«Байтал түгіл, бас қайғы» фразеологизміндегі «байтал» сөзі мүлде дұрыс емес. Бірақ, оның о бастағы нұсқасы «байдалы» да емес, – «БАЙТҰЛ».

БАЙТҰЛ – ерте замандарда шаштың о р а й тұсынан қойылған жауынгерлік шаш үлгісінің бірі; төбебұрым. Бұл атау – біріккен екі сөз: «БАЙ» және «ТҰЛ».

Алғашқысының басты мәндері: «Күннің Ата Құдайы»; «Еркек Рух». Негізгі нұсқасы – «АБАЙ». Оның сыңарлық бір түрі – «ҰМАЙ» (Күннің Ене Құдайы; ұрғашы Рух;.,) термині. «МАЙ» түрінде де сақталған. «Бастағы жалғыз төбебұрым» деген ауыспалы мағынаға да ие болған «ТҰЛ» сөзінің негізгі мәні – «жалғыз». Мысалы, «тұл жетім» (жалғыз қалған жетім), «тұл жесір» (жалғыз қалған жесір). «ТҰЛ» (төбебұрым) сөзінен «тұлым» («ТҰЛ+ым»; бала шекесінің екі жағына, шүйдесіне қойылар кіші тұл), «тұлымшақ» («ТҰЛ+ым+шақ»; кіші тұлым) атаулары өрбиді. Ал, «т ұ л д а у»  (қазаға ұшыраған Ердің мінген атын  к ү з е у)  ырымы – «Ер тұлғаның Рух ретінде ұшып кетуі»; қайтыс болуы («Бастың төбебұрымсыз қалуы») ишаратына орай атқарылар атрибуттық көне шара.

Байтұл демекші, жалпы, байырғы дана бабалар түзген дүниетаным қазынасында шаш жайында, оның қасиеті жайында және шаш қою үлгілері мен олардың философиясы хақында әлі мүлдем зерттелмеген талай-талай құпия сырлар бар. Тәңірі жар болса, біз олар жәйлі «Аңқыл» кітабында біраз баяндамақпыз. Байтұл тарихы – байтұлдары желкілдеген америндостардың Америкаға ауып барған замандарынан да ары жатыр...

Қош. Сонымен, аталмыш фразеологизмнің дұрыс нұсқасы – «БАЙТҰЛ ТҮГІЛ, БАС ҚАЙҒЫ». Мұның айтары – «Төбебұрымды сақтап қалмақ түгілі, Басты сақтап қалудың өзі қайғыға айналды» деген қамырық. Ал, ертеде, төбебұрымы (байтұлы) жау қолынан кесіліп, тірі қалған жауынгер «ит өлімге ұшыраған» деп есептелінген. Ол – Туың я жығаң мәңгіге жығылғандай бір қасірет!

Қазір біз қаралықатыншаштанғандар заманында тірлік етудеміз...

Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ

6alash ұсынады