1976 жылдың қоңыз күзі. Нақтырақ айтсақ, қыркүйек айының 16-шы жұлдызы. Биыл Ераванға күздің ызғары ерте түсті. Жылдағыдай қыркүйекте  тамылжып тұратын, жаймашуақ атымен жоқ. Қаланың сұрғылт көшесіне көктегі мақта бұлт құлап түскен бе дерсіз, қаптай жайылған бозғылт тұманның арасынан қала көліктері әупірімдеп жол тауып асықпай жылжиды...

Қаланы жанай аққан Аракс, Ераван өзендері тасыған кезде қарғын судан қаланы қорғау үшін салынған биік дамбаның қолтық-қолатына бұққан судың бетіне қабыршықтанып, мұзқаймақ түскен. Бұл маңға адамдар көп келе бермейді. Өйткені, өзенге құйылған өнеркәсіп қалдықтарының күлімсі иісі аңқып тұрады.

Биік дамбаны бойлап жалғыз адам жүгіріп бара жатты. Оның күндегі әдеті. Үстінде матасы қалың спорттық костюм. Аршындап алға ұмтылады. Қарсы алдынан сызыла соққан ызғарға тершіген маңдайын сүйгізіп, еті қызған тұлпардай қос танауынан жылы демі атқылап, ор қояндай орғиды кеп. Бұл адам – 1953 жылы туған, жүзуден әлемнің 17 дүркін чемпионы, әлем рекордын 11 рет жаңартқан, Еуропаның 13 дүркін жеңімпазы, КСРО кубогы мен біріншіліктерінде алдына жан салмаған атақты спортшы – Шаварш Карапетян болатын. Карапетянды күллі әлем жұрты білетін. Ол бағындырмаған биік қалмаған. Бірақ мына ғаламда  ол да бағындыра алмайтын биіктер бар екен...

Кенет арқа тұсынан күрс еткен қатты дыбыс шықты. Жүгіріп келе жатқан Карапетян жалт бұрылып артына қарады. Құдай сақтасын! Дамбаның темір жиегіне арқандаулы троллейбус соғылыпты. Ішінде лық толы жолаушысы бар, алып машина аспақталған жібін үзіп, терең өзенге қарай құлап барады. Өкірген, бақырған адамдардың жанайқайы спортшының құлағына келіп жетті. Өмір мен өлім арасындағы арпалыс...

Әп-сәтте тереңдігі 10 метр иірімге троллейбус тұмсығымен шаншылып түсті де, көзді ашып-жұмғанша зу етіп батып кетті. Судың бетінде кәрі кемпірдің әжіміндей айғыздалған ізі қалды. Әрі-беріден соң ол да жоғалды.

Карапетян бір секундта ойланып жатпады, үстіндегі су тартатын мата костюмін лақтырып жіберіп, иірімге қарай бірақ ырғыды. Су лай түкте көрінбейді. Өзенің түбінен қопарылған шөгінді әлемтапырақ. Шаварш жанұшырып сүңгіп келеді. Троллейбустың артқы терезесін тапты. Бір теуіп оны сындырды. Көзтүркісіз лайдың арасынан қолына ілінген адамды сүйреп жағаға шығарды. Есінен танып қалған бейбақты дамбаның ернеуіне сүйей салып қайта сүңгіді. Тағы бір адамды алып шықты... Осылай құтқару ісі жалғаса берді. Батпақты судың астында, он метр тереңде, өлім мен өмір үшін арпалысқан қан майдан... көз алдына елестетіп көріңіз... суға батқан 92 жолаушының тағдыры.

Бұл оқиға жайлы кезінде барлық газет-журналдар жазды. Дүние жүзі таң қалды. Карапетянның жанкешті ерлігінің арқасында 20 адамның өмірі сақталды. Өкініштісі, бұл 20 тірі қалғандары, әйтпегенде құтқарғандарының ішінен су бетіне жансыз шыққандары қаншама.

Шаварш адамдарды құтқарып, арпалысып жатқан да, жағаға жиналған жұрт спортшының денесінің қып-қызыл қанға бөккенін көріп тұрды. Ол әр сүңгіген сайын сынған әйнектің жарықшақтары денесіне жарақат салып отырды. 20 минуттан астам мұздай судың астында арпалысу мың жерден әлем чемпионы болсаң да оңай емес. Одан әріге Шаварштың шамасы жетпеді. Есінен танып құлап түсті. Аса ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.

Дәрігерлердің Карапетянға қойған диагнозы: екі өкпесінен қабат суық тиген және өте күрделі түрде. Сондай-ақ, кешікпей қанына қатерлі  у өтіп кеткені анықталды. Ол жанталасып жүріп дамбаның лай суына төгілген қоқыстардан тараған улы вирусқа тап болған екен.

Спортшының өмірін құтқарып қалу үшін Одақтың білімді дәрігерлері ат салысты. Ақырында құтқарып қалды. Бірақ, бұдан былай оның спортпен айналысуы жайлы сөз болған жоқ. Дәрілерлер Карапетянға мүгедектігі туралы анықтаманы қолына ұстатып ауруханадан шығарды. Газеттер «Карапетян теңдессіз талантын Ереванның лай суына тұншықтырды» деп жазып жатты. Бұрын-соңды теңдессіз атақ-даңққа бөленіп тұрған сәтінде спортты тастап кету тарихта болмаған оқиға. Бірақ, ешкімде мына оқиғадан кейін Карапетянға «спортты неге тастап кеттің?» деп айта алмады, айта алмайды да.

Осылай талантын жерлеген атақты спортшы бір күнде мүгедектің зейнетақысына қарап қалды. Бірақ, тумысы қажырлы жігіт Мәскеуге келіп, аяқ киім жөндейтін шеберхана ашып жаңа кәсіпке кірісті. Арада біршама уақыт өтіп оқиғаның ісік-желігі басылған соң Шаварш Карапетян жоғарыдағы оқиға жайлы еске ала отырып, менің спорттық дайындығым мың жерден өте жоғары деңгейде болғанымен, белгілі бір уақыттан артық төтеп бере алмасымды суға алғаш түскенде-ақ білдім. Бір рет лайдың арасынан сыйпалап жүріп, қолыма ілінген жұмсақ затты сүйреп шықтым. Ол троллейбустың арты орындығының көпшігі екен. Қандай өкінішті менің бір қателігім бір адамның өміріне татыды. Егер  қателеспесем тағы бір адамның өмірін құтқарар едім. Сол жұмсақ көпшік әлі күнге дейін түсіме кіреді, депті.

Осы оқиғаны біз кездейсоқтық деп ойлаймыз. Газеттер де  солай деп жазды. Бірақ Карапетян бұны кездейсоқтық деп ойламайды екен. Ашығын айтқанда бұл жігіт жетістікке әбден тойып-тойынып, бағындыратын биік қалмаған соң, құдайдан «енді менімен жарыстыратын нең бар, оны да еңсерем» деп күпірлікпен асып-тасып сұраған едім деп, мойындады. Ал, құдайдың жібергені жоғарыдағы сынақ.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ