Аурудан асқан жан бар ма,

Жылқыдан асқан мал бар ма?! 

Биенің сүті сары бал, 

Қымыздан асқан дәм бар ма?! 

Ақтамберді жырау  

Қымызда кездесетін заттардың бәрі адам денсаулығына пайдалы. Кез-келген сүттегі ең бағалы зат – ақуыз болса, бие сүтінде ол 1,8-2 % болады. Қымызда шамамен 1,3-2,0% май бар, бұл сиыр сүтіндегіден 2 есе кем. Қан құрауда маңызды роль атқаратын кобальт пен мыс сияқты элементтер сиыр сүтінен гөрі бие сүтінде едәуір көп: кобальт онда 1,5 есе, ал мыс 3,2 есе артық. Бір литр қымызда 1,60 мг мыс болады екен. Сондықтан да бүгінгі күні қымызды емдік әдісте, профилакторияда жиі пайдаланады. Сонымен қымыз қандай дертке дауа, емге шипа?

Тұрақты түрде қымыз ішкен адамның иммунитеті артады. Бұл өнімде В, А, Е дәрумендері, әсіресе С дәрумені өте көп. Олар адамның иммундық жүйесі мен денсаулығын нығайтып, күшейтеді.

– Буын аурулары мен сүйектің қақсауын, жүйкенің жұқаруын, бас айналуын, созылмалы сары ауру (гепатит), ұйқысыздық, ішектегі жара (гастрит) сияқты аурулардың алдын алады немесе жеңілдетеді.

– Дәрігерлер қымызды безгек ауруына және жөтелге қарсы ішуге ұсыныс жасайды. Қымызбен емделгенде қан құрамындағы гемоглобин эритроцит көбейеді. Тамырдың соғуы жиілеп, қан айналымы жылдамдайды. Қан тамыры жұмысы мен жүрек соғысы жақсарады.

–  Қымыз арақ пен сыраның зардаптарынан тазартады.

–  Жаңа босанған келіншектің сүтін молайтып, нәрлі етеді. Демек, емізулі балаға да пайдасы зор.

– Қымыздың құрамында жыныс гормондарына жақсы әсер ететін ферменттер бар. Бұл әйелдерді бедеуліктен, ерлерді белсіздіктен қорғайды.

– Қымыздың майы атерокслероз ауруына шипалы.

– Қымыздың құрамындағы май қышқылдары адам денесіндегі жасушаларды жақсартады.

– Қымыздағы кіші молекулалы пептидтер жасушалардағы нәруыз (белок) синтезін күшейтеді, ағзадан улы заттарды сыртқа айдап шығарады, ұрық безі гормондарының түзілуін дамытады.

– Тамақтың алдында немесе тамақпен бірге аз мөлшерде (50–100 мл) ішілген қымыз ас қорыту сөлдерінің бөлінуін айтарлықтай күшейтеді.

– Ағзадағы зат алмасуын реттеп отыратын асқазанның, ішектің, бауырдағы өт бөлетін ферменттердің жұмысын жақсартады.

– Қымыз құрамында ағзаға жеңіл сіңетін ақуыздар, пептидтер, аминқышқылдар болғандықтан, сусынның бұл түрі сырқат адамның күш-қуатын тез қалпына келтіреді.

– Қымыз ашығанда пайда болатын сүт қышқылы, спирт асқазан-ішек сөлін қоздырып, астың жақсы қорытылуына, ыдырау өнімдерінің сіңуіне жәрдемдеседі.

– Бие сүтінде С дәруменінің мол болуынан, қымыз туберкулез ауруын емдеуде өте шипалы. Қымыз туберкулезбен ауыратындардың ағзасындағы дәрумендер алмасуының бұзылуын тоқтатады.

– Қымыз құрамында В, В2, В12 дәрумендері бар болғандықтан, ол жүйке ауруларына да өте шипалы.

– Қымыз ішкенде адам тәбеті ашылады. Оған қымыз құрамындағы сүт қышқылы әсер етеді.

massaget.kz сайтынан алынды

6alash ұсынады