Түсімде Оспан батыр

Түнде менің түсіме Оспан кірді,
Оятты көкіректе жатқан жырды.
Марқасқа маңдайына жазып қойған,
Толарсақтан қан кешкен тоқсан жылды.

Айдаһармен алысқан алып, мықтым,
Жалғанды найзағайдай жарып шықтың.
Қабағы қатуланды қарт Алтайдай,
Жанары жалын шашып жарықтықтың.

Бірақ та аймадет ер үндемейді,
(Тағдыры болмаған ғой тым мерейлі).
Дұғалы ауыр дене жер құшқанмен,
Рухын хас батырдың кім бөгейді?
Құдайдың нұры түскен баһадүрдің,
Әруағы алты Алашын шын жебейді.

Сәлден соң батыр елес болды ғайып,
Мен үнсіз дұға қылдым қолды жайып.
Жанарымнан еріксіз жас домалап,
Тұлғасын көрсем деймін тауға лайық.

Оянып, бас көтердім жастығымнан,
Көңілім жар секілді тасқын ұрған.
Алтайдың қасиетті хас сұңқары,
Секілді қапылыста тасқа ұрылған.

Ібіліспен шайқасып, сатылмастан,
Жекпе - жекке дұшпанды шақырды Оспан.
Сәуірдің жирма тоғыз жаңасы екен,
Қызыл қытай еңсегей батырды атқан.

Ойхой, ғажап, түсіме Оспан кірді,
Оятты шындық жайлы дастан жырды.
Арысы жер жастанған аңқау қазақ,
Алпыс алты көктемді аттандырды...
Жайдан-жай түске енетін жан емес қой,
Қызылға жұтылма деп сақтандырды.

Әділет Ахметұлы

6алаш ұсынды