«Әкеміз үкі! Аман бол!»

Кереку қаласында С.Торайғыров атындағы университетте қызмет етіп жүрген кезде, нақтылай айтсақ 2005 жылы, мен ректорымыз Е.Арынның ұсынысымен Ертіс өңірінің тумасы Г.Н.Потаниннің үш томдық таңдамалы еңбектерінің жинағын дайындауға жетекшілік жасадым. Ұлы ғалымның 175 жылдығын осындай бір игі шаруамен атап өтпек болдық. Бізге дейін ұлы ғалымның қазақ фольклорынан құрастырылған бір томдық еңбегі ғана болды (Казахский фольклор в собрании Г. Н. Потанина. Алма-Ата, 1972).

Бала кезінен Шоқанның досы болған, қазақ тарихы мен этнографиясын зерттеуге ерен еңбек сіңірген, Алаш азаматтарына қашанда қамқор аға болған Г.Н.Потанин атын қалай дәріптесең де тұрады. Көзі тірісінде қазақ арасында әулие атанған Г.Н.Потанин туралы айтпай кетсек болмас. Ә.Бөкейханов Г.Н.Потанин мерей тойына арналған жазбасында ғалым туралы жаза келіп: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұлын, қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Европа сонда білер еді-ау, «Қозы-Көрпеш – Баянда» Баян махаббат жолына өзін құрбан қылған. Мұны шығарған жұрт махаббатты сынай, бағалай біледі. Мұндай жұрттың қатыны келешекте ұл тауып тұр, аты бәйгеден келіп тұр. Қазақ жұрты келешекте кіммен болса да қатар отыруға ұялмайды» дейтін Григории Николаевич» деп әулиеге нағыз азаматтық бағасын береді.

«Қазақ» газетінің 1913 жылғы № 15 санында Ә.Бөкейханов Г.Н.Потанин туралы «Қазақты туғанындай жылы көреді. Бишарасың деп қазаққа қорған болады, өз ғұмырында қылған жұмысы, жүріп тұрған мінезі анық әулиенің ісіндей» дейді (Қыр баласы (Ә.Н.Бөкейханов). Г.Н.Потанин//Қазақ, 1913, № 15. ).
Г.Н.Потаниннің бірнеше томдық «Очерки Северо-Западной Монголии» еңбегінің ІІ томында «Киргизы», яғни «Қазақтар» аталатын бөлім бар. Қазақтар жайлаған аймақтың табиғатына, қысқы және жазғы қоныстарына шолу жасаған соң ғалым олардың рулық құрылымын былай атап көрсетеді: «Киргизы, обитающие в степной долине Черного Иртыша, принадлежат к роду Абак–Кирей (Абақ-Керей-Ж.А.) и Кара–Кирей (Қара-Керей-Ж.А.) первые занимают восточную часть Иртышско–Зайсанской впадины, вторые – западную. Абак–Киреи говорят, что они называются, кроме того, еще Ашимайли–Кирей (Ашамайлы-Керей-Ж.А.), не объясняя по какой причине, и что они делятся на 12 колен, которые все происходят от одного корня; древнейший отец всего Кирейского народа был Сары–Юсунь сын его Кара–бий, сын Кара–бия – Абак, сын Абака - Кирей; у последнего же было 12 сыновей, от которых и происходят колена Киреев. Имена этих двенадцати колен следующие : 1) Джантыкей, 2) Джадык, 3) Череучи, 4) Ители, 5) Кара–касс. 6) Мулку. 7) Чубар–айгыр, 8) Меркит, 9) Итенгмян, 10) Джас–табань, 11) Сарбас 12) Чий–моин» (Потанин Г.Н. Племена и поколения, населяющие Северо-Западную Монголию. Тюркское племя. Киргизы //Очерки Северо-Западной Монголии. Результаты путешествия, исполненного в 1876-1877 годах по поручению Русского географического общества. – Вып. II. Материалы этнографические. Изд. РГО. СПб., 1881. с.152-154).

Әуелі Г.Н.Потаниннің осы жазбасына аздаған тәпсір жасап көрейік. Автордың «Абак–Кирей (Абақ-Керей-Ж.А.) и Кара–Кирей (Қара-Керей-Ж.А.)» деп отырғаны қазақ генеалогиялық (ру-тайпалық) құрылымындағы екі түрлі бірліктің ішіне кіреді. Абақ-Керей аталатын он екі рудан құралатын қауымдастық жалпы Керей, ал Қара-Керей болса Найман одағының ішінде. Қазақ ру-тайпалық құрылымы саяси-мемлекеттік мүдде үшін жұмыс істейтінін біз бірнеше қайтара жаздық. Қанша жерден қазақ баласы бір атаның баласы ретінде сипатталғанымен де, қарапайым жұрт солай қабылдағанымен де шын мәнінде олардың әрқайсысы әкімшілік-территориялық бірлік қызметін атқарады. Еуразия далалық аймағында бірнеше мыңдаған жылдар бойы аласапыран оқиғалар, ұлы көшу-қонулар, жаппай босулар болған, сол кезде кеткен ел кетіп, қалған елден ру-тайпалық жүйе қайта құрылып, өз тіршілігін жалғастыра береді. Біздің пікірімізше Абақ-Керей одағы да ХVІІ- ХVІІІ ғасырларға созылған «Бастапқы ақтабан», одан кейінгі «Ақтабан шұбырынды» аяқталған соң түп-тегі Керей қауымына, не соның жақын араласқан көршілеріне баратын рулардан құралған. Мысалы Г.Н.Потанин тізіміндегі Абақ-Керей руларының тізіміне қарайық. Қарақас (мәтінде-Кара-кас) Сібір-Алтайды мекендеген ежелгі түркі халықтарының бірі. Меркіт (мәтінде -Меркит) Шыңығс заманына дейін-ақ Орталық Азияның өз бетімен өмір сүрген тайпалық қауымы. Абақ-Керейдің құрамы кейде он екі, кейде одан көп болып кетуі де, кейбір рулардың он екінің ішінен орын таба алмай дауласып жүруі де Абақ-Керей одағының ХVІІІ ғасырда, яғни ерлік дәуірінде жасақталғанын көрсетеді. Г.Н.Потанин жазатындай «Абак–Киреи говорят, что они называются, кроме того, еще Ашимайли–Кирей (Ашамайлы-Керей-Ж.А.)», Абақ-Керей адамдарының ғалым алдында өздерін Ашамайлы атауы да, олардың негізгі тобы Ашамайлыдан бертінде бөлініп шыққанына айғақ. «Төрт сарының нәсіл-жүрағаты орысқа қараймыз деп Алатау, Алтай тауларынан асып кеткен. Олар бұл күнде Қытайға қарап қалды. Мейлінше бай болған, бодамсыз керей атанады» дейді М.Ж.Көпейұлы (Копейұлы М.Ж. Шығармалары, 10 т. Павлодар, 2013, 49 б.). Ал Абақ-Керей шежіренің Сары Үйсіннен (Сары–Юсунь) басталуы одақ құрамындағы кейбір рулардың тарихтың кейбір бұрылыстарында Үйсін қауымдарына жақын болғанын көрсетеді. Шежіренің бір нұсқаларында Абақ-Керей мифтік дәуірдегі ру туғызушы тұлға Бәйдібектің Абақ деген қызынан туып еді-мыс делінеді. Қазақ саяси-әкімшілік жүйесі туысқандыққа негізделгені себепті, қазақ руларының барлығын ежелгі дәуірлерде өмір сүрген мифтік бір аталарға, немесе Алаша хан сияқты шартты тұлғаларға байлап тастау ежелгі дәстүр болып табылады.

Абақ-Керей одағының құрылу мақсатын Жоңғариядан босаған шығыс өлкені қайта игеру қажеттілігімен түсінідіреміз. Сол себепппен 1750 жылдары қазақ басшылары бас қосқан бірнеше жиында, соның ішінде 1757 жылғы Түркістан кеңесінде өте өзекті мәселелер қатарында Шығыс саясаты қарастырылған. Соның нәтижесінде қазақтың сол кездегі үлкен ханы Әбілмәмбеттің ұлы Әбілпейіз сұлтан аталықтар әулетінің, төлеңгіттердің мықты өкілдерімен, қожа-молдаларымен бірге шығысқа аттандырылған. Оны қолдауға Түркістандағы жиында Найман одағының сол кездегі ең күшті деген көш басшылары мойындарына кісе белбеулерін салып ант берген. Кейін келе Наймандармен бірге шығысқа қатар жылжыған Абақ-Керей одағы Әбілпейіздің балаларын сұлтандыққа алғаны белгілі әңгіме. Біздің айтпағымыз осы аттаныс барысында Шығыс өлкемен ерте заманнан тығыз байланысты, ата-бабаларының кіндік қаны тамған Абақ-Керей мен Найманның үлкен жауаптылық алғаны және соны абыроймен орындағаны. Осылайша Алтай мен Тарбағатайға қазақ баласы ие болды. Жетісудың оңтүстік бөлігіне Үйсін одағы рулары келіп орнықты.
Бұдан әрі Г.Н.Потанин Абақ-Керей құрамына кіретін рулардың әрқайсысына жеке тоқталады: «О четырех первых коленах – Джантыкей (Жәнтекей-Ж.А.), Джадык (Жәдік-Ж.А.), Чиреучи (Шеруші -Ж.А.) и Ители, говорят, что у них был общий отец Байляу–куйляу (Байлау-Күйлеу-Ж.А.) показание об этом последнем и перечень четырех предков Кирейского народа я записал от одного итого же человека, Чубарь–айгыра Тенгис–бая, которому обязан и сообщением многих других легенд и показаний о предках. Предок Джантыкеев (Жәнтекей-Ж.А.) назывался Самамбет (Сәмембет-Ж.А.), и было у него три жены». Бұл әңгіме шежірешілер арасында ертеден белгілі, Г.Н.Потанин де генеалогиялық деректерді Шұбарайғыр руының өкілі Теңізбайдан жазып алғанын айтып отыр. Біздің ойымызша жоғарыда аталған Байлау-Күйлеуден, яғни бір атадан тараған төрт ру Абақ-Керей одағының негізгі ұстыны есебінде таңдалған, осы ұстынға жалпы одақтың құрамында он екі ру болуы керек дәстүрлі тәртіпке сәйкес қалған руларды бекіткен.
Енді Жәнтейден тарайтын Сәмембетке келейік. Осы тұстан бастап біз қасиетіне ел таңданған Сәмембет баласы Қазыбек мырза туралы әңгімеге жақындаймыз.

Қазақтың өз әңгімесінде де, Г.Н.Потанин жазбасында да Сәмембет ел ішінде бақ қонған, өзгеден берекесі артқан құтпан бай есебінде сипатталады. Деректерде Сәмембеттің үш әйелі болған делінеді. Осы жерде тағы да Г.Н.Потанин жазбасына сүйенгенді дұрыс көріп отырмыз: «Старшая называлась Бадан; у нее было три сына – Атантай, Исембай и Исентай; у Исентая шесть сыновей – Базаркул, Чакабай, Кыстаубай, Токубай, Барка и Таттыбай; последнему будто бы дано такое имя потому, что это младший сын, следовательно – любимый (татты – сладкий по киргизски). У Атантая было шесть сыновей – Иткара, Толубай, Ак-кошкар, Ак-джигит; имена двоих Тэнгис-бай забыл. Это показание Тэнгис-бая я дополняю показанием сына бия Кобеша о нисходящей линии Базаркула: сына Базаркула звали Котурак, сына Котурака – Мамыт, сына Мамыта – Кондубай».

Г.Н.Потаниннің Котурак деп отырғаны ХVІІІ ғасырдың алғашқы жартсында ел бастаған атақты ерлердің бірі Қотырақ батыр. Абақ-Керей жауынгер одағын құрған және ХVІІІ ғасырдың 50-ші жылдары оны шығысқа бастаған батырларлдың бірі осы Қотырақ болғанын кезінде жаздық (Омари Ж. Бұқар жырау: он екі тарих. Қарағанды, 1993, 213 б.). Қазіргі күні Абақ-Керей көшін шығысқа бастады деп жүрген Ер Жәнібек тарих сахнасына Қотырақтан кейін шыққан.

Г.Н.Потаниннің мына шежіре хикаяты да Абақ-Керей шежіресімен айналысатын тарихшы-этнограф ғалымдарға қызықты деректер береді: «От второй жены у Самамбета было два сына Чуйнчалы (Сүйінішәлі-Ж.А.) и Орус; имя жены Тэнгис-бай не назвал; на вопрос, почему одному сыну дано имя Чйунчалы, а другому Орус, Тэнгис-бай, объяснил так: будто мать долго не имела детей, и первому ребенку, как носителю хорошей вести, дала имя от слова чиюнчи (сүйінші-Ж.А.), радостная весть, а второму в той мысли, чтобы потомство этого сына было также многочисленно, как русский (орус) народ. У Чиунчалы было четыре сына: Сэкэль, Кобок, Тайляк, Кангильды. Дети Оруса были Ботага и Танибек».

Г.Н.Потнин Сәмембеттің үшінші әйелінің аты «Соксур»(ескерту: сол кезде естелікке қате алынған.Сәмембеттің үшінші әйелінің аты Бадан.ал,Сұқсұр үлкен әйелі) деп жазған екен, шын мәнінде қазақша нұсқасы Сұқсұр болады. Байдың бұл әйелінен екі ұл туған- Есағасы және Қазыбек. Ғалым үлкен ұлдың атын «Исагасы» деп жазған, біздің ойымызша Есағасы мен Исағасы арасында үлкен айырмашылық жоқ.

Осылайша Сәмембет әулетін жақсылап таратқан Шұбарайғыр Теңізбай қария Григорий Николаевичке соңғы екі ұл, Сұқсырдан туған Есағасы мен Қазыбек туралы бір қызық әңгіме айтады: «Самамбет не жаловал эту жену за то, что она была не велика ростом и не рожала детей; женщина убежала наконец в степь, долго плакала там, утомилась и заснула; в это время прилетел филин уку или сары уку, сел ей на плечо и стал нашептывать утешенье; когда Соксур пробудилась, она почувствовала, что зачала, и вернулась. Вскоре она родила двух сыновей, из коих одного назвала Исагасы, а другого – Казбек; потомки последнего думают и до сих пор, что их отец был филин. И теперь, говорят, у них еще сохраняется обычай выкупать пойманных филинов и отпускать на волю. Казбек ни какой цены не пожалеет, если только увидит филина в неволе; увидя человека, мучающего животного, Казбек считает своею обязанностью подраться с ним, при чем говорит мучителю: “Зачем мучишь моего отца?” Отпуская филина на волю, Казбек идет за ним следом, и сложив ладони у лба и кланяясь, говорит: “Акебыз уку! Аман бул! Кудай берды джаксы кыл! Кудайнынг кузю куруб, джаксы булдук!5 Отец наш филин, прощай! Явясь пред очи Бога, соделай нам добро”. Поколения Казбек и Исагасы – одни из богатых, и члены их свое богатство приписывают точному соблюдению этого обычая. Мне также сообщили, что Казбеков называют еще Искиказ».

Бұл әңгімені біздің оқырманға түсінікті болу үшін жалпақ тілге салып қазақшалағанымыз дұрыс: «Сәмембет өзінің кіші әйелін бойының кішкентайлығына бола және бала таппағаны үшін жақсы көрмейді екен-мыс; содан запы болған әйел бір күні жапан далаға қашып, әбден жылап, шаршап-шалдығып ұйықтап кетеді екен; сол кезде үкі немесе сары үкі ұшып келіп, оның иығына қонып сыбырлап көңілін жұбатады; содан Сұқсұр бір кезде оянады, оянған кезде бойына бала біткенін сезеді де ауылына қайтып келеді. Көп ұзамай екі ұл туады, оның бірінің атын Есағасы, екіншісін Қазыбек деп қояды; соңғысының тұқымдары әлі күнге дейін әкеміз үкі деп ойлайды. Бүгінгі күнге дейін олардың арасында әлдеқандай себеппен қолға түсіп қалған үкіні иесінен сатып алып бостандыққа қоя беру тәртібі бар. Бір жерде адам қолына түсіп қалған үкіні көрсе Қазыбек қандай ақша сұраса да беріп босатып алады; егер бір адамдардың үкіні қинап жатқанын көрсе міндетті түрде сонымен төбелеседі, «Менің әкемді неге қинап жатырсың ?» деп жазасын береді.

Үкіні бостандыққа ұшырып жібергенде Қазыбек оның соңынан жүріңкіреп, екі алақанын маңдай тұсында қосып, тәжім етеді және «Әкеміз үкі! Аман бол! Құдай берді жақсы қыл! Құдайдың көзі көріп жақсы болдық!» деп тілек айтады. Қазыбек пен Есағасы тұқымдары осы жердегі ең аухатты адамдар, осы әулеттердің өкілдері өздеріне біткен байлықты жоғарыда баяндалған дәстүрді нақты ұстанғандықтан деп есептейді. Маған Қазыбек балаларын Ескі қаз деп атайды дегенді де айтты» (Потанин Г.Н. Избранные сочинения в трех томах. – Павлодар: НПФ “ЭКО”, Том 3. (Труды по истории, этнографии и фольклору), 2005. 60-61 бб.)).

Г.Н.Потанин жазып алған бұл қысқа әңгімеде ғажап этнографиялық деректер бар. Алдымен бұл дерек қазақ халқының ежелгі діни сенімдеріне қатысты. М.О.Әуезов «Әр жылдар ойлары» деген кітабында "Хайуанаттарға байланысты ертегілерді аңдап отырсаң, жан-жануарлар турасындағы бұлдыр көріністерді көреміз. Одан мифтік, діни түсініктерді, әр хайуанды ғажайып сиқырлы сыры бар деп таныған тотемдік түсініктерді аңғарамыз" дейді (Алматы, 1959. 217 б.). «Тотем» деген этнографиялық термин табиғи ортамен біте қайнаса өмір сүрген халықтың қадірлейтін, қорқатын аң-құстарына қатысты қолданылады. Қазақша бұл терминді «киетек» деп түсіндірсек болады. Мысалы, қазақ баласы қасқырды атын атамай оны «ит-құс» дейді, немесе жыланды «түйме», кей жағдайда «абақай» атайды, үкіні тіл -көзден сақтайтын қасиеті бар деп баланың бесігіне, келіннің шымылдығына, әншінің домбырасына ілетінін білеміз. Себебі осы қадірлеудің ар жағында қасқырды, жыланды, үкіні тағы да басқа құстарды және жануарларды өзіміздің атамыз деп қабылдайтын сенім жатыр. Сонымен бірге қазақ жеріндегі оғыздық негізі бар рулардың арасында қошқарды «қой ата» дейтін дәстүр ертеде болған. Қазыбек әулетінің үкіні әлі күнге әке деп қадірлеуінің түпкі сыры мыңдаған жылдар бойы Еуразия даласында өмір сүрген халықтардың дәстүр-салтында. Егер өз атын атаса, зиян келтіреді деп түсінген.

Г.Н.Потанин Есағасы мен Қазыбектен туған ұлдарды былайша түгендейді «У Исагасы дети были: Ак–джигит, Менгли–бай, Кэнг–джалы, Бэгень; у Казбека – Ак–Мурза, Бек–Мурза, Тауасар, Коджос, Джангабыл, Байгабыл, Назар; у Тауасара – сын Кемпыр (то есть старуха)...».

Бұдан әрі ұлы ғалымның еңбегінде Абақ-Керей атанған рулық одақтың бірталай әңгімелері суреттелген. Біздің осы жолғы мақсатымыз Абақ-Керей одағының құрылу тарихы мен үкіні қасиеттеген Қазыбек бабамызды суреттеу болды да әрі қарай бара алғанымыз жоқ.

Соңғы жылдары Сәмембетұлы Қазыбек туралы бірді-екілі деректер жарияланып жүр. Соның ішінде 2012 жылы Астанада шыққан «Путевые дневники и заметки российских людей о Казахстане ХVІІІ -середины ХІХ вв.» деген жинаққа енген орыс отрядының басшысы Волошиннің Шар-Құрбан өзенінің бойында алдымен атақты Шұбарайғыр Қожаберген батырмен, содан кейін Аралбай және Қазыбек батырлармен кездескені туралы мәліметі. Таласбек Керімбайұлының «Тауасар» деген Қытай халық республикасында 2013 жылыи шыққан кітабын ерекше айтқан дұрыс болар. Тауасар Қазыбектің ұлдарының бірі, өз заманындақазаққа белгілі адамның бірі. Осы кітапта Таласбек бауырымыз Қазыбек бабасын керемет ұста, зергер болған дейді. 1771 жылы Абылай хан Түркістанда алтын таққа отырғанда Қазыбек Сәмембетұлы осы қуанышқа арнайы алтыннан аптап, күміспен қаптап мөр-жүзік соғып, ханға арнайы тарту тартқаны айтылады.

Болашақта жас зерттеушілер Еуразия түркілерінің, соның ішінде қазақтың тарихы мен этнографиясын қашанда назарда ұстаған ұлы ғалымның еңбектерін түгендей жатар. Әсіресе, Г.Н.Потаниннің Томск университетінің кітапханасындағы жеке қорында сақталған қолжазба дүниелерін ақтарса қазаққа қатысты талай құнды дүние шығар еді-ау деп үміттенеміз.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

6alash ұсынады