Дәриға, о, дариға...

Тұлбадағы Құбакөлдің батар күнмен шағылысқан толқындарында ыршып-шоршып ақшабақ ойнайды. Одан ары көгілдірін ертіп, аққулар жүзіп барады. Бұл елдің ең үлкен байлығы - табиғатты туысқан күйінде бүтін сақтағандығы дер едім. Орынсыз ашылған кен, саяхат орындары атымен жоқ. Табиғатты бүлдіріп байығаннан, бүлдірмей қалпынша сақтау одан өткен байлық екен-ау дейсің!

Қобда өзенінің айдын жасап, аялдап ағар осынау тұсына кереге жайған Тұлба ауданындағы туыстарға есендіктен кейін, Делуін ауданына аттандық. Мың сан шөбінің қымыран исі бұрқырған құйқалы далаға көз мейірі қанар емес!

Делуін Баян-Өлгейдегі тарихы ұзақ, үлкен аудандардың бірі. Дәл, осында ғұлама Ақыттың жиырма жылдық өмірі өткен. Медіресе, мектеп ашып, халықты білім кәусарынан сусындатқан. Ақыт мектебіне барып, бабаның көзіндей көне тамға бас идік. Осы орынның жауапты қызметкері Кагыбатдола мырзаның айтуынша, 1995 жылы осында Ақыттың 125 жылын өткізіп ас берген екен. Сол кезде еккен бір түп бозтал ну орманға айналғанын көріп таңдай қақтық. Аста көтерілген қазан ошақ әлі сол қалпы тұр.

Әр төбесі аңызбен ертегі, топырағы тарихқа толы Моңғолия елінде қазаққа қатысты айтар әңгіме де аз емес. Бұл өлкеде Жылқышы, Көбеш, Қожамжар сияқты батыр бағыландардың ізі жатыр. Солардың бірі Алтай-Қобда арасына аңыз болған Дәриға қара Оспанқызы еді.

"Көкжалдың қызы Дәриға,
Жалын боп келдім пәниға.
Қайратым әкем өзіндей,
Адамдық жолдан арима!"- деп келетін көрісін көп адам жатқа да біледі.
Үзеңгі бауы сегізқабат, азулы билер қара Оспан мен Сүкірбайдың құда болуы, Мардан мен Дәриғаның бас құрауы Қабдеш Жанәбілұлының "Дәриға" романы мен Байтен Ахметбайұлының "Қияға ұшқан қыран" романдарында кеңірек айтылған. Алайда, Дәриғаның соңғы тағдыры туралы толық мәлімет жоқ.

Сапар сәтінде Дәриғадай текті ананың іздеріне үңіле жүрдім. Бір елдің текті келіні атанған Дәриғаның соңғы өмірі Ұланбатыр маңында өтіп, сонда қайтыс болған.

Аңыз ана Дәриғаның жатқан жері

Қолыма қалам ұстағаннан бері елімнің елеулі тұлғалары хақында көп жаздым. Әсіресе, Бейсенбі, қара Оспан, Дәриға сынды тұлғаларға таңданудан гөрі, тануға көбірек мойын бұрдым. Солардың бірі осы "Дәриға" атты лирикалық дастан болатын. Қысқартып ұсына кетуді жөн көрдім ағайын!

Дәриға, о, дәриға сезім сөзі,
Елжіре, жасыңды төк көңіл көзі.
Үштастың биігіне шыққанымда,
Бір бейне елестеді-ау, кезіндегі.
Айнадай мөлдіреген ару Қанас,
Дәриға өзің бе еді, көзің бе еді?!

Дәриға, өзің бе еді, көзің бе еді?!
Тербетті-ау, бір ғажайып сезім мені.
Маралы күнгейтінің түсіме еніп,
Жанарым талай таңдар көз ілмеді! 
Қара Ошың қара таудан күнсап қарап,
Бежеңнің домбырасы безілдеді!

Ар-намыс, ақ махаббат ізгі арманы,
Ұларлы ұлантаудың қызғалдағы.
Аңыз боп айтылуда алты арысқа,
Осы елде Дәриғадай қыз болғаны.
Тұрма екен жанарыңда Дәриға қыз,
Болбадай, Емегейті құз-жондары?!

Дәриға, о, дәриға, Дариғашым,
Қазақтың әр қызына ар-ибасың.
Бұл күнде Дәриға жоқ, бар болсада,
Жігіттер Дәриғасын, тани ма шын?!
Дәриға қайта туса шүйіншіге,
Берер ем туған жердің табиғатын! 

Қызы еді қара Оспанның, о, Дәриға,
Анасы инабатты Рабиға.
Ақылына көркі сай, ер мінезді,
Бар еді бойында өрлік, әдеп-иба.
Жақсының аты өлмейді десек тағы,
Жақсысыз ел мен жерде құлазиды ә?!

Ертіс боп жаралғалы не көрмедім,
Алтайға аян, қуарып-көгергенім.
Елімнің ерлігі үшін ақ өркештеп,
Бөгелсем, сұлулық деп бөгелгемін.
Дүние-ау, бал-бұл жанған дидарыңа,
Бір тал шашын әриға теңерме едім!?

Жоғалмай құба дала, құба құмға,
Сан таудың ертіп ақтым бұлағын да.
Ажары Дәриғаның тұр көзімде,
Ғашық қып бір ағынды, бір ағынға!
Басынан Баян-Өлгей сыңсып айтқан,
Көрісі күні бүгін құлағымда!

Арлы Алтай, кешкен күнің аян маған,
Арпалыс, оқтан да, оттан аянбаған.
Ақ өркеш ағысымның әнұраны -
Айтулы «Ағажайдай» аяңдағы ән! 
Төсіңде Дәриға атты бір қыз туып,
Ұмытып ағысымды, аялдағам! 

Дәриға десе, шіркін дәриға еді,
Тұрысы, жүрісінің бәрі иба еді.
Ақ шортан көңіліммен сүйгем оны,
Секілді ед айдынымның ақ үйрегі.
Ал, бүгін Дәриға жоқ, қу сүлдерім,
Баянсыз пәни десе, пәни ме еді?!

Байлық ізде, алтынды, асылды аңса,
Бәрі-бәрі құмарың басылғанша.
Дәриға-ау, жат жұрттық боп кеткеніңде,
Аққанын білесің бе, жасым қанша?!
Балалығың шығар деп қуанамын,
Жүрегімде Аққайран асыр салса! 

Иә, өзіңдей «Қыз өссе-елдің көркі»,
Құс ғана емес, қоғада көлдің көркі.
Қыздары арлы, қылықты болмағанда -
Қайғысы қалыңдайды елдің дерті.
Аруларда ақылсыз боп барады,
Арқауын босатқасын ердің серті!

Ширықса, шабыттанса ақын Қобда,
Толқында, төз тағы да, тасым бол да.
Дәриға алтын жүзік секілді еді-ау,
Жарасқан көрік беріп асыл қолға.
Ей, Бұлғын жылай аққан жар құлатып,
Сен менің сағынышты жасым болма?!

Ей, Бұлғын аялдашы ағыны-дүр,
Осы елдің тағдырыңмен тамыры бір.
Бір хабар жеткізерсің арда Алтайға,
Сағынып туысқанын аға-іні жүр.

Ой тастап өткен-кеткен жолаушыға,
Қойтаста Жылқышының қабыры тұр.
Шек жоқ еді-ау, Дариға ерлігінде,
Жоқшы болған ері мен елдігіне.
Ақылды да, айлалы ақын тағы,
Көріспен қол жеткізген теңдігіне.
Жүйеге қайны атасын жыққан дейді,
Бетке айтып жамандығын, кемдігін де!

Қарға билеп, айтқасын қыранға ақыл,
Қағынан безіп кетті құлан да ақыр.
Қара жартас қайталап сол көрісті,
Қайтейін қара таулар жылап жатыр.
Дәриғадай бір келін түсірген жоқ,
Талай той жасағанмен Ұланбатыр!

Уа ғасыр, ертегім мен ерім қайда?!
Шақырған көлбақадай елім қайда?!
Сан келін босағаны қызартар-ау,
Дәриғадай кемеңгер келін қайда.
Арасын жеті өзеннің әнмен жалғап,
Мардандай жар іздеген ерім қайда.

Айтарымды ана-тау есті менің,
Ертегі боп қалды ма естілерім?!
Азайды елдің ырысы, ұлысы да,
Азайғансоң ауылдан текті келін.
«Алыпты ана туары» рас екен,
Ұрпағым да, шәу тартып кетті менің.

Тастағы үндер-тарих, беред демеу,
Көкбөріден жаныма келед медеу.
Тұлпарлары сүрінсе қу томарға,
Ту ұстаған батырда мінед бедеу.
Дерексіздер көбейсе, тарихынан,
Желексізден тумай ма жел өкпелеу.

Хал-жайыңа уақыт қарайма шын,
Ақ қырауға шалдырды талай басын.
Дәриға сендей ару келсе өмірге,
Дарқан елдің құшағы тараймасын! 
Есіл жердің сулары азайсада,
Есіл елдің сұлуы азаймасын!

(Қытайдағы "Шұғыла" журналының 2012 жылғы санынан қысқартылып алынды)

Қуаныш ІЛИЯСҰЛЫ

6alash ұсынады