Қазақ халқының тарихи мұраларының бірі, төл өнері, соның ішінде байырғы домбыра, қобызбен қатар тұратын таңдаулы музыкалық аспаптарының бірі сыбызғы. Домбыра бүгінге дейін кең көлемде таралып, жалғасып келеді. Ал қобызшы, сыбызғышылардың бүгінге тым сирек жеткендігі оның игерілуі күрделі болғандығына байланысты болса керек. Мен сыбызғымен ұзақ жылдар бойы етене сырлас, мұңдас болдым. Игерумен ғана шектелмей дәулескер күйшілерден сан ондаған күйлер үйрендім. Онымен қоймай сыбызғының алғаш дүниеге келгені туралы және әрбір күйдің шығуы туралы аңыз, әңгімелерді құлақ құрышын қандыра тыңдаумен, естіген, білгенімді халқыма насихаттаумен келемін.

Небір дүлдүл күйші-сыбызғышылар бұл дүниеден өтті. Олар асыл мұраларын келер ұрпаққа жеткізуді біздерге аманат етті. Ол аманаттты орындау біз үшін үлкен парыз. Сондықтан халқымыздың алдыңғы легінен алып қалған сол асылдарды халқымның өзіне қайтару мақсатымен сыбызғы туралы білгенімді ықшамдап жазып сіздерге мінеки, ұсынып отырмын.


«Мың өліп, мың тірілген» қазақтың ғасырлар бойы тартпаған азабы бар ма еді, сыбызғының мұңлы дауысы, зарлы үні үшін де осы аспаппен халқымыз мұңдас болған секілденеді. Көнекөз көптеген күйшілерден естігенімде сыбызғының алғаш туындаған тарихы былай екен: Әлділер әлсізді басынған зар заманда, ерте-ертеде бір қарау бай болыпты. Сол қарау бай иелі болса күнін жоқтайды деп қаптаған қалың малын панасыз екі жетім балаға бақтырыпты.

Екі баланы елсіз, шөбі шүйгін, суы мол бір иен тауға алып барып малымен тастап, өзі сыртынан бақылап жүреді екен. Екі бала малдан көз жазса байдың заһары қатты, күндіз жалаңаяқ, жалаңаш қалың қойдың екі шетінде тыздақтаса, түнде боран мен бөріден қорқып кірпік ілмей күзетеді. Бір тоқтысының таңын қасқыр тартып кетсе де байдан таяқ жейтін бейбақтар амалсыздан осылайша бейнет шегіп жүре беріпті. Екеуі есейіңкірей келе кішірегі күндіз қой жаяды екен де, ересектеуі лашығын жөндеп, отын-суын дайындап, тамақ істеп, екеуінің киім-кешегін жамап-жасқап, түнде қой күзетеді. Күндерде бір күні кіші детім қойын шалқар төске беттете қаптатып тастың үстіне отыра кетеді. Отырғанда не істейді, тағдыр тәлкегімен дүниеден аттанып кеткен әкесі мен шешесін сағынады, өз үйі-өлең төсегі, бұл күнде орнасы қалмаған қара күркесін сағынып сәби көкірегін шер кернейді. Оның сырласы жел ғана. Осылайша ойға шомып отырғанда ызылдаған бөтен бір дауыс естіледі. Дауыс қырат жақтан шыққанын аңғарады. Құстың я аңның дауысына ұқсамайды, ұры-қары бірдеңе болар деп зыр жүгіре қойдың шетін қайырып, басқа жаққа бұрып кетеді. Бір емес-ау бірнеше күн бұл маңға малын жуытпаса да және бірде әлгі жайылымға қайта алып келіп құлақ салса ызылдаған дауыс тағы да әнге басады. Қасқырдың, ұрының дыбысы әнтек емес. Мықтаса қарау байдың қатты таяғындай шығар тәуекел, не болса да әуселесін көрейін деп бала тыңдай-тыңдай әлгі дауыстың «иесіне» қарай бірте-бірте жақындайды. Ызылдақты сонда ғана көреді. Ол не екен дейсіз бе? Иә ол аң мен құс та, ұры қарақшы да емес, басындағы бүрі мен жапырағын мал жеп кеткен сары қурай болып шыға келеді. Бала таң қалады, жаны бар ма, жоқ. Аузы, мұрыны бар ма, жоқ. Дегенмен жел қаттырақ ескенде дауысы қаттырақ шығады, жел басылыңқырағанда бәсеңдейді. Бірақ адамның еңірегеніндей, өксігеніндей аянышты үн шығарады екен. Дауысты тыңдай отырып жетімнің шері қозғалып, ере жылап өзі де еңіреп алады. Мына қурай жансыз болса да балаға үн қосып екеуі қатарласа аңырайды. Жападан жалғыз қой жайғанда ермек ғана емес-ау, өзіне мұңдас серік тапқанына қуанады байғұс бала. Осыдан былай іші қуыс, басы шолтиған сары қурайдың қасына күнде келіп ән қоса мұңдасуды әдетке айналдырады. «Домбыра-шаттыққа, сыбызғы-мұңлыққа» деп кариялар бекер айтпаған ғой. Бірақ қураған қурай түгіл тау екеш заңғар таудың өзі мүжіліп тозбас па, әлгі әндеткіш сары қурайды бір күні мал сындырып, жегенін жеп, ұзындау бір бөлігін орнына тастап кеткенін көрген бала қатты өкінеді. Жан жолдасынан айырылып жапа шеккендей қапалана отырып сынған қурайды қолына алса қурай тағы да ызылдаған секілденеді. Сөйтсе бұл қурай өсіп орнында тұрмаса да қуыс жағы желдің өтіне қарағанда үн шығаратынын енді біледі. Қолға алып, кейде белге қыстыра жүріп, желге үрлетіп дыбысын тыңдаумен болады. Сөйте келе үп деген жел жоқ тымық күндерде ерінге төсеп адам үрлесе де дыбыс шығарады екен, бала қатты қуанады. Тіпті ауызбен үрлеп нендейбір ойды осы дыбыспен жеткізуге болады екен. Бала қауып-қауып, аузын желге толтыра қатты-қатты үрлегенде тіптен керемет дыбыстарды неше түрлі нақышпен шығарады. Қырық құбылған сол мұңлы дауысқа елтіп, онымен үн қоса өзі де еңіреп есі кеткен бала байғұс сол күні күннің батып, түннің болғанын да аңғармай қалыпты. Әйтеуір өз еркімен қосқа беталған қойының соңынан еңірете жүріп ере беріпті, ере беріпті. Ал қоста қалған ересектеу жетім бұл неге түнге қалды, қойына қасқыр шапты ма, ұры тиді ме деп алаңдап іздеп шығып, тастай қараңғы түнде таба алмай қаңғып жүріп сызылтып шыққан бір дыбыс құлағына шалынып, сол дыбыспен жетсе, қойы дін аман, қой соңында әлденесін сызылта еңіретіп серігі келе жатқан екен дейді. Сонымен бұл аспапты бастабында «сызылғы» деп атаған екен. Талай заман өткенде біздің қазақ түндікті «түңілік» деп сөз ләміне қарай сәл бұрып атайтыны секілді сызылғыны «сыбызғы» атандырған. Сыбызғының күйін тыңдай отырып бастан кешкен қасіреттерін еске алып егілетін бұрынғы ақсақалдар. Сонымен қоса олар сыбызғыны қой жайған қойшыдан туған өнер дейтіні осы аңызға дөп келмес пе. Осы аңыздың өзі халқымыз ауыз әдебиетінің бір бөлшегі екендігі де айдан анық...

***

Біздің қазақ ежелден сауықшыл, әнші, күйші халық. Өзінің көңілін көтеретін, жан ләззатын алатын рухани азығын өзі тапқырлықпен қолдан жасап алып отырған. Көне ескерткіштердің қазба деректеріне қарағанда домбыра, сазсырнай, жетіген, сыбызғы тәрізді музыка аспаптары біздің арғы аталарымыздың қолынан туындап, басқа жұрттарға таралған. Ол аспаптар нәсілімізге, салт-санамызға ұқсас бейнеленген әрі жанға жайлы, жарасымды келеді. Сыбызғы әуені қазақ баласының жүрек қылын шертеді, оның күйлері қай-қайдағыңды есіңе түсіріп, тарихи қиын кешулерден шежіре шертеді. Жоқтау жыры айтылғанда жұбату айта отырсақ та, «Жарайды, аз жылап та алсын, шері тарқайды» демес пе едік, сыбызғы күйі де адамға сондай әсер етеді. Сол ерекшелігі үшін халқымыз домбырашы, сыбызғышыларын бек қадірлейді. Әр заманның өзіне тән ұнамды әуені бар. Бүгінгі әр ұлттың саз әуендері өз-өзіне жақса да қазақтың бірталайына даңғаза, дарылдақ болып сезілері анық. Ал нар идіретін, қуғынға кеткен жылқыны қайтаратын қобыз, сыбызғы үндері қай қазақтың жанын баурамасқа. Сондай сиқырлықты игерген нелер дүлдүл күйшілер болыпты. Бұрынғының соңы, бүгінгінің басы ретінде сирек болса да солардың соңғы тұяғын біз де көрдік.

Бізден бұрынырақ өткен шеруші биі Ақтайұлы Жылқышының әділ билігі, балуандығы Абақ Керейге мәлім, ал ол кісінің сыбызғышылығын біреу білсе, біреу білмейді екен. Жылқышыдан Сүкірбай, Сүкірбайдан Дөрбетхан би мен Дәлелхан генерал, Дәлелханнан қоғам қайраткері Бәтіхан, бұларды бұрынғылар «қаракөктің тұқымы» дер еді. Жықаң туралы аңыз көп. Солардың бірер жарымын ғана айтайын:

Менің естуімше Жылқышы Қазақ даласында туылып, ес білген тұсында Алтайдың күн беті Қобдаға өтіп, ағалық жасында елін бастап теріскей бетіне қоныстаныпты. Сол кісінің жастау кезінде Ресей жерінде үлкен сияз болып, көршілік дәстүрмен Іле мен Тарбағатайдан, біздің Алтай елінен де би, төре, бай, манаптарды шақырыпты. Сияз соңы тойға ұласатындықтан олар жүйрік аттарын, балуан жігіттерін де ала барады. Сьез аяқталған соң аламан бәйгені айдап, балуандарын шығарады. Сонда Ресей жағынан бір қара дәу шығып келеді: Лыпасы ғана бар тырдай жалаңаш, тұлабойына зығырдың майын жағып, қара топырақпен сылаған, шынжырмен ноқталап төрт адам жетелеген, аузына қызыл бояу езіп ұрттатып, езуінен қанды көбік бұрқыраған, жараған бурадай шабынады. Іле, Алтай, Тарбағатайдан арнайы келген балуандар оны көргенде шошып кетеді, күресуден тұпа-тура бас тартады. Ал балуандықпен аты шыға қоймаған, атшы болып ғана еріп барған жас жігіт Жылқышы сонда екі білегін түріп ақсақалдардың алдына шығып: «Бір де біреуіміз шыға алмау деген намыс қой, жығылсам жер көтерер, мен шығайын, баталарыңызды беріңіздер!» дейді. Бірақ ел ағалары: «Қой, шырағым, күреспеген намыс емес. Анау хайуан сенің етіңді жұлып жеп, сүйегіңді бүркіп жібереді, анық намыс сол» деп ұйғармаған екен. Алайда қара нөпір халық: «Қалай болғанменде жастың талабын қайтармайық, шық, белдес, күш атасын тани ма!» деген соң жас Жықаң майданға шығады. Ноқта-жүгенін сыпырып орыс жағы қара дәуін қоябереді. Жықаң қарап тұрып қалмайды, шапшаң шалт қимылдап бір иықтан қағып қалып жалт беріп өте шығады. Ерепайсыз денелі қара дәу қолбаңдап қайта бұрылғанша ашадан алып жерге бір-ақ ұрады да қазантолмастан жалғыз нұқып кері бұрылады. Дәудің аузынан қанды көбік лақ етеді. Дегенмен Жықаң қайтар жолда жүдей бастайды. Сөйтсе қара дәудің бармағы қалың етке кіріп кеткен екен, бір саны қарая қалыпты. Жарақаттың уытын қайтаратын дәрі жоқ, жолаушылар әр аттың ащы тері сіңген ішпегін кезек-кезек орағанда ісік қайтады. Бірақ бір саны солып қалыпты деген әңгімені әкемнің аузынан естіген едім. Атақты күйші төлек Үрім Құжайұлы және ақын, шешен  ұзынмылтық Аманбай ақсақал 1969 жылы жазда 89 жасында маған сыбызғы тартқызып отырып айтып берген. Кәрі сыбызғышылар Жықаңды әскере күйші деп пір тұтқан. Көп күй тартыпты. Амал не жазып алар аспап болмаған. Ол кісі Қобдаға 1850 жылдарда ауып кетіпті.

Жықаң Алтайдағы он екі өзенді он екі күй ғып сыбызғыда тартқан екен: Ертістің тоқыны, Аққабаның толқыны, Бұқтың өзені-міне осы үшеуі біздің қолымызда осы үш өзеннің ғана күйі бар. «Жылқышының қоңыр күйі»: Жықаң ел ағаларын жинап, үлкен бір жұмысты ақылдасып бітіру үшін қоңырлата ұзақ тартып барып сөз бастайды екен. Мысалы сазгер би Бежең домбырада «Кеңес күйі» деп шертіп кеңес бастайды екен. Жықаңның бізге жеткен бір күйі «Әттең Сарыбел»: Жылқышы бастаған заманда ұры-қары көп болыпты. Олар жылқыны үйір-үйірімен айдап кетеді екен. Сондығынан Жықаң жылқысын қораға иіріп, атын ерттеп белдеуге байлап, сыбызғы тартып отырады. Сыбызғы дауысына ұйыған жылқы қораны айнала мүлгіп тұрады. Жықаң бірде қалғып кетеді. Төрт ұры белдеудегі атының шылбырын қиып жіберіп жылқыны қуа жөнелгенде Жықаң ояна келіп сыртқа шықса тағалы тай қалдырмай түгел айдап, анау сары белден асырып барады екен. Жықаң бір арқанды шумақтап білегіне іле салып, сыбызғысын алып жаяу ақсаңдап жүгіреді. «Әттең сары бел, осы сары белге жетсем!» деп сары белге де шығып сыбызғыны тартқанда сыбызғы дауысын естіген жылқы төрт ұрыға бой бермей бытырай, бұрыла қашады да Жықаңа келіп иіріле тоқырап қалады. Сонда ұрылардың біреуі кәртең адам: «Әй жігіттер, мынау бекер адам емес екен, мен барып білейін» деп жетіп барса сыбызғысын сызылтып тартып бір адам отыр, жылқысы оны айнала үйіріліп қалған. Бұл қасиетті адам екен деп сәлем беріп, оу сіз кімсіз? деп сұрайды. Жықаң атын айтады. Атақты балуан би екенін ұғып, жаздық, жаңылдық деп аяғына жығылып кешірім сұрап, арттағы серіктерін шақырып, ұстап алған жылқыларын босатып, Жықаңды қолтықтап атына қондырады. Бұл Жықаңның да қасиеттілігі, қарыстай қара сыбызғының да киесі болар. «Әттең Сарыбел» күйі осылай туыпты. Жықаңның бір күйі «Қайран Бәтекен», «Зар жалған» деп те аталады: «Жасанған күні дос келмес, жарақты күні жау келмес»,  «Қызылаяқ» деген жау тигені осылай болған. Елу адам тосыннан жетіп келіп, ауылдың желідегі құлындарының ноқтасын қиып, жеті-сегіз жүз жылқыны айдай жөнеледі. Жау тигені туралы Жылқышыға хабар жеткенше ел қорғаны ержүрек Бәтекен батыр ақ сойылын алып ақбозына мініп жаудың артынан қуып жетіп, елудің жиырма шақтысын жалғыз өзі сойылмен баудай түсіреді. Жықаңа сонда ғана хабар жетіп, отыздай қол жиып жетсе, Бәтекен батыр «Жекпе-жек, жекпе-жек!» деп арыстандай ақырып ат ойнатып жүр екен. Батырға жекпе-жекке шығуға бата алмаса да Жықаңмен келген отыз адамды көрген жау жылқыны тастай салып Бәтекеңе үймелеп келіп ұрып-соғып безіп береді. Жықаңдар батырға жетсе, сойылын жерге тірей тікесінен тік тұрып көз жұмған екен. Қабырғасы қақырай қайғырған Жықаң «Бұл жалғанның алды қызық, арты зар» дей отырып, сыбызғысын алып осы күйді шығарған екен. Енді бір күйі «Жылып өткен дүние».  Жықаң қартайып, ұзап шыға алмайтын болған кезінде өзі құралыптастар, өзгелер де келіп сәлем беріп, ауылынан ат, үйінен қонақ үзілмепті. Бірде бір күйді қонақтар ортасында тым ұзақ тартыпты. «Бұрын естімедік, мынауыңыз немене деген күй?» деген сауалға жауап қатпай-ақ салалы саусақтарымен басын сипай күңіренте басып, басып жіберіп қалт тоқтап:«Жылып өткен дүние-ай!..» деп терең күрсінген екен. Күйді зердесіне құйып алған зерек шәкірттері ол күйді осылай атап, бізге жеткізген екен. Жықаң төрт тесікті сыбызғы тартады екен. Біз де сол дәстүрді жалғастырып келеміз.

Құсман Мақмырзаұлы Яхия тегі.

ҚХР. ШУАР. Үрімжі, Еренқабырға жайлауы. 2016ж

6alash ұсынады