Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуын Елбасының орасан зор еңбегінен бөле қарауға болмайды. Бұл ретте ең алдымен оның есімімен байланысты елімізде орын алған төрт үлкен өзгеріс ойға оралады. Атап айтсақ, ол ең әуелі Қазақстанның зайырлы, демократиялық мемлекет ретінде қалыптасуының негізін қалады;  елімізде бірден нарықтық қатынастарды жолға қойды; шекараны шегендеді және астананы Арқа төріне көшірді. Мұның бәрі айтарға оңай болғанымен, Кеңестік жүйенің шырмауынан шыққан жас мемлекет үшін оңайға соқпады. Елбасының осы төрт үлкен қадамына қоса, мен оның аса батылдықпен жасаған бесінші қадамын да атап айтқым  келеді. Ол болса шетелдегі  қандастарды өзінің тәуелсіз Отанына шақыруы.

Шынымен де сол бір алаң-елең кезде, оң-солы әлі белгісіз, мемлекеттік имиджі  толық қалыптаспаған, шаруашылық жағдайы қиын Қазақстан үшін мұндай аса жауапты  шешімді қабылдау ерлікпен пара пар еді.

Өткен күндерге назар салсам, Елбасының дүйім дүниедегі қандастарға  жолдаған сол үндеуінен кейін, Қытайдан Қазақстанға бет алған алғашқы көшке де 27 жылдың жүзі болыпты. 1993 жылы Үрімжіден автобуспен жолға шыққан төрт отбасы 9 сәуір күні Қазақстан топырағына аяқ басты. 1992 жылғы Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайынан соң-ақ, сол алғашқы көштің қатарында келген біздер – Жақсылық Сәмитұлы, Әрмиябек Сағындықұлы, Ғалым Қалибекұлы және мен,  бірден Елге оралудың дайындығын жасадық. 1993 жылы ақпан айында мен өзіммен бірге көшетін төрт отбасының және Шәуеншектегі Алмас Ахметбек досымыздың паспортын алып, виза жасату үшін Пекиндегі Қазақстан елшілігіне бардым. Мені есіктен кіре бере Қазақстанның Қытай халық республикасындағы тұңғыш төтенше және өкілетті елшісі Мұрат Әуезов пен елшілік қызметкері Биғали Тұрарбеков екеуі қарсы алды. Екеуінің арт жағындағы тұғырда  тәуелсіз Қазақстанның жап-жаңа, кіршіксіз көк байрағы өте салтанатты түрде қойылған екен. Әсерленгенімнен көңілім босап, буын-буыным құрып кетті. Мұндай сәтті мен бұрын-соңды басымнан кешкен емеспін. Ол екеуінің де жүзінен: «Қазақстан өз алдымызға ел болдық, мінеки!»- дегендей көңіл-күйді байқадым. Сөйтсем, мен елшіліктің босағасын аттаған тұңғыш қазақ екенмін. Оны олардың өзі айтты. «Сіз бізге келген бірінші қазақсыз, әрі көшемін деп келген қазақсыз. Мұны ырымдап отырмыз!»-деді жайғасып жатып. Қандай тамаша кездесу десеңізші! Төбем көкке жеткендей болды. Ол менің өмірімдегі ең бақытты сәт еді.

Сөйтіп, алғашқы көш ат басын ата жұртқа бұрды. Біз ешкімге, еш жерде көшу туралы үгіт-насихат жасаған жоқпыз. Тек қана өзіміздің осы бір үнсіз әрекетіміз арқылы жұртқа ой салсақ, жігерін жанысақ дедік. Қайдан хабар тапқаны белгісіз, біз аттанатын күні Үрімжідегі автовокзалға жиналған жұрттың есебі жоқ еді. Олардың дені жастар болатын. Біз жария жасап, шақырмасақ та, олар Үрімжінің түкпір-түкпірінен құралып, тәуелсіз Қазақстанға бағытталған алғашқы көшті аттандырып салуға келіп тұр еді. Бәрінің жүзінде қауаныш, бәрінің бойынан арындаған ерік-жігер байқалады. Бұл оларға тәуелсіздік берген күш-жігер еді. Бәрінің жанарынан «сіздерге сәт сапар, арттарыңыздан біз де барамыз» дегендей ғажайып от ұшқындайды. Иә, ол жылдар халқымыз үшін  ілкімді де, игілікті жылдар болды. Неге десеңіз, Қазақстанның тәуелсіздік алуы тұтас дүниежүзіндегі барша қазақты ұйқысынан оятты. Елбасының қазақ құрылтайында сөйлеген сөзі дүйім дүниеге тарыдай шашыраған күллі қазақты ту түбінде тұруға шақырды. Міне, осыдан кейін дүниенің төрт бұрышынан қазақ көшінің екпінді ағыны пайда болды. Бүгінде елге келген ағайындардың ұзын саны миллионнан асады. Бұл, әрине, еліміздің ұлттық потенциалын арттыруға, адами ресурстарын байытуға қосылған қомақты үлес. Сонымен бірге, тәуелсіз Қазақстанға бағытталған көші-қон үдерісі сырттағы ағайынның өздерінің де сонда отырып, ассимилияцияланып, ұлт ретінде жоқ болып кетуінің алдын алған үлкен үдеріс болды. Бұл ретте біздің Қазақ еліне, оның тұңғыш Президенті, Елбасы  Н. Назарбаевқа айтар алғысымыз шексіз.

Сол алғашқы көштің қатарында келген жазушы, Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері Жақсылық Сәмитұлы ағамызды айтсақ, ол кісі Қытайдан пенсия жасына таяп қалған кезінде кетті. Сода да пенсияға аз қалды ғой деп артына қарайламай, ол жақпен барлық байланысын үзіп кетті. Ол ылғида: «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді»,- дейтін. Ол: «мен үшін дүниедегі ең үлкен құдірет, ең үлкен қуаныш, ең үлкен байлық Тәуелсіздік! Арманым жоқ, мен соны көрдім, ұл-қызымды тәуелсіз Отанына жеткізсем, өзім солардың өскенін көріп өлсем арманым жоқ!»-дейтін. Иә, ол солай арманына жетті. Алғашында жатақханада тұрды. Қарапайым ғана өмір сүрді. Осында келген соң әйгілі «Қаһарлы Алтай» трилогиясын жазып, артына өшпестей мұра қалдырды. Жақсылық Қытайда жүріп бұл шығармасын жарыққа шығара алмас еді. Шығарса да бәрібір жазғаны үшін жазасын тартар еді. Өткен ғасырдың 40-жылдарындағы Алтай  қазақтарының басынан өткен қиын да, қидалы кезеңдерді арқау еткен бұл роман-эпопея Қытай қазақтарының «Тынық Доны» деуге лайық. Жақсылықтан кейін де біреулер ол оқиғалар туралы жазар, бірақ дәл Жақсылықтай етіп ешкім жаза алмасы анық. Мен өз басым осындай қарапайым, бірақ ұлы жазушыға іні болып, біраз уақыт қатар жүргеніме, онымен бірге ұлы көштің басында Тәуелсіз елімізге бірге келгеніме мақтанамын.

Тәуелсіздіктің арқасында өзім де елге келіп, біраз жетістіктерге жеттім. 1993 жылы Қазақстандағы жоғары білімнің флагманы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де оқытушылық қызметімді бастап, белгілі шығыстанушы ғалым Кеңес Қожахметов пен деректанушы Қамбар Атабаев сынды ұстаздарымның жетекшілігінде тарих ғылымдары бойынша кандидаттық, одан соң, докторлық  диссертация қорғадым. «Жұлдыз» журналында қазақ әдебиетінің титаны Мұхтар Мағауиннің қоластында жұмыс істедім. Жақсыдан шарапат дегендей, Шыңғыс ханның қыр Даланы біріктіріп, іргелі мемлекет құруына арналған «Көк бөрілердің көз жасы» атты романым Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған мемлекеттік конкурста бас жүлдені иеленді. Одан соң, «Мәңгілік Ел» идеясының басында тұрған көне түркілер туралы «Мәңгітас» романым мен «Аттила: Балқан тауға барғандар» романым мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді. 2001 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Шығыстану кафедрасына жұмысқа келгеннен бері Ақселеу Сейдімбеков, Тұрсын Жұртбай, Қаржаубай Сартқожа сынды ғалым ағаларымның қасында жүріп, көне түркі ұстындарындағы мәтіндерді тарихи-деректанулық тұрғыдан зерттеп, бес бірдей монография жаздым. Солардың ішінен «Күлтегін ескерткіші: тарихи-деректанулық талдау» атты монографиям түркология саласындағы үздік жетістіктері үшін берілетін «Күлтегін сыйлығына» (2019 ж.) ие болды. Бұдан бірнеше жыл бұрын, қазіргі Президентіміз Қ.К.Тоқаев мені жеке қабылдап, Қытай ғалымы Су Бэйхайдың миллион иероглифтен тұратын «Қазақтың жалпы тарихы» атты 4 томдық еңбегін қазақ тіліне аудару туралы тапсырма берген еді. Биыл маусым айында мен осы тапсырманы мемлекеттік жоба аясында абыроймен орындап шықтым. Бұдан басқа, жоғары оқу орындарының білім алушыларына арнап «Қытай тарихы» деп аталатын 2 томнан тұратын оқулық жаздым, т.б. Мұның бәрі жетістік. Еліме, Отаныма сіңірген азды-көпті еңбегім. Әрине, бұл жетістіктер тектен текке келген жоқ. Осының бәрі Отанға деген ыстық махабат пен сүйіспеншіліктен, ерік-жігерден туды. Бәрі де тәуелсіздіктің, еркіндіктің арқасы. Елбасының сырттағы ағайындарды елге шақырып, олардың арасындағы интелигенция өкілдеріне тамаша мүмкіндіктер бергенінің нәтижесі. Бұл арада мен тек Жақсылық ағам мен өзім туралы ғана айтып отырмын. Өйткені, Отанға оралған жылдардағы көңіл-күйім, толғаныстарым мен тебіреністерім,  еткен еңбегім тек өзіме ғана аян. Сондықтан, мен секілді елге оралып, бүгіндері түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген мамандық иелерінің жетістіктерін бір-бірден тізбелеп жатпадым. Олардың ішінде Қазақстанның және Елбасының арқасында әлемдік деңгейде аты шыққан ғалымдар, мәдениет және спорт жұлдыздары бар.

Өз басым сырттан келген ағайынның кім болғанына, қандай мамандық иесі екеніне  қарамастан, олардың бәрі бірдей ұлттың ұлы қамалына қаланған бір-бір кірпіш деп ойлаймын. Елге келген қарапайым дихан, малшы жөнінен де солай. Олар бізге керекті ең негізгі еңбек адамдары. Олар өзі ғана келген жоқ, ұрпақтарын ала келді. Солардың арасынан ел ертеңіне қызмет ететін небір инженер, техниктер, ғалымдар, экономистер шығады деп ойлаймын. Әрине, Қытайдан басталған көштің алғашқы легінде ақын-жазушыларды негіз еткен зиялы қауым өкілдері келді. Бұл заңды да. Өйткені, бір кезде бүкіл Қазақ қоғамын, тұтас ұлтты сақтап қалуға күш-жігерін салғандардың көбі осы ақын-жазушылар емес пе еді?! Ендеше, көшті жазушылар бастамай, кім бастайды? Одан кейін, түрлі мамандық иелері келді. Жаратылыстық ғылымның сан-саласымен айналысқан білікті мамандар ‒ математиктер, физиктер, химиктер, биологтар және дәрігерлер келді. Олар жұрт алдына көп шықпайтын, өздері туралы айта бермейтін топ. Өкінішке орай, баклаврдан жоғары ғылыми дәрежесі, тәжірибесі бар бұл потенциал алғашқы кездегі уақытша қиындықтарға байланысты, өз орындарын таба алмай, жеке кәсіпкерлерге, бизнесмендерге айналып кетті. Оны көрген АҚШ пен Еуропадағы, Жапония мен Қытайдағы өзге ғалымдар бөгеліп қалды. Қазіргі таңда жаратылыстық ғылым ғаламдасу жағдайындағы әлемдік менеджментке сүйеніп дамуда. Ғалымдар қай мемлекеттің жобалық қаржысы көп болса, солай кетіп жатыр. Бірақ, соған қарамастан, ғылымның ұлттық мүддеге жұмыс істейтінін де естен шығармағанымыз жөн.

Қытайлар елдегі жағдай ең қиын кезде де атом бомбасын сәтті сынақтан өткізді. Сөйтіп, АҚШ пен КСРО-дан кейінгі 3 ядролық державаға айналды. Бұл ретте елдің іші-сыртындағы қытай ғалымдарының отаншылдық ерік-жігері мен мемлекеттің оларға деген қолдап-қуаттауы шешуші рөл ойнады.

Қазақстан республикасы құрылған алғашқы кездерде Қытай өз еліндегі барлық қазақ интеллигенциясының шетелге кетіп қалуынан алаңдады. Егер олар түгелімен Қазақстанға кетіп қалса, бұл демографиялық жақтан да, интелектуалдық жақтан да Қазақ елінің күшеюіне қызмет етіп, өзімізге кері әсері болады деп қарады. Сол үшін үгіт-нәсиқат құралдарында Қазақстанның басындағы уақытша қиындықтарды әсірелеп көрсетіп, түймедейді түйедей етіп, ағайындарды бері жібермеуге әрекет жасады. Кейбіреулер, тіпті, Назарбаев «Ірі Қазақияны» құрғалы жатыр, «қазақ шовинизмі» белең алып келеді деп байбалам салды. Ондай байбаламның алды «ғылыми негізделіп», жекелеген зерттеу еңбектеріне де енгізілді. Осыдан соң, келем деген ағайынның жолын қасақана бөгеп, жасанды кедергілерді көбейтті.  Бірен-саран қайта көшкен ағайынды кері үгіт-насихаттың құралы етті. Иә, мұның соңы, бара-бара ағайындарды мүлде жібермеуге бағытталған саяси шараларға ұласып кетті. Дегенмен, сырттағы ағайынның ата мекенге деген  құлшынысы мен ақ ниетін ешкім шектей алған жоқ. Егер, саясат оңала қалса олардың көп бөлігі әлі де  «есің барда еліңді тап» дегелі отыр.

Статистикаға негізделсек, Қазақстанның белсенді көші-қон саясатына қарамастан, қазақ диаспорасының мүлде басым бөлігі әлі де шетелдерде қалып қойып отыр. Соңғы уақытта көші-қон үдерісінің баяулауына  әсер еткен түрлі кедергілерді еңсеру үшін ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті тарапынан көптеген жұмыстар жасалды. Парламентте көші-қон заңы өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп қайта қабылданды. Қысқасы, келем деуші ағайынға бар мүмкіндік қарастырылды. Бұрынғыдай бюрократтық кедергілер де алынып тасталды. Осылайша, шетелдегі қандастарға бағытталған көші-қон саясаты Қазақстанның негізгі стратегиялық басымдықтарының бірі болып қала бермек. Ел көшбасшысы, Қазақстанның тұңғыш Президенті Н. Назарбайып бастап берген ұлы үдеріс бұдан кейін де жалғасын таппақ.

Осы орайда есіме 1981 жылы университеттің бірінші курсында оқып жүрген кезімдегі бір оқиға оралалып отыр. Сенбі күні кешкісін Үрімжідегі «Тянь-Шань» қонақ үйінің алдынан өтіп бара жатқан едік.  Әдемі киінген, әйгілі әнші ағамыз Хамит Ысқақұлын көзіміз шалып қалды. Бұрылып барып сәлем бердік.  Оның Қазақстанға сапарлай келіп, қайта оралған беті екен. Асылдың сынығындай ағамыз бәрімізбен емен-жарқын сөйлесіп, жарқ-жұрқ етеді. Сонда көп сұрақтың арасында «Хамит аға, айтыңызшы, Қазақстан тәуелсіздік ала ма?»-деп тікесінен қойып қалдық. Сонда ағамыз әншілік, актерлік мәнеріне салып, көзін бақырайта ашып, дауысын көтере: «Әй, бәрекелді, көрінген тау алыс емес, тау айланбас, тас айналар деген, іздеген жетер мұратқа!»,-деп тоқтады. Өзін құдды сахнада тұрғандай сезініп кетті. Содан ол қабағын түйіп, бәрімізге оқтай қадалып тұрып былай деді:

Егер сен қазақ ұлы болсаң анық,

Десең сен қазақ атам алсын даңқ.

Қаныңда қазақ деген жалғыз тамшы-

Жалындап жалғыз бір шоқ тұрсын жанып!

Ойпырым-ай, осы өлеңді ұмытып қалмайықшы деп, жатаққа жеткенше іштей қайталаумен болдық. Сөйтіп, ол менің өмірлік ұстанымыма айналды. Бәлкім менің Қазақстанға алдымен келуіме, елім деп еңсеуіме ағамыздың аузынан шыққан осы бір шумақ өлең әсер еткен болар.

Бұдан соң, 1987 жылы ақпанда Пекин университетінде әйгілі түрколог Алтай Аманжолов ағамызбен кездестім. Ол маған М.С. Горбачевтің қытай тілінде шыққан кітабын сыйға тартып отырып: «Үлкен өзгерістер келе жатыр. Қазақстанның тәуелсіздігінен үміт бар!»- деді.

Жүрегім толқып кетті. «А, Құдай, айтқаныңыз келсін, аға!»- дедім. Ағамыз жүзіне күлкі үйіріліп, басын изеп отырып қалды. Айтқандай-ақ, араға төрт жыл салып Қазақстан тәуелсіздік жариялады. Жариялап қана қоймай, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы оның жер бетіндегі барша қазақтың да ортақ Отаны екенін қадап айтты. Ақ түйенің қарны жарылды... Құдай бұйырса, тәуелсіз еліміздің 30 жылдығы да таяп қалды. Осы уақыт бедерінде Елбасы елімізді сан сынақтан алып өтті. Уақыт Елбасының еліміздегі ұлтаралық байланыс және халықаралық қарым-қатынаста ұстанған саясатының дұрыс екенін дәлелдеді. Сол себептен, айналамыздағы алпауыт көршілеріміз бен алыстағы азулы елдердің бәрі Нұрсұлтан Әбішұлымен санасады. 2019 жылғы Президенттік сайлауда да Нүрекең көрегендік танытты. Президенттік биліктің ешқандай тербеліссіз, сәтті ауысуын қамтамасыз етті. Елбасы сенім артқан Қасымжомарт Кемелұлы қазақтың жаңа дәуірдегі мемлекеттілігін одан сайын нығайтуға күш-жігерін жұмсауда. Бүгінгі таңда, Қазақстан түрлі қиындықтарды еңсере отырып, Елбасының салған сара жолымен үдіре алға тартып келеді. Дүниежүзінің әр түкпіріндегі қазақ қандастарымыз қашан да Қазақстанның көркейіп-гүлденуіне, дамыған алдыңғы қатарлы елдердің қатарынан көрінуіне, халқының бай да, бақуатты болуына, сондай-ақ, Елбасының денінің сау болып, Қазақстанның  жарқын келешегін халқымен бірге бөлісе беруіне тілекші болып отыр. Әлде қашан Отанға оралған қазақтың бір өкілі ретінде мен де қалың қазақтың осы ізгі тілегіне қосылғым келеді.

Тұрсынхан ЗӘКЕН

Тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры

6alash ұсынады