Ұланғайыр қазақ даласына көз жүгіртсеңіз асқар тау, айдын көл, баурайы бітік қарағай мен қайыңның көркемдігінен кейін жанарыңа оттай басылатын бір бітім – баябан дала төсіндегі жәдігерлік орындар. Ұлтымыз қоныстанған өңірден байқалған мәдени мұралардың бірі 5 мың жылдыққа бастаса, енді бірі мыс құралдар дәуіріне жалғасып жатады. Оған дәлел: Қаба ауданындағы Шиде қарын көне тас құралдар жұрты, Нылқы ауданынан байқалған Нұрасай байырғы мыс кені, Моридағы көне жұрт, Тарбағатайдағы Мықтың үйлері мен Құмылдағы Жанбұлақ жұрты. Соның ішінде археологтар Іле өзені бойынан анықтаған 1357 орындағы мәдени мұралар осы өңірдің тарихын арысы 5000 жылдыққа, берісі XX ғасырдың басына келіп тоқтайды. Мұның ішінде 63 орын көне жұрт пен қала қорғанының орны деп тұрақтандырылса, 20 жерден көне құрылыс, 1177 орыннан байырғы қабыр, 45 орыннан жартас суреті мен үңгір жазулары байқалды. 2009 жылғы бүкіл мемлекеттік 3-кезекті мәдени мұраны анықтағанға дейін Іле облысына төте қарасты 8 аудан, 2 қаладан мемлекет дәрежелі қорғалатын 8 орын, өлке дәрежелі қорғалатын 35 мәдени мұра орыны, облыс дәрежелі 12 орын, аудан-қала дәрежелі қорғалатын 667 орын тұрақтандырылды, әрі қорғауға алынды.

Міне соның ішінде мемлекет дәрежелі тарихи, мәдени қала-аудан атағын алған, үлкен Құштайдай мемлекет дәрежелі тарихи ауылы бар Аудан – Текес. Мақаламыздың да айтпақшы ойы осы ауданның мәдени мұралары.

Тияншан тауының орта бөлігіне орналасқан күлтелі мекен, талыстай тартылған Үйсін тауының баурайындағы сегіз таңбалы шаһар, Қаражон, Қапсалаңдай тамаша табиғаты бар текті мекен – Текес жәдігерлік орындарға бай. Археологтардың аяғы мұнда алғаш рет XX ғасырдың ортасында тиген. 1962 жылдан бастап Текес өңіріндегі байырғы қабырлар мен көне жұрттарға археологиялық қазба жұмыстарын бастаған. Текес ауданынан байқалған Төрткіл, Суасу, Көксу көне қала қорғандары мен байырғы жұрттары, Күлдіқора, Жақансай, Ақтас жартас суреттері мен 70-ке тарта сынтас, 6 бұғытас жаңа эрадан бұрынғы неше мың жылдыққа жалғаса, Көксу бойындағы Бозадыр байырғы жол сорабы Үйсіндердің оңтүстік Шыңжаңды жалғаған «Сахара Жібек жолынан» дерек береді. Қытай көлеміндегі археологтар мәдени мұраларды сынтас, байырғы қабырлар, көне жұрт, жартас суреті, өртең, көне құрылыстар, бұғытас, қазба бұйымдар, көне кітаптар, сақталған мұралар, құлпытас деп көп түрге айырып жүр. Біз сол бойынша Текестің тарихына үңіліп көрейік:

  1. Текестегі байырғы қабырлар

Байырғы қабырды қазақ төбе, оба, бейіт, Мықтың үйі, қорым, Үйсін қабырлары т.б. атаумен атаған, Іле өңірінде соңғы атау кең таралған. Жапан далаға тірлігіндегі тұрар жайын, қайтыс болғандағы бейітін қалдырған қазақты құраған ру-тайпалар, ұлыстар мен бектіктер бұл заттың бүгін тарихи мәдени мұра болып қаларын ойламаған болса керек. Текестегі байырғы қабырлар Қаратоғай ауылының Қапшағай, Ешкілік; Шиліөзек ауылының Ақтас, Қаңғай, Молалы қайқы, Аттың тауы, Аша сынды өңірлерінде еді. Үйсін тау баурайындағы Ешкілік байырғы қабырлары Текес ауданында тұңғыш рет археологтар жағынан қазба жұмысы жүргізілген жәдігерлік орын еді. Мұндағы 30 байырғы қабыр 1978 жылы ашылып, одан көптеген мүрделер мен тас, қола, мыс, темір бұйымдар қазылып алынған. 2-реткі көлемді археологиялық қазба жұмыс 2003 жылғы 150 байырғы қабырға болған тексеру, шұғыл құтқару негізінде болған археологиялық қазба жұмысы Шыңжаң ұйғыр автономиялы райондық археологиялық зерттеу орны мен Текес аудандық мәдени мұра мекемесінің бірлесуінде Луй Інгуо, Чын Хұңхай, Жоу Шаумин қатарлы кәсіби мамандардың бастауында болды. Бұған Текес өзенінің Тоғызтарауға өтетін жерінен 3 су қойманың түсуі себеп болды. Міне осы жұмысқа аудандық мәдени мұра мекемесінің қызметкері Бақберген Қызырханұлы да қатынасып, қазба қызметінің басы-қасында болған.

Үлкен жағынан ешкілік байырғы қабырлары деп аталатын бұл қорымдардың қазылған бөлегі Текес өзенінің Тоғызтарау ауданымен шекараласатын шығыс ағарының екі жағалауындағы байырғы қабырлар өңірі еді. Топырақтан ойылған немесе төбесіне тас жиналған байырғы жәдігерлік орынның ең үлкенінің диаметрі 42 метр, биіктігі 3 метр 80 сантиметр, ең кішкенесінің диаметрі 7,5 метр, биіктігі 50 сантиметр, басым көбі Қаратоғай ауылының шығыс оңтүстігіне орналасқан. Мұндағы қабырлардан көрінген ерекшеліктер: біріншіден, барлық қабырдан бір адамның мүрдесі ғана бар; екіншіден, адамның басын негізінен батыс оңтүстікке қаратқан; үшіншіден, адамның мүрдесінің қасына ер адам болса қанжар, пышақ, фарфор ыдыс қосып көмсе, әйел адамдардың қабырына мыс айна, ағаш не мүйіз тарақ қоса көмген. Сондай-ақ басым қабыр ішінен аттың немесе қойдың тасаттыққа сойған сүйегі байқалған, табылған құм күбі, темір ыдыстардың сопағы, дөңгелегі, мойны ұзыны, бір құлақшалығы, қос тұтқалығы бар. Кейбірінің төбесіне таудың төртбұрыш жалпақ тасы үйілсе, кейінің маңайына өзеннің малта тасы айнала тізілген.

Текестегі байырғы қабырлардың түріне келсек: басым көбі қабырды тік қазып, сосын сыртын өзен арнасының малта тасымен қоршаған, ал ортасын топырақпен толтырған дөңгелек пішінді топырақ қабырлар. Бұл түрдегіге Қаңғай қабырлары, Қаратоғай ешкілік қабырлары жатады. Ал екінші қабырлар таудың төртбұрыш, ұзыншақ тастарымен жиналған байырғы қабырлар. Мұндай қабырлардың маңайында сөзсіз тасаттық орындары бірге болған, бұл түрдегі қабырлар жазық жерлерде болмастан, қайта таудың биігінде, сайдың орта бөлігінде жолығады, сондай-ақ, қабыр маңайынан тасаттық орын, жылқы мен қойдың сүйегі көп байқалғандықтан археологтар мұны Сақтар дәуірінің алғашқы мезгіліне апарады. Демек, бұл мезгіл қола дәуіріне тура келгендіктен мұндай байырғы қабырлардан мыс, қола бұйымдарда байқалған. Текес ауданы Шиліөзек ауылына тән аттың тауының басындағы 18 қабыр осы дәуірге тән. Үшінші түрдегі байырғы қабырлар сопақша келіп ортасы топырақпен үйіледі, маңайы таспен қоршалады. Бұл түрдегі байырғы қабырлар түріне Құжырты ауылы Ешкілік байырғы қабырлары жатады. Төртіншісі, төртбұрыш тас қабырлар. Бұл түрдегі қабырды ғалымдар жаңа эрадан бұрынғы 4 мың немесе 1 мың жылдыққа жатқызып жүр, осындай қабыр Текес малшыларының қысқы отары Бозадырдың Шыбырлы деген жеріндегі Көксу өзенінің солтүстік жағалауына орналасқан. Кейбірі тік төртбұрыш болса, кейі ұзыншақ, ең үлкенінің ені мен ұзыны 15 метр. Мұндай қабырлар Іле өңірінде ілуде бір кездеседі. Оның ұқсас түрлері Бұратала Адыншол байырғы төртбұрыш қабырлары мен Алтай қаласы Шеміршектегі Мықтың үйлері.

  1. Текестегі сынтастар

Текестегі сынтастардың саны мол, мазмұны әрқилы, жасалуы ерекше. Қазірге дейін аудан көлемінен 70-ке тарта сынтас байқалып, оның 56-сы аудандық мұражай ауласынан орын алса, қалғаны ауыл-қалашықта, жекелердің қолында сақтаулы екен. Бұл сынтастар негізінен Қарадала, Құштай, Сарғобы, Қаратоғай, Көктерек, Қарағанды, Қапсалаң, Шолақтерек, Ақжазық сынды жерлерден табылған. Қазақтың төрт маусымда қасқайып тұрған, қас өнердің белгісі болған адам мүсінді тастар дерлік орнынан ауыстырылған. Аудан көлемінде қазір өз орнынан қозғалмаған сынтас жоқ. Жоғалудың, ұрланудың, бүлінудің алдын алу үшін аудандық мәдени мұра мекемесінің қызметкерлері мұражай ауласына жиып сақтап отыр. «Ештен кеш жақсы» дейді халқымыз, аман қалғанына қуанып, мәдениет қызметкерлерінің тау асып, тас басып, жапа машақатпен жинап, тергеніне алғыс айтпай тұра алмайсың.

Автономиялы райондық мұражай мекемесінің профессоры, археолог Уаң Бо мырза «Сахара сынтастары» атты еңбегінде, Шыңжаңдағы сынтастарды 4 түрге бөлген еді. Ал Текестегі сынтастар соңғы 3 дәуірге тән деп кесіп айтуымызға болады, Яғни жаңа эрадан бұрынғы 700 жылдан жаңа эраның VI ғасырына дейінгі уақыт. Бұл дәуірге 1991 жылы Сарғобыдан табылған биіктігі 82 сантиметр, ені 37 сантиметр, қалыңдығы 23 сантиметр сынтас; Шолақтерек ауылынан табылған биіктігі 40 сантиметр, ені 28 сантиметр Ақжазық сынтасы, Қарадала ауылы Құмтөбе қыстағындағы Ма фамилиялы дүнген ақсақалдың қорасындағы биіктігі 70 сантиметрлік, ені 35 сантиметрлік сынтас жатады. Мұның бәрі аласа майда тасқа қыру арқылы жасалған. Және бір ерекшелік тек адам бетін ғана түсірген.

Екінші дәуір. Жаңа эраның VI ғасырынан IX ғасыр аралығы. Міне бұл Қытайдың таң дәуіріне тура келсе, орта Азияның түріктер дәуіріне дәл түседі. Жер таласы мен ел билігі, мемлекет территориясын кеңейтуді ғана ойлаған түріктер тек аттың тұяғы жетіп, найзаның тірелген жеріне дейін дес бермей ұлан-байтақ жерді иемденеді. Ата-бабаның ерлігі мен елдігін ғана жырлаған халық аты аңызға айналған адамдардың бәрінің басына сынтас орнатты, балбал тұрғызды. Бұл дәуірде сынтас жасаудың дәстүрі ұзарып, әдісі молайып, әдемілігі артқан еді. Батыр тұлғалы, оң қолына тостаған не кесе көтеріп, сол қолымен қанжар не қылышты ұстаған сұсты бейнелер Түркі қағанатына тән сынтастар болмақ. Мәселен: Текес ауданы Қаратоғай ауылынан байқалған Талдыбұлақ сынтасы, қазір Іле облыстық мұражайда тұрған биіктігі 1,12 метр, ені 50 сантиметрлік Құштай сынтасы, кіші Құштайдан табылған 5 сынтас, жылқы фирмасы маңынан табылған биіктігі 80 сантиметр, ені 40 сантиметр, бас жағы бүлінген сынтас әне сол Түркі қағанатына тән жәдігерлер болып есептелінеді.

3-дәуір болса жаңа эраның IX ғасырынан XI ғасырына дейінгі аралық, бұл дәуір Түркі қағанатының соңғы жылнамасына Керей, Найман, Қоңырат, Қыпшақ, Қаңлы, Қарақытай дәуіріне тура келсе керек. Бұл дәуірдегі сынтастар сидам, көркем болған. Мүсіншілік өнердің дамып, көркейген кезіне тура келеді. Шолақтерек ауылы Шипахана ауласынан табылған сынтасты, Көктерек ауылы Шұбартал сынтасы осы дәуірге тән, мұндай сынтастың жасалуы көркем, адамның бес мүшесі толық, жайы келсе, қасы, құлағы тіпті сырғасына дейін ойып түсірген. Басындағы тәжісі, әйел адам болса ұзын шашын да қағыс қалдырмай тамашалап ойған. Кейбірі қапсырма тон кисе, кейбірі жағалы шапан кигені мен мұндалайды.

  1. Текес ауданындағы бұғытастар

Бұғытастың басқа тастан ерекшелігі – онда бұғының бейнесі болғандығында. Әлемде бұғытасты 3 түрге бөледі. 1-түрдегісі бұғының бейнесі түсірілгендері. Оны ғылыми атауда «Өкілдік бұғытас» деп атайды. 2-түрдегісі жоғары жағында бір дөңгелек, ортасында үш қиғаш сызық, төмен жағында қанжардың белгісі бар. Мұны «Өкілдікке жатпайтын бұғытас» деп атайды. 3-түрі «Еуропа-Азия бұғытасы». Текес ауданынан қазірге дейін 6 бұғытас табылған. Мұның үшеуі қазір аудандық мұражай ауласында тұр, қалғаны Ақтас жайлауы сынды жерлердегі өз орнында. Негізінен бетіндегі өрнектер дөңгелек, сызық, қанжардан болмаса қалың бедерден құралған.

  1. Жартас суреттері мен үңгір оймалары

Петроглиф деп аталатын бұл жәдігерліктің Текесте орналасу аймағы, мазмұны, көлемі, дәуірі әрқилы, негізінен Қаратоғай ауылы Алтынмалы қыстағы Көкілді сай Шайза ақтасы жартас суреті, Қарадала ауылына қарасты Күлдіқора жартас суреті, Көксу ауылы әскери жылқы фирма жартас суреті, Құжырты ауылы теректі сай сұлу шоқы жартас суретін айырықша атауға болады. Әсіресе Қаратоғай ауылына қарасты Ақтоғай қыстағы Жақансайдағы қара реңді жартас суреті Шыңжаңның басқа жерінде жоқ, Қытайда сирек кездесетін ерекше жартас суреті. Ондағы арқар, бұғы сынды түз хайуандар суретінің қара түсті бояумен тасқа түсірілген тамаша бейнесі әркімді де таң қалдыратындығы сөзсіз. Сондай-ақ Шиліөзек ауылының Ақтас жайлауындағы үңгірдегі реңді сурет Іле өңіріндегі алғаш байқалған петроглифтің тың түрі болып табылады.

Реңді үңгір суреті Алтай қаласы Қызылтас ауылы Дөңбұлақ, Қаба ауданы Сұңқарұясы деген жерлерден байқалған еді. Жартас суретін зерттеген ғалымдар мен археологтар үңгір реңді жартас суретіне жолықса болды үш жәдігерлікті бірлестіріп зерттейді, онысы:  «Үңгір жартас суреті бар жерде сөзсіз тасаттық орны болады да, оның маңайында сөзсіз байырғы қабыр табылады» дейді. Міне бұл археологтардың айтып жүрген 三位一体 зерттеу әдісі.

Ақтас үңгір суретіне 2009 жылы тұңғыш рет, 2013 жылы 13 қарашада  тағы бір рет бардым. Тереңдігі 7 метр, ені 3 метр, биіктігі 2 метрлік бұл үңгір байырғы адамдардың тұрағы болғаны сөзсіз. Онда бір тауешкінің және беймәлім нәрсенің суреттері бейнеленген. Уақыттың өтуі, тарихтың аунауымен көп сурет көнергендей тұрады. Әсіресе үңгір ішінің шығыс жақ қабырғасында, төр жақ төбесінде тағы бір дененің сұлбасы мен мұндалайды. Өкінерлігі маңайынан байырғы қабырды жолықтыра алмадық. Бәлкім, қия беттегі тау үстіне орналасқандықтан болар. Егер археологиялық арнаулы зерттеу жасалса көптеген дерек көздері ашылатынына кәміл сенемін.

Текес ауданындағы жартас суреттерінен арқардың, жылқының, бұғының, адамның, қасқырдың, ешкінің кескінін көруге болады. Әсіресе Бозадырдағы Көней сайының аузынан батысқа қарай 500 метр жердегі қара тастағы үйректің суреті өте тамаша бейнеленген. Бұдан бөлек Көксу су-электр станциясының маңындағы жартас суретінде аң аулаған адамдардың, балықтың, мал шаруашылығымен шұғылданған шаруалардың суреті тамаша бейнеленген. Қарапайым әдіспен қара тасқа қиындықпен қашалған өмір картиналары қазақты құраған байырғы ру-тайпаларымыздың, Ғұн-Сақтың, ұлы Үйсін бабаларымыздың тұрмысынан дерек беріп, тарихынан тіл қатқандай.

  1. Байырғы жұрттар мен қорғандар

Текестегі байырғы жұрт, көне қала орны десе болды бірден Бостан көне қорғаны еске түседі. Шыңжаң қазақтарынан шыққан тарихшы, ғалымдар бұл қорғанды «Төрткіл» деп атап жүр. Әсілі бұл қорғанның көлемі қазіргісінен үлкен болуы мүмкін. Өйткені маңайындағы өндіріс орындары, тұрмысқа қажет өзен-су, ну орман-тоғай тіршіліктің тынысы іспетті. Қорған тек мансаптылар мен әкімдік иелерінің тұрағы болған, ал халық осы маңды негіз етіп қоныстанған. Көне қорғанның ішінен табылған бұйымдар жәдігерліктің уақытын бірер ғасырға жетелейді. Қазір Шыңжаң тарапынан қорғалатын мәдени мұра аудандық мәдени мұра мекемесі жағынан қорғалып, қоршалып отыр. Қорғанның шығыс оңтүстік жағындағы тамы толық сақталған да, батыс бөлігіндегі қорғаны тек төмпешік болып қалған. Сондай-ақ тарихи орынның батыс жақта бір бөлігі егіс атызына кеткендігі менмұндалап тұр. Бәлкім бұл қорған қос тамнан құралған болуы мүмкін. Қорған ортасында қазылған тоғамның жүлгесі бар.

Текес ауданындағы ертедегі адамдар тіршілік еткен және бір орта «Суасу байырғы жұрты». Біздің бұл жерге барған кезіміз 2013 жылдың қараша айы еді. Тау беткейіне орналасқан көне жұрттың жүлгесі сақталған екен. Қорған ішінен қыш ыдыс сынықтарын, көне қорғаннан қалған кірпіш қалдықтары көп кездеседі. Бұл орын жер бетінен 3-4 метр биіктіктегі текшенің үстіне салынғандығы бірден белгілі. Қорғаның шығыс оңтүстігінде бір қанша Үйсін қабырлары бар. Жергілікті халық бұл жерді байырғы бұдхананың орны деп атайды екен.

  1. Текестегі байырғы жол сорабы

Тәңір тауын кесіп өтетін байырғы жол сорабынан Моңғолкүре ауданындағы Мұзарт асуы, Күнес ауданындағы жұлдыз Асуы болса, үшіншісі Текес ауданына қарасты Ақдауан асуы. Мұның ішінде тарихы ең ұзағы да осы Ақдауанды асып өтетін байырғы Үйсін жолы.

  1. Текес ауданынан табылған бұйымдар

Аудан көлемінен байқалған көне бұйымдардың басым бөлігі байырғы қабырлар мен көне жұрттан табылса, және бір бөлігі ел арасынан, бұқара қолынан жиналған. Негізінен темірден, мыстан, сүйектен, алтыннан, тастан, теріден, ағаштан жасалған заттар. Әсіресе мыс кетпен, мыс пышақтар, мыс үзеңгі, мыс белбеу өте көркем жасалған. Сондай-ақ үш ешкінің басы бар алтын сырға сол дәуірде жасаған адамдардың шеберлігін, алтын өңдеу техникасының жоғары өреде екендігін ерекше әйгілейді.

Іле алқабы – ертедегі Үйсіндердің мекені. (Өртекес деп аталатын) Моңғолкүре  ауданының Шаты өзені мен Текес өзені құйылысында ертедегі Үйсіндердің жаздық қызыл ордасы қазірде өз белгісін жоғалтпай тұрғаны анық. 2 мың жылдық тарихқа ие осы Үйсін көне жұртында не бір үлкен Үйсін қабырлары көзге түседі. Моңғолкүре ауданынан оңтүстікке қарай 60 неше километр жүрсеңіз, Ақаяз аңғарына кіре берістегі Ақаяз өзенінің батыс қабағындағы «Сынтас» деген жердегі қалың Үйсін қабырлары ішінен бір қабыр үлкен әрі сырты арық-тоғанмен қоршалған ерекшелігімен көзге түседі. Бұл Үйсін қабырының диаметрі 25 метр болып, сыртқы диаметрі 50 метрлік дөңгелек пішінді ормен (тоғанмен) қоршалған, батыс жағынан кіріп-шығатын жол, яғни есік шығарылған. Бұл қабыр тұрған төбеден күллі Өртекес алабы толық көрінеді. Осы ерекшелігіне қарағанда бұл Үйсін қабыры емес, Үйсін қарауыл орны, Үйсін жасауылдарының ордасы десе болғандай...

Қуандық КӨБЕНҰЛЫ 

6alash ұсынады