– Сәлеметсіз бе? Жамалхан апай! «Менің сырым» деген өлеңіңізде:
Тағдыр маған көп енші бағыштаған,
Кейі келіп, кейбірі алыстаған.
Рахатым кеткенмен жат қолында,
Михынатым ешкімге ауыспаған.

...Тағдыр маған ғайбатты бағыштаған.
Оның несін жасырып намыстанам?!
...Бармақтай бақ кеткенімен жат қолында,
Таудай талап ешкімге ауыспаған. - деген едіңіз. Осында төкпелік пен тереңдік, шынайылық пен шыншылдық менмұндалап тұрады. Әңгімеміздің басын жусан исі аңқыған ауылыңыздан бастасақ?

– Отбасымыз мал шаруашылығымен шұғылданатын, орташа ауқатты шаңырақ. Әкем оқыған, орыс мектебінен жаңаша білімненде хабары бар сауатты адамдар болыпты. Кейін сол аумалы төкпелі заман болды, қарағай басын шортан шалды, - демекші, 1932 жылы Жеменей ауданы арқылы Алтайға келіпті. Сосын, жалғасты көшіп Орқашарға келіп, Қарақұмға барып соңында осы Дөрбілжінге ірге теуіпті. Ол кезде Толы мен Дөрбілжін бір аудан болатын, кейін бөлінді ғой. Әкем Қарабатыр осында оқытушы болыпты, ауылдағылардың бәрі «Әбзей» деп атаушы еді. Әбзей – татардың тілі, "оқытушы" деген мағына береді. Ағасы Ерболат Қызырбек Төренің ауылында бала тәрбиелеген екен. 1940 жылдың қараша айында Жайырдағы Дарбыты деген өзеннің бойында туылыппын. Мекеніміз сол Жайыр, жазда Орқашарда боламыз. Шешем Нұржамал деген кісі қарабатырдың бәйбішесі айтқанының бәрін өлеңдетіп, тақпақ айтып отырушы еді. Үйде қалың кітап бар еді. Осының бәрі адамға әсер етеді екен. Хат танудан бұрын Заманбек деген кіші әкемізден «Құралай сұлу», «Күләнда», «Еңлік-Кебек», «Ағаш ат», «Түсіпқан», «Қыз Жібек» қатарлы 13-14 қиса-дастандарды жаттадым. Абайдың өлеңдерін де жаттадым. Міне мен осындай ортада ержеттім.
1953 жылы Дөрбілжінне төте 3 кластан бастап түсіп кеттім. Негізі оқу натижем жақсы болды. Сурет сызу, күй шерту, ән айту бәрінде алдыда жүрдім. Көп нәрсе жаттадым. Мына жаттау адамның тілін ұштайды екен. Ең алғашқы өлеңім үйімді сағынудан басталды. Ол кезде туыстардың үйіне жатып оқимыз, каникулда ғана кетуге рұқсат. Кейде үйдің төбесіне шығып алып, жайырға қарап жылап отырамын.
Ауылым жарқыланың ызғарында,
Сырқанақ тебуші едім мұз барында.
Тас жиып, қуыршақты бірге ойнаған,
Ауылдың менен сәлем қыздарына. - деп құраған сәттер болды. Негізі ерке, тентек болдым. Жастайымнан өлең де құрай бастадым. Қайша, Молдақазы, Шәріп атты өте қабылетті мұғалімдерден білім алдым. 1957 жылы Дөрбілжіндегі орталау мектепті тамамдап, 1959 жылдан 1962 жылға дейін Дөрбілжін ауданының маралсу мектебінде оқытушылық істедім. Аумалы төкпелі жылдарда менде шетке қағылып, 16 жыл қоғамдық қызметтен айырылып қалдым. 1978 жылы қызметім қалпына келіп, оқытушылық қызметімді қалпына келтірді.

– Сіз жаңа Қытайдың азаттық таңы мен реформа жасап, есік ашықан 40 жылдың да куәгерісіз! Ең алғаш айтысқа қатынасқан уақытыңыз қашан?

– Еліміз құдыреттенді, дамып дүниенің алдыңғы қатардан орын алып жатыр. Бүгінгі адамдар бақытты ғой, жегені алда жемегені артта. Біздің де өз дәуіріміз болды. Ал сұрауыңа келсек: мен алғашында балаларға, құрдастарға өлең құрап жүрдім, ал үлкен кісімен айтысуым 1958 жылғы ауданның орынбасары Ұтынасын деген мұңғұл кісімен айтысым болды. Орта мектеп оқимын, демалыста үйге барсам Ұтынасын бастаған көп қонақ бар екен. Орынбасар әкім 5-район деген жердің бастығы. Ол кісі біраз тиісіп:
Жайырдың күнгейіне қой қаптайды,
Қарындасты өлеңші деп ел мақтайды.
Дидарын көрейік деп келіп едік,
Бұрымы арқасында бұлғақтайды. - деді.
Ой, Жамалхан өлең білесің бе? - деді. Көпшілік және әкем де рұқсатын бергендей болды. Сосын мен:
Қуанам әкем келсе алақайлап,
Жүргем жоқ сіз келер деп өлең сайлап.
Көлденең алдыңыздан өте алам ба?

Айтайын не десем де ағатайлап.

Мен сені жерім бар ма қалмақ деген,
Байқасам сөздің арты салмақты екен.
Арасын ұлт пен ұлттың айырмаймыз,
Қиын ғой араға жік салмақ деген.
. . . . . . . . .
Сіз үлкен жұрт сыйлаған ел ағасы,
Мен жайын бұқараның бір баласы.
Тышқаншыл кәрі бүркіт дегендейін,
Байқасаң жер мен көктей екі арасы. - деп жауап бердім. Сосын ол кісі: Ой! жай болып кеткен екен, ертең және жұмыс бар ұйықтайық деп далаға шығып кетті. Сонымен ел арасына Қарабатырдың қызы өлеңші екен, айтысады екен деп жұртқа таныла бастадым. Бұл бір үлкен сахынадағы айтыс емес, қара лашықтағы қара өлең осылай есімде қалыпты. Әдетте отбасында әкеме қалжың айтып, шешеме өлең құрап машықтана бастадым. Қанша қиын-қыстау жылдар болсада өлеңімізді тастамадық. Ауыл арасындағы айтысымызды қоймадық. Қалтамыздан бір қалам, жанқалтамыздан бір дәптеріміз үзілмеді. Боз балалармен қағытбаларымыз көп болды. Дөрбілжін ауданының мәдениет саласын сол кездегі атқа мінер азаматтары Ырымхан жолдас басқарды. Сонда Толының Мұратжанымен, Дөрбілжінның Қабышымен айтыстым. Ең тамаша айтысым Бердіханмен айтысым және Жұмақалимен айтысым. Сондай-ақ, Алтайдың Болбадай деген жайлауында Іле облысының 3-кезекті ақындар айтысында Іленің Әлқызыр, Андас Омарақынұлы деген мықты айтыс ақындарымен сахынаға шықтым. Онда екіден айтысады. Менің жанымда Ырысалды деген келіншек бар. Сол айтыста әйгілі Сымағұл, Боздақ деген қарт айтыс ақындармен таныстым. Ақын Ғалым Қанапияұлы мен жазушы Мақатан Шәріпханұлымен таныстым. Сонда жыр додасы, тамаша өлең той болған еді.

– Туған жерді, өскен елді айтып мақтанып, руын сұрайтын қарға тамырлы қазақтың баласымыз. Ісмер кісілердің көбі сіздердің ел болып жатады. Өзіңізде қолөнерден құр жаяу емес шығарсыз?

– Мынау бұрын ешкім сұрамаған сұрау. Өнер жұғысады ғой, мен бала күнімнен ісмер, пысық болдым. Кластың тақтасына сыздым, концерттерде күй шертіп, терме орындадым. Ою-өрнек, түлкі тымақ, қасқыр ішік дегенде тамаша тіктім. Терме бау тоқу, шым ши орау, бұның бәрі менде болды. Тіккен түлкі тымағымның үлгілері балаларыма тарады. «Ет жасағыштың баласы есікте тұрғыш, қой жайғыштың баласы атқа мінгіш» демекші, әке шешесі немен шұғылданса, баласы да соған бейім болады екен. «Өнер көптік етпейді» өлеңмен қосып, ұлтымыздың өнерін де ала жұрдым. Әлгі Құрманбекпен айтыста:
Фолклор бәр өнердің текті анасы,
Шулаған көркемөнер көп баласы.
Сорабын ғасырлардың іздеп жүрміз,
Ешкімнің бұған айтар жоқ таласы.
Қорғауда ел мұрасын талай ерлер,
Кетуден қорықпаған сотқа басы,

Екеміз емес беді сол мұраға,
Темір етік тоздырған жоқ қараушы. - дегенім осы өлеңді әмалияттан көріп айттып отырмын. Бір өнерді қуалаған адамға бар өнер дариды екен. Сондай-ақ оның ыстығына күйесің, суығына тоңасың. Соның бәріне шыдағанда ғана натиже шығады. Ал оның барын қуу бір адамның қолына келмейді. Өнер ұрпақ қуалайды екен, айқын деген балам термеші болды, қазір келінімді осы сырмақ тігуге, тон, тымақ жасауға қарай тәрбиелеп келемін.

– Сіздің тылыңызбен жыр кестелеген, он саусағыңызбен біз кестелеген өнеріңізге тәнтімін. Иә, әңгімемізді онан ары жалғастырайық. Кейбір өнер адамдары өзінің өнеріне, шығармашылығына жауапкершілікпен қарамайды. Баспаға жинап берген емес, газетке шыққан бір шығармасын жоғалтып жатады. Оның жанында сіз «Ақындар айтысының» неше томын баспадан шығардыңыз. Шығармашылық жауапкершілік дегеннің өзі азаматтық ба?

– Әлбетте, мұра жию арғы бұрынғы ата аруағына деген борыштылық, ертеңгі ұрпаққа жалғап берген ізіміз десек. Сондай-ақ, өзіміздің мектебіміз. Менің өз басым мен сол фолклор деген өнер мектебінен оқыдым. Қиса-дастаннан, ертектер мен аңыз әңгімелерден, жаңылтпас, мақал-мәтелден білім алдық. Мұра жию 1984 жылдан басталды. Ол кезде көлік қайда?! Көтек арба табылса қуанып кетеміз. Ержан, Кәдірхан деген азаматтар бар, қай жерде құйма құлақ қарттар болса соның үйіне барамыз. Сонымен 1992 жылы Дөрбілжін ауданының қиса-дастандары, мақал-мәтелдері, аңыз-әңгімесі, ертегілері» деген 4 кітап шығардық. Қарыз сол қарттардың басым көбі дүниеден өтті. Сол кезде алып қалғанымыз қандай тамаша болған.

– Көрерменге талабыңыз бар ма? Айтыс ақыны қандай болу керек?

– Қалың көрерменнің бәрі өлең танитын сыншы емес. Басым көбі тыңдарман. Алдыңда қанша адам отыр. Жүз бе, мың ба? Маған өлең түсінетін екі адам отырса да ризамын. Солар үшін айтысамын. Солардың құрметіне жақсы айтуға құлшыныс жасаймын. Сосын қоғамдағы қоламталы мәселені айтбасаң болмайды. Оны жанамалатып, кейбіреу, мәлім ауданда, ішінара ауылда деген сияқты сипай қамшылап бейнелеуің керек. Жылы-жұмсақтап құлағына құя отырудың өзі шеберлік. Кейде қарсыласың ләйліп кетеді, немесе өзің ұйқастан жаңылып, бір ноқтаға жинай алмай, ойың шашырайтын кездер болады. Сонда кейбір тыңдарман малына, кейбірі үйіне кете бастайды. Сонда қалжыңмен үйіріп әкелетін ұйыстырғыш қасиет болу керек. Сондай қоламталы мәселені айта алмаса, ол ақын бола алмайды. Айтыс ақынын соған жаратқан, халық ақындар айтысына келеді. Сонан үгіт осында басталады, халықтың мұң мұқтажы осында айтылады. Әкім де, қарада менӨлеңге қосып кете мекен деп айтқаның ағады, ойлағаның орындалады. Ең кемінде елдің жоғын жоқтай аласың. Кейде халыққа төрт бет газет оқығаннан, үш кулит өлең айтқаның қонымды болатын жері осы.

– «Бекеңдей ойы жүйрік, сөз нәрлі, қыран мінез әріптесімнің көп жылдық қақпақылы; Құрманбектей төкпе жырдың тасқыны менің де қанатымды ұштап, қарымымды жетілдірді деуге әбден қақылымын» деп әріптесіңіз Құрманбек пен Бердіхан жайлы айтқан едіңіз. Міне осы ойыңыздан «Адам адамнан, ағаш-ағаштан мәуе алады» деген халық нақылын бір жағына дұрыстаса, енді бір жағына сіздің әріптесіңізге деген дұрыс бағаңыз менмұндалап тұрғандай. Сізше, айтыс ақынында қандай кәсіптік морал болуы керек?

– Иә, ол үшін мына бір қанша түйінге тоқталуға тура келеді. Алдымен, ақындар күндестіктен аулақ болуы керек. Еркін мықты екен деп Айқаныштың, Зура асып кетті деп Шәкеннің, Гүлден сыйлық алды деп Айыпқанның ренжуінің, кеюінің қажеті жоқ. Саған да кезек келеді, тек дайын жүрсең болды. «Кең келсең, кем болмайсың» кейде бір аудандағы екі айтыс ақынының бірінің үйіне бірі кірмейтінін көріп жүрміз. Кең мінезді болғанымыз абзал! Екінші, жас айтыс ақындары дұрыс сөйлеуі, тура көзғарас айтуы, ұнасымды киінуі керек. Міне бұл жағында жергілікті мәдениет мекемесінің адамдары сырттан маман ұсыныс ете ме? Жоқ, өздерінің адамдары болама? Бірер күн сабақ сөйлеп айтыс ақындарын тәрбиелесе болады. Сосын, екі айналмай «Жаныңды аламын, алып қашамын, қап-қара болған сұрқыңды қара...» деген дөрекі ойдан аулақ болғаны жөн. Жалпы қыздар сыпайы сөз қолданып, жағымды өлең айтуы, зілсіз қалжыңдармен қарсы жағын жетелеуі, ерлер ұшқары талғамымен азаматтық ой-пікір көтерсе нұр үстіне нұр болар еді. Үшіншіден: жершіл болмауы керек. Әрине, айтыс ортасында немесе тақырып белгілегенде «Туған жер» туралы темелер ауызға алынады. Бірақ, оны біздің айтыс ақындары туған жермен мақтану деп жалаң түсінеді. Сен бүгін өз ауылыңмен мақтанып, қарсы жақты бет қаратбадың делік, ертең ұзатылып басқа аймаққа, облысқа барсаң қайтесің?! Бізде сондай аудан-аймақ аттаған айтыс ақындар болған. Сондықтан, жалаң жершілдікпен барар жеріміз шамалы. Отанның тау-суын, кең байтақ алқабын, жақсы қоғамды ортақ жырлағанға не жетсін!

– Сіздің жазба поезиадағы шығармаларыңыз өз алдына бір төбе. Әлі есімде «Ат» деген термеңізде:
Ат ұсты сергітеді ауырудан,
Коргем жоқ атсыз өтіп, сауық-думан.
Аударыспақ ойнаған қандай жақсы? !
Алысып ат үстінде жауырыннан.
Кітәптің ат қойылған әлібіне,
Сондықтан, ат пен ердің жаны бірге.
Біз бүгін аттан тұсып қалсақтағы,
Үзенгіден түскеміз жоқ әлі бізде. - деген жолдарыңыз жөбі-шөкім ақындар жаза бермейтін қымбат поезиялар. «Ағайын» термесінде:
Еңіреп кетсем езіліп,
Бесігіме бас қойған.
Ержетбестей сезініп,
Табанына тас қойған.
Жақын жүрсе бір жерге,
Симайтұғын ағайын!
Алыстаса бір-бірін
Қимайтұғын, ағайын! - деген жолдарыңызда туыстар ара қаймағы бұзылмаған берекенің, сақталған кішігірім кірбеңдіктің бәрін жайып тастаған. Бұл әрі шындық. Одан басқа қайсы темелеріңіз бар? Термені сұраныспен жазасыз ба?

– Кең тарағаны «Тіл», «Абысын» және өзің айтқан термелер болды. «Жыр нөсері» «Ауыл әуендері» аты жинақ болып баспадан шықты. Бәрін толықтап отыру міндет емес, менің және көптеген толғауларым бар. Кейде жазылған жырларым өзі матынын тауып алады. Кейде тапсырысы болады. Негізі композитор іздеген адам емеспін. Әлбетте, фолклор біздің әдебиетіміздің қайнар болағы, оны қорғау, жалғастыру біз сияқты өнер адамының ғана міндеті емес, басшылардың да, жалпы халықтың да борышы деп білемін. Мен аудан-аймақ, облстық саяси мәслихат кеңесіне мүше болдым. Міне сондада ауыз әдебиетіміздің жоғын жоқтадық. Көптеген ұсыныстар жасадық. Ғылми талқы жиындарға да мұрындық болған кезіміз де болды.

– Нақтылы істеген жұмыстарыңыз қайсы?

– Нақтылы дегенде аудан, аймақ, облыс дәрежелі ақындар айтысының ұйымдастыру алқасында болып, көптеген ұсыныстар қойдым. Іле оқу-ағарту институтының ақындар класына және қысқа мерізімдік айтыс ақындар курсына сабақ бердім. Сондай-ақ, «Айтыс және менің әріптесім», «Бердіқан қандай ақын еді», «Ауыз әдебиетіндегі әйелдердің орны», «Көркемдік және шешендік», «Жоқтаулар нені айтады?», «Бесік жырының белгісі», «Айтыстың мінезі» сынды көптеген зерттеу мақалалары мен ғылми Еңбектер жаздым. Осы күнде халқымыз, зерттермендер Құрманбек, Жамалқан айтыс мектебі деп алқап жүр. Оған көп рахымет!

– Сіз 18 рет бас жүлдені жеңіп алғансыз, 6 рет 2-дәрежелі болыпсыз, әрі 2 рет халқаралық жүлдегер болдыңыз. Мұнан да үлкен қуанарлық жайт: Туған жеріңіз Дөрбілжін ауданынан 2013 жылы «Жамалхан атындағы айтыс үйірмесін» құрыпты. Міне бұл елдің, басшылардың сіздің өнеріңізді толық танып, еңбегіңізді бағалағаны деп білеміз. Өнер адамдарының ескерусіз тұстарының өзі бір хикая. Соның бір әзіл қалжыңдар. Әлбетте, «Мұталып тартқан адырна», «Тап берменің тарланы» атты кітаптар дәлел болады. Ал сіздің қағытбаларыңыз да бір төбе болар?

– Қағытбалар көп болды. 1978 жылы қаңтар айы еді. Мен соғым жұмысымен екі күн рұқсат алып, 3 күні қызмет орнына келсем біздің мекемеден алма көтерген екі-үш бала шипаханаға кіріп барады екен. Менде барайын деп ере жөнелдім. Барсақ Бердіхан аспа уколымен арқандалып жатыр екен. Мен: Ойбай-ау! Беке қашан келгенсің? - дедім жалбырақтап. Сонда Бекең күтбеген жерден:
Мен келгем соғымды соймас бұрын,

Үйткені, сорпа жағын ойластырдым.
Көксауға ет әкелмей алма әкеліп,
Жамалқхан мына қылған қай қастығың?! - дегенде көңілге болмаса қысылып кеттім. Алма менікі емес деп ақталудың да жөні жоқ. Сәл кідіріп барып:
- Ой, Беке-ау! Сыбағаңыз бас емеспе?
Шөп-шалаң көк жөтелдің қасы емеспе?!
Туғаның байжігіттен рас болса,
Алма-өрік атаңыздың асы емеспе?! - дедім. Бәрі күлді де қойды. Әңгімеміз онан ары жалғасты. Міне мұндай қағытбалар мен тап берменің жауаптары көптен табылады. Бұл да бір өмір елесі екен. Кейде осындайда шынығып шығамыз.

– Сұқбатыңыздың басын сіздің өлеңіңізбен бастаған едім. Соңында «Жан ана» деген өлеңіңізбен аяқтатқым келеді.
Кеудемдегі сенің құйған жалының,
Зердемдегі сенен жиған дарыны, - деп жырлағансыз. «Ырыс жұғысыты болсын». Сізден алғыс алу біз үшін үлкен мәртебе. Әңгімеңізге көп рахымет!

сұхбаттасқан Қуандық КӨБЕНҰЛЫ

6alash ұсынды