Көрнекті ақын, жазушы Ғалым Қанапияұлы 1938 жылы Алтай қаласы Алақақ ауылында дүниеге келген. 1961 жылы Шинжяң педагогикалық институтын бітіріп, Үрімжі ауданында, орталық ұлыттар иныститутында оқытушы, кейін Шинжяң халық баспасында редактор, ағаредактор болып істеген. «Қос қарағай» кино сенариы, «Бұрқасын» атты үш томдық романы, «Алуан жылдар алауы» атты мақалалар жинағы және «Жолшыбай», «Көк иірім» қатарлы өлеңдер жинақтары баспадан шыққан. «Ардагер Әсет» мақаласы райондық сарапта 2 дәрежелі сыйлық алған. Көк иірім атты өлеңдер жинағы мемлекеттік аз ұлттар әдебиеті бойынша «Үздік шығарма» сыйлығын алған. Ол Жуңго жазушылар қоғамының, Шинжяң жазушылар қоғамының мүшесі, 2 дәрежелі кәсіптік жазушы болатын.
Ғалым Қанапияұлы 2000 жылы өмірден озған.


Сыбызғы

Егіліп тыңдаушы едім сыбызғыны,
Амал не жұтты бір кез сұм ізгіні.
Өкпемді қолыма алып келемін мен
Шыққан соң енді ғана сыбызғы үні.

Машина төгі бейне сол киелі,
Атырау түнгі тонын оң киеді.
Кергіген алдыдағы кейкеттерден
Ақ үйлер сағымдана дөңкиеді.

Іргеден қашқан қарық шырғасындай,
Маңайдың мұрты әлі тұр бір басылмай.
Жартыкеш ай батады таудан ары
Көрпеге кірген қыздың сырғасындай.

Сыбызғы бар өзгеше қасиетің,
Мен емен нар кеудеңе бас иетін.
Толғай бер халық кешкен кешулерді
Толғай бер сан мың жылдың қасыретін.

Талайдың бүтін көңілін жыртты азап,
Жұт өтті малта орнына жұртты қажап.
Соларды отыр міне бебеулетіп
Бүркіттің шалғысындай мұртты қазақ.

Еріні иірім сынды қозғалады,
Қасырет үні ақырын қозданады.
Секілді әлде неден ботасы өліп,
Шатаңды кезіп іңген боздағаны.

Бейшара әлі үмітін үзбегендей,
Немесе қуанышын құз жегендей.
Қарамай тұнып тұрған тал, қайыңға,
Зарлайды ботақанын іздегендей.

Мұртты шал басқа күйге ауысады,
Аңдасаң жазықсызға жау ұшады.
Аңғарды бойлап қызыл қан кілкиді
Жарлының жанын алман, лау ысады.

Жас ару енді өткізер жылын қандай,
Байқасаң емес мүлдем жылынғандай,

Шеңбектеп топырақты сыртта жатыр
Жарымен бірге жүрек жұлынғандай.

Сонда да көрмеген ел тепкіге азып,
Етіп сұр шаңды ескек, кекті азық,
Ақтабан шұбырынды болған сынды
Далада ит ұлиды тек құлазып.

Адасқан сәби түзде безілдейді,
Қара тас заң тыңдайды, езілмейді.
Күндізі өкпек сүйеп қолтығынан
Түн бойы жұлдыз аңдып көз ілмейді.

Көп еді маңдайының соры қандай,
Болады жымнан барыс торығандай.
Таң ата алдан құзғын қоңқылдайды
Өлімге болашағын жорығандай.

Өмірдің күдірі мол, көп өткелі,
Кірді ол бір үңгірге, жемек нені?
Қарайды маңайына жалтақ-жалтақ
Қоянның көжегіндей кеуектегі.

Сорлы ана жапан кезіп зарлағандай,
Пидаға шыбын жанын арнағандай.
Тізбегі меруерттің секілденіп,
Көзінен жас үздіксіз парлағандай.

Болады жоқтағандай жел үндері,
Даланың үрей салып жер індері,
Сүт жуып көйлегінің омырауын
Бусанат шұғынқтай еріндері.

Сыбызғы шекке жетті ең көпсіген
Шал жатыр ғарып болып көңде өксіген.
Жиекті әлсын – әлы орғылайды,
Ақ қаба, алып Ертіс дөңбекшіген.

Үйіріліп толқын тулап, жар қағады,
Тау кезіп сары ала қаз зарланады.
Жалқы аққу зеңгір көкте сұңқылдайды,
Белгісіз жоқтағаны, қарғағаны.

Өзіне шырық иірып, жұртты ғажап,
Дегендей бар наланы жықты қазап.
Тоқтатып сыбызғысын күлімдейді
Бүркіттің шалғысындай мұртты қазақ.

Баспаған денесіне нала таңба,
Ұқсаған ұядағы балапанға,
Аңырып күйге қанбай бала жатыр
Иегін сүйеп екі алақанға.

Босаған жүйесін қыз жеңсем дейді,
Күй тынды деген сөзге ел сенбейді.
Жас қуып кереге көз ажымдарын
Шүйкедей қара кемпір кемсеңдейді.

Сыбызғы тумас сенен асып өлең,
Бер маған тынысыңды бәсіменен.
Сан ғасыр баттастырған күс пен кірді,
Жуайық көздің тұнық жәсіменен.

6alash ұсынды