қазақ екенсіз ғой, байқамай қалдым» деп өз қандасына басқа ұлт тілінде сөйлегені үшін ыңғайсызданатын қазақтарынан «қазақ тілін білесің бе» деп емтихан алудың өзі әбестік. Өйткені олардың ұғымында қазақ боп тұрып қазақ тілін білмеуден өткен масқаралық жоқ. Әрине, Қазақстанда ғана емес, Еуропа елдерінде де қазақ тілін білмейтін қазақтар бар. Қытайда да соңғы кезде қытайландыру саясатының қарқынды жүрілуіне байланысты жас ұрпақтардың қазақ тілінен ажырап қалу қаупі туды. Ендеше олар Қазақстанға қазақ болып өмір сүру үшін, қазақ тілін білмесе, Қазақстанда ана тілін үйрену үшін келеді. Перуашевтың ұсынысы осындай қандастарымыздың қадамына тұсау емей немене?!

Егер Перуашев «парламент қазақша сөйлесін, мемлекеттік қызметке келетін әр қандай адам қазақ тілінен емтихан тапсыруы шарт» десе, оған ешқандай қарсылығымыз жоқ. Қос қолдап қолдар едік. Ал мына ұсынысы шетелдегі қазақ тілін білмейтін, бірақ ата жұртқа оралғысы келетін қандастарды кеудесінен кері тебуден басқа ештеңе емес.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

"Астана ақшамы"

6alash ұсынады