(Буыршынның Үштас жайлауында 1994 жылы өткізілген Алтай аймағының 10-кезекті ақындар айтысында айтылған)

Құрманбек Зейтінғазыұлы

Жыр бесігім - Буыршын

Мен елімнің екі етпеймін кесімін,
Елім және екі айтпайды шешімін.
Алғаш жырмен әлдилеген бесігім,
Буыршыннан сұрамақпын кешірім.

Ер жаладан, ел наладан арылған,
Мерей тойда Қанасыңда танылғам.
Сонан бастап өлең қуып сабылғам,
Жаңа жеттім құшағыңа сағынған.

Есептесем өткен екен он бес жыл,
Он бес жылда айта алдым ба өлмес жыр.
Енді ақынның дөкейімен белдестір,
Қайратымды халқарамен теңдестір.

Өлеңімнің өрісі өзің буыршын,
Сезімімнің алауысың, туымсың.
Тойыңа жұрт салтанатпен жиылсын,
Байғазы жыр бас-аяқтан құйылсын.

Мың бұралып бұлықсыған буыршын,
Қайсы иықтан құлап түскен бұрымсың.
Нар өркештей қасиетті сұлусың,
Қанша ақиық қонақтаған тұғырсың.

«Баян сұлу байлап кеткен» буыршын,
Сүйген жүрек серттен неге суынсын.
Ару Қанас, сырыңды айтшы, ел ұғынсын,
Қайсы батыр ғашық болған сұлусың.

О, буыршын, менің музам, пірімсің,
Көркейе бер, көркіңе көз сүрінсін.
Жаным ерке толқыныңа жуынсын,
Жасаңғырап жырым қайта туылсын.

Қорқыт ата қонып өткен құт мекен,
Ер Жәнібек туын қайда тікті екен.
Бықышыңдай қайсы шешен шықты екен,
Қайсы ақының төлебайдәй мықты екен.

Қайран бежең қай жеріңде жортты екен,
«Арман-айды» қандай мұңмен шертті екен.
Қырсықтарды қырына алған мағаздың,
Өлеңдері атом ба екен, өрт пе екен.

Ерің де өткен елім-ай деп істейтін,
Кезің де өткен алтыныңды мыс дейтін.
Тұлпарың да жат қолына түспейтін,
Жабың да өткен сауырынан тістейтін.

Мынау елге енді керек ізбасары,
Бау аштыр да қиянға сәл, құзға сал.
Қай ғұлама бұл паниде жүз жасар,
Ұябасар ұрпағыңды ізге сал.

Күйінсе жұрт өткеніне күйінсін,
Сүйінсе жұрт өркеніне сүйінсін.
Тойға әкелген көрімдігім, шүйіншім,
Олқысынбай қаблдай гөр Буыршын!

6alash ұсынады