Қазақтың сүт тағамы – "Қорықтық"

Қорықтық – қазақ ұлтының қойшылары кең өрісті сахарада қойды өрістетіп, ұзап шыққан кезде істеп ішетін ас. Мал десе ішкен асын жерге қоятын шопандар «малды қыс баққанша жаз бақ» деген мақалды естеріне мықты сақтап, орайлы мезгілді мықты игеріп, жазда қойды сонылатып жайып, еркін қайыруды жөн санап, қыс қырынан аман өту үшін, бағымдағы қойды шелдендіруді көздеп, күн қысқара бастаған Тамыз, Қыркүйек айларында қойды түсте қораға әкелмей, таңертең кеткеннен ымырт үйіріле қораға бір-ақ әкеледі. Міне осы кезде қойшылар азық алмай, тек қана саптаяғын қанжығасына байлап шығады да, түс болғанда қоралас жүрген қойшыларымен сәйкесіп, бірнеше қойды сауып алып, өрістен отын жиып, отты мол ғып жағып, қожыр-бұжыры жоқ майда, домалақ тастардан бес-алты тасты таңдап алып, оттың ішіне тастап, әбден тас қызған кезде саптаяқтағы сүттің ішіне бірден кезек тастап отырады, осы кезде саптаяқтағы сүт борылдап қайнап, әбден пысады. Міне мұны қорықтық деп атайды. Қорықтық өте дәмді, қоректігі күшті, жұғымды, төтенше қойю болады. Қорықтық ішкен қойшының қарыны ашпайды, мәйекті болады. Денсаулыққа пайдалы болатындықтан, үлкендер «қойдың сүті қорғасын» деп атаған. Қорықтықтың дәмі тәттілігіне қызығып басқа түліктің бақташылары, қойшылардың түтінін аңдып, қорықтыққа ортақтасады. Қорықтық ішіп, көтен жеген, құйрық асаған қойшылардың мәйегі тоқпақтай, денесі шымыр, суыққа төзімді, аштыққа шыдамды келеді. Ағаш саптаяққа ас пысырып ішу қазақ қойшыларының ақыл-парасатының жауһары, таптырмайтын жасампаздық, ұлтымыздың сүт тағамдар мәдениетінің бір түрі. Қорықтық өз уағында болмаса, іздесе табылмайтын түз тағамы.

«Қой мекеден шыққан кен емес пе,

Қорықтық әлсіздікке ем емес пе.

Қойдың еті тамақ, сорпасы бал,

Баққаның бір жан үшін жөн емес пе» дегіміз келеді. Сол үшін қазіргі заман жас шопандарымыздың ата дәстүріміздің қалыбын бұзбай, ұлт мәдениетінің қызығын асырып, думанын маздатып, жасампаздыққа жаршы болып, ата дәстүрін жалықпай жалғастыру – бұлтартпас борышы болып табылады. Ұлт мәдениеті ұрпаққа алмасатындығына, ұлт дәстүрі үзілмей ұрпақпен жалғасатындығына сенеміз.

Қожахмет ҚАСЫМҰЛЫ

6alash ұсынады