Сәкен Ақтаев қымыз өндіру, тарату кәсібін меңгергенге дейін «ҚазМұнайГаз» компаниясында кеңсе қызметкері болған. Мамандығы – заңгер. Одан бөлек, тамақ өнеркәсібінің инженер-технологы деген дипломы бар. Жас кезінде Алматыдағы әл-Фараби мейрамханасын басқарған. Ал қымызбен айналысуына жағдай себепші болған.

Айтуына қарағанда, екі-үш жыл бұрын қатты науқастанып, қаралмаған жері қалмай қиналады. Алматыда, Астанада, Шымкентте де дәрігерден дәрігер қоймай неше түрлі ем алғанмен, нәтижесі болмайды, ішкен дәрі-дәрмекті ағзасы қабылдамауға айналғанда, туған жерінде екі ай үзбей қымыз ішіп беті бері қарайды. Сөйтіп, дертінің беті қайтып, аяғынан тік тұрып кетеді, арада уақыт өткенде осы Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы Максимовка ауылында тұратын жолдас жігіт екеуі бірігіп қымыз өндіріп, оны сатуға шығаруды ұйғарады. Келіншегі Жанар Төтенше жағдайлар комитетінде қаржыгер болған, бірақ қазір күйеуінің кәсібіне көмектесуде. Айтуынша, Максимовкада жайылыс жақсы, бие күніге бес мезгіл сауылады. «Бастапқыда бір-екі литр қымыз сатқанның өзі қуаныш болатын. Қымыз сатқаннан қатты пайда түспейді, бірақ өз басымнан өткен соң адамдарға, оның ішінде ауыр науқасқа шалдыққандарға жақсы қымыздың шипасы болсын дейміз. Қазір клиенттер өте көбейіп кетті, сол себептен осы «Сельмаг Аршалы» дүкенін аштық. Тек Максимовканың қымызы жетпейтіндіктен, Жамбыл, Шымкент, Семей, Павлодардан, осы қала маңынан да қымыз алдырамыз. Өйткені қымызға сұраныс өте жоғары. Күніге жоқ дегенде онкологияға шалдыққан екі адаммен кездесуге тура келеді. Сонда қараңыз, күніге екі адамға дұрыс кеңес берсем, жақсы қымыз ұсынсам, жылына 720 адамға көмегім тиюі мүмкін. Мысалы, саумалдың өз қасиеті, ашып үлгермеген қымыздың өз әсері, ашыған қымыздың өз ерекшелігі бар. Сондықтан шипа іздеген адам саумал ішкен соң аз-маз демалып, артынша қымызға көшсе нәтиже болады. Осы күні биені жайылысқа жібермей бір жерде бағатындар да бар, бірақ жайылып келген жылқының қымызы дәру, оған ештеңе жетпейді. Өзім жаздыгүні жылқылардың жайылысын көріп, қымыз өндірушілерді аралап келем, Қырғызстанға барып, қымыз ашытудың әдісін меңгердім, енді соны өзгелерге үйреткім келеді. Қымызды ашыту ерекше бапты қажет етеді. Күбіні бізде Көкшетауда дайындайды, жуып, кептіріп, қаймақ жағады, төңкеріп тобылғы түтінімен, ал оңтүстікте тотияйын деген шөптің түтінімен ыстайды. Бұдан соң жылқының сүтін және ашытқы құяды, мысалы, кешке құйса, таңертең саумал болады, одан кейін тағы тұрғызса болады, бірақ оның қышқылдылығы жоғарылайды, егер ұзақ сапырып жіберсе қышқылы кетеді, қазір бұрындағыдай сағаттап күбі пісіп тұрмайды, арнайы мотор арқылы пісе береді» деп өз кәсібінен біраз мағлұмат берді.

Сәкен Сейфоллаұлының таңғалатыны – сырқатына дауа іздеп, қымыздан шипа тапқысы келетіндерге дәрігерлер көбіне қымыз ішіңіз дейді екен. Яғни клиенттер оған дәрігердің айтуымен келеді. «Бірақ бұл кеңесті ауыр дерттің ең соңғы стадиясына келгенде айтатын көрінеді. Қымыз ішіңіз дегенді сол бастапқыда науқас алдына келген кезде неге айтпайды екен деп жиі ойланам. Дұрысына келгенде қымыз иммунитетті 200 пайызға көтереді, сондықтан бүкіл әлемді дүрліктіріп жатқан коронавирусқа қарсы шараның бірі осы қымыз дер едім» дейді ол.
Кәсіпкер Сәкен Ақтаев қымыздың қасиеті туралы сағаттап айтуға бар. Қымыздан қалай микс дайындауға болатынын да біледі. Әр үйде миксер бар, 200-300 грамм қымыз ішетін болса миксерге құйып, қышқылын мүлдем шығарып, оған бал қосса да болады. Оның айтуынша, таза қымызды айыру оңай емес, оны қымызды көбірек ішкен адам біледі. Кейде күріштің суын қосып сататындар да кездеседі. Ондай қымыз «Тан» деген сусынға ұқсап тұрады. «Маған Павлодар, Көкшетау, Ақтөбенің Сарыжал деген жерінің қымызы ұнайды. Ауырған адамға 2-3 түрлі дәрі іше бергенше 2-3 түрлі қымыз ішуге кеңес берем. Әр өңірдің шөбінің дәруі болады. Оның үстіне қымызды консервілеу­дің де өз әдісі бар. Ол – бөлек әңгіме. Сондай-ақ қымыз ішудің де ережелері жетерлік, мысалы, қымыздан кейін су ішуге болмайды. Қазір еттен кейін кола ішіп, сіңіруге жақсы деп жатады, ол жерде кола асқазанды сәл кеңейтеді де, асқазан сәл төмен түсіп, жеңілдік бергендей болады. Ал шындап келгенде, ол деген – түк пайдасы жоқ қант пен су. Ал еттен кейін қымыз ішкеннің пайдасын аталарымыз білген, қымыз ішсе зат алмасу процесі қатты жүріп, адамның санасын да сауықтырады. Арықтағысы келген қыздар қымызды тамақтың алдында ішуі керек, сонда тоғаяды әрі қымыздың қуаты да ұзаққа жетеді. Ал толысып, ет алу үшін қымызды тамақтан кейін ішеді. Екі жағдайда да адамның өңі ағарады екен.
Төрт баланың әкесі, бес немеренің атасы, 46 жастағы кәсіпкер тамақ өнеркәсібіне қатысты идеясы жетерлік, осы идеяларын жүзеге асыру үшін қалалық әкімдікке ұсыныс әзірлеуде. «Қазақтың ұлттық тағамы – өте табиғи, денсаулыққа пайдалы, осыны кәсіп еткен адамға да пайда әкелетін бизнес. Мұны басқа ұлттар да біліп алған, «сіздің қымызыңыз ерекше дәмді» деп келетін өзге ұлыстар көбейіп келеді. Қазір жастар, балалар едел-жедел дайындалатын, құрамы күмәнді «KFS», «бургерге» құмар, бұлай жалғаса берсе уақыт өткенде дәріханалардан дүкеннен арбамен тамақ алғандай көп қылып дәрі-дәрмек сатып алатын жағдайға жетеміз. Бізге өз ұлттық тағамымыз дастарқанымызда тұру үшін маркетингті де меңгеру керек, мысалы, бізде өндірушілер жетеді, бірақ бәрі бірдей сата алмайды. Таза сүзбеден, майдың суын қосып жасаған дәмді құрт жасай алса да, сатуды меңгермеген. Ұлттық сусынға, тағамға жарнама көбірек болуы керек» деп түйіндеді сөзін кәсіпкер.