2013 жылы тоғызыншы тамыз қазақ еліне (шетелдегі ағайын осылай атауға ниетті, жүректеріне жылы тиеді, ол күндердің ауылы да алыста емес болар) ел ағасы Жәкең ақсақал, Жанәбіл Сымағұлұлы келеді екен, - деген сыбыс еміс-еміс естіліп, елеңдеп жүрдік. Бұл уақыт Алматыдағы ағайындардың әсіресе Керей ата балаларының Абылайхан заманының айтулы батырларының бірі, даңықты қолбасшы, Алтайға ел қондырған Ер Жәнібек Бердәулетұлының 300 жылдық мерейтойына қызу кіріскен кезі еді. Күнде жиын, күнде той. Мен қосымша «Ер Жәнібек» Халықаралық қоғамдық қорының атқарушы директоры қызметін атқаратындықтан, жалпы қордың шауып кел, барып келі менің мойнымда болатын, сондықтан үлкен кісіні күтіп алу шарасын ұйымдастыру да маған жүктелді.

Әсерлі кездесудің әлқисасын бастамас бұрын, шетелдегі қандастарымызға есімі етене таныс болғанымен қазақ еліндегі ағайынның көбісі Жанәбіл есімінен бейхабар екені анық. Сондықтан, Алаштан аты озған асыл азаматы туралы қысқаша тоқтала кетсем артық болмасы анық.

Жанәбіл Сымағұлұлы

Жанәбіл Сымағұлұлы Қытайдағы қазақтардың арасынан шығып,  «қарадан туып хан болған» осы заманымыздың заңғар тұлғаларының бірі. Қытай жаңа үкіметі құрылған 70 жылдық тарихында Жанәбілдің деңгейіне жетіп қызмет жасап, билік жүргізген қазақ болған жоқ. Сексенге келген зейнет жасындағы ақсақалға шетелдің әр елінен келген Атамекендегі ағайынның тайлы-тұяғы қалмай құрақ ұша алдынан шығып, айырықша құрмет-қошамет көрсетуі сондай биік аброй-беделінің көрінісі еді.

Елбасы Қытайға барған сәт...

Жанәбіл Сымағұлұлы - 1934 жылы маусымда Алтай аймағына қарасты Қаба ауданында дүниеге келген. Қытай мемлекеттік басқару органында ең жоғарғы лауазымға тағайындалып, абройлы қызымет атқарған тарихи тұлға. Ол  ҚХР Шинжяң ұйғыр автономиялы райондық саяси кеңес комитетінің бұрынғы төрағасы, қадірменді ел ағасы Жәкең Қытай коммунистік партиясы (ККП) бүкіл мемлекеттік партия мүшелері құрылтайының ілгері-кейінді алты кезек уәкілі (депутат), бес кезек ҚКП орталық комитетінің кандидат мүшесі болып, партия мен мемлекеттің зор істерін талқылауға қатынасқан бірден-бір қазақ.

Жұбайы Зүпира Ыбырайқызы Шинжяң халық радио станциясының қазақ тіліндегі әдебиет-көркемөнер бөлімнің шаңырағын көтеріскен, Қытай қазақтарының алғашқы буын ақпарат қарлығаштарының бірі. Қазақтың қадірлі шаңырағына айналған Жанәбіл әулеті бүгінде Жігер, Мәрина, Әлия, Жарқын есімді ұл-қыздарын өсіріп, немерелірін әлдилеп отырған құтты орда.

Сөз іреті келгенде айта кетейін, үлкен ұлы Жігер АҚШ-тың Гарвард университетінен докторлық атағын қорғап, еліміз тәуелсіздігін алған жылдары елге оралған алғашқы азаматтардың бірі. Атағын ат көтере алмас атаның баласы бола тұра, қарапайым елдің қатарында, ағартушылық саласында қызмет атқарып жүрген, көп балалы отбасының отағасы. Егер Жігер осындай атақ, білімімен Қытай елінде тұрақтағанда қалаған жеріне қызметке орналасып, «ұрттап ішіп, шайқап төгіп», дегенін істеп жүретін ханзадалардың бірі болатынына ешкімнің күмәні болмас. Бірақ, аңғарлы әке-шеше, көрегенді ұрпақ тағдырын туған елі, Атажұртымен тоғыстырды. Абыройлы атақ, шалқыған дәулеттің ортасында отырып мұндай шешім жасау бейбіт күндегі отансүйгіштіктің, ұлтжандылықтың шынайы көрінісі болар, талай елге ой салар тағылымды мысалдың бірі болатын.

Алыстан келген жолаушының алдынан шығып, атын байлап өскен ата баласымыз ғой, бұл жолы да солай болды. Қадірлі ел ағасы Жәкең Астана сапарын аяқтап, Алматыға келген күннің ертесінде Медеу шатқалындағы «Самал» ресторанына, ақ сарбасымызды атап сойып қоналқы орналастырдық. Он неше жігіт үлкен кісінің атының шылбырын ұстап, қолтығынан демеп, төрге жайғастырдық. Қасында жұбайы Зүпира Ыбырайқызы, қыз-күйеуі Әлия мен Сыздық, келіні Нұрғаным, көмекшісі мен дәрігері бірге келді.

Жәкең жане жұбайы Зүпира Ыбырайқызы

Күтіп алушы азаматтардың қатарында саясаткер Марат Уатханұлы жұбайы Айгүл Түркияқызы, шығыстанушы ғалым Жанымхан Ошанұлы, әнші-сазгер Өкен Таңсыханұлы, жұбайлы әншілер Құрманбек пен Риза, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, кәсіпкерлер Мерей Сіләмұлы, Ержан Шарыпханұлы, Оқан Әбдірақұлы (бүгінде марқұм) Ділдахан Дәлелұлы, Жеңіс Түркияұлы, Айбын Әубәкірұлы, Ғылымхан Қалиұлы, Қаматай Жәкенұлы, Нұрман Диярұлы, Оразбек Базарбайұлы қатарлы азаматтар бірге болып, үлкен кісіге деген ақжарма тілектерін айтып, аман-саулық тілесіп, арнайы алған құндыз шапан, оқалы тонды арқаларына жапты. Жанымхан аға өз кезегінде Шығыстану институтынан шыққан «Қытай жазбаларындағы қазаққа қатысты деректер» деген екі томдық ғылыми еңбегін ұсынды. Бұл азаматтардың барлығы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елге оралып, әр салада қызмет атқарып жетістікке жеткен танымал тұлғалар еді.

Дастарханның асабалық міндеті маған жүктелгендіктен жасына қарай сөз беріп, жақсы отырысымызды жалғастырып отырдым. Төрімізде төредей болып Жәкең ақсақал отырғандықтан дастарханымыздың думаны арта түсті. Өкен, Құрманбек, Ризалардың салған әндерін сүйіне тыңдап, қайта-қайта айттырып, жұбайы екеуі қосыла айтып, емен-жарқын көңілді отырды. Ақын Дәулеткерейдің көшкен елдің керуенді кешірмесімен өрілген «Тамыр» толғауын ыждағаттықпен тыңдап болғасын «жарайды, бәрін қамтыған екенсің ғой», - деп ризашылығын білдірді. Үлкен кісі өлеңнің ішкі мәнін бір кісідей түсінетін, ұлт руханиятының шынайы жанашыры болған тұлға. Қытайдағы қазақ айтыс өнерінің бүгінгідей жарқырап тарих сақынасына көтерілуіне, айтыскерлердің жан-жақтылы жағдайының жақсаруына бір кісідей ықпал жасаған қайраткер, бұл сөзімді арғы-бергі беттегі айтыскер ақындар да құптайтыны еш күмән тудырмайды.

Сөзімнің дәлелі іретінде, ел арасында айтылып жүрген, әсіресе ел ағасы Жәкең туып өскен Алтай бетінде, Қаба топырағында шежіредей шертіліп бүгінге жетіп, санамызға сақталған көне көздердің мына бір әңгімесін айта кетудің де қисыны келіп тұр. Ол айтпағым Қытай қазақтары арасында өмір сүрген халық ақыны Бәтеш  Дағыстанқызының (1909-1976 ж.ж.) бір шумақ өлеңмен бір ат алған оқиғасы еді. Бәтештің күйеуі Алтай бетіне аңыз болған атақты батыр, жортуылшы Әтік Жапарұлы (1899_1988 ж.ж.)

1975 жылы шілде айында, сол кезде Іле қазақ автономиялы обылыстық парткомның хатшысы, обылыс бастығы болған Жанәбіл Сымағұлұлы Қаба  ауданы Көлбай ауылдығындағы Әтік пен Бәтештің көршісі, сол кездегі Көлбай комунасының орынбасар хатшысы Шағыбан деген кісінің үйіне қонаққа келеді, Шағыбан арнайы Бәтешті шақырып, түн ортасына дейін өлең айтқызады. Бәтеш күйеуі Әтіктің жортуылға шығып, қолды болғанын, жергілікті ұлықтардың алдына өлеңмен арыз айтып барған Бәтештің күйеуін түрмеден қалай алып шыққан барысын өлеңмен айтып, отырғандарды таң қалдырады. Бәтеш  рулық жақтан Жәкеңнің жақын апайы болып келетіні бар екен. Өлең айтылып бітер сәтте ел ағасы Жәкең: жарайды апай, денсаулығыңыз жақсы, өлеңіңіз де бәз-баяғысындай екен. Рахмет сізге, тағы не айтарыңыз бар, - дегенде, Бәтеш жалғасты өлеңдете жөнеледі:

Берейін өлең айтып бауырыма,

Бауырым түсел түсті ауылыма.

Бір кезде жортуылмен аты шыққан,

Жездеңның Алтай менен Сауырыңа.

Өлеңмен тас түрмеден алып шыққам,

Бұл мәлім алтын Алтай қауымына.

Сол сорлы жездеңде әлі бұт артар жоқ,

Шықпай жұр жырғап әрі қарығы да.

Жақсыдан бір шарапат келді білем,

Бауырым келді Әтіктің салымына, - дегенде отырғандар бәрекелді айтып, ду қол шапалақ соғады, ел ағасы Жәкең:

- Әй, мына Әтікке бір ат бермесе болмайды екен, - деп сол жерде, Шағыбанға Әтік батырдың мініс көлігі үшін бір ат беруді тапсырады. Сол көк атты марқұм Әтік  батыр өмірінің соңына дейін мініс көлігі етіп, Жәкеңе рахметін айтып жүреді екен.

Руымен ұйысқан ұлттың ұрпағымыз ғой. Орта жүздің бір бұтағы Керей әулетінің Шыбарайғыр атасынан тарайтын Жәкең ақсақалмен де сол жағынан қандық жақындығымыз бар еді. Алматыда ағаларыма еркелеп Шыбартай аталып жүрген мен Жәкең ата келгенде тіпті кішірейіп қалдым. Әредігінде ағалар өлең оқып беруімді сұрағандықтан үлкен кісіге таныстық білдіре өзімнің Қабада туғанымды, ол кісінің ата қонысы, әке-шешесінің зираты жатқан Шыбарағаш, Қарашоқы жайлаулары туралы айта келіп,

Тамыздың желі бетіме өбетін,

Таң ата-анам мосы керетін.

Бишігін әкем беліне алғанда,

Саркідір саулық мекіренетін.

Қоралы отар сосын өретін.

Шатқалда өскен шұғұнығыңнан,

Шаттықтың шексіз сырын ұғынғам.

Сурлы сайдың самалы желпіп,

Сезбедім қырдың суғын ұрған.

Жылқылы жұртқа ұнағасын ба?

Арсылдайды арлған түн арасында.

Тұсамысымен тықыршып тұрар,

Тұмарлы торым тұма басында.

Тілсімі сан мың таудың ұқтыратын,

Ұлылар салған ән құнықтыратын.

Сарқымыз бөккен сабаның даусын,

Сабаудың үні жаңғырықтыратын.

Төрт түлік түгіл ғашық аңдарда,

Күреңше күлген жасыл аңғарға.

Қоснауа басын қорыс қылатын,

Бұғы бейбақтар ашылағанда.

Әр кезең сайын арлы ауыл қонған,

Асырған шыңы арманыңды айдан.

Жеңгелер алған бармағы балдан,

Сарыатан шөккен сарықарын майдан.

Айраның қайран, қаймағың қайран.

Тауын жыр етіп, тасын жыр етіп,

Әз жанын өтер ақын жүдетіп.

Шекілдеуікшіл шауқарғалардан,

Балқарағайдың басын күзетіп., - деп келетін «Қарашоқы» деген өлеңімді оқып болып,  соңынан Жәкең ақсақалға қарап:

- Көке, мына ағаларымның бәрі - , алдыңда ағаларың тұрғанда сен тайсың, шұбар тайсың, - деп бір есейтпей қойды. Жасым отызға келген, бір отаудың иесі, екі баланың әкесімін, өізңіз бір есейтіп кетіңізші? - дедім. Сөзімді қалжыңмен жалғай, отырғандар ду күлісті. Өзара ағайын арасындағы біздің әңгімеміз шынымен солай еді. Белгілі ғалым, доктор Болатхан Заяданұлы, жазушы-журналист Досан Баймолдаұлы, доктор Жігер Жанәбілұлы, кәсіпкер Мерей Сламұлы қатарлы ағаларым алдымызда жүргесін шынымен де іні, бала едік.

Базынамды айтып бата сұрағандай болған менің сөзіме Жәкең ақсақал сәл жымыйып күліп қойып:

- Айналайын, өлеңің керемет, менің жерлесім екенсің ғой. Ағаларың айтса дұрыс қой, еркелеп жүрген жақсы емес пе?. Өзің де болайын деп тұрған азамат екенсің. Қазақта «бестінің беталысынан сақта» деген сөз бар, сен сұрадың, мен айтайын, онда сен бесті бол, - деді көпшілікті мейірлі жүзімен бір шолып өтіп. Ауыздарына құм құйылған ағаларым күбірлесе күлісіп, шапалақ соғып мені құттықтап жатты. Алғаным абройлы атақ, дәреже болмағанымен ағаның өзіме арнап айтқан бір ауыз жылы сөзі, ықылас батасының өзі атанға бергісіз аброй ғой, қуана бет сыйпадым. Басымдағы таз кепешім, сол күннен бастап Оразбек бауырыма киіліп, ағаларының шыбар тайына айналып шыға келді. Содан бері ағалар арасында көк дөнен болып шауып келе жатқан жайым бар.

Жәкең ақсақалмен бірге болған төрт бес сағаттық отырысымыз жылға бермес жылы жүздесу болып есте қалды. Жиналғандардың біразының әке-шешелері үлкен кісінің қызметінде болған, мейір-шапағатын көрген жандар болғасын бұл отырысымыз емен жарқын, қызу әңгіме, сырласуға толы болды. Ағамыз дастарханды ақ батамен қайырып, разылық ықыласпен сөзін қайырды. Жұбайы Зүпира апамыз да аналық ақ тілегімен алғысын айтты. Осылайша залдағы ағайын қаумалай қоршап, сыртқа беттедік. Кербез сұлудай сыланған Алматы, әсіресе жасыл орманмен көмкерілген Медеу шатқалы көркімен көз арбайды. Саялы тау бөктерінде еркімізге тиген Жәкең ақсақалмен бәріміз жабылып естелік суретке түстік. Есік алдындағы әредік жиналыста Дәулеткерей ақын үкілі домбырасын бебеулете:

Құдай ау жырым қайда таза мінсіз,

Қалайша ағам келсе қалам үнсіз?.

Оспаннан кейін елге билік құрған,

Алашқа аңыз болған Жанәбілсіз....дей келіп ағамызға арнап амандық, саулық, ақ жол тілеген жыр шумақтарын арнады.

Осылайша тамыздың тамылжыған күнінде, «арғы беттегі Алатаудың бір шыңы» болған (ақын Ауыт Мұқибекұлының Жанәбіл Сымағұлұлының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында «Дат» газеті, Абай,ақпараттық порталында жарияланған «Алатаудың бір шыңы арғы бетте» атты мақаласы жарияланған болатын), Алаштың ардақтысы, Қытайдағы жүйеден Шинжяңдағы өзге ұлттармен қоса қазақ деген қандасын «тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай» қырық бес жыл басқарған, әлі де рухани тірегі болып келе жатқан Нараттай нар, Тарбағатайдан тарлан, Алтайдай асқақ абызымызбен қимай-қимай қоштастық.......Жәкең ақсақалдың қазақ еліне, Алматыға келуі мұндағы ағайынға үлкен рухани күш, бұзылмас береке бағыштап кеткендей болды.

Сол кездесуде жарқырап арамызда отырған асыл ана, аяулы жар Зүпира апамыз осы жылы өмірден өтті. Бәріміздің қабырғамызды қайыстырған бұл ауыр қаза, халық жүгін қайыспай көтерген қара нар Жәкең ақсақалға да оңай тимегені анық. Естеліктер ескірмейді, - деп ескермей жүре бергенімізбен қарттарымыздың қатары сиреп, ағаларымыздың арасы андыздап бара жатқаны көңілге кірбең ұялатады екен. Сондықтан, өнегелі өмірінде өзгеше із қалдырып, тірісінде аңызға айналған Алаштың арда президентімен кездескен бір сәтімнің болымысын сіздермен де бөлісуді жөн көрдім.

Талапбек ТЫНЫСБЕКҰЛЫ

6alash ұсынады