Бүгін Алматыдан бірнеше жаңа кітап жарық көргенінен хабар алдық. Солардың бірі «Ел тарихы – қазына». Авторы Қазақ оқырмандарына бейтаныс Мағазбек Миянұлы атты ақсақал шекаралар жабылардың алдында ғана атажұртқа оралған екен. Мағазбек ақсақалды әуесқой тарихшы деуге болады. ҚХР Шынжаңның Іле аймағында өмір сүрген ақсақал бүгінгі таңда Алматыда тұрады екен. Автор Ұлы Абайдың шығармаларына бала кезінен бері орнап қалған сүйіспеншілігі, дәстүрлі мал шаруашылығында жүріп құймақұлақ қарттардан естіген-білгені негізінде мақалалар жазып жергілікті баспасөзде жиі  жариялап тұрады екен. 1980 жылдары Қытайда саясат оңалып, рухани мұраларға көңіл бөліне бастаған тұста, көптеп кітап оқуға қолы жетіп, қалам тартуы да жиілей түскен Мағаз ақсақал сол кезеңдерде қазақ тарихының бір бостығын толтыруды армандап қолына қаламын серт ұстайды.

Бейнетті ғұмырдың зейнетін тәуелсіз еліндегі ұл-қызының қолында көріп отырған қалам иесі бұрын-соңды жазған мақалаларын жинап-теріп, реттеп баспаға ұсыныпты. Кітапта автор Қадырғали Жалаиыр еңбектері мен Қытайдағы қандастардан шыққан Ниғымет Мыңжан, Сұлтан Жанболатұлы, Жақып Мырзақанұлы, Жақып Жүнісұлы  қатарлы тарихшылардың еңбектерінен дәлелдер келтіре отырып, арғы бетке ауған қандастар тарихын, әсіресе Іле өңірінің өткен-кеткенін түгендеуге тырысқан. Он сегізінші ғасырдың арғы-бергі кезеңіне шолу жасай келіп, Есенкелді би, Қызай ана, Сыбанбай би, Сыбанқұлдың шабуылы, Дәркембайдың ел шекарасынан үш рет көшіп өтуі, Көкқамырдың елі мен жер тарихы, т.б. тақырыптар автордың еңбегінде бейнеленген.

Кәсіптік тарихшы немесе жазушы болмаса да, жергілікті аймақтың жер-су  атауларынан тартып, Шығысқа ауған жұрттың үш ғасырлық тарихын тізбектеуде өзінің немере ағасы, шежіреші қарт Мақсұт Шарафиұлының еңбектеріне, шежірелеріне сүйене отырып, біраз деректердің бетін ашады.

Аталған кітаптың төте жазудағы нұсқасы да бірге басылып шыққан.

Алдағы уақытта «Ел тарихы – қазына» атты кітаптың таныстырылмы өтіп, оқырман қауымға ұсынылады. Ел қазынасына қосылу алдында тұрған кітап авторына құтты болсын айтамыз.

Ерзат Еркін

6alash ұсынады