Самайға ақ кіріп еді, мұрт та ағара бастады. Ұялған ұрыдай болып қастың бір талы да ағарыпты.

Сөйте-сөйте... Сүйек те ағарады-ау...

Несіне тырбаңдаймыз?

Бәрі де өтеді.

Өтпейтін тек уақыт қана.

Адамдар: «Уақыт өтіп барады», - деп өкінеді. Шынында өтіп бара жатқан уақыт емес, өмір өтіп барады.

Ал уақыттың басы да, аяғы да жоқ.

Уақытты жылға, айға, сағатқа, минөтке, секөндке, ғасырға бөліп жүрген адамдар ғой.

Уақыт – мәңгілік. Мәңгілік басталмайды да, аяқталмайды да.

Бәрін бір Алла біледі.

Алла білімі шексіз.

Білімі шектеулі адамдар.

Бір кем дүние.

Қазақ көп пе, аз ба?

Алыптардың бiреуi Ғабит Мүсiрепов айтты:

– «Бiз жиылсақ — көппiз, жайылсақ — жоқпыз», – деп.

– «Бiз мына кең далаға сыймай жүрген жоқпыз, сыйыспай жүрмiз», – деп.

Соңғы санақ бойынша 8 миллионның ар жақ-бер жағы. Содан берi, бәлкiм, 9 миллион болған шығармыз. Шет елдерде, шамада, 5 миллион бар дейiк.

Шығыстағы айдаһар елi — 2,5 миллиард. Батыс пен терiстiктегi Аю елi – 150 миллион.

Тiптi iргемiздегi өзбектер 20 миллионнан артықпыз деп мақтанады.

Ғасырлар бойы соғыс-сойқан, ашаршылық, жоңғарлар, патшалар, Сталин, Голощекин, Хрущев…

Қытай көптiгiнен бала тууды шектейдi. Бiз неменеге жетiсiп шектеймiз?! Бiздiң ханымдар бiр-екi баламен қақайып қалады. Үкiмет көп баланы лайықтап қолдамайды. Тiптi халқы көп деген Ресейдiң өзi көп балалыларды қошеметтеп, көмектесiп жатыр.

«Аз халықтың маңдайында бақ тұрмайды» деушi едi. Алла өзi жар болсын!

Бiр кем дүние.

Ойшыл қарға

Түнімен – жаңбыр.

Таңертең – қар.

Жалаңаш ағаш мүлгіп тұр.

Төбесінде – қарға. Ойланып отыр. Не ойлайды?

Қарғаның тілін білмеймін. Әйтпесе сұрар едім:

– Оу, Қареке, ертең не болады? – деп.

Ол көп біледі. Жүз жасаған ғой. Ол Мұсаның оқыстан өлетінін білген. Көп шуылдап, көп қарқылдаған.

Оны біз түсінбедік.

Бір кем дүние.

Бір тамшы жас

О, Сүйiнбике! Алтын Орда хандарынан қалған тәбәрiктей асыл жан.

Сен жасыңда дәуiрледiң.

Қазан халқының ханы болдың. Қазанды билеген әйел затынан шыққан тұңғыш хан.

Сенiң сорыңа орыс патша Иван Грозный замандас болар ма?!

Қазанды сол қиратты.

Қазан қамалын зеңбiректен атқылап құлатып, сенi тұтқынға алды.

Сен Қазанмен қоштасарда көзiңде жалғыз тамшы жас тұрып қалды.

Кейiн тамаша суретшi Бақи Орманшы (Урманче) сенiң суретiңдi ағаштан ойып салғанда, кiрпiктерiңнiң астынан сол бiр тамшы жас ерекше көрiнiп тұрды. Сол тамшы жас болмаса, суретте жан болмас едi. Сол тамшы жас болмаса, бiр кем дүние — шын кем дүние болар едi.

Жоғалған тіл

«Болашақ» деген шығып, бай балалары шет елде оқып, бірсыпырасы сол жақта қалады. Бірсыпырасы елге қайтады. Білімі жақсы, істі біледі. Бірақ тек орысша, иә ағылшынша сөйлейді.

Қазақшасы жоқ.

Бір кем дүние.

Ақсақ Темірдің аманаты

Жалған дүниеден өтер алдында жарты әлемді жаулаған Әмір Темір жанындағыларға аманат айтты:

– Мен өлген соң жылап-сықтап, дауыс көтермеңдер. Оның түкке қажеті жоқ. Ажалды біреу айқайлап,қорқытып қуады ма екен? Киімдеріңді жыртып, жынды адамша жүгіргеннен гөрі Алладан «Аллаһу акбар» деп маған мейірім тілеңдер. Жүрегімді жылыту үшін «Фатиханы» оқыңдар.

Жарты әлемді жаулаған Әмір Темір де мейірімге мұқтаж.

Бір кем дүние...

Құр алақан

Жарты әлемдi жаулаған тағы бiр жаһангер – Александр Македонский –Ескендiр Зұлқарнайын өлген соң табыттан қолы шошаңдап шыға берiптi.

Бiр данышпан алақанына бiр шөкiм топырақ салған соң ғана қолы сылқ етiп табытқа түсiптi.

Сөйтсе, Ескендiр тiрiлерге:

– Ей, жарандар, мен дүниенiң жартысын жаулап, алтыннан тау тұрғызсам да, о дүниеге ештеңе алып бара жатқан жоқпын. Мiне, қараңдар, – деп алақан ашып көрсеткенi екен.

Қайран дүние, тiршiлiкте кiм тойған...

Адамның ашқарақ көзi топыраққа ғана тояды.

Бiр кем дүние...

Мұрагерсіз патша

Баяғыда бір патша, өзі Құдай емес, Құдайдан былай емес бола тұрса да, бір ұл балаға зар болыпты.

– Ұлым болса, мұрагерім болар еді-ау, – деп армандайды.

Сонда бір уәзірі ақыл айтады.

– Бұл өмірде армансыз әйел болса, сол әйелдің дамбалын өз жұбайыңызға кигізсеңіз, Құдай бұйыртса, ұл бала табады, – дейді.

Содан соң патша жер-жерге шабармандар шаптырады.

Бірақ еш жерден армансыз әйел табылмайды. Бәрінің әйтеуір бір арманы бар.

Шабармандар салдары суға кетіп, бастары салбырап қайтып келе жатса, әріректе бір қатын отын арқалап бара жатыр екен. Шабармандар:

– Бұл байқұста арман жоқ деймісің, – деп бұрылғысы келмесе де, – кім біледі, мүмкін, жолымыз болар, – деп әлгі әйелді атқа мінгестіріп ала кетеді.

Патша алдына келгенде, патша сұрайды:

– Шыннан арманың жоқ па? – деп. Сонда әлгі отын арқалаған қатын:

– Е, арманым да жоқ, дамбалым да жоқ, қараң қалғыр! – деп қойып қалыпты.

Бұл да бір кем дүние.

Ай мен Күн туралы

Бұлар туралы ақын Гете жазып кеткен. Ол да біреуден естіген.

Біз де елден естігенімізді, оқығанымызды жазамыз.

Аспанда Ай мен Күн бір-бірінен ажырап, адасып қалғанда, жердегі пенделерге не жорық?!

Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Ләйлі – Мәжнүн, Жүсіп – Зылиха, Сейпілмәлік – Жамал – қайсы бірін айтасың, бір-біріне қосыла алмай кеткен, шын ғашықтар ғой.

Дүние жаралғалы бері Ай Күнге жете алмай келеді. Олар о басында ерлі-зайыпты екен, екеуінен жұлдыздар туған. Әзәзіл ажыратқан.

Бір-біріне шын ғашық болып, қосыла алмау дүниедегі кемдіктің ең ұлысы.

Қанағат қарын тойдырады...

Араны ашылған, ашқарақ тойымсыздар – адалдықтың қазығынан ажырап қалғандар.

Адалдықтың қазығы – қанағат.

Бір кем дүние – зор кем дүние.

Көреген көсем

Мен енді Астанада, Әлихан Бөкейхан көшесінде тұрамын. Үйдің бесінші қабатындағы магазин «Алтын Орда» деп аталады. Іргемізде – Конгресс-холл, алдымызда – түрік шайханасы.

Түстікте бір үйден кейін – Есіл-өзен. Оған төніп тұрған – Кенесары ескерткіші.

Әлихан Бөкейхан – Алашорда көсемі. Соның атындағы көше – айбын.

Сонау 1910 жылдың өзінде Петроградта басылып шыққан «Қазақтар» деген еңбегінде Әлихан Бөкейханов былай дейді:

«Крестьяндарды қазақ даласына үйіп-төгіп қоныстандыра берсе, тың жердің түгел жыртылары хақ. Ал қазақ даласы тыңынан айырылған соң, тұлдырсыз бедеу қалады да, егін өспейтін болады… Қазақ даласының тамаша шүйгін жайылымдарының топырағы көкке ұшқан соң, дала шөлге айналады, сөйтіп, крестьян айтақырға отырып қлды, ал жайылымнан айырылған қазақ әбден азып-тозып, ақыры жаңа тұрмыстың жағдайымен пролетариат қамытын киіп, тау-кен заводтарына, қалаға кетеді».

Арада елу жыл өткеннен кейін орыс жазушысы Чивилихин «Земля в беде» деген шығармасында Әлихан Бөкейханның көріпкелдігін растап берді.

Сөйтсем көсем Әлихан Бөкейханды Сталин жауыздары атып тастады.

Имансыз жауыз заман, залым дүние.

Өз үйіңді қорлама

Адам да құстар сияқты өмірбақи алып бәйтеректің бір бұтағын паналап тіршілік етеді. Сөйте тұра, сорлылар, сол өзі паналайтын бұтақты балталап шаба береді.

Бұтақ құласа, өзі де құлайтынын сезбейтін қандай мақұлық?!

Кейде адамдар жасампаз бола тұра, өркениеттене келе өз құйрығын өзі жалмайтын айдаһар сияқтанады-ау деймін.

Құмырсқа екеш құмырсқа да өз илеуін қорғайды. Ал адамдар өз үйін (табиғатты) қорлайды.

Ойсыраған орны толмас бір кем дүние.

Намыс қайда

"Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді алдымен біздің өзіміз бар сезімімізбен, ақыл-ойымызбен, іс-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын біліп қойғанымыз жөн" (Ататүрік).

Ал бізде, қазақтарда қалай? Басқа-басқа, тіпті Парламенттің өзінде, Сенаты бар, Мәжілісі бар, дауысқа салғанда тоқсан пайызға жуығы қазақ тіліне қарсы дауыс берді.

Ал дәл осы Парламент қазақ тілін мемлекеттік тіл деп шешім қабылдаған болатын.

Бұл толқу сонда не толқу? Депутаттардың басым көпшілігі кешегі өз шешіміне қарсы шыққаны қалай?

Жоғарыда Ататүрік айтқан ұлттық қасиеттердің мүлде ада болғаны ғой. Ұлттық қасиет, ұлттық намыс өлген ғой.

Міне, бұл нағыз қасірет!

Бір кем дүние.

Ойлан, қазақ

...Түрік ұлтының мінезі асқақ. Түрік халқы еңбекқор. Түрік халқы зерек халық. Өйткені, түрік халқы ұлттық тұтастықтың және бірліктің арқасында басқа күштерді жеңе білді.

"Мен – түрікпін! " деген адам қандай бақытты (Ататүрік) .

Ал бізде, қазақтарда қалай? "Мен – қазақпын! " деп бәрі де қасқайып тұрып мақтанышпен масаттана айта ала ма? Ай, білмеймін. Қазақтардың жартысына жуығы өз ана тілінде сөйлей алмайды деп жазып жүр ғой газеттер. Ол рас шығар. Оған өзім депутат ретінде Парламентте жүргенде көзім жеткен. Қазақша сөйлейтіндер некен-саяқ болатын.

Президентіміз Нұрсұлтан мырза: "Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін", – деп айтқан.

Бірақ...

Зор кем дүние. Амал қанша?!

Қисалаңдай береді

Тәңірдің құдіретіне таң қаласың. Құдірет әлемді әділ, сағат тетігіндей мінсіз жаратты.

Бәрі тәртіпті: Күн де, Ай да, Жер де тек өз жолымен жүреді. Сансыз жұлдыздар да бәрі тура жолмен жүреді.

Ал адамдар ше?

Пайғамбарлар, сахабалар, аса бір данышпандар болмаса, көбісі қисалаңдай береді. Бұралаң жолдарға түседі. Адасады, сүрінеді, құлайды.

– Е, Құдай, не жаздым?! – деп жылайды.

Құдай жолымен жүрсең, жыламайсың.

Бірақ соны ұмыта береді.

Бір кем дүние.

Жалғыздық жаман

Жасың ұлғайған сайын құрбы-құрдас, қатарың кеми бастайды.

Өз қатарың болмаса тойға барма деген.

«1950 жылы мектепті менімен бірге бітіргендерден кімдер бар?» – деп сұрастырсам… көбі жоқ. Сақал-шашы аппақ қудай болып Әбдіуәлі Данаев, төбе шашы түсіп қалған Исатай Үмбетбаев жүр. Махан молда, бозкөз Манап…

Әбдіуәлі күміс медальмен бітірген. Ленинград теміржол институтының түлегі. Көп жыл Жамбыл теміржолының бастығы болды. Қазір де студенттерге сабақ береді.

Соның барына да шүкір.

Мектепті бірге бітірген Қаратай Тұрысов еді. Көп жыл қатар жүрдік.

Соңғы жылдары Парламентте депутат болып, бірге отырдық. Жетпіске толар-толмас дүниеден өтіп кетті.

Тараз шаһарында сол 1950 жылы мектепті бітіргендер суретіне қарап отырып:

– Апырай, мен әлі тірі жүрмін, ә, – деп қоямын. – Мүмкін, Алла менің қиянаттан қырыққа жетпей қайтыс болған әкемнің жасамаған жасын маған қосқан шығар?

Бір Алла өзі біледі.

Дегенмен, жалғыздық жаман.

Бұл да бір кем дүние.

Мәңгілік ешнәрсе жоқ

“Егемен Қазақстан” редакциясы зейнеткер мені шолушы қызметіне алды. Кейбіреулерге күлкі: кешегі бас редактор бүгін сол редакцияның босаға жағында отыр.

Ал, мен ойлаймын: заманында осы газеттің бас редакторлары болған Смағұл Садуақасов, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов сияқты алыптар басқарған мекеменің босағасында отырсаң да жарасады.

Мәңгілік ешнәрсе жоқ.

Мәңгі тек Құдай ғана. “Бір Алладан басқаның бәрі өзгермек” (Абай).

«Бір кем дүние» кітабынан

6alash ұсынады